Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ата-аналар мен балалар, сүйіспеншілікпен пікір алысыңдар

Ата-аналар мен балалар, сүйіспеншілікпен пікір алысыңдар

“Әркім тыңдауға жүйрік, сөйлеуге және ашулануға баяу болсын” (ЖАҚ. 1:19).

1, 2. Жалпы алғанда, ата-аналар мен балалар бір-біріне қалай қарайды, бірақ олар кейде қандай қиындыққа кезігеді?

“ЕГЕР ата-анаңның ертең қайтыс болатынын білсең, сен оларға бәрінен бұрын не айтар едің?” Осы сұрақ Құрама Штаттардағы жүздеген балаға қойылған болатын. Сонда балалардың 95 пайызы ата-аналарына наразылығы не келіспеушілігі туралы емес, қайта, олардан кешірім сұрап, оларды қатты жақсы көретіндерін айтқысы келетіндерін білдірді (Шонти Фельдан мен Лиза Райстың “Тек ата-аналарға арналған” кітабы).

2 Жалпы алғанда, ата-аналар мен балалар бір-бірлерін жақсы көреді. Әсіресе шынайы мәсіхшілердің отбасылары туралы осылай деуге болады. Әке-шешелер мен балалар бір-бірлеріне етене жақын болғылары келгенімен, отбасында жақсы пікір алысу кейде қиынға соғуы мүмкін. Бұның себебі неде? Оларға кейбір тақырыптар жайында әңгімелесуге не кедергі жасайды? Ата-аналар мен балалар өзара пікір алысуын жақсарту үшін не істей алады?

Бір нәрсеге алаңдап не оқшауланып өзара пікірлесуден қалмаңдар

“УАҚЫТТАРЫҢДЫ БАРЫНША ТИІМДІ ПАЙДАЛАНЫҢДАР”

3. а) Неге көп отбасына жақсы пікір алысу қиынға соғады? ә) Неліктен ежелгі исраилдік отбасыларына бірге уақыт өткізу қиындық тудырмаған?

3 Көптеген отбасына жақсы пікір алысуға жеткілікті уақыт табу қиын. Алайда бұрын олай болмаған. Мұса исраилдік әкелерге былай деп нұсқау берген: “Балаларыңа да [Құдай сөздерін] мұқият үйретіңдер: үйде отырған не жол жүрген, төсекте жатқан не тұрып жатқан кездеріңде де солар туралы айтатын болыңдар!” (Заң. қ. 6:6, 7). Ол кезде балалар күндерін анасымен үйде не әкесімен танапта, жайлауда не шеберханада өткізетін. Ата-аналардың балаларымен бірге болып, әңгімелесуге уақыттары жетіп-артылатын. Осының  арқасында ата-аналар балаларының қажеттіліктерін, қалауларын және болмысын танып-біле алған. Ал балалардың әке-шешесін жақыннан тануға мүмкіндіктері болған.

4. Неліктен көп отбасы үшін пікір алысу қиын?

4 Қазіргі заман қалай өзгеріп кетті десеңдерші! Кей елдерде балалар бүлдіршін кездерінен, тіпті кейде небәрі екі жасынан бастап мектепке дайындайтын оқу орындарына барады. Әкелер мен аналардың көбісі ертеден қара кешке дейін жұмыста болады. Ал отбасының төрт көзі түгел болғанның өзінде олар уақыттарын әңгімелесуге емес, компьютерге, теледидарға не телефонға кетіреді. Көп жағдайда ата-аналар мен балалар екі бөлек өмір сүріп, бір-біріне бөтен адамдар сияқты болып кетеді. Мұндай отбасыларында ашық пікір алысу деген жоқтың қасы.

5, 6. Кейбір ата-аналар балаларымен көбірек уақыт өткізу үшін не істеген?

5 Отбасыларыңмен бірге көбірек уақыт өткізу үшін “уақыттарыңды барынша тиімді пайдалана” аласыңдар ма? (Ефестіктерге 5:15, 16 оқы). Кей отбасылар теледидар көруге не компьютерді пайдалануға азырақ уақыт жұмсауды шешкен. Ал тағы басқалары күніне кем дегенде бір рет бірге тамақтануға тырысады. Отбасылық ғибадат ата-ана мен балаларға рухани нәрселерді бірге ауызбіршілікпен талқылауға және бір-бірін жақынырақ тануға керемет мүмкіндік береді. Бұл шараға аптасына бір сағаттай уақыт бөлгеніміз өте жақсы, алайда бұл жеткіліксіз. Отбасы болып араласуға күн сайын уақыт бөлу керек. Балаңды мектепке шығарып салмас бұрын, оған жігер беретін сөздер айт, күнделікті тармақты талқыла не бірге дұға ет. Осылай істегенің оған күні бойы зор көмек болады.

