Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба — біздің баспанамыз

Ехоба — біздің баспанамыз

“Уа, Ием, атам заманнан бері Өзің Баспанамыз біздің болып келесің” (ЗАБ. 89:2).

1, 2. Құдайдың қызметшілері осы дүниеде өздерін қалай сезініп келген және олардың қандай баспаналары бар?

 ОСЫ ДҮНИЕДЕ өзіңді үйіңде жүргендей қауіпсіз әрі жайлы сезінесің бе? Бұлай болмаса, сен жалғыз емессің. Ғасырлар бойы Ехобаны сүйетіндер осы дүниеде өздерін жатжерліктер іспетті сезінген. Мысалы, Қанахан елінде көшіп-қонып жүрген Құдайдың адал қызметшілері “өздерінің сол жерде жатжерлік әрі уақытша тұрғындар екендерін ашық айтқан” (Евр. 11:13).

2 “Көктің азаматтары” болып табылатын Мәсіхтің майланған ізбасарлары да осы дүниеде өздерін “жатжерлік әрі уақытша тұрғындар ретінде” санайды (Філіп. 3:20 сілт.; Пет. 1-х. 2:11). Сондай-ақ Мәсіхтің “басқа қойлары” Исаның “осы дүниелік еместігі сияқты, олар да осы дүниелік емес” (Жох. 10:16; 17:16). Десе де Құдайдың халқы баспанасыз емес. Біз сенім көзімен көруге болатын ең қауіпсіз және сүйіспеншілікке толы үйде қорғаныш таптық. Мұса былай деп жазды: “Уа, Ием, атам заманнан бері Өзің Баспанамыз біздің болып келесің” (Заб. 89:2). Қалайша Ехоба ертедегі адал қызметшілері үшін “баспана” болды? Ал бүгінде өз атымен аталатын халқына Құдай қалайша “баспана” болуда? Қалай ол болашақта да бірден-бір қауіпсіз “баспана” болмақ?

ЕХОБА ЕРТЕДЕГІ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІ ҮШІН “БАСПАНА” БОЛДЫ

3. Забур 89:2-де Ехоба не нәрсеге теңелген және неліктен?

3 Киелі кітапта Ехобаның кейде әртүрлі нәрселерге теңелгені бізге оның болмысын жақсырақ түсінуге көмектеседі. Мысалы, Забур 89:2-де Ехоба “баспанаға”, яки үйге теңелген. Әдетте, үй туралы ойлаған кезде ойымызға сүйіспеншілік, тыныштық пен қорғаныш сезінетін жылы ұя келеді. Неліктен Ехоба “баспанаға” теңелген? Киелі  кітапта “Ехоба — сүйіспеншілік” делінген (Жох. 1-х. 4:8). Сондай-ақ онда Ехобаның тыныштықтың Құдайы екені әрі өз қызметшілерін қорғайтыны айтылған (Заб. 4:9). Мысалға Ехобаның Ыбырайым, Ысқақ және Жақып сияқты адал қызметшілеріне қалай баспана болғанын қарастырып көрейік.

4, 5. Құдай Ыбырайым үшін қалайша “баспана” болды?

4 Сол кезде Ыбырам деп аталған Ыбырайымға Ехоба: “Сен еліңді, туған-туысқандарыңды... тастап, Мен өзіңе көрсететін елге көш!”— дегенде, ол не сезінгенін елестетіп көрейікші. Егер Ыбырайым қандай да бір қорқыныш сезінген болса, Ехобаның келесі сөздерінен кейін онысы сейілгені сөзсіз: “Мен сенен үлкен халықты өрбітіп таратамын, Сені жарылқаймын әрі атыңды шығарамын... Саған ақ батасын бергендерді Мен жарылқаймын, Ал кім сені жамандап қарғаса, соны Мен қарғаймын” (Жар. 12:1—3).

5 Бұл сөздермен Ехоба Ыбырайым мен оның ұрпақтары үшін баспана болатынын білдірді (Жар. 26:1—6). Ехоба берген уәдесін орындады. Мысалы, ол Мысыр перғауынының және Герар патшасы Әбумәліктің Сараны әйелдікке алып, Ыбырайымды өлтіруіне жол бермеді. Ол Ысқақ пен Рабиғаны да дәл солай қорғап қалған еді (Жар. 12:14—20; 20:1—14; 26:6—11). Біз былай деп оқимыз: “Құдай ешкімге соларды жәбірлетпеді, Олар жайлы патшаларға қатаң ескертті: “Тағайындағандарыма еш тиіспеңдер, Пайғамбарларыма зұлымдық істемеңдер!” (Заб. 104:14, 15).

