Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның сені қалыптастыруына жол бер

Ехобаның сені қалыптастыруына жол бер

“Ақыл-кеңесіңмен мені бастайсың, Ақыры салтанатыңа қабылдайсың” (ЗАБ. 72:24).

1, 2. а) Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болу үшін не істеуіміз керек? ә) Киелі кітаптан Құдай түзеткен адамдардың оқиғаларын қарастырудың бізге қандай пайдасы бар?

“ҚҰДАЙҒА жақын болғаным қандай игі! Паналап Жаратушы Тәңір Ием — Сені, Жариялап тұрмын күллі істеріңді” (Заб. 72:28). Осылайша забур жыршысы өзінің Құдайға деген сенімділігін білдірген. Оны бұлай деуге не талпындырды? Осыдан бұрын ол зұлымдардың өркендеп жатқанын көріп: “Әлде бекерге жүрегімді пәк сақтап, Қолымды күнәдан таза ұстадым ба?!”— деп қатты налыған еді (Заб. 72:2, 3, 13, 21). Алайда “Құдайдың үйіне” кіргені оған көзқарасын өзгертіп, Құдаймен тығыз қарым-қатынасын сақтап қалуға көмектесті (Заб. 72:16—18). Осы жағдайдан Құдайдан қорқатын бұл кісі келесідей маңызды сабақ алды: Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болу үшін, адам Құдай халқынан ажырамауы және оның кеңесін қабыл алып, сәйкесінше әрекет етуі керек (Заб. 72:24).

2 Біз де шынайы да тірі Құдаймен тығыз қарым-қатынаста болғымыз келеді. Бұл мақсатқа жету үшін, ақыл-кеңесі не түзетуі арқылы оның бізді қалыптастыруына жол беруіміз керек. Сонда біз Ехобаға ұнамды боламыз. Бұрында Құдай мейірімділікпен жеке адамдарға да, бүкіл халыққа да түзетуін қабылдауға мүмкіндік беріп отырған. Киелі кітаптағы осындай оқиғалар “бізге тәлім болсын деп” әрі “замандардың соңы келген уақытта өмір сүріп жатқан біздерге ескерту ретінде” жазылып қалдырылған (Рим. 15:4; Қор. 1-х. 10:11). Оларды зерттеу арқылы біз Ехобаның қандай екенін және оның қалыптастыруының игілігін көру үшін не істеуіміз керектігін білеміз.

 ҰЛЫ ҚҰМЫРАШЫ БИЛІГІН ҚАЛАЙ ҚОЛДАНАДЫ?

3. Ишая 64:8 бен Еремия 18:1—6 тармақтарда Ехобаның адамдардың үстінен билік ететіні қалай сипатталған? (Осы беттегі суретті қара).

3 Жеке адамдар да, халықтар да Ехобаның қолында екенін Ишая былай сипаттаған: “О, Жаратқан Ие, Сен рухани Әкемізсің. Сен құмырашыға, біз саз балшыққа ұқсаймыз” (Ишая 64:8). Құмырашы қолындағы балшықтан қандай ыдыс жасаймын десе де өз еркі. Ал балшық бұған еш ықпал ете алмайды. Адамдар мен Құдайдың арақатынасы туралы да осылай деуге болады. Балшық құмырашыға өзінен қандай ыдыс жасау керектігін айта алмайтынындай, біздің де Құдайға өзімізді қалай қалыптастыру керектігін айтуға құқымыз жоқ (Еремия 18:1—6 оқы).

4. Ехоба адамдарды қалыптастырғанда, өзіне бойсұнуға күштей ме? Түсіндір.

4 Ехоба ежелгі исраилдіктерді құмырашы іспетті қалыптастырған. Алайда Ехобаның кәдімгі құмырашыдан айырмашылығы бар. Қандай? Құмырашы саз балшықтан қалаған ыдысын жасай береді. Ал Ехоба болса адамдарды не халықтарды күштеп бірін жақсы, бірін жаман етіп қалыптастырмайды. Ол адамзатқа керемет сый — таңдау еркін берген. Ол билігін қолданып, адамзатқа берген еркіндікті аяқасты етпейді. Адамдар Жаратушылары Ехобаның қалыптастыруына жол бере ме, жоқ па, соны өздері шешулері қажет (Еремия 18:7—10 оқы).

