Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Рухани мұрамызды бағалайсың ба?

Рухани мұрамызды бағалайсың ба?

“Құдай өз атымен аталатын халықты таңдап алу үшін басқа ұлт адамдарына... назар аударды” (ЕЛ. ІС. 15:14).

1, 2. а) “Дәуіттің үйі” деген не және ол қалай қайта тұрғызылды? ә) Бүгінде кімдер Ехобаға бірлесе қызмет етіп жүр?

БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ 49 жылы Иерусалимде өткен басқарушы кеңестің маңызды бір кездесуінде шәкірт Жақып былай деген: “Құдай өз атымен аталатын халықты таңдап алу үшін басқа ұлт адамдарына алғаш рет назар аударғанын Шимеон [Петір] бізге егжей-тегжейлі айтып берді. Бұл сөздер пайғамбарлардың келесі айтқандарына сай келеді: — Осыдан кейін мен қайта ораламын және Дәуіттің құлаған үйін қалпына келтіремін. Оның қираған бөліктерін жөндеп, үйді қайта тұрғызамын. Осы халықтан қалған тамтық менің есіміммен аталатын басқа ұлт адамдарымен бірге, мені, Ехобаны, жан-тәндерімен іздесін деп бұларды жасаймын,— дейді баяғыдан белгілі осы нәрселерді жүзеге асырушы Ехоба” (Ел. іс. 15:13—18).

2 Седекия патша тағынан түсірілгенде, “Дәуіттің үйі [патшалар әулеті]” құлаған болатын (Амос 9:11). Алайда бұл “үй” Дәуіттің ұрпағы Иса патша тағына мәңгіге отырғанда қайта тұрғызылды (Езек. 21:27; Ел. іс. 2:29—36). Жақып сол тарихи кездесуде айтқандай, Амостың әлгі пайғамбарлығы Исамен бірге көкте билік жүргізуге яһудилермен қатар басқа ұлттың адамдары да майланатынына нұсқайды. Бүгінгі таңда майланған мәсіхшілердің тамтығы мен Исаның миллиондаған “басқа қойлары” Киелі кітаптағы шындықты бірге жариялауда (Жох. 10:16).

ЕХОБАНЫҢ ХАЛҚЫ ҚИЫНДЫҚҚА КЕЗІКТІ

3, 4. Бабылда болған Ехобаның халқы қалайша рухани күйлерін сақтап қалды?

3 Яһудилер Бабылға жер аударылғанда, “Дәуіттің үйі” құлағаны анық болды. Жалған дін кең етек алған Бабылда б. з. б. 607 жылдан б. з. б. 537 жылға дейін 70 жыл бойы тұтқында жүргенде, Құдай  халқына рухани күйлерін сақтап қалуға не көмектесті? Ал Ехобаның бүгіндегі халқына Шайтан билеп отырған дүниеде рухани жағынан берік болып қалуға не көмектесуде? (Жох. 1-х. 5:19). Олардың бай рухани мұрасы.

4 Құдай Сөзі рухани мұрамыздың бір бөлігі болып табылады. Бабылда тұтқында болған яһудилерде толық Киелі жазбалар болмаған. Бірақ олар Мұса заңы мен Он өсиетті білген. Олар “Сионның ән-жырларын” білетін, көптеген нақыл сөздерді еске түсіре алатын әрі Ехобаның ертедегі қызметшілерінің жасаған істерінен де хабардар еді. Иә, бұл яһудилер Сионды еске алғанда зар жылаған. Олар Ехобаны ұмытпаған (Забур 136:1—6 оқы). Осының барлығы оларға жалған ілімдер мен салт-жораларға толы Бабылда рухани күйлерін сақтап қалуға көмектесті.

ҮШТІК — ЖАҢА ІЛІМ ЕМЕС

5. Бабылдықтар мен мысырлықтар қандай үштіктерге сиынған?

5 Ерте заманда адамдар үштікке, яғни Құдай үш тұлғадан тұрады дегенге сенетін. Мысалы, бабылдықтар табынған бір үштікте Син (ай құдайы), Шамаш (күн құдайы) және Иштар (махаббат пен соғыстың әйел тәңірі) болатын. Ал ежелгі мысырлықтардың сенімі бойынша, құдай әйел тәңірге үйленіп, ұлды болған. “Осылайша олар үштікті құрайтын. Алайда әке әрдайым басты тұлға емес, қайта, басты құдай болған әйел тәңірдің жай ғана жұбайы болатын” (“New Larousse Encyclopedia of Mythology”). Мысырлықтар сиынған бір үштікте Осирис, әйел тәңірі Исида және олардың ұлы Гор болатын.