6. Ысқақ баласы Жақыпқа не деді және сол кезде Жақып не сезінген болуы мүмкін?

6 Бұндай пайғамбарлардың арасында Ыбырайымның немересі Жақып та болды. Жақыптың үйленетін уақыты келгенде, әкесі Ысқақ оған былай деді: “Сен қанахандық әйелге үйленбе! Одан да жолға жиналып, солтүстік Месопотамияға, шешеңнің әкесі Бетуелдің үйіне барып, әйелді сол жерден, шешеңнің ағасы Лабанның қыздарының біреуінен ал!” (Жар. 28:1, 2). Жақып Ысқақтың айтқандарын екі етпей орындады. Ол Қанаханда тұрып жатқан отбасын тастап, сірә жалғыз өзі, жүздеген шақырым қашықтықтағы Харанға беттеді (Жар. 28:10). Бәлкім, ол былай деп ойлаған болар: “Мен отбасымды қанша уақыт бойы көрмеймін? Нағашы ағам мені жылы қарсы алар ма екен, маған Құдайдан қорқатын әйел алып бере ме?” Егер Жақып осылай уайымдаған болса, Бер-Шебадан жүз шақырымдай жерде жатқан Лұзға жеткенде, бұл уайымы сейілгені шүбәсіз. Лұзда не болды екен?

7. Құдай Жақыпқа түсінде көрініп, оны қалай жігерлендірді?

 7 Лұзда Ехоба Жақыпқа түсінде көрініп, былай деді: “Біліп ал, Мен саған жар болып, қайда барсаң да қорғаймын, кейін сені осы жерге қайта алып келемін. Мен сені жалғыз қалдырмаймын, саған қандай уәде берсем, соның бәрін орындаймын” (Жар. 28:15). Бұл сөздер Жақыпқа жігер беріп, жұбатса керек. Содан кейін ол Ехоба өз уәдесін қалай орындайтынын көргісі келіп, асығып бара жатқанын елестете аласың ба? Егер үйіңді тастап, басқа жерде — бәлкім шетелде — қызмет етіп жатсаң, Жақыптың қандай күй кешкенін түсінетін шығарсың. Дегенмен Ехобаның қамқорлығын сезінгенің де шүбәсіз.

8, 9. Ехоба Жақыпқа қалайша “баспана” болды және біз бұдан Ехоба жайында не білеміз?

8 Жақып Харанға жеткенде, нағашы ағасы Лабан оны құшақ жая қарсы алып, кейін оған әйелдікке Лия мен Рахиланы берді. Алайда біраз уақыт өткен соң Лабан Жақыптың жалақысын он рет өзгертіп, оған әділетсіздік жасады (Жар. 31:41, 42). Дегенмен Жақып Ехобаның өзіне әрдайым жар болатынына сенім танытып, бәріне төзді әрі мұнысы бекер болмады. Құдай Жақыпқа Қанаханға орал деген уақытта ол “отар-отар ұсақ малдар, түйелер және есектерге әрі құл-қызметшілерге ие болды” (Жар. 30:43). Ехобаға шексіз риза болған Жақып былай деп дұға етті: “Өзіңнің мендей пендеңе көрсеткен тұрақты рақымың мен адалдығыңның бәріне де еш лайықты емеспін. Мен Иордан өзенінен бір таяққа ғана сүйеніп өткен болсам, енді өзімдегі барды екі көшке бөле алатын болып отырмын” (Жар. 32:10).

9 Жоғарыдағы мысалдар Мұсаның дұғада айтқан келесідей сөздерінің растығын көрсетеді. Ол: “Уа, Ием, атам заманнан бері Өзің Баспанамыз біздің болып келесің”,— деді (Заб. 89:2). Бұл сөздер бізге де қатысты, өйткені “еш өзгермейтін” Ехоба қызметшілеріне жылы да қауіпсіз баспана болып қалуда (Жақ. 1:17). Қалайша?

ЕХОБА — БҮГІНДЕ БІЗДІҢ “БАСПАНАМЫЗ”

10. Ехобаның өз қызметшілері үшін әлі де қауіпсіз баспана болып отырғанына неліктен сенімді бола аламыз?

