Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жақсы пікір алысу арқылы некелеріңді нығайтыңдар

Жақсы пікір алысу арқылы некелеріңді нығайтыңдар

“Орнымен айтылған сөз күміс табаққа салынған алтын алмадай тамаша” (НАҚ. С. 25:11).

1. Пікір алыса білу ерлі-зайыптыларға қандай көмегін тигізуде?

“БАСҚА біреуден гөрі, әйеліммен бірге уақыт өткізгенім артық,— дейді Канададағы бір ер бауырлас.— Онымен бірге бақытты сәттер көбірек қуаныш әкеледі, әрі өмірдің тауқыметін көтеру әлдеқайда жеңіл”. Ал Австралиядағы бір отағасы былай дейді: “Бірге тұрған 11 жылда әйеліммен сөйлеспеген бірде-бір күнім болмаған. Менде де, әйелімде де шаңырағымыз шайқалады деген еш уайым да, қорқыныш та жоқ. Бұл ең алдымен бір-бірімізбен үнемі әрі ашық пікір алысатынымыздың арқасында мүмкін болып отыр”. Сондай-ақ Коста-Рикадағы бір әйел бауырлас некесі жайында былай деп айтты: “Жақсы пікір алыса білгеніміз некемізді байытып қана жатқан жоқ, сонымен қатар бұл бізді Ехобаға жақындатуда, азғырулардан қорғауда, қарым-қатынасымызды нығайтып, сүйіспеншілігімізді арттыруда”.

2. Жақсы пікір алысуға нендей нәрселер кедергі жасауы мүмкін?

2 Сен және жұбайың өзара пікір алысасыңдар ма, жоқ әлде бұл сендерге қиынға соға ма? Әрине, некеде қиыншылықтар тууы мүмкін, өйткені неке — тәрбиесі және мәдениетін қоса алғанда, болмыстары әртүрлі екі кемелсіз адамның одағы (Рим. 3:23). Бұған қоса, ер мен әйелдің қалай сөйлесетінінде айырмашылық болуы мүмкін. Осы себептен болар, Джон Готман мен Нэн Сильвер есімді неке саласындағы зерттеушілер “тұрақты қарым-қатынасты сақтап қалу үшін батылдық, бекемдік және табандылық қажет” екенін айтады.

3. Жұбайлар некелерін қалайша нығайта алады?

3 Некелері берік болу үшін, екі жақ та өз тарапынан көп күш салу керек. Сонда неке баянды да бақытты болады. Бір-бірін шын сүйетін ерлі-зайыптылар одақтарынан қуаныш таба алады (Уағ. 9:9). Мысалы, некеде бақытты болған Ысқақ пен Рабиғаның  мысалына назар аударайық (Жар. 24:67). Олар ұзақ уақыт бойы бірге тұрып келсе де, Киелі кітапта олардың аралары суып кеткені жайлы айтылмаған. Бүгіндегі көптеген жұбайлар жөнінде де осылай айтуға болады. Бұның сыры неде? Олар бір-біріне сезімдері мен ойларын ашық, сөйте тұра мейірімділікпен айтады. Сондай-ақ олар түсінушілік, құрмет, сүйіспеншілік пен кішіпейілділік сияқты қасиеттерді танытады. Қазір осы қасиеттер ерлі-зайыптылардың бір-бірімен жақсы пікір алысуына қалай үлес қосатынын қарастырып көрейік.

ТЕРЕҢ ТҮСІНІК ТАНЫТЫҢДАР

4, 5. Қалайша жағдайды терең түсіне білгендері ерлі-зайыптыға бір-біріне түсінушілікпен қарауға көмектеседі? Мысалдар келтір.

4 Нақыл сөздер 13:15-те (ЖД) былай делінген: “Терең түсінік адамды ұнамды етер”. Бұл сөздердің отбасылық өмірге де қатысы бар (Нақыл сөздер 24:3 оқы). Құдай Сөзі бізге даналық беріп, терең түсінік сыйлайды. Жаратылыс 2:18-ге сай, Құдай әйелді еркектің көшірмесі емес, көмекшісі етіп жаратқан. Сондықтан да, әйелдер ер адамдардан өзгеше сөйлеседі. Әйел заты, жалпы алғанда, сезімдері, адамдар және олардың қарым-қатынастары жөнінде әңгімелесуді ұнатады. Сонымен қатар сүйіспеншілікке мұқтаж болғандықтан, олар адамдардың өздерімен жылы, жақын араласқанын қалайды. Ал ер адамдар болса, сезімдер жайлы сөйлескеннен гөрі, көбінесе шаруалар, проблемалар және олардың шешімдері жөнінде әңгімелесуді жөн көреді. Сондай-ақ олар өздеріне құрмет көрсетілгенін қалайды.

