Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер”

“Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер”

“Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер” (ФІЛІП. 1:10).

1, 2. Соңғы күндерге қатысты қай пайғамбарлық шәкірттерді әсіресе қызықтырған болса керек және неге?

ПЕТІР, Жақып, Жохан және Әндір Исамен оңаша қалды. Исаның ғибадатхананың күйрейтіні туралы бұрынырақ айтқан сөздері ойларынан шықпай қойды (Мар. 13:1—4). Сондықтан да олар Исадан: “Айтшы, бұл қашан болады? Сенің осында болуың мен осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрады (Мат. 24:1—3). Сонда Иса оларға Иерусалимнің күйреуінен бұрын орын алатын оқиғалар туралы айтумен қатар, Шайтанның зұлым дүниесінің соңғы күндерінде де не болатынын айтып берді. Соғыстар, ашаршылық пен заңсыздықтың көбейіп кететінін айтқан соң, ол бір қуанышты жайт туралы да сөз етті. Ол: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық ұлттарға куәлік етілу үшін, бүкіл жер бетінде уағыздалады. Сонда осы заманның соңы келеді”,— деді. Бұл сөздер шәкірттерінің бойында қызығушылық оятқан болса керек (Мат. 24:7—14).

2 Бұған дейін шәкірттері Исамен бірге Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздаған болатын (Лұқа 8:1; 9:1, 2). Сондықтан да олардың естеріне Исаның келесі сөздері түскен шығар: “Расында да, жинайтын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинауға жұмысшылар жіберуін өтініңдер” (Лұқа 10:2). Бірақ қалайша олар “бүкіл жер бетінде” уағыздап, “барлық ұлттарға куәлік” бермек еді? Бұған жұмысшылар қайдан табылар еді? Исаның аталмыш төрт шәкірті Матай 24:14-тегі сөздердің бүгінде қалай орындалып жатқанын көрсе, қалай таңғалар еді десеңші!

3. Лұқа 21:34-тегі сөздер бүгінде қалай орындалуда және біз өзімізді қалай тексеруіміз керек?

3 Біз Иса айтып кеткен пайғамбарлықтар  орындалып жатқан заманда өмір сүрудеміз. Дүниежүзі бойынша миллиондаған адам Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздап жүр (Ишая 60:22). Алайда Иса кейбіреулерге уағыз ісін өмірде бірінші орынға қою қиын болатынын ескерткен. Оларды түрлі нәрселер алаңдатып, “жүректерін жаулап алмақ” еді (Лұқа 21:34 оқы). Біз бүгінде бұл сөздердің орындалып жатқанын анық көрудеміз. Құдай қызметшілерінің кейбірі бірте-бірте тура жолдан ауытқып бара жатыр. Бұл олардың жұмысқа, жоғары оқуға, дүние-мүлікке қатысты қабылдаған шешімдерінен және спорт пен көңіл көтеруге қанша уақыт жұмсайтындарынан көрінеді. Басқалары болса күнделікті тұрмыс қамына беріліп, шыр көбелек айналып жүр. Сондықтан өзіңді былай деп тексеріп көр: Мен туралы не деуге болады? Қабылдаған шешімдерімнен Патшалықты бірінші орынға қоятыным көріне ме?

4. а) Елші Пауыл Філіпідегі мәсіхшілер үшін дұғада не сұрады және неге? ә) Осы және келесі мақалада нені қарастырамыз және бұл бізге қай жағынан көмектеспек?

4 Бірінші ғасырда өмір сүрген мәсіхшілер рухани нәрселерді өмірлерінде бірінші орынға қою үшін біраз күш салуы керек еді. Сол себепті елші Пауыл Філіпіде тұратын мәсіхшілер “ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізсінші” деп Құдайға дұға еткен (Філіпіліктерге 1:9—11 оқы). Елші Пауыл сияқты, сол кездегі мәсіхшілердің көбісі Құдай сөзін айтуға қорықпай, батыл уағыздап жүрді (Філіп. 1:12—14). Бүгінде де басым көпшілігіміз Құдай Сөзін батыл уағыздап жүрміз. Десе де бүгінде Ехобаның өз ұйымы арқылы Матай 24:14-тегі сөздерді жүзеге асыру үшін не істеп жатқанын қарастырғанымыз бізді жігерлендіріп, әлдеқайда зор құлшыныспен уағыздауға талпындыра алады. Осы мақаладан біз Ехобаның ұйымы қандай істер атқарып жатқанын және қалайша бұл бізге және отбасымызға қозғау салатынын білеміз. Ал келесі мақалада Ехобаның ұйымымен қатар жүріп, қызметімізде табанды болуымызға не көмектесетінін қарастырамыз.