6. Үштік іліміне сен қандай анықтама берер едің және неліктен Ехобаның қызметшілері оған сенбейді?

6 Бүгінде де мәсіхшілер әлемі Құдайды Үштік немесе Үшбірлік деп санайды. Шіркеудегі дін қызметшілері Әкені, Ұлды және киелі рухты бір Құдай деп есептейді. Алайда бұл ілім Ехобаның бүкіләлемдік билігіне шек келтіреді, өйткені оны үш құдайдың бірі ретінде ғана сипаттайды. Ехобаның қызметшілері мұндай жалған ілімге сенбейді, себебі олар рухтың жетелеуімен жазылған келесі сөздермен келіседі: “Тыңда, уа, Исраил, Құдайымыз Ехоба — жалғыз Ехоба” (Заң. қ. 6:4 ЖД). Иса да осы сөздерді қайталап айтқан, олай болса, кез келген шынайы мәсіхші онымен келіседі емес пе?! (Мар. 12:29).

7. Неліктен Үштікке сенетін адам Құдайға бағышталудың белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өте алмайды?

7 Үштік ілімі Исаның ізбасарларына берген келесі тапсырмасына қайшы келеді. Ол: “Шәкірт дайындап, оларды Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өткізіңдер”,— деген (Мат. 28:19). Шынайы мәсіхші әрі Ехоба куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өту үшін адам Әкенің, яғни Ехобаның ұлылығымен қатар, Құдай Ұлы Исаның да дәрежесі мен билігін мойындауы керек. Сондай-ақ ол Құдайдың рухы Үштіктің бір бөлігі болып табылатын тұлға емес, қайта, Құдайдың құдіретті күші екеніне сенуі қажет (Жар. 1:2 ЖД). Ал адам Үштікке әрі қарай да сене беретін болса, ол Ехоба Құдайға бағышталудың белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өте алмайды. Рухани мұрамыздың Құдайды масқаралайтын осындай ілімнен қорғайтынына біз қаншалықты ризамыз десеңші!

СПИРИТИЗМ ҚАЙТАДАН БАС КӨТЕРДІ

8. Бабылдықтар құдайлар мен жындарға қатысты не нәрсеге сенді?

8 Бабылдықтар тек құдайларына  емес, жындарға да сенген және спиритизммен айналысқан. Бір энциклопедияда айтылғандай, бабылдықтар жындардың адамдарды тән мен сана ауруларына шалдықтыра алады дегенге сенген. Сондықтан адамдар құдайларына дұға етіп, жындардан қорғауын сұрайтын (“The International Standard Bible Encyclopaedia”).

9. а) Бабыл тұтқынынан шыққан соң, көптеген яһудилер қалай жалған ілімдердің құрбаны болды? ә) Бізді жындармен байланысқа түсуден не нәрсе қорғайды?

9 Бабыл тұтқынынан шыққан соң, көптеген яһудилер жалған ілімдердің құрбаны болды. Олар жындардың жаманы да, жақсысы да болады деген гректердің ілімін қабылдағандықтан, жындардың оңай олжасына айналды. Бірақ рухани мұрамыз бізді жындармен байланысқа түсуден қорғайды, өйткені біз Ехоба Бабылдың спиритизммен байланысты салт-жораларын жеккөргенін білеміз (Ишая 47:1, 12—15). Оның үстіне, біз Құдайдың спиритизмге қатысты көзқарасын басшылыққа аламыз (Заңды қайталау 18:10—12; Аян 21:8 оқы).

10. Ұлы Бабылдың ілімдері мен салт-жоралары туралы не деуге болады?

10 Бүгінде де ежелгі Бабылдағыдай, жалған дінді ұстанатын адамдар спиритизммен айналысады. Сол себепті Киелі кітапта жержүзіндегі жалған діндер империясы Ұлы Бабыл деп аталады (Аян 18:21—24). Бұл жалған діндер, расында да, ежелгі Бабылдың діні іспетті, өйткені барлық жалған ілімдер мен салт-жоралар сол жерден бастау алған. Спиритизм, пұтқа табынушылық және тағы басқа күнәлары үшін Ұлы Бабыл жақында жойылады (Аян 18:1—5 оқы).

11. Спиритизмге қатысты біздің әдебиеттерімізде қандай ескертулер жазылған?