5. Адам өзін қалыптастыруға жол бермесе, Ехоба өз билігін қалай қолданады?

5 Ал егер адам қасарысып, Ұлы Құмырашының өзін қалыптастыруына жол бермесе ше? Онда ол өз билігін қалай қолданады? Саз балшық ойдағыдай ыдысты жасау үшін икемге келмесе, не болатынын ойлап көрші. Құмырашы одан басқа ыдыс жасауы не лақтырып тастауы да мүмкін. Балшықтан жақсы ыдыс шықпаса, бұл әдетте құмырашының оны дұрыс жасамағанынан болады. Ал біздің Ұлы Құмырашымыз Ехоба адамдарды әрдайым дұрыс қалыптастырады (Заң. қ. 32:4). Ол қалыптастырып жатқанда, адам икемге келмесе, бұған сол адамның өзі кінәлі. Ехоба құмырашы ретіндегі билігін адамның бойсұнған-бойсұнбағанына қарай қолданады. Егер адам бойсұнса, Құдай оны өз қызметшісі ретінде жақсы қолдана алады. Мысалы, “қадірмен тұтынуға арналған ыдыстар” етіп қалыптастырылған майланған мәсіхшілер “мейірімділік көрсетілетін ыдыстар” болып табылады. Ал Құдайға қарсыласатындар “жойылуға лайық, қаһарға ұшырайтын ыдыстар” іспетті (Рим. 9:19—23).

6, 7. Ехоба кеңес бергенде, Дәуіт және Саул не істеді?

 6 Ехобаның бізді қалыптастыруының бір жолы — кеңес беру не түзету. Адамдарды қалыптастырғанда, Ехоба өз билігін қалай қолданатынын түсіну үшін, Исраилдің алғашқы патшалары Дәуіт пен Саулдың мысалдарын қарастырайық. Дәуіт Барсабиямен күнә жасағанда, бұдан оның өзі де, басқалар да зардап шекті. Ол кезде Дәуіт патша болса да, Ехоба оны түзетпей қоя салмады. Ол Натан пайғамбарды жіберіп, Дәуітке қатаң сөгіс айтты (Пат. 2-ж. 12:1—12). Бұл Дәуітке қалай әсер етті? Ол қатты күйзеліп, күнәсіна өкінді. Сондықтан Ехоба оған мейірімділік танытты (Патшалықтар 2-жазба 12:13 оқы).

 7 Ал Саул патша болса ақыл-кеңеске құлақ аспады. Ехоба Самуил пайғамбар арқылы оған барлық амалектіктер мен олардың бүкіл малын жоюды нақты бұйырған еді. Алайда Саул бұйрықты орындамай, Агаг патша және малдың қоңдыларын аман қалдырды. Неге? Ол өзіне даңқ іздеген көрінеді (Пат. 1-ж. 15:1—3, 7—9, 12). Самуил кеңес бергенде, Саул жүрегін жұмсартып, Ехобаның өзін қалыптастыруына жол беруі керек-тін. Бірақ ол икемге келуден бас тартты. Саул жануарларды Ехобаға арнап құрбандыққа шалуға әкелгенін айтты және сол себепті жасаған қылығында тұрған ештеңе жоқ деп ойлады. Ол Самуилдің айтқан кеңесіне немқұрайды қарады. Соңында  Ехоба Саулды патша тағынан түсірді. Ол Құдаймен жақсы қарым-қатынасын сол бойы қалпына келтірмеді (Патшалықтар 1-жазба 15:13—15, 20—23 оқы).

Саул кеңеске немқұрайды қарап, оған құлақ аспады. Ол икемге келуден бас тартты! (7-абзацты қара)

Дәуіт істегеніне қатты өкініп, сөгісті қабыл алды. Ол Құдайдың өзін қалыптастыруына жол берді. Ал сен ше? (6-абзацты қара)

ЕХОБА АЛАЛАУШЫЛЫҚ ТАНЫТПАЙДЫ

8. Ехоба исраилдіктерді қалай қалыптастырғанынан өзімізге қандай сабақ аламыз?