ҚҰДАЙ ҰЙЫМЫНЫҢ КӨКТЕГІ БӨЛІГІ ӘРЕКЕТ ЕТУДЕ

5, 6. а) Неліктен Ехоба өз ұйымының көктегі бөлігін аян арқылы көрсеткен? ә) Езекиел аянда не көрді?

5 Ехоба көп нәрсені Киелі кітапқа жаздырмауды ұйғарды. Мысалы, онда адамның миы не ғалам туралы егжей-тегжейлі мәлімет жоқ. Оның орнына, Ехоба Киелі кітапта ниеттерін түсінуімізге және соларға сай өмір сүруімізге көмектесетін мәліметтердің жазылуына қам жасады (Тім. 2-х. 3:16, 17). Бір қызығы, Ехоба өз ұйымының көзге көрінбейтін көктегі бөлігін көрсетуді шешті. Ишая, Езекиел, Даниял кітаптарынан және Жохан жазған Аяннан Құдай ұйымының көктегі бөлігі туралы оқу жан тебірентеді (Ишая 6:1—4; Езек. 1:4—14, 22—24; Дан. 7:9—14; Аян 4:1—11). Бірақ неге Ехоба бізге аспандағы жайттарды аян етті?

6 Ехоба бүкіләлемдік ұйымның мүшелері екенімізді ұмытпағанымызды қалайды. Ехобаның еркі орындалу үшін ұйымда біз көре алатыннан әлдеқайда көп іс істелуде. Мысалы, Езекиел Құдай ұйымының көктегі бөлігін ғаламат күйме ретінде көрді. Бұл күйме зор жылдамдықпен қозғалып, бір сәтте-ақ бағытын өзгерте алатын (Езек. 1:15—21). Дөңгелектері бір айналғанда үлкен қашықтықты өте алатын. Аянда Езекиел күйменің Жүргізушісін де көрді. Езекиел былай деді: “Оның денесі белінен  жоғары қарай жалындап жалтыраған қоладай екенін әрі белінен төмен қарай оттай жарқырап тұрғанын көрдім. Және Оның айналасын жарқыраған нұр көмкеріп тұрды” (Езек. 1:25—28). Бұл аян Езекиелді қатты толғандырған болса керек. Ол Ехоба Құдайдың өз ұйымын толықтай қадағалап отыратынын және киелі рухы арқылы бағыттап отыратынын көрді. Бұл Құдай ұйымының көктегі бөлігінің қалай әрекет етіп жатқанын қаншалықты жақсы суреттейді десеңші!

7. Қалайша Даниял алған аян бізге Ехоба мен Исаға деген сенімділік береді?

7 Сондай-ақ Даниял да бізге Ехоба мен Исаға деген сенімділік беретін аян алды. Аянда Даниял “Көне қарттың”, Ехобаның, оттан лапылдап жанған дөңгелектері бар тақта отырғанын көрді (Дан. 7:9 Тт). Ехоба Даниялға ұйымның алға жылжып жатқанын, яғни оның еркін орындап жатқанын көрсеткісі келді. Сонымен қатар Даниял “адам баласына ұқсайтын Біреуге”, яғни Исаға Құдай ұйымының жердегі бөлігінің үстінен билік ету тапсырылып жатқанын да көрді. Мәсіхтің кемелді билігі бірнеше жылға ғана созылмайды. Қайта, “Ол ешқашан өшпейтін мәңгілік билік құрады, Оның патшалығы еш уақытта жойылмайды” (Дан. 7:13, 14). Бұл аян бізді Ехобаға сенім артуға талпындырады және бүгінде нені жүзеге асырып жатқанын түсінуге көмектеседі. Ол адалдығын дәлелдеген Исаға “құдірет, салтанатты ұлылық және патшалық билік тапсырды”. Ехоба өз Ұлына сенімді. Демек, біз де Исаның басшылығына сенім арта аламыз.

8. Ехоба берген аяндар Езекиел мен Ишаяға қалай әсер етті және бізге де қалай әсер ету керек?

