Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның жомарттығы мен иліккіштігін бағала

Ехобаның жомарттығы мен иліккіштігін бағала

“Жаратқан Ие барлығына ізгілікті, Бүкіл жаратылысына кең пейілді” (ЗАБ. 144:9).

1, 2. Ехобаның достарының қандай мүмкіндігі бар?

“ОТАУ тіккенімізге 35 жылдай болып қалды,— дейді Моника есімді бауырлас.— Күйеуім екеуміз бір-бірімізді өте жақсы білеміз. Дегенмен, сонша жыл өтсе де, біз әлі де бір-біріміз туралы жаңа нәрселер білудеміз!” Иә, көбіміз жарымыз не досымыз жайлы осылай дей аламыз.

2 Жақсы көретін адамдарымызбен жақынырақ танысу бізге ұнайды. Алайда ең жақын досымыз Ехобаны тани беру бізге одан да зор қуаныш әкеледі. Біз ешқашан оны аяғына дейін танып біле алмаймыз (Рим. 11:33). Алда бізде Ехобаның қасиеттерін мәңгілік бойы танып біліп, бағалай түсуге мүмкіндік болады (Уағ. 3:11).

3. Осы мақалада не қарастырамыз?

3 Алдыңғы мақала бізге Ехобаның екі қасиетін бағалай түсуге көмектесті. Біз оған жақындау оңай екенін және оның ешкімді алаламайтынын білдік. Ал осы мақалада біз Ехобаның жомарт әрі иліккіш екенін қарастырамыз. Осылайша біз “Жаратқан Ие барлығына ізгілікті, Бүкіл жаратылысына кең пейілді” екенін жете түсінеміз (Заб. 144:9).

ЕХОБА — ЖОМАРТ ҚҰДАЙ

4. Шынайы жомарттықтың мәні неде?

4 Жомарт болу нені білдіреді? Мұның жауабын Исаның Елшілердің істері 20:35-тегі “алғаннан гөрі берген бақытты” деген сөздерінен білеміз. Осы қарапайым сөздермен Иса шынайы жомарттықтың мәнін ашты. Жомарт адам басқалардың пайдасы үшін өз уақытын, күшін және қолда барын аямайды және ол мұны қуана-қуана істейді. Адамның жомарт екені оның қанша беретінінен емес, қандай ниетпен беретінінен көрінеді (Қорынттықтарға  2-хат 9:7 оқы). Біздің “бақытты Құдайымыз” Ехоба — әлемдегі ең жомарт тұлға (Тім. 1-х. 1:11).

5. Ехоба қалай жомарттық танытады?

5 Ехоба қалай жомарттық танытады? Ол бүкіл адамзатқа, тіпті оған ғибадат етпейтіндерге де қамқорлық көрсетеді. Расында да, Ехоба “барлығына ізгілікті”. “Ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін төккізіп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбыр жаудырады” (Мат. 5:45). Сол себептен де елші Пауыл Ехобаға сенбейтін адамдарға ол туралы: “Аспаннан жауын жаудырып, мезгілімен мол өнім берді және көл-көсір ас-су сыйлап, жүректеріңді қуанышқа толтырып келді”,— дей алған (Ел. іс. 14:17). Иә, Ехобаның күллі адамзатқа жомарттық танытатыны шүбәсіз (Лұқа 6:35).

6, 7. а) Ехобаға әсіресе кімдерге қамқорлық ету ұнайды? ә) Ехоба өзінің адал қызметшілерін қамтамасыз ететінін көрсететін мысал келтір.

6 Ехобаға әсіресе өзінің адал қызметшілеріне қамқорлық ету ұнайды. Дәуіт патша былай деген: “Жас та болдым, енді міне, қартайдым, Көрмедім әділ жанның бейшара болғанын, Ұрпағының қайыршы боп нан сұрағанын” (Заб. 36:25). Көптеген адал бауырластарымыз өз өмірлерінде Ехобаның қамқорлығын сезінген. Бір мысалды қарастырайық.