5 “Күйеуім мені тыңдап болмай жатып проблеманы шешкісі келеді,— деп бөлісті Британияда тұратын бір әйел бауырлас.— Бұл шынында да көңіліңді түсіреді екен, өйткені маған бар болғаны жанашырлықпен тыңдағаны керек”. Ал бір отағасы былай дейді: “Әйелім екеуміз отау тіккенде, алғашында мен оның кез келген проблемасының шешімін айтуға дайын тұратынмын. Алайда, көп ұзамай, оған шын мәнінде тыңдайтын құлақ керек екенін түсіндім” (Нақ. с. 18:13; Жақ. 1:19). Түсінушілік танытатын күйеу әйелінің сезімдерін біледі және онымен сөйлескенде, соған бейімделуге тырысады. Сонымен қатар әйелінің ойы мен сезімдері ол үшін маңызды екеніне сендіреді (Пет. 1-х. 3:7). Ал әйелі, өз кезегінде, жарының көзқарасын түсінуге тырысады. Күйеуі мен әйелі Құдай белгілеген рөлдерін түсінетін, бағалайтын және орындайтын болса, шаңырақтары берік болады. Бұған қоса, олар бірлесіп дана шешімдер қабылдай алады.

6, 7. а) Уағыздаушы 3:7-дегі принцип ерлі-зайыптыларға түсінушілік танытуға қалай көмектесе алады? ә) Әйел қай жағынан парасаттылық таныта алады және күйеуі не нәрсеге күш салу қажет?

6 Сондай-ақ түсінігі мол жұбайлар “үндемеудің әрі сөйлеудің” өз уақыты бар екенін біледі (Уағ. 3:1, 7). “Қазір мен қандай да бір мәселені қай уақытта көтеру орынсыз болатынын түсіне білемін,— дейді күйеуге шыққанына он жыл болған бір бауырлас.— Егер жұмыспен не басқа жауапкершіліктермен күйеуімнің басы қатып жүрсе, мен белгілі бір мәселелерді талқылауды кейінге қалдыра тұрамын. Сонда әңгімелесу әлдеқайда жеңіл”. Әйелінің ілтипатпен сөйлегені, жақсылап таңдалған әрі “орнымен айтылған” сөздері күйеуінің көңіліне майдай жағады (Нақыл сөздер 25:11 оқы).

Кішкентай нәрселер некенің нығаюына үлкен үлес қоса алады

7 Мәсіхші күйеуі болса әйелін тыңдап қана қоймай, оған өз сезімдері туралы ашық айтуы керек. Отау тіккеніне 27 жыл болған бір мәсіхші ақсақал былай дейді: “Әйеліме ішімдегіні ақтарып айту үшін маған көп күш салу керек”. Ал неке құрғанына 24 жыл болған өзге бір ер бауырлас өзі туралы былай деп айтып берді: “Мен проблема өздігінен шешіледі деп, ештеңе айтпайтынмын. Бірақ кейіннен өз сезімдерім туралы айту әлсіздіктің белгісі емес екенін түсіндім. Сондықтан ішімдегіні айтуға қиналғанда, мен дұрыс сөздерді таңдап, ойымды дұрыс жеткізу үшін дұға етемін. Содан терең дем  алып, сөйлей бастаймын”. Сондай-ақ дұрыс жағдайды таңдаған жөн, мысалы, күйеуі мен әйелі оңашада күнделікті тармақты не Киелі кітап оқып отырғанда әңгіме бастауға болады.

8. Ерлі-зайыптыларға пікір алысуды үйренуге ықыласты болуға не көмектеседі?

8 Ерлі-зайыптыларға жақсы пікір алыса білу оңайға соқпауы мүмкін. Ол үшін екеуінің де дұға етуі және пікір алысуды үйренуге деген зор ықыласы болуы қажет. Мұндай ықылас болу үшін, олар Ехобаны жақсы көруі, оның рухын сұрауы және некелерін қасиетті одақ деп қарастыруы керек. Некеде 26 жыл болған әйел бауырлас: “Ехобаның некеге қалай қарайтыны күйеуім үшін де, мен үшін де маңызды болғандықтан, ажырасу біздің ойымызға да кіріп-шықпайды. Сондықтан біз қиындықтарды бірге талқылап, оларды шешу үшін бар күшімізді саламыз”. Жұбайлардың осылайша адалдық пен шын берілгендік танытқандары Құдайға ұнайды әрі оның зор батасына кенелтеді (Заб. 126:1).

СҮЙІСПЕНШІЛІКТЕРІҢ НЫҒАЯ БЕРСІН

9, 10. Жұбайлар сүйіспеншіліктерін қалай нығайта алады?