 8 Ехобаның ұйымының көзге көрінбейтін бөлігі туралы аяндар бізге қалай әсер ету керек? Әрине, Ехобаның істері біздің бойымызда Езекиелдікіндей орынды қорқыныш тудырып, оны қастерлеуге талпындырады (Езек. 1:28). Ехобаның ұйымы жайлы терең ой жүгірткеніміз Ишая сияқты әрекет етуге талпындыра алады. Өзгелерге Ехобаның істері туралы жариялауға мүмкіндік туғанда, ол шақыруды бірден қабыл алып: “Мен бармын, Ием. Мені жібере гөр”,— деп дауыстап жіберген (Ишая 6:5, 8 оқы). Ишая Ехобаның көмегімен кез келген қиындықты жеңе алатынына титтей де күмәнданбаған. Құдай ұйымының көктегі бөлігі туралы аян бізді де тебірентіп, Құдайға көбірек қызмет етуге қозғау салады. Иә, ұйым әрдайым алға басып, Ехобаның еркін орындауды басты мақсат ететіні туралы ой жүгірту қаншалықты әсер етеді десеңші!

ҚҰДАЙ ҰЙЫМЫНЫҢ ЖЕРДЕГІ БӨЛІГІ

9, 10. Құдай ұйымының жердегі бөлігі не үшін қажет болды?

9 Ұлы арқылы Ехоба өз ұйымының көктегі бөлігімен үйлесе қызмет ететін жердегі бөлігін де орнатты. Бұл Матай 24:14-те айтылған істің жүзеге асуы үшін қажет болды. Неліктен олай деуге болады? Бұның үш себебін қарастырып көрейік.

10 Біріншіден, Иса өз шәкірттерінің “жердің қиыр шетіне дейін” уағыздайтынын айтқан (Ел. іс. 1:8). Екіншіден, осы іске қатысатындарға рухани ас-су беріліп, қамқорлық жасалуы керек еді (Жох. 21:15—17). Үшіншіден, ізгі хабарды жариялаушылар Ехобаға ғибадат етіп, істі қалай атқару керектігіне қатысты тәлім алуы үшін кездесулерді ұйымдастыру қажет болды (Евр. 10:24, 25). Мұның бәрі өздігінен бола алмас еді. Мәсіхтің ізбасарларының ісі өрге басу үшін, бәрін ұйымдасқан түрде жасау керек болды.

11. Біз ұйымға қалай қолдау көрсете аламыз?

11 Біз Ехобаның ұйымын қалайша қолдай аламыз? Маңызды жолдарының бірі — уағыз ісінде басшылықты қолға алатын ер бауырластарға сенім арту. Ехоба мен Иса оларға сенім артады. Бүгінде уақыт пен күшті талап ететін осы дүниелік проблемалар жетіп артылады. Бірақ Құдай ұйымының жердегі бөлігі нені әрдайым басты орынға қойған?

ОЛАР МАҢЫЗДЫРАҚ НӘРСЕЛЕРДІ БАСТЫ ОРЫНҒА ҚОЯДЫ

12, 13. Өз елдерінде уағыздау ісінде басшылықты қолға алатын ақсақалдар жауапкершіліктерін қалай атқарады және неліктен бұл сені жігерлендіреді?

12 Дүниежүзі бойынша тәжірибелі ақсақалдар қызмет етіп жатқан елдерінде уағыз ісін ұйымдастырып, жетекшілік етуге тағайындалған. Осы адал әрі кішіпейіл бауырластар өз аумақтарында қандай қажеттілік бар екенін анықтау үшін Ехоба мен Исаның басшылығына жүгінеді, яғни шешім қабылдарда Құдай Сөзінен ақыл-кеңес іздеп, Ехобаға табандылықпен дұға етеді. Осылайша олар Ехобаның күйме іспетті ұйымымен қатар жүреді (Заб. 118:105; Мат. 7:7, 8).

13 Бірінші ғасырда уағыз ісінде басшылықты қолға алған бауырластар секілді, бүгіндегі ақсақалдар өздерін “Құдай сөзін үйретуге арнайды” (Ел. іс. 6:4). Олар аумақтарындағы және дүниежүзіндегі өсімді көріп қатты қуанады (Ел. іс. 21:19, 20). Уағыз ісін алға жылжыту үшін шаралар ұйымдастырғанда, олар көптеп ережелер орнатпайды, қайта, Жазбаларды негізге  алып, киелі рухтың басшылығына мойынсұнады (Елшілердің істері 15:28 оқы). Осылай ету арқылы осы бауырластар жергілікті қауымдар үшін жақсы үлгі көрсетеді (Ефес. 4:11, 12).