7 Бірнеше жыл бұрын Нэнси деген ізашар бауырласымыз бір қиын жағдайға тап болды. Ол былай деп есіне алады: “Маған жалдап тұрып жатқан үйіме төлеу үшін ертесіне 66 доллар керек болды. Бірақ мен бұл ақшаны қайдан табарымды білмедім. Осы жайында дұға етіп, даяшы болып істейтін жұмысыма кеттім. Сол күні мен көп шайпұл аламын деп ойламадым, өйткені аптаның сол күнінде әдетте көп адам келмейтін. Алайда сол кеште мейрамханамызға біраз адам келді. Жұмысым аяқталып, барлық шайпұлды қосқанымда, тура 66 доллар шықты”. Нэнси Ехобаның тура қажетті нәрсесін жомарттықпен бергеніне сенімді (Мат. 6:33).

8. Ехобаның асқан жомарттықпен берген сыйы қандай?

8 Ехоба күллі адамзатқа асқан жомарттықпен бір сый берген. Бұл қандай сый? Бұл — өз Ұлының төлем құрбандығы. Иса былай деген: “Құдай дүниені сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын берді. Ол мұны Ұлына сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие болсын деп істеді” (Жох. 3:16). Осы жердегі “дүние” деген сөз бүкіл адамзатқа нұсқайды. Демек, Ехобаның асқан жомарттықпен берген сыйын қабыл алатын кез келген адам оның игілігін көре алады. Исаға сенім танытқандар мәңгілік өмірдің рақатын мол көреді! (Жох. 10:10). Шынында да, Ехобаның жомарт екенінің бұдан асқан қандай дәлелі болуы мүмкін?!

 ЕХОБАНЫҢ ЖОМАРТТЫҒЫНА ЕЛІКТЕ

Исраилдіктер Ехобаның жомарттығына еліктеуге шақырылған (9-абзацты қара)

9. Ехобаның жомарттығына қалай еліктей аламыз?

 9 Біз Ехобаның жомарттығына қалай еліктей аламыз? Ехоба “біз рақатын көру үшін бәрін молынан қамтамасыз етеді”, сондықтан біз де өзгелерге қуаныш сыйлау үшін “барымызбен бөлісуге даяр болуымыз” керек (Тім. 1-х. 6:17—19). Иә, біз жақындарымызға және көмекке мұқтаж адамдарға қуана сыйлық жасаймыз (Заңды қайталау 15:7 оқы). Жомарттық танытуды ұмытпау үшін не істеуге болады? Кейбір бауырластар былай етеді: біреу оларға сыйлық берсе, өздері де басқа біреуге сыйлық беруге мүмкіндік іздейді. Жомарттық танытып жүрген көптеген бауырластарымыз қауым үшін нағыз бата!

10. Жомарттық танытудың керемет жолдарының бірі қандай?

10 Жомарттық танытудың ең тиімді жолдардың бірі — уақытымыз бен күшімізді өзгелерге көмектесу мен жігерлендіру үшін жұмсау (Ғал. 6:10). Осы жағынан жомарттық танытып жүрген-жүрмегенімізді тексеру үшін, келесідей сұрақтарға жауап беріп көрейік: Басқалар уақытымды бөліп, оларды тыңдауға дайын екенімді байқай ма? Егер әлдекім менен қандай да бір жұмысты не тапсырманы орындауға көмек сұраса, мүмкіндігім бар кездің бәрінде “иә” деймін бе? Қашан соңғы рет отбасымдағыларды не бауырластарымды шын жүректен мақтадым? Егер біз “беріңдер” деген кеңеске сай әрекет етсек, Ехоба мен достарымызға жақындай түсетініміз айдан анық (Лұқа 6:38; Нақ. с. 19:17).

11. Біз Ехобаға қалай жомарттық таныта аламыз?

 11 Біз Ехобаға да жомарттық таныта аламыз. “Ехобаны құрметте құнды нәрселеріңмен”,— деп шақырады Киелі кітап (Нақ. с. 3:9 ЖД).  Мұндағы “құнды нәрселерге” Ехобаға деген қызметімізге жұмсайтын уақытымыз, күш-қуатымыз және қаражатымыз жатады. Тіпті кішкентай балалар да Ехобаға жомарттық таныта алады. Джейсон есімді бір әке былай дейді: “Отбасымыз Патшалық сарайында ерікті садақа салатын кезде, біз оны балаларымызға салғызамыз. Оларға бұл қатты ұнайды, өйткені осылай олар Ехобаға бір нәрсе беріп жатқанын біледі”. Ехобаға қуанышпен беруді бала кезінен үйренгендер өскенде де жомарттықпен беруді жалғастыруы әбден мүмкін (Нақ. с. 22:6).