9 “Адамдарды толықтай біріктіретін” сүйіспеншілік некеде ең маңызды қасиет болып табылады (Қол. 3:14). Ерлі-зайыптының бір-біріне деген шынайы сүйіспеншілігі өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көргенде күшейе береді. Нәтижесінде олардың достықтары нығаяды әрі бірге болудан қуаныш табады. Олардың некелері теледидарда не фильмдерде көрсететіндей, тек бір-екі үлкен істің емес, көптеген майда-шүйде істің арқасында нығая түседі. Мысалы, бұған құшақтау, жылы сөз айту, қамын ойлайтыныңды көрсететін әрекет жасау, күлімдеп қарау не жай ғана “күнің қалай өтті?” деп шын жүректен сұрау жатады. Осындай кішкентай нәрселер некенің нығаюына үлкен үлес қоса алады. Неке құрғандарына 19 жыл болған бір бақытты ерлі-зайыпты күннің барысында “жай ғана хал-жағдайын білу үшін” бір-біріне телефон шалып не СМС жазып тұрады.

10 Сондай-ақ сүйіспеншілік күйеу мен әйелді бір-бірін тани беруге талпындырады (Філіп. 2:4). Кемшіліктері болса да, бір-бірі туралы көбірек білген сайын, олардың сүйіспеншіліктері нығая береді. Неке баянды болу үшін, ол уақыт өткен сайын берік бола түсу керек. Сондықтан өзіңнен былай деп сұра: “Мен жарымды қаншалықты жақсы білемін? Белгілі бір мәселелерге қатысты көзқарасын білемін  бе? Мен жұбайымды о баста қандай қасиеттері үшін ұнатқаным жайлы жиі ойлаймын ба?”

БІР-БІРІҢДІ ҚҰРМЕТТЕҢДЕР

11. Неке бақытты болу үшін құрмет таныту неліктен маңызды? Түсіндір.

11 Ең бақытты деген некенің өзін кемелді одақ деп айта алмайсың. Тіпті бір-бірін сүйетін ерлі-зайыптылардың ойлары әрдайым бір жерден шықпауы мүмкін. Ыбырайым мен Сараның да келіспей қалған кездері болған (Жар. 21:9—11). Дегенмен мұндай жағдайлар араларына сызат түсіре алмады. Не себепті? Олар бір-біріне сый-құрмет танытқан. Мәселен, бірде Ыбырайым Сарадан “сөзіме құлақ түрші” деп өтінген (Жар. 12:11, 13 ЖД). Сара болса күйеуіне мойынсұнған және оны “қожайыным” деп санаған (Жар. 18:12). Жұбайлар өзара құрмет танытпайтын болса, бұл олардың сөйлеу мәнерінен және даусынан айқын көрініп тұрады (Нақ. с. 12:18). Егер өзара сыйластық болмаса, некенің ойран болу қаупі бар (Жақып 3:7—10, 17, 18 оқы).

12. Неліктен жас жұбайлар бір-біріне құрметпен сөйлеу үшін ерекше күш салу керек?

12 Жас жұбайларға бір-біріне мейірімділікпен және құрметпен сөйлеу үшін әсіресе көп күш салу керек. Осылайша олар еркін әрі ашық пікір алысуға жағдай жасайды. Бір күйеу былай деп есіне алды: “Некедегі алғашқы жылдар қуанышқа толы болғанмен, көңіліңді қалдыратын кездер де болуы мүмкін. Бір-біріңнің сезімдеріңе, әдеттеріңе және қажеттіліктеріңе бейімделемін деп шаршап кетулерің мүмкін. Алайда ойланып әрекет еткендерің, әзілдей білгендерің, кішіпейілділік пен шыдамдылық сияқты адамды байсалды ететін қасиеттерді танытқандарың және Ехобаға арқа сүйегендерің жақсы көмек бола алады”. Осы кеңестер бәріміз үшін тиімді екені сөзсіз!

ШЫНАЙЫ КІШІПЕЙІЛДІЛІК ТАНЫТЫҢДАР

13. Неліктен некенің бақытты да баянды болуы үшін кішіпейілділіктің маңызы зор?

13 Некеде жақсы пікір алысу бақтың ішімен сылдырап ағып жатқан суға ұқсайды. Осы су тоқтамай аға беруі үшін ерлі-зайыптының “кішіпейіл болуы” маңызды (Пет. 1-х. 3:8). “Кішіпейілділік келіспеушілікті жылдам шешуге көмектеседі. Себебі бұл қасиет кешірім сұрауға талпындырады”,— дейді үйленгеніне  11 жыл болған ер бауырлас. Некеде 20 жыл бойы бақытты өмір кешіп келген ақсақал бауырлас былай дейді: “Кейде “кешірші” деген сөз “мен сені жақсы көремін” деген сөздерден анағұрлым маңызды. Кішіпейілділікке апаратын төте жол — дұға ету. Әйелім екеуміз Ехобаға бірге дұға еткенде кемелсіз екенімізді және Ехобаның рақымдылығын еске түсіреміз”. Бұл оларға өздеріне және қиындыққа дұрыс көзқарас танытуға көмектеседі.