14, 15. а) Дүниежүзі бойынша уағыз ісін қолдау үшін қандай іс-шаралар жасалуда? ә) Уағыз ісін қолдау үшін өз үлесіңді қоса алатының бойыңда қандай сезім тудырады?

14 Көптеген бауырласымыз әдебиеттерде жазылатын және қауым кездесулері мен конгрестерде берілетін рухани ас-суды әзірлеу үшін күніге еңбек етеді. Бұдан кейін мыңдаған ерікті қызметшілер осы рухани ас-суды 600-дей тілге аудару үшін көп тер төгеді. Осының арқасында көптеген адам “Құдайдың ғажайып істері жайлы” өз тілдерінде біле алады (Ел. іс. 2:7—11). Жас ер және қыз бауырластарымыз осы әдебиеттерді зор жылдамдықпен жұмыс істейтін машиналарда басып шығарады. Ал соңында әдебиеттер жердің түкпір-түкпіріндегі қауымдарға жеткізіледі.

15 Сонымен қатар жергілікті қауымымызбен бірге ізгі хабарды уағыздауға бар назарымызды аудара алуымыз үшін көптеген шаралар жасалуда. Мәселен, мыңдаған ерікті қызметкерлер Патшалық сарайлары мен Конгресс сарайларының құрылысына қатысуда, табиғи апаттардан зардап шеккендерге және медициналық көмек керек бауырластарға жәрдемдесуде, конгрестерді ұйымдастырып, түрлі теократиялық мектептерде тәлім беруде. Бұлар біз көре бермейтін істердің кейбірі ғана. Осы іс-шаралардың мақсаты қандай? Осылардың барлығы бізге ізгі хабарды уағыздауға, рухани өсуге және көбірек адамдарға Ехобаға ғибадат етуге көмектесу үшін жасалады. Ендеше, Құдай ұйымының жердегі бөлігі маңыздырақ нәрселерді басты орынға қойып жүр деп айтуға бола ма? Әлбетте!

ҚҰДАЙ ҰЙЫМЫНАН ҮЛГІ АЛ

16. Отбасылық ғибадатта не жеке зерттеуде не туралы ізденіс жүргізе аласың?

16 Ехобаның ұйымы жасап жатқан істер жайлы арагідік ой жүгіртеміз бе? Кей бауырластар отбасылық ғибадатта не жеке зерттеулерінде ұйым туралы ізденіс жүргізіп, оқығандарын ой елегінен өткізуге мақсат қойған. Мысалы, Езекиел, Даниял мен Жоханға берілген аяндарды зерттесең, білгендеріңе таңдай қағатының сөзсіз. Сондай-ақ “Ехоба куәгерлері Құдай Патшалығын жариялайды” деген кітаптан және басқа да әдебиеттер мен бейнефильмдерден ұйым жайлы көптеген қызықты жайттарды біле аласың.

17, 18. а) Осы мақала саған қай жағынан көмектесті? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастыруымыз керек?

17 Ехоба ұйымы арқылы нендей нәрселерді жүзеге асырып жатқаны туралы ой жүгіртудің пайдасы зор. Құдайдың керемет ұйымымен бірге маңыздырақ нәрселерді басты орынға қоя берейік. Осылай еткеніміз Пауылдікіндей рух танытуға көмектеседі. Ол былай деген: “Құдай бізге мейірім көрсетіп, осы қызметке ие болғандықтан, еш талмаймыз” (Қор. 2-х. 4:1). Сондай-ақ ол бауырластарды былай деп жігерлендірген: “Жақсылық жасаудан еш талмайық. Себебі шаршап қалмасақ, өз уақытында оның өнімін орамыз” (Ғал. 6:9).

18 Жеке өзіміз не отбасымыз күнделікті өмірде маңыздырақ нәрселерді басты орынға қою үшін қандай да бір өзгерістер жасауымыз керек емес пе? Ең маңызды іске, уағыз ісіне, көбірек уақыт бөлу үшін өмірімізді қарапайым етіп, алаңдататын нәрселерден аулақ жүреміз бе? Келесі мақалада Ехобаның ұйымымен қатар жүруге көмектесетін бес нәрсені қарастырамыз.