ЕХОБА — ИЛІККІШ ҚҰДАЙ

12. Иліккіш болу деген нені білдіреді?

12 Ехобаның асыл қасиеттерінің тағы бірі — оның иліккіш екендігі. Бұл қасиет нені білдіреді? (Тит. 3:1, 2 сілт.). Иліккіш адам үнемі заңның әрбір әрпін ұстану керек деп тұрып алмайды. Ол қырсық, қатал не дөрекі емес. Қайта, ол өзгелермен қарым-қатынасында жұмсақ болады әрі адамдардың жағдайларын ескереді. Сондай-ақ иліккіш адам тыңдауға асық болады және, орынды болса, талаптарын өзгертіп, өзгенің қалауларына икемделе біледі.

13, 14. а) Ехоба қалай иліккіштік танытады? ә) Лұттың жағдайында Ехобаның иліккіш болғанынан не нәрсеге үйрене аламыз?

13 Ехоба бұл қасиетін қалай танытады? Ол мейірімділікпен өз қызметшілерінің сезімдерін ескереді және жиі өтініштерін ескеріп, бейімделеді. Мысалы, әділ адам болған Лұттың жағдайында Ехобаның не істегенін қарастырайық. Ехоба Содом мен Ғомораны жоюды шешкенде, Лұтқа тауға қашу керектігін анық айтады. Бірақ Лұт қандай да бір себеппен басқа жаққа қашуға рұқсат сұрап, жалынады. Ойлап көрші, Лұт бұнысымен Ехобадан бұйрығын өзгертуді сұраған! (Жаратылыс 19:17—20 оқы).

14 Әлдекім Лұттың сенімі аз не ол тілазар болған деп ойлап қалуы мүмкін. Ехобаның оны кез келген жерде аман алып қалуға құдіреті жетер еді ғой, сондықтан оған қорқуға еш негіз болған жоқ. Бірақ Лұт сонда да қорыққандықтан, Ехоба оның сезімдерін ескерді. Сөйтіп, ол Лұтқа жою керек болған қалаға қашуына жол берді (Жаратылыс 19:21, 22 оқы). Иә, Ехоба қатал не талапшыл емес. Ол әрдайым иліккіш.

15, 16. Мұса заңынан Ехобаның иліккіш екені қалай көрінеді? (Мақаланың басындағы суретті қара).

15 Енді Ехобаның иліккіш екені Мұса заңынан қалай көрініс тапқанына назар аударайық. Егер исраилдіктің қозыны не ешкіні құрбандыққа шалуға жағдайы болмаса, ол екі кептер немесе екі жас көгершін алып келе алатын. Ал исраилдіктің тіпті екі көгершін ұсынуға қалтасы көтермесе ше? Онда Ехоба оның кішкене ұн ұсынуына рұқсат берген. Бірақ мына маңызды бір жайт ескерілу керек болатын: ол кез келген ұнды емес, қадірлі қонақтар келгенде қолданылатын “ең таңдаулы ұнды” ұсынуы керек-тін (Жар. 18:6). Неліктен бұл көңіл қоярлық жайт? (Леуіліктер 5:7, 11 оқы).

16 Өзіңді тақыр кедей исраилдік ретінде елестетіп көрші. Сен кішкене ұн алып киелі шатырға жақындап келе жатқаныңда, ауқатты исраилдіктердің құрбандыққа шалуға мал әкеле жатқанын көресің. Сонда, бәлкім, қолыңдағы ұның болмашы құрбандық болып көрініп, өзіңді ыңғайсыз сезінетін шығарсың. Бірақ сол кезде бұл құрбандығың Ехобаның көзінде өте бағалы екені есіңе түсіп кетеді. Неліктен? Өйткені Ехоба ұнның жоғары сапалы болғанын талап етті. Басқа сөзбен айтқанда, Ехоба кедей-кепшік исраилдіктерге: “Мен сенің басқалар сияқты көп құрбандық шала алмайтыныңды білемін, бірақ сен қолыңда бардың ең  жақсысын беріп жатқаныңды мен көріп тұрмын”,— дегендей болған. Шынымен де, Ехоба өз қызметшілерінің мүмкіндіктерін және олардың жағдайларын есепке алып, иліккіш екенін көрсеткен (Заб. 102:14)

17. Ехоба қандай қызметті қабыл алатынына сенімді бола аламыз?