8 Ехоба тек жеке адамдарға ғана емес, бүкіл халыққа да өзіне бойсұнуға мүмкіндік береді. Б. з. б. 1513 жылы Исраил халқы Мысыр құлдығынан босаған соң, Құдаймен келісімге тұрды. Сонда исраилдіктер оның таңдаулы халқына айналды әрі Ұлы Құмырашының қыш дөңгелегінде қалыптастырылу мәртебесіне ие болды. Бірақ олар Ехобаның алдында жаман істермен айналысуын қоймады, тіпті көрші халықтардың жалған құдайларына бас ұрып кетті. Оларды теріс жолдарынан қайтару үшін, Ехоба қайта-қайта пайғамбарларын жіберіп отырды, алайда Исраил халқы еш құлақ салмады (Ерм. 35:12—15). Қиқарлық танытқандары үшін, Ехобаның оларды қатаң жазалауына тура келді. Ассириялықтар он рулы солтүстік патшалықтың күл-талқанын шығарды, ал бабылдықтар оңтүстік екі рулы патшалықты басып алды. Иә, олар жойылуға лайық ыдыс іспетті болған. Біз бұдан келесідей өте маңызды сабақ аламыз: жұмсақ балшықтай болсақ қана, Ехоба бізді қалыптастырады.

9, 10. Ниневиліктер Құдайдың ескертуіне қалай қарады?

9 Ехоба Ассирияның астанасы Ниневидің тұрғындарына да ескертуіне құлақ асуға мүмкіндік берген. Ол Жүніске  былай деп бұйырды: “Жолға жиналып, ұлы қала Ниневиге бар да, оны соттамақ екенімді жарияла! Олардың зұлым қылықтары Менің көз алдымда”. Ондағы адамдар әбден бүлінгендіктен, Ехоба олардың көзін құртуға бел буған (Жүніс 1:1, 2; 3:1—4).

10 Алайда Жүніс Құдайдың үкімін жариялағанда, ниневиліктер Құдайдың хабарына сенді. “Олар күнәларына өкініп, ораза жариялап, үлкен-кіші барлық адамдар азалы киім киді”. Ал Ниневидің патшасы “күнәсіна опық жеп, тағынан түсіп, патшалық шапанын шешіп тастады да, азалы киім жамылып, күлге отырды”. Ниневиліктер Ехобаның өздерін қалыптастыруына жол берді де, шын өкінді. Нәтижесінде, Ехоба оларды жоямын деген райынан қайтты (Жүніс 3:5—10).

11. Исраилдіктердің және ниневиліктердің жағдайында Ехобаның қай қасиеті ерекше байқалады?

11 Өзінің таңдаулы халқы болса да, Ехоба исраилдіктерді жазалады. Ал ниневиліктер Құдаймен келісімге тұрған халық емес-тін. Десе де Ехоба оларға үкімі жариялану үшін қам жасады және олар жұмсақ балшық іспетті болғандықтан, мейірімділік танытты. Осы екі мысал Құдайымыз Ехобаның “ешкімнің бет-жүзіне қарамайтынын” айқын көрсетеді емес пе!? (Заң. қ. 10:17).

ЕХОБА ИЛІККІШ ЖӘНЕ БЕЙІМДЕЛГІШ

12, 13. а) Адамдар өздерін қалыптастыруына жол бергенде, Ехоба не істейді? ә) Қалайша Ехоба Саулды тағайындағанынан қайтты және ниневиліктерге қатысты “райынан қайтты”?

12 Ехоба бізді қалыптастырғанда иліккіш және бейімделгіш болады. Бұл Ехобаның белгілі бір жағдайларда әділ нормаларына негіздеп шығарған үкімін адамдардың бойсұнған-бойсұнбағанына байланысты өзгерткенінен көрінеді. Мысалы, Ехоба Исраилдің алғашқы патшасы Саулды “тағайындағанымнан қайтамын” деген (Пат. 1-ж. 15:11). Сондай-ақ Киелі кітапта айтылғандай, ниневиліктер өкініп, теріс жолдарынан қайтқанда, “Құдай олардың істегендерін көріп, зұлым жолдарынан қайтқандарына көз жеткізді. Содан Ол халыққа аяушылық танытып, бәрін құртамын деген райынан қайтты” (Жүніс 3:10).