Бір-біріңмен жақсы пікір алыса біліңдер

14. Менмендік некеге қалай кесірін тигізуі мүмкін?

14 Менмендік болса жұбайлардың жақсы пікір алысуына тосқауыл қояды. Менмен адамның кешірім сұрауға батылдығы да, ықыласы да болмайды. Ондай адам “мен қателестім, кешірші” деудің орнына, ақталып шыға келеді. Өзінің қателігін мойындамайды, қайта, басқаны кінәлай бастайды. Ал біреу ренжітсе, ол татуласуға тырысудың орнына, өкпелеп, ауыр сөздер айтады не мүлдем сөйлеспей қояды (Уағ. 7:9). Иә, менмендік шаңырақты шайқалтуы мүмкін. Мынаны ұмытпағанымыз жөн: “Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады, ал кішіпейілдерге рақымын төгеді” (Жақ. 4:6).

15. Ефестіктерге 4:26, 27-дегі принципті қолданғандары ерлі-зайыптыға келіспеушіліктерді шешуге қалай көмектесетінін түсіндір.

15 Әрине, бізде ешқашан менмендіктен туындайтын қиындықтар болмайды деп ойлау ақымақтық болар еді. Мұндай қиындықтар туғанда, оларды тез арада шешу қажет. Пауыл бауырластарға былай деп жазған: “Күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар. Ібілістің өздеріңе әсер етуіне жол бермеңдер!” (Ефес. 4:26, 27). Осындайда Құдай Сөзіне жүгінбеу қажетсіз қиындықтарға апаруы мүмкін. Бір әйел бауырлас былай деді: “Бір жолы күйеуім екеуміз Ефестіктерге 4:26, 27-дегі принципке сай әрекет етпедік. Сол күні мен түні бойы көз ілмей шықтым!” Татуласуды мақсат ете отырып, туындаған қиындықтарды тез арада талқылау қаншалықты пайдалы десеңдерші! Әрине, күйеуі мен әйеліне ашуларын басу үшін кішкене уақыт қажет болуы мүмкін. Бұған қоса, кішіпейіл болуға көмектесуін сұрап, Ехобаға дұға еткен жөн. Сонда өзімізге емес, проблеманы шешуге баса назар аударамыз (Қолостықтарға 3:12, 13 оқы).

16. Кішіпейілділік күйеу мен әйелге бір-бірінің жақсы қасиеттерін бағалай білуге қалай көмектеседі?

16 Кішіпейілділік ерлі-зайыптыларға бір-бірінің жақсы жақтарына баса назар аударуға көмектеседі. Мысалы, әйелдің отбасының игілігіне жаратып жүрген ерекше қабілеті бар шығар. Егер күйеуі кішіпейіл болса, ол әйелін өзінің бақталасы деп санамайды, қайта, бұл қабілетін таныта беруге талпындырады. Осылайша ол әйелін жақсы көретінін және қадірлейтінін көрсетеді (Нақ. с. 31:10, 28; Ефес. 5:28, 29). Ал кішіпейіл әйел болса, өзін күйеуінен жоғары санамайды және оны кемсітпейді. Қанша дегенмен, екеуі “біртұтас” қой, сондықтан біреуіне ауыр тиетін нәрсе екіншісіне де ауыр тиеді (Мат. 19:4, 5).

17. Отбасы бақытты болуы үшін және Ехобаға мадақ әкелуі үшін не істеу керек?

17 Сендер некелеріңнің Ыбырайым мен Сараның және Ысқақ пен Рабиғаның некелеріндей бақытты да берекелі болғанын және Ехобаға мадақ әкелгенін қалайтындарың шүбәсіз. Олай болса, некеге деген көзқарастарың Құдайдікіндей болсын. Оның Сөзінен даналық пен түсінік іздеңдер. Бір-біріңнің қасиеттерің туралы ойланып, сүйіспеншіліктеріңді арттырыңдар (Таң. ә. 8:6). Кішіпейілділік танытуға барынша тырысыңдар. Некелік серіктеріңе құрмет танытыңдар. Сонда некелерің өздеріңе де, көктегі Әкелеріңе де қуаныш әкеледі (Нақ. с. 27:11). Шаңырақ көтергеніне 27 жыл болған бір ер бауырлас былай деген: “Мен өмірімді жан жарымсыз елестете алмаймын. Отбасымыз ұйыған айрандай болып отыр, өйткені біз Ехобаны жақсы көреміз әрі бір-бірімізбен үнемі пікірлесіп отырамыз”.