6 Ата-аналардың кейбірі балаларымен көбірек уақыт өткізу үшін өмірлерінде өзгерістер жасаған. Мысалы, екі кішкентай баласы бар Лаура * толық уақытты жұмысынан шыққан. Ол былай дейді: “Бұрын таң атысымен бәріміз  жұмысқа не мектепке бару үшін үйден асығыс-үсігіс шығып кететінбіз. Мен үйге кешке, күтуші әйел балаларымды ұйықтатып қойған кезде бір-ақ келетінмін. Жұмыстан шыққалы бері бізге азырақ ақшаға күн көруге тура келеді, бірақ мен балаларымның қиындықтарын және уайымдарын білетін болдым. Мен олардың дұғада не айтатындарын тыңдаймын әрі оларды тәрбиелеуге, жігерлендіруге және тәлім беруге мүмкіндігім бар”.

“ТЫҢДАУҒА ЖҮЙРІК” БОЛЫҢДАР

7. Ата-аналар да, балалар да не нәрсеге шағымданады?

7 Жоғарыда аталып кеткен кітаптың жазушылары көптеген жастармен сұхбаттасқан соң, пікір алысуды қиындататын тағы бір жайтты анықтады. Олар былай дейді: “Балалар ата-аналарына қатысты көбінесе “Олар мені ешқашан тыңдамайды” деп шағымданады”. Бірақ бұл проблема біржақты болмаса керек. Ата-аналар да жиі балаларына қатысты тура осындай наразылық білдіреді. Пікір алысуға әрдайым жол ашық болу үшін отбасы мүшелері бір-бірін тыңдауы, мұқият тыңдауы керек (Жақып 1:19 оқы).

8. Ата-аналар балаларын қалай мұқият тыңдай алады?

8 Ата-аналар, сендер балаларыңды мұқият тыңдайсыңдар ма? Шаршап тұрғанда не балаларыңның әңгімесі болмашы болып көрінгенде бұлай ету қиын шығар. Бірақ сендер үшін болмашы болып көрінген нәрсе, олар үшін өте маңызды болуы мүмкін. “Тыңдауға жүйрік” болу деген тек балаңның не айтып жатқанын ғана емес, қалай айтып жатқанына назар аударуды да білдіреді. Балаңның даусынан, ым-ишаратынан, бет-әлпетінен оның не сезініп тұрғанын білуге болады. Сұрақтар қою да өте маңызды. “Адамның ой-ниеті тұңғиық судай болар, Ақылды адам олардан сарқып алар”,— дейді Киелі кітап (Нақ. с. 20:5). Түсінікпен қарау және қырағы болу балаларыңмен ыңғайсыз тақырыптарды талқылауға келгенде әсіресе маңызды.

9. Неліктен балалар әке-шешесін тыңдау керек?

9 Балалар, сендер ата-ананың айтқанын тыңдайсыңдар ма? Киелі кітапта былай делінген: “Балам, әкеңнің тәрбиесін тыңда, Шешең берген тәлімнен де бас тартпа!” (Нақ. с. 1:8). Естеріңде болсын, ата-аналарың сендерді жақсы көреді және сендерге ең жақсыны тілейді. Сондықтан оларды тыңдап, мойынсұнғандарың даналыққа жатады (Ефес. 6:1). Ата-анаңмен жақсы пікір алыса білсең әрі олар сені жақсы көретінін ұмытпасаң, мойынсұну әлдеқайда жеңіл болады. Сол себепті ата-анаңа өз ойыңды ашық білдіруге тырыс, сонда олар саған түсінікпен қарайтын болады. Әрине, сенің де оларды түсінуге тырысқаның жөн.

10. Киелі кітаптағы Рохабоғамның мысалынан қандай сабақ аламыз?