11 Ехоба исраилдіктерге: “Тылсым күштерге жүгінесіңдер — мен бұған төзе алмаймын”,— деді (Ишая 1:13 ЖД). Спиритизм ХІХ ғасырда кең етек жайған болатын. Сондықтан 1885 жылғы “Сион күзет мұнарасының” мамыр айындағы санында былай делінген еді: “Марқұмдар белгілі бір жерде не қандай да бір күйде тіршілігін жалғастырады деген жаңа ілім емес. Бұрынғы заманның діндері де осыған үйреткен, әрі барлық аңыздар осы ілімнен бастау алған”. Сол мақалада айтылғандай, жындар тірілермен байланысқа шыққысы келетін марқұмдардың жаны ретінде көрініп, көптеген адамдардың саналары мен әрекеттеріне әсер ете алатын болды. Ертеректе шыққан “Жазбаларда спиритизм туралы не делінген?” атты кітапшада және біздің соңғы әдебиеттерімізде де осыған ұқсас ескертулер жазылған.

АДАМ ӨЛГЕНДЕ ЖАНЫ О ДҮНИЕДЕ АЗАП ШЕГЕ МЕ?

12. Киелі рухтың жетелеуімен Сүлеймен өлгендердің қандай күйде болатыны жайлы не деген?

12 “Шындықты білгендердің барлығы” осы сұраққа жауап бере алады (Жох. 2-х. 1). Біз Сүлейменнің келесі сөздерімен толықтай келісеміз: “Тірі жүргендер үшін әлі де үміт бар. Тірілер өлерін біледі ғой, ал өлгендер ештеңе білмейді екен... Қандай істі қолға алсаң да, соны жан сала істе! Себебі о дүниеге [түпнұсқада “көрге”] аттанған соң, онда не жұмыс істеу, не ойлап жоспарлау, не білім мен ғылым деген атымен жоқ екен” (Уағ. 9:4, 5, 10).

13. Гректердің діні мен мәдениеті яһудилерге қалай ықпал етті?

13 Яһудилер өлгендер туралы шындықты білді. Алайда Ескендір Зұлқарнайынның қолбасшылары Грекияны бөліп алғанда, олар Яһуданы Сириямен біріктіру үшін гректердің діні мен мәдениетін енгізуге тырысты. Нәтижесінде  яһудилер адамның жаны ешқашан өлмейді әрі о дүниеде азап шегеді деген жалған ілімдерді қабылдады. Алайда азап шегетін жандарға толы о дүние туралы түсінік гректерден бастау алмаған. Себебі бұған дейін бабылдықтар “о дүниені орасан күші бар әрі қатыгез құдайлар мен жындар билік ететін азапқа толы орын” деп ойлаған (“The Religion of Babylonia and Assyria”). Иә, бабылдықтар жанның өлмейтініне сенген.

14. Ыбырайым өлім мен қайта тірілу туралы не білген?

14 Ыбырайым қайта тірілуге сенген. Ехобаның адал қызметшілері болашақта Құдай марқұмдарды жер бетінде өмір сүру үшін қайта тірілтетініне қашанда сенген (Еврейлерге 11:17—19 оқы). Құдайдан қорыққан адамдар жанның өлместігіне сенбеген, өйткені адамның өлмейтін жаны болса, оны қайта тірілту мүмкін емес қой. Оларға өлгендер қандай күйде болатынын түсінуге әрі қайта тірілуге сенім білдіруге Құдайдың рухы көмектескені сөзсіз. Бұл шындықтар да біздің рухани мұрамыздың бір бөлігі.

ТӨЛЕМНІҢ НЕГІЗІНДЕ АЗАТ ЕТІЛУДІҢ ӨМІРЛІК МАҢЫЗЫ БАР

15, 16. Біз күнә мен өлімнен қалай азат етілдік?

15 Біз Құдайға адамзатты Адам ата мұра етіп қалдырған күнә мен өлімнен азат ету үшін қолданған шарасы туралы шындықты да ашқанына дән ризамыз (Рим. 5:12). Біз Исаның “өзіне қызмет еткізуге емес, өзі қызмет етіп, көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беруге келгенін” білеміз (Мар. 10:45). “Иса Мәсіхтің төлеген құнының негізінде азат етілу” туралы білгеніміз қандай тамаша! (Рим. 3:22—24).

