Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сен “игі істерге ынталысың” ба?

Сен “игі істерге ынталысың” ба?

“Бізді... өзінің ерекше меншігі, яғни игі істерге ынталы халқы, етіп тазарту үшін Мәсіх өмірін қиды” (ТИТКЕ 2:14).

1, 2. Ехоба куәгерлеріне қандай мәртебе берілген және бұл сені қандай сезімге бөлейді?

АДАМДАР қандай да бір салада еңбек сіңіргені үшін жүлдеге ие болғандарын зор мәртебе санайды. Мысалы, екі халықтың татуласуына көп үлес қосқаны үшін кейбір адамдар Нобель сыйлығын иеленген. Бірақ Құдайдың өкілдері ретінде адамдарға онымен татуласуға көмектесуден артық іс бар ма!?

2 Бұл мәртебелі іс тек Ехоба куәгерлеріне ғана берілген. Құдайдың және Мәсіхтің басшылығымен біз адамдарды: “Құдаймен татуласыңдар”,— деп шақырамыз (Қор. 2-х. 5:20). Ехоба біз арқылы адамдарды өзіне жақындауға талпындыруда. Осының арқасында 235-тен астам елдегі миллиондаған адам Құдаймен дос болып, мәңгі өмір сүру үмітіне ие болып отыр (Тит. 2:11). Біз адамдарды: “Өмір суын алғысы келгендердің бәрі оны тегін алсын”,— деп құлшыныспен шақырудамыз (Аян 22:17). Осы қызметімізді мәртебе санап тыңғылықты атқарып жүргендіктен, біз “игі істерге ынталы халық” деп аталуға лайықпыз (Тит. 2:14). Ал қазір біз игі істерге ынталы болу арқылы өзге адамдарға Ехобаға жақындауға қалай көмектесетінімізді қарастырамыз. Алдымен, уағыздау қызметімізге назар аударайық.

ЕХОБА МЕН ИСАНЫҢ ҚҰЛШЫНЫСЫНА ЕЛІКТЕ

3. Ехобаның “барлық қайрат-жігерімен” әрекет етіп жатқаны бізге не нәрсеге сенімділік береді?

3 Құдай Ұлының билігі қандай игіліктер әкелетіні туралы айтыла келе, Ишая 9:7-де былай делінген: “Барлық қайрат-жігерімен бұларды Әлемнің Иесі іске асырады!” Бұл сөздер көктегі Әкеміздің адамзатты құтқаруды қаншалықты қалайтынын көрсетеді. Ендеше, біз де уағыз ісін ынта-жігермен, құлшыныспен атқаруымыз керек. Адамдарға Құдайды тануға жан сала көмектескенде, біз Ехобаның құлшынысына еліктейміз. Ал сен Құдайдың қызметтесі ретінде ізгі хабарды уағыздау ісінде қолыңнан келгеннің бәрін істеп жүрсің бе? (Қор. 1-х. 3:9).

4. Иса қызметке деген құлшынысты жоғалтпауға қатысты қандай үлгі қалдырды?

4 Ал енді Исаның қалай құлшыныс танытқанына  назар аударайық. Қатты қарсылықтарға қарамастан, ол соңғы демі біткенше уағыз ісіндегі құлшынысын жоғалтпаған (Жох. 18:36, 37). Өмірін құрбан ететін күні жақындаған сайын, Ехобаны адамдарға танытуға деген құлшынысы да арта берген.

5. Қалайша Иса інжір ағашы туралы мысалына сай әрекет етті?

5 Б. з. 32 жылының күзінде Иса жүзімдігінің ішінде інжір ағашы өсіп тұрған бір кісі туралы мысал келтірді. Ағаш үш жыл бойы жеміс әкелмегендіктен, бұл кісі жұмысшысына оны кесіп тастауды бұйырады. Алайда жұмысшы ағашты жемісті етуге тағы да тырысып көру үшін оны қалдыра тұруды сұрайды (Лұқа 13:6—9 оқы). Иса бұл мысалды келтірген кезде оның аз ғана шәкірті болды, яғни қызметінің әкелген жемісі әлі аз болатын. Алайда мысалдан көрінетіндей, Иса қалған алты айдай уақытында Яһудея мен Переяда уағыздау үшін көбірек күш салған. Өліміне бірнеше күн қалғанда, Иса отандастарының ізгі хабарға құлақ аспағандары үшін көзіне жас алған (Мат. 13:15; Лұқа 19:41).

6. Неге уағыз ісіндегі құлшынысымызды арттыра беруіміз керек?