10 Өзіңнің құрбы-құрдастарыңның ақылын тыңдауға келгенде абай бол. Олардың кеңесі құлағыңа жаққанымен, саған пайдасын әкелуі екіталай. Одан тіпті зардап шегуің мүмкін. Ересек адамдарға қарағанда жастардың ақыл-парасаты мен тәжірибесі аз. Олардың көбісі кейбір әрекеттерінің салдары қандай болуы мүмкін екенін ойламайды. Сүлеймен патшаның ұлы Рохабоғам есіңде шығар. Исраилдің патша тағына отырғанда, ол үлкендердің ақылына құлақ асудың орнына, өзімен бірге өскен құрдастарының айтқанын тыңдап, ақымақтық жасады. Нәтижесінде халқының басым көпшілігі одан теріс айналды (Пат. 3-ж. 12:1—17). Рохабоғам сияқты болма, қайта, ата-анаңмен әрдайым ашық пікір алысып отыр. Өз ойыңмен бөліс. Олардың ақыл-кеңесіне құлақ асып, даналықтарынан үйрене біл (Нақ. с. 13:20).

11. Ата-анасы мұқият тыңдамайтын болса, бала не істеуі мүмкін?

 11 Ата-аналар, балаларың кеңесті құрдастарынан іздегенін қаламасаңдар, оларға сендермен сөйлесу оңай болуына қам жасаңдар. Бір жасөспірім қыз бауырлас: “Бір жігіттің атын атап қалғаным сол-ақ екен, ата-анам күйіп-пісе бастайды. Сонда мен де ыңғайсызданып қаламын да, әңгімені жалғастырғым келмей кетеді”,— деді. Басқа бір қыз бауырлас былай деді: “Жасөспірімдердің көбісі әке-шешесінен ақыл-кеңес сұрағысы-ақ келеді, бірақ ата-анасы оларға аса мән бермейтін болса, балалары өздерін тыңдайтын басқа біреуден ақыл сұрайтын болады, тіпті оның тәжірибесі аз болса да”. Егер балаларыңның кез келген тақырыптағы әңгімесін мұқият тыңдайтын болсаңдар, олар сендерге ашыла түсіп, кеңестеріңе қуана құлақ асатын болады.

“СӨЙЛЕУГЕ БАЯУ” БОЛЫҢДАР

12. Ата-ана баланың сөздерін қалай қабылдайтыны пікір алысуға қалайша кедергі жасауы мүмкін?

12 Ата-ана баланың сөздерін қалай қабылдайтыны да кейде пікір алысуға кедергі жасайды. Мысалы, ата-ана баласының сөздеріне бірден ашулануы мүмкін. Әрине, олар балаларын жамандықтан қорғағысы келеді. Өйткені қазіргі “соңғы күндер” қауіп-қатерге толы (Тім. 2-х. 3:1—5). Бірақ баланың өмірге деген көзқарасы әрдайым ата-анасынікіндей бола бермейтіндіктен, оған әке-шешесі еркіндігін тым шектеп жатқандай көрінуі мүмкін.

13. Неліктен ата-анаға өз ойын бірден айта салудан аулақ болу керек?

13 Ата-ананың өз ойын бірден айтпағандары даналық болар еді. Балаларың көңіл қалдыратын нәрсе айтқанда, үнсіз отыру оңай емес екені рас. Алайда жауап бермес бұрын жақсылап тыңдап алған маңызды. Дана патша Сүлеймен былай деп жазып кеткен: “Тыңдамай жатып жауап қайтарған — ақылсыз, масқара болатын жан” (Нақ. с. 18:13). Егер ұстамдылық танытып, мұқият тыңдасаңдар, балаларың сендерге көп нәрсені айтып береді. Бәлкім, балаларың “ағат сөздерді” басына бір қиындық түскендіктен айтқан шығар (Әйүп 6:1—3). Ендеше, сүюші ата-ана ретінде, балаларыңды мұқият тыңдаңдар. Жағдайды толық түсініп алған соң айтқан сөздерің оларға нағыз көмек бола алады.

14. Неге балалар сөйлеуге баяу болу керек?

14 Балалар, сендердің де сөйлеуге баяу болғандарың дұрыс. Ата-ананың айтқандарынан бірден бас тартпа, себебі Құдай оларға сені тәрбиелеу жауапкершілігін жүктеген (Нақ. с. 22:6). Сен қазір кезігіп жатқан жағдайларды олар да кезінде бастан кешірген болуы мүмкін. Бұған қоса, олар жас кезінде жасаған қателіктері үшін өкінеді әрі сені оларды қайталамасын дейді. Сол себепті ата-анаңды жауың емес, жақтасың, қарсыласың емес, кеңесшің деп қарастыр (Нақыл сөздер 1:5 оқы). “Әке-шешеңді құрметте” және сен де оларды жақсы көретініңді көрсет. Сонда оларға сені “Ехоба айтқандай тәрбиелеп, оның ақыл-кеңесін беріп өсіру” оңай болады (Ефес. 6:2, 4).