16 Бірінші ғасырдағы яһудилер мен басқа ұлт адамдары күнәларына өкініп, Исаның төлем құрбандығына сенім артулары керек еді. Олай етпеген  жағдайда күнәлары кешірілмейтін еді. Бүгінде де дәл солай (Жох. 3:16, 36). Адам Үштік және өлмес жан туралы жалған ілімдерге әрі қарай да сене берсе, ол төлем құрбандығының игілігін көре алмайды. Бірақ біз көре аламыз. Өйткені біз “[Құдайдың] сүйікті Ұлының... төлемі арқылы азат етілгеніміз, яғни күнәларымыз кешірілгені” туралы шындықты білеміз (Қол. 1:13, 14).

ЕХОБАНЫҢ АТЫМЕН АТАЛАТЫН ХАЛЫҚ РЕТІНДЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕ БЕРЕЙІК

17, 18. Тарихымыз туралы деректерді қайдан таба аламыз және бұл бізге қандай пайда әкеледі?

17 Біз білетін шынайы ілімдер мен Құдайдың рухани және материалдық жағынан беріп жатқан баталары жайлы әлі көп нәрсе айтуға болар еді. Жылдар бойы “Жылнамалардан” жержүзіндегі Құдай халқының жан тебірентерлік оқиғаларын оқып келеміз. “Іс-әрекеттен көрінетін сенім” деп аталатын бейнефильмнің 1, 2-бөлімдерінде және “Ехоба куәгерлері Құдай Патшалығын жариялайды” басылымында тарихымыз баяндалады. Ал журналдарымызда жиі аяулы бауырластарымыздың жігерлендірерлік өмірбаяндары басылып шығарылады.

18 Исраилдіктер үшін Ехобаның өздерін Мысыр құлдығынан қалай босатқаны туралы ой жүгірткендері қалай пайдалы болса, бізге де Ехобаның ұйымының тарихын байсалдылықпен қарастырғанымыз солай пайдалы болады (Мыс. ш. 12:26, 27). Құдайдың көптеген керемет істерін көрген Мұса қартайған шағында Исраил халқына былай деді: “Ежелгі заманды есіңе алшы, Өткен ұрпақтар туралы толғаншы, Атаңнан сұрашы, ол саған айтып берер, Қарттарыңнан сұрашы, олар түсіндірер” (Заң. қ. 32:7). Бәріміз де “бағып жүрген халқы әрі отары” ретінде Ехобаның ұлылығын жариялаймыз, әрі оның ұлы істері туралы шаттана жар саламыз (Заб. 78:13). Тарихымызды зерттеп, одан сабақ алайық. Бұл бізге Ехобаға деген қызметімізді жалғастыра беруге көмектеседі.

19. Рухани жарықта жүргендіктен біз не істеуіміз керек?

19 Түнекте емес, Құдай берген рухани жарықта жүргенімізге қандай қуаныштымыз десеңші! (Нақ. с. 4:18, 19). Ендеше, Құдай Сөзін мұқият зерттейік және забур жыршысынікіндей құлшыныспен өзгелерге шындықты жариялайық. Ол Әлемнің Әміршісін былай деп мадақтаған: “Тек Сенің әділдігіңді жұртқа жариялаймын. Уа, Құдай, жастайымнан мені үйретесің, Әлі де ғажаптарыңды паш етемін. Қартайып басымды қырау шалғанда, О, Құдайым, мені жалғыз қалдырма, Қайта, құдіретіңді жаңа ұрпаққа, Керемет істеріңді келер буындарға Жол бере көрші маған уағыздауға” (Заб. 70:16—18).

20. Қандай даулы мәселелер туындаған және сен не істеуге бел будың?

20 Ехобаның бағышталған қызметшілері ретінде біз бүкіләлемдік билікке қатысты көтерілген дау мен адамның мінсіздік сақтауы бір-бірімен тығыз байланысты екенін білеміз. Иә, біз Ехобаның бар жүрегімізбен берілуге лайық Әлемнің Әміршісі екені туралы мызғымас шындықты жария етеміз (Аян 4:11). Киелі рухтың арқасында біз жарлыларға ізгі хабарды жеткіземіз, жаралы жүректерді орнықтырамыз және қайғырып жүргендерді жұбатамыз (Ишая 61:1, 2). Шайтан Құдай халқы мен бүкіл адамзатты өзіне қаратып алуға тырысып әлек болып жатса да, біз рухани мұрамызды терең бағалап, Құдай алдындағы мінсіздігімізді сақтауға және Әміршіміз Ехобаны қазір және мәңгі-бақи мадақтауға белімізді бекем будық (Забур 25:11; 85:12 оқы).