6 Бүгінде біз соңғы күндердің соңғы күндерінде өмір сүріп жатқандықтан, біздің де уағыз ісінде құлшынысымыздың арта түсуі маңызды емес пе?! (Даниял 2:41—45 оқы). Ехоба куәгерлері болу неткен мәртебе десеңдерші! Жалғыз біз ғана адамдардың проблемалары шешілетінін жариялап, олардың жүректерінде үміт отын жағамыз. Жақында бір газеттің тілшісі “Неліктен жақсы адамдар қасірет шегеді?” деген сұрақты жауапсыз деп айтқан. Ал біз бұл сұрақтың жауабын білеміз әрі тыңдауға дайын адамдардың бәріне Киелі кітаптың осы тәрізді сұрақтарға не деп жауап беретінін айтуды мәртебелі міндетіміз деп санаймыз. Сондықтан біз Ехоба сеніп тапсырған бұл істі “рухтың әсерімен жалындай” жүріп атқарамыз (Рим. 12:11). Ехобаның батасымен өзгелерге оны тануға әрі жақсы көруге көмектесу қолымыздан келеді.

ЖАНҚИЯРЛЫҚ РУХЫМЫЗ ЕХОБАҒА ДАҢҚ ӘКЕЛЕДІ

7, 8. Қалайша біздің жанқиярлығымыз Ехобаға даңқ әкеледі?

7 Уағыздау қызметін атқарып жүріп елші Пауыл “түндерді ұйқысыз өткізу, ас-сусыз қалу” сияқты қиыншылықтарға душар болған (Қор. 2-х. 6:5). Бүгінде де көптеген бауырлас осы іспетті құрбандықтарға барып, жанқиярлық танытып жүр. Мысалы, қызметті өмірлерінде басты орынға қоятын ізашарлардың көбісіне өздерін қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуге тура келеді. Миссионерлер шетелдердегі адамдарға көмектесу үшін көп тер төгіп жүр (Філіп. 2:17). Қауым ақсақалдары Ехобаның қойларын бағу үшін түн ұйқысын қияды, кейде тіпті тамақ ішуге уақыттары болмайды. Ал қарттар мен денсаулығы мүшкіл бауырластар қауым кездесулерінен қалмауға және уағызға шығуға барын салып жүр. Ехобаның осындай жанқияр қызметшілері бізге жігер береді. Бірақ мұны байқайтын біз ғана емес.

8 Ұлыбританияда тұратын бір кісі жергілікті газетке жазған хатында былай деген: “Адамдар дінге деген сенімдерін жоғалтып барады... Шіркеу қызметшілері не бітіріп жүр? Олардың Иса сияқты халыққа барғандарын көрмейсің... Адамдардың қамын ойлайтын жалғыз дін — Ехоба куәгерлері сияқты. Халыққа барып, шындықты риясыз уағыздап жүрген солар ғана”. Расында да, бүгінде адамдардың басым көпшілігі тек өз қара бастарын ойласа, біз жанқиярлықпен уағыздап, Ехоба Құдайымызға даңқ әкеліп жүрміз (Рим. 12:1).

Уағызда жүргеніңнің өзі адамдарға күшті куәлік болып табылады

9. Уағыз ісіне деген құлшынысымызды не жандандыра алады?

9 Ал егер қызметке деген құлшынысымызды жоғалта бастағанымызды  байқасақ, не істеуге болады? Онда бізге Ехоба уағыз ісі арқылы нендей нәрселерді жүзеге асырып жатқаны жайлы ой жүгірту керек (Римдіктерге 10:13—15 оқы). Адамдар құтқарылу үшін Ехобаға сенім танытып, оны атымен атап шақыру қажет. Бірақ біз уағыздамайынша, олар бұны істей алмайды. Осыны түсінгеніміз бізге игі істерге ынталы болып, Патшалық туралы ізгі хабарды жан сала жариялауға көмектеседі.

ҮЛГІЛІ ЖҮРІС-ТҰРЫСЫМЫЗ АДАМДАРДЫ ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАУҒА ТАЛПЫНДЫРАДЫ

Адалдықпен және тер төге еңбек еткенің байқаусыз қалмайды

10. Қалайша біздің үлгілі жүріс-тұрысымыз адамдарды Ехобаға жақындатады?

10 Қызметте құлшыныс таныту маңызды, алайда адамдарға Құдайға жақындауға көмектесу үшін тағы бір нәрсе қажет. Бұл — біздің мәсіхшілерге тән жүріс-тұрысымыз. Пауыл бұның маңыздылығына назар аударып: “Қызметімізге еш мін тағылмас үшін, өзгелерді сүріндіретіндей еш нәрсе жасамаймыз”,— деген (Қор. 2-х. 6:3). Иә, біздің игі сөздеріміз бен үлгілі жүріс-тұрысымыз Құдайдың ілімін көркейтіп, адамдарды Ехобаға ғибадат етуге талпындырады (Тит. 2:10). Шынында да, Иса сияқты әрекет етіп жүргеніміз жиі жақсы нәтиже беріп жатады.