10 Мынадай жағдайды елестетіп көрші: сен сотта дүниежүзілік қылмыстық топқа қарсы куәлік беріп жатырсың. Оның басшысы өте зымиян, ықпалы зор, өтірікші әрі кісі өлтіруші. Сот аяқталып, сыртқа шыққанда өзіңді қалай сезінесің? Қауіпсіз сезінесің бе? Әрине, жоқ. Сенде қорғаныш сұрауға келелі себеп болады. Бұл мысал Ехобаның зұлым жауы Шайтанды батыл әшкерелейтін оның қызметшілерінің жағдайын жақсы суреттейді (Аян 12:17 оқы). Алайда Шайтан Құдай халқының аузына қақпақ бола алды ма? Жоқ! Қайта, біз рухани өркендеп жатырмыз. Бұл тек Ехоба әлі де біздің “баспанамыз” болғанының арқасында мүмкін болып отыр. Ол өз халқын әсіресе осы дүниенің соңғы күндері қорғап-қолдап отыр (Ишая 54:14, 17 оқы). Алайда Шайтанның бізді қауіпсіз жерден алдап шығаруына жол берсек, Ехоба біз үшін қауіпсіз баспана бола алмайды.

11. Біз Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптан қандай сабақ ала аламыз?

11 Ыбырайым, Ысқақ және Жақып бізге тағы қандай үлгі қалдырды? Қанаханда тұрып жатса да, олар өздерін жергілікті адамдардан бөлек ұстаған әрі олардың жаман істерін жек көрген (Жар. 27:46). Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алу үшін оларға заңдардың ұзын сонар тізімі қажет болмады. Олар Ехобаның нені жақсы көретінін және нені жек көретінін білді. Құдайды өздерінің  баспанасы санағандықтан, олар осы дүниеге мүмкіндігінше жақын болуды ойламады. Қайта, одан барынша алшақ болуға тырысты. Бұл — біз үшін керемет үлгі! Достарды және көңіл көтеру түрлерін таңдағанда, Құдайдың осы қызметшілеріне еліктейсің бе? Өкінішке қарай, мәсіхшілер қауымында кейбіреулер, қандай да бір мағынада, Шайтанның дүниесінде өздерін жайлы сезінеді. Егер тіпті кішкене болса да, өзіңді осылай сезінетін болсаң, бұл туралы дұға ет. Есіңде болсын, бұл дүние біздің қамымызды ойламайтын, өзімшіл Шайтанның билігінде (Қор. 2-х. 4:4; Ефес. 2:1, 2).

12. а) Ехоба қызметшілері үшін қандай шаралар ұйымдастырып отыр? ә) Сен бұл шараларға қалай қарайсың?

12 Шайтанның айла-амалдарына қарсы тұру үшін, бізге Ехоба өз қызметшілері үшін ұйымдастырып жатқан шаралардың толық пайдасын көру қажет. Бұған қауым кездесулері, отбасылық ғибадат және сый ретінде берілген адамдар жатады. Біз өмірлік қиындықтармен күрескенде, осы бақташылар бізді жұбатып, жігерлендіру үшін тағайындалған (Ефес. 4:8—12). Неше жыл бойы Басқарушы кеңестің мүшесі болған Джордж Гангас былай деп жазды: “[Құдай халқының] арасында мен өзімді жақындарымның арасында үйде жүргендей сезінемін”. Сен де өзіңді осылай сезінесің бе?

13. Еврейлерге 11:13-тен қандай маңызды сабақ алуға болады?

13 Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптан алатын тағы бір сабағымыз — бізге айналамыздағы адамдардан ерекше болудан қорықпау керек.  Бірінші абзацта айтылғандай, олар “өздерінің сол жерде жатжерлік әрі уақытша тұрғындар екендерін ашық айтты” (Евр. 11:13). Сен осы дүниелік адамдардан ерекше екеніңді ашық көрсетесің бе? Бұлай ету әрдайым оңайға соға бермейді. Бірақ Құдайдың көмегінің әрі бауырластардың қолдауының арқасында бұл қолыңнан келеді. Жалғыз еместігіңді ұмытпа. Ехобаға қызмет еткісі келетіндердің барлығы Шайтан мен осы дүниеге қарсы күресуде (Ефес. 6:12). Ехобаға сенім артып, оны баспанамыз ететін болсақ, бұл күресте жеңіп шыға аламыз.

14. Ехобаның қызметшілері қандай “қаланың” қалануын күткен?