“АШУЛАНУҒА БАЯУ” БОЛЫҢДАР

15. Жақын адамдарымызға ашуланбай, сабыр сақтауға не көмектеседі?

15 Біз жақсы көретін адамдарымызға кейде ашуланып кетеміз. “Мәсіх Исамен байланыста жүрген Қолостағы қасиетті де адал бауырластарға” елші Пауыл былай деген: “Күйеулер, әрдайым әйелдеріңді сүйіңдер, оларға дөрекілік көрсетпеңдер. Әкелер, балаларыңның көңілі түспеуі үшін, оларды ызаландырмаңдар” (Қол. 1:1, 2; 3:19, 21). Ал ефестіктерге Пауыл былай деген: “Әрқилы өшпенділік, ашу,  ыза, айқайласу, қорлық сөздер және бүкіл жамандық атаулыдан арылыңдар!” (Ефес. 4:31). Киелі рухтың жемісіне жататын асқан шыдамдылық, жұмсақтық және ұстамдылық сияқты қасиеттерді танытқанымыз бізге тіпті мазамыз кеткен кезде ашуымызды тізгіндеуге көмектеседі (Ғал. 5:22, 23).

16. Иса шәкірттерін қалай түзетті және бұл көңіл қоюға тұрарлық жайт?

16 Ата-аналар, Исаның үлгісінен не нәрсеге үйрене аласыңдар? Елшілерімен бірге соңғы кешкі асқа жиналғанда, ол қандай күй кешкенін елестетіңдерші. Бірер сағаттан соң ол азапталып өлтірілетінін білді. Әкесінің есімі киелі тұтылу үшін және адамзат құтқарылу үшін, оған адалдығын сақтап қалу керек болды. Дәл осы кезде шәкірттерінің араларында ең ұлысы кім екеніне қатысты қызу дау туды. Бірақ Иса оларға ашуланып, ұрысқан жоқ. Қайта, ол елшілерін шыдамдылықпен түзетті. Қиындықтарда онымен бірге болғандарын естеріне салды. Сондай-ақ Шайтан елшілерді бидай іспетті електен өткізуді талап еткенімен, Иса олардың адал болып қалатынына сенімді екенін айтты. Ол тіпті олардың өзімен бірге көкте патшалар болатынын уәде етті (Лұқа 22:24—32).

Балаларыңды мұқият тыңдайсыңдар ма?

17. Балаларға сабыр сақтауға не көмектеседі?

17 Балалар да сабыр сақтауға тиіс. Әсіресе жасөспірім болсаң, ата-анаңның нұсқау бергені саған сенім артпайтынының белгісі деп қабылдайтын шығарсың. Алайда олар мұны сені жақсы көргендіктен істейтінін ұмытпа. Сабырмен тыңдап, тілін алсаң, ата-анаң ойыңды ескеретін және саған сенім артатын болады. Осының арқасында өмірдің кейбір саласында көбірек еркіндікке ие боласың. Ұстамдылық танытатын адамды дана деуге болады. Нақыл сөздерде айтылғандай, “Аңғал бар ашуын төгер, Дана өзін-өзі билер” (Нақ. с. 29:11).

18. Сүйіспеншілік танытқанымыз жақсы пікірлесуімізге қалай септігін тигізеді?

18 Қымбатты ата-аналар мен балалар, егер отбасыларыңдағы пікір алысу сендер ойлағандай болмаса, еңселеріңді түсірмеңдер. Осы жағынан күш сала беріңдер және шындыққа сай өмір сүруді доғармаңдар (Жох. 3-х. 4). Жаңа дүниеде адамдар кемелді болып, бір-бірімен араласқанда, келіспеушіліктер туындамайтын болады. Ал әзірше бәріміз де кейін өкінетін әрекеттер жасап жатамыз. Сондықтан бір-біріңнен кешірім сұрай біліңдер және шын жүректен кешіріңдер. “Сүйіспеншілікпен бірлікте болыңдар” (Қол. 2:2). Өйткені сүйіспеншіліктің күші зор. “Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді... ашушаң да емес, кек те сақтамайды... ол бәріне төзеді, бәріне сенеді, еш үмітін үзбейді және бәріне төтеп береді” (Қор. 1-х. 13:4—7). Бір-біріңе сүйіспеншілік таныта беріңдер, сонда барған сайын жақсы пікірлесе алатын боласыңдар. Бұл сендерге бақыт, ал Ехобаға мадақ әкеледі.

^ абзац 6 Есімі өзгертілген.