11. Неліктен біз жүріс-тұрысымызды дұға ете отырып тексеруіміз қажет?

11 Біздің әрекеттеріміз адамдарға жақсы жағынан әсер ете алатындай, жаман жағынан да әсер ете алады. Сондықтан жұмыста, үйде не мектепте болайық, біз әлдекімнің қызметімізге не жүріс-тұрысымызға мін тағуына негіз беруден аулақ болғанымыз жөн. Егер біз әдейі күнә жасай беретін болсақ, Ехобамен қарым-қатынасымызды мәңгілікке жоғалтып аламыз (Евр. 10:26, 27). Бұл жайт бізді қалай әрекет етіп жүргенімізді және жүріс-тұрысымыз өзгелерге қалай әсер етіп жатқанын дұға ете отырып тексеруге талпындыру керек. Бұл дүниенің өнегелік нормалары құлдыраған сайын, ақжүрек адамдар “Құдайға қызмет  ететіндер мен қызмет етпейтіндердің арасындағы айырмашылықты” анық көретін болады (Малх. 3:18). Иә, адамдар Құдаймен татуласу үшін, біздің мәсіхшілерге лайықты жүріс-тұрысымыздың маңызы зор.

12—14. Сынақтарда табандылық танытқанымыз өзгелердің шындыққа деген көзқарасына қалай әсер етеді? Мысал келтір.

12 Қорынттағы бауырластарға жазған хатында Пауыл өзінің қиындық көргенін, ауыр жағдайларға түскенін, ұрып-соғылғанын және түрмеге жабылғанын айтқан (Қорынттықтарға 2-хат 6:4, 5 оқы). Сеніміміз сыналған кездерде біздің табандылық танытқанымыз басқаларды шындықты қабылдауға талпындыруы мүмкін. Мысалы, бірнеше жыл бұрын бір топ адам Анголадағы бауырластардың көзін құртуға әрекеттеніп, екі бауырлас пен отыз қызығушыны ұстап алған. Содан кейін, қарсыластар жергілікті тұрғындарды жинап, солардың көзінше кінәсіз жандарды қансырата сабап тастаған. Олар тіпті әйелдер мен балаларды да аямаған. Олар мұны жұрт Ехоба куәгерлерін тыңдаудан қорықсын деп істеген еді. Бірақ бұдан түк те шықпады, керісінше, кейін көп адам бауырластардан олармен Киелі кітап зерттеуді сұрады. Нәтижесінде уағыз ісі өрге басты: көп адам шындыққа келіп, бауырластар көл-көсір батаға кенелді.

13 Осы мысалдан көрінетіндей, біздің Киелі кітап принциптерін берік ұстанғанымыз өзгелерге жақсы әсер етуі мүмкін. Петір мен өзге елшілердің батылдығы көп адамды Құдаймен татуласуға талпындырған болса керек (Ел. іс. 5:17—29). Сол сияқты біздің де қарсылыққа кезіккенде танытқан батылдығымызды көріп, сыныптастарымыз, әріптестеріміз және отбасы мүшелеріміз шындықты қабылдауы мүмкін.

14 Біздің бауырластарымыз әрқашан қарсылықтарға кезігіп келген. Мәселен, дәл қазір Арменияда шамамен 40 ер бауырласымыз бейтараптық сақтағандары үшін түрмеде отыр. Ал алдағы айларда тағы көптеген бауырласымыз қамауға алынуы мүмкін. Эритреяда болса Ехобаның 55 қызметшісі бас бостандығынан айырылған. Олардың арасында жасы 60-тан асқан қарттарымыз да бар. Ал Оңтүстік Кореяда 700-дей Куәгер сенімі үшін түрмеге жабылған. Бұл жағдай соңғы 60 жыл бойы жалғасып келеді. Сондықтан жер-жерде қуғынға ұшыраған бауырластарымыздың адалдығы Құдайға даңқ әкелсін және әділдікті сүйетін адамдарды шынайы ғибадаттың жағына шығуға талпындырсын деп дұға ете берейік (Заб. 75:9—11).

15. Адалдығымыз адамдарды шындыққа келуге талпындыратынын көрсететін мысал келтір.