14 Келесідей істегенің де маңызды: Ыбырайымға еліктеп, назарыңды сыйға тік (Қор. 2-х. 4:18). Елші Пауыл жазғандай, “[Ыбырайым] сәулетшісі де, құрылысшысы да Құдайдың өзі болған, іргетасы берік қаланған қаланы күтті” (Евр. 11:10). Бұл “қала” — Мәсіхтің Патшалығы. Ыбырайымға бұл “қаланың” қалануын күту  керек еді. Бірақ бізге мұны күту қажет емес, өйткені Патшалық көкте билік етуді бастап қойған. Оның үстіне, Патшалықтың жақын болашақта бүкіл жер бетіне билік ететініне дәлелдер жетіп артылады. Өмір салтыңнан Патшалыққа шын сенетінің көріне ме? Патшалықты өмірде басты орынға қойып, бұл дүниеден барынша алшақ жүресің бе? (Петірдің 2-хаты 3:11, 12 оқы).

ЕХОБА БІЗДІҢ “БАСПАНАМЫЗ” БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДІ

15. Осы дүниеге сенім артатындармен болашақта не болады?

15 Шайтан билеген дүниенің ақыры жақындаған сайын оның “толғақ азабы” үдей түседі (Мат. 24:7, 8). Ал зор алапат кезінде өмірдің одан да бетер қиындайтыны шүбәсіз. Сенім артқан нәрселерінің күл-талқаны шығып жатқанда, адамдардың зәре-құты қалмайды (Абб. 3:16, 17). Тығырыққа тірелген олар “үңгірлер мен таудағы жартастар арасынан” пана іздейді (Аян 6:15—17). Алайда кәдімгі үңгірлер де, тау іспетті саяси не сауда-саттық ұйымдар да оларды қорғай алмайды.

16. Мәсіхшілер қауымына қалай қарауымыз керек және неге?

16 Ал өзінің халқы үшін Ехоба “баспана” болып қала бермек. Аббақұқ пайғамбар сияқты біз “Жаратқанға шаттанамыз, Құтқарушы Құдайымызға қуанамыз” (Абб. 3:18). Сол қиын-қыстау уақытта қалай Ехоба бізге “баспана” болады? Мұны уақыты келгенде көреміз. Алайда “ұлы жамағаттың” Мысырдан шыққан исраилдіктер сияқты ұйымдасқан түрде әрекет етіп, Құдайдың басшылығына мұқият болатынына сенімді бола аламыз (Аян 7:9; Мысырдан шығу 6:26 оқы). Ехоба басшылықты қауым арқылы беретін болса керек. Ишая 26:20-да (оқы) Құдай халқына қорғаныш беретін “үйлер”, яғни ішкі бөлмелер туралы айтылған. Бұл ішкі бөлмелер дүниежүзіндегі қауымдарды білдіруі мүмкін. Сен қауым кездесулерін бағалайсың ба? Ехобаның қауым арқылы беретін басшылығына бірден құлақ асып жүрсің бе? (Евр. 13:17).

17. Адалдығын сақтап дүниеден өткен қызметшілері үшін Ехоба қалайша “баспана” болып табылады?

17 Зор алапатқа дейін адалдығын сақтап, дүниеден өтетін адамдарды да “баспаналары” Ехоба қорғайды. Қалайша? Адал қызметшілерінің көз жұмғандарынан көп уақыт өткенде, Ехоба Мұсаға: “Мен... Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын”,— деді (Мыс. ш. 3:6). Осы сөздерді келтіргеннен кейін Иса: “Ол өлгендердің емес, тірілердің Құдайы. Өйткені ол үшін бәрі тірі”,— деп түсіндірді (Лұқа 20:38). Иә, адалдығын сақтап өлген адамдар Ехоба үшін тірі. Олар міндетті түрде қайта тіріледі (Уағ. 7:1).

18. Жаңа дүниеде Ехоба қызметшілері үшін қалай “баспана” болмақ?

18 Жақында орнайтын жаңа дүниеде Ехоба өз халқы үшін тағы бір мағынада “баспана” болмақ. Аян 21:3-те былай делінген: “Міне, Құдайдың шатыры адамдар арасында! Ол солармен бірге тұрып, олар оның халқы болмақ”. Алғашқы мың жыл бойы жерді Иса Мәсіх билейді. Ал мың жыл аяқталғанда ол Құдайдың жерге қатысты ниетін орындап болып, Патшалықты Әкесіне тапсырады (Қор. 1-х. 15:28). Сонда кемелділікке жеткен адамзатқа Ехоба өзі тікелей билік жүргізетін болады. Бізді неткен керемет болашақ күтіп тұр! Ал әзірше ертедегі адал қызметшілерден үлгі алып, Ехобаны “баспанамыз” етейік!