 17 Ехобаның иліккіш екенін және біздің жан-тәнімізбен атқарып жатқан қызметімізді қабыл алатынын білгеніміз жұбаныш береді (Қол. 3:23). Италиядағы Констанс есімді қарт әйел бауырлас былай дейді: “Маған қашан да Жаратушым жайлы өзгелерге айту қатты ұнайтын. Сондықтан мен әлі де уағыздаймын және зерттеу сабақтарын жүргізіп келемін. Денсаулығым нашар болғандықтан, кейде көбірек қызмет ете алмағаныма қынжыламын. Бірақ Ехобаның менің мүмкіндіктерімді білетінін, мені жақсы көретінін және қолымнан келгенді істеп жатқанымды бағалайтынын білемін”.

ЕХОБА СИЯҚТЫ ИЛІККІШ БОЛ

18. Ата-аналар Ехобаға қалай еліктей алады?

18 Қалай біз Ехобаға еліктеп иліккіш бола аламыз? Ехоба Лұттың жағдайында не істегенін есіңе алшы. Ехоба билігі бар болса да, өз сезімдерін білдіріп тұрған Лұтқа мұқият ден қойды. Ол оның өтінішін ескеріп, бейімделді. Ата-аналар, сендер Ехобадан не нәрсеге үйрене аласыңдар? Балаларыңның өтініштеріне ден қойып, орынды болса, олардың қалауларын орындайсыңдар ма? Бұны қалай істеуге болады? “Күзет мұнарасының” 2007 жылдың 1 қыркүйегіндегі санында айтылғандай, кейбір ата-аналар үйде ережелер орнатқанда, балалардың да ойын білсе болады. Мысалы, ата-аналар балалардың үйге қайтатын уақытын белгілейді. Ата-ананың бұған құзыры бар, бірақ олар балаларының да осыған қатысты ойын сұраса болады. Кей жағдайларда, егер Киелі кітаптың принциптері бұзылады деген қауіп болмаса, әке-шешелер белгілеген уақытқа өзгеріс енгізуі мүмкін. Ата-аналар үйде ережелер орнатпас бұрын балаларымен ақылдасып алса, балаларға ережелерді түсіну және ұстану анағұрлым оңай болады.

19. Қалай ақсақалдар Ехоба сияқты иліккіш болуға тырыса алады?

19 Қауым ақсақалдары да бауырластардың мүмкіндіктерін ескеріп, Ехоба сияқты иліккіш болуға тырысады. Есіңде ме, Ехоба тіпті кедей исраилдіктердің қарапайым құрбандықтарын бағалаған. Тура солай, кейбір бауырластарымыз денсаулығы сыр бере бастағандықтан не жасы келгендіктен көп қызмет ете алмайды. Осындай бауырластардың мүмкіндіктері шектеулі болғанына ұнжырғалары түсіп жүрген шығар. Онда ақсақалдар қолдарынан келгенше қызмет етіп жүргендері үшін Ехоба оларды қатты жақсы көретінін айтып, мұндай бауырластарды жігерлендіріп қойса болады (Мар. 12:41—44).

20. Құдайға деген қызметте байсалды болу нені білдіреді?

20 Әрине, біз Ехобаға қызмет етуге келгенде, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргіміз келмейді (Мат. 16:22). Көбірек қызмет етуге мүмкіндігіміз бола тұра, аз қызмет етуге сылтау іздемейміз. Қайта, бәріміз де Патшалық ісін қолдауға “барынша тырысамыз” (Лұқа 13:24). Иә, біз таразы басын тең ұстағымыз келеді. Бір жағынан біз қызметте қолымыздан келгеннің бәрін істейміз, ал бір жағынан Ехоба қолымыздан келмейтінді талап етпейтінін ескереміз. Біз оған жан-тәнімізбен қызмет етсек, ол риза болатыны сөзсіз. Осындай Қожайынға қызмет ету рақат емес пе?! Келесі мақалада біз Ехобаның тағы екі асыл қасиетін қарастырамыз (Заб. 72:28).

“Ехобаны құрметте құнды нәрселеріңмен” (Нақ. с. 3:9 ЖД) (1-абзацты қара)

“Қандай іс болмасын,.. жан-тәндеріңмен істеңдер” (Қол. 3:23) (17-абзацты қара)