15 Сонымен қатар біздің адалдығымыз да адамдарды шындыққа келуге талпындыруы мүмкін (Қорынттықтарға 2-хат 6:4, 7 оқы). Келесі оқиғаны қарастырып көрейік. Бір әйел бауырлас автобусқа мініп, жолақы қабылдайтын аппаратқа ақша салайын деп жатқанда, танысы қысқа қашықтыққа жол жүргенде жолақы төлеудің қажеті жоқ екенін айтады. Бірақ бауырласымыз тіпті бір аялдама жүргеннің өзінде төлеу керектігін түсіндіреді. Бұдан кейін танысы автобустан түсіп кетеді. Сонда автобус жүргізушісі бауырласқа қарап: “Сіз осы Ехоба куәгері емессіз бе?”— деп сұрайды. Бауырлас: “Иә, оны неге сұрадыңыз?”— дегенде, жүргізуші былай деді: “Сіздердің жолақы төлеу жайында әңгімелеріңізді құлағым шалып қалды. Мен Куәгерлердің әрдайым жолақысын төлейтінін және барлық істе шыншыл екенін білем. Қазір ондай адамдар өте аз”. Бірнеше айдан соң қауым кездесуінде бір кісі осы әйел бауырласқа келіп былай деді: “Сіз мені таныдыңыз ба? Мен өткендегі сізбен жолақы туралы сөйлескен автобус жүргізушісімін ғой. Сіздің адалдығыңызды көріп, мен Ехоба куәгерлерімен Киелі кітап зерттеу сабағын бастауды шештім”. Иә, адамдар біздің адалдығымызды  көргенде, жариялап жүрген ізгі хабарымызға сенімділікпен қарайды.

ҚҰДАЙДЫ ДАҢҚТАЙТЫН ҚАСИЕТТЕРДІ ӘРҚАШАН ТАНЫТА БЕР

16. Неліктен асқан шыдамдылық, сүйіспеншілік пен мейірімділік сияқты қасиеттерді танытқанымыз адамдардың жүрегіне әсер етеді? Мысал келтір.

16 Асқан шыдамдылық, сүйіспеншілік пен мейірімділік сияқты қасиеттерді таныту арқылы да біз адамдардың шындыққа келуіне үлес қоса аламыз. Бойымыздан осы қасиеттерді көрген адамдар Ехоба туралы, оның ниеті және халқы жайлы білгісі келуі ықтимал. Шынайы мәсіхшілерге тән қасиеттер танытқанымыз және үлгілі жүріс-тұрысымыз бізді сырт көзге Құдайға шын берілген болып көрінетін екіжүзді адамдардан қатты ерекшелендіреді. Кей діни жетекшілер сенушілерді алдап-сулап, байып алған. Сосын олардың ақшасына зәулім үйлер салып, қымбат көліктер сатып алған, тіпті бір діни жетекші итіне кондиционер орнатылған үйшік алып берген. Олар Құдайға қызмет етіп жүрміз деп кеуде қаққанымен, “тегін беру” олардың ойына да кіріп шықпайды (Мат. 10:8). Қайта, олар ежелгі Исраилдің жолдан тайған діни қызметкерлері сияқты “тәлім бергенде ақша талап етеді”, ал берген тәлімі Киелі кітапқа қайшы келеді (Миха 3:11). Олардың жүріс-тұрысы адамдарды Құдайдан алыстатпаса, жақындатпайды.

17, 18. а) Қалайша өмірде Ехобаның қасиеттерін танытқанымыз оған даңқ әкеледі? ә) Неліктен сен әрқашан игі істерге ынталы болғың келеді?

17 Сондай-ақ шындықты үйретіп жүргеніміз бен адамдарға жақсылық жасағанымыз да өзгелерге қатты әсер етеді. Мысалы, бір ізашар ер бауырлас үйме-үй уағыздап жүргенде, қарт жесір әйел оның сөзін шорт кесіп, тыңдаудан бас тартады. Бауырлас есіктің қоңырауын басқанда, ол сатыға мініп, асүйдің лампасын ауыстырамын деп әлек болып жатқан екен. Әйел мұны айтқанда, бауырлас: “Бұны жалғыз өзіңіз істегеніңіз қауіпті ғой”,— дейді де, лампасын ауыстырып беріп, кетіп қалады. Осыдан кейін бұл әйелдің ұлы не болғанын естігенде қатты таңғалып, алғысын білдіру үшін әлгі бауырласпен кездескісі келеді. Ақырында онымен зерттеу сабағы басталады.

18 Сонымен, сен неліктен игі істерге ынталы болғың келеді? Бәлкім, қызметте танытқан құлшынысың мен Құдайға ұнамды жүріс-тұрысың арқылы Ехобаға даңқ әкеліп, өзгелерге құтқарылуға көмектесе алатыныңды білгендіктен шығар (Қорынттықтарға 1-хат 10:31—33 оқы). Сонымен қатар бізді қызметте ынта-жігер танытуға және жүріс-тұрысымыздың үлгілі болуын қадағалауға Құдай мен адамдарға деген сүйіспеншілігіміз талпындырады (Мат. 22:37—39). Егер игі істерге ынталы болсақ, қазірдің өзінде қуаныш пен қанағат аламыз. Оның үстіне, бүкіл адамзат Жаратушымыз Ехобаға құлшыныспен ғибадат етіп, оны даңқтайтын кезде өмір сүруге деген керемет үмітіміз болады.