13 Ехоба алғашында Саулды қолдаған. Алайда ол мойынсұнбаушылық танытқанда, Ехоба одан бас тартты. Бұл оның Саулды таңдағанда қателескенін білдірмейді. Бұған Саулдың сенім танытпағаны мен тілазар болып кеткені себеп болды. Ал ниневиліктер күнәларына өкінгенде, шынайы Құдай райынан қайтып, оларды тірі қалдырды. Құмырашымыз Ехобаның иліккіш те бейімделгіш, мейірімді де рақымды әрі жақсы жаққа өзгерген адамдарға қатысты шешімін өзгертетін Құдай екенін білу бізге қандай жұбаныш десеңші!

ЕХОБА ЖӨНГЕ САЛҒАНДА, БАС ТАРТПА

14. а) Бүгінде Ехоба бізді қалай қалыптастырады? ә) Құдай бізді қалыптастырғанда не істеуіміз керек?

14 Бүгінде Ехоба бізді бірінші кезекте өз Сөзі Киелі кітап пен ұйымы арқылы қалыптастырады (Тім. 2-х. 3:16, 17). Ехоба бізге осылар арқылы кеңес бергенде не түзеткенде, мұны қуанышпен қабыл алуымыз керек. Шомылдыру рәсімінен өткенімізге қанша жыл болмасын не жауапкершіліктеріміз қанша көп болмасын, біз Ехобаның кеңесіне әрі қарай да құлақ аса беріп, өзімізден қадірмен тұтынуға арналған ыдыс жасауына жол беруіміз керек.

15, 16. а) Қауымдағы міндеттерден айырылып қалғанда, адамды қандай сезімдер билеуі мүмкін? Мысал келтір. ә) Жөнге салынғанда жағымсыз сезімдермен күресуге не көмектеседі?

15 Кейде Ехоба бізді түзету үшін  басшылық береді не көзқарасымызды дұрыстайды. Ал күнә жасап қойсақ, ол бізді жөнге салады. Бұндай кезде жауапкершіліктерімізден айырылуымыз мүмкін. Мысалға, ақсақал болып қызмет еткен Дастан * деген бауырластың жағдайын қарастырып көрейік. Ол бизнес мәселесінде ақылсыз шешім қабылдап, бұрыс әрекет еткендіктен, оған оңашада сөгіс берілді. Қауымда оның енді ақсақал емес екендігі хабарланған кезде, Дастан өзін қалай сезінді? Ол былай дейді: “Мен өзімді түкке тұрғысыз сезіндім. Соңғы 30 жыл бойы көп жауапкершіліктерім болған еді. Жалпы ізашар болдым, Бетелде қызмет еттім, қызмет көмекшісі болып, ал сосын ақсақал ретінде тағайындалдым. Бұған қоса, мен жақында ғана облыстық конгресте алғашқы баяндамаммен шыққан едім. Кенет бұның бәрінен айырылып қалдым. Мен қатты қысылып, ұяттан өртеніп кете жаздадым және ұйымда енді маған орын жоқ деп ойладым”.

16 Дастан жүріс-тұрысын өзгертуі керек еді. Бірақ оған жағымсыз сезімдерімен күресуге не көмектесті? Ол былай дейді: “Мен әрі қарай да жүйелі түрде рухани істермен айналыса беруге бел будым. Оған қоса, бауырластардың қолдауы мен әдебиеттерге жігер беретін ойлар маған зор көмек болды. 2009 жылдың 15 тамызындағы “Күзет мұнарасының” “Жауапты қызметке қайта орала аласың ба?” деп аталатын мақаласы менің дұғаларыма жауап ретінде жазылған хат сияқты болды. Маған бәрінен де “қауымда қосымша міндеттерің жоқ кезде бар күшіңді рухани нығаюға жұмса” деген кеңес ұнады”. Дастан жөнге салудың қандай пайдасын көрді? Бірнеше жыл өте ол былай деді: “Ехоба маған қызмет көмекшісі болу мәртебесін сыйлап, қайтадан батасын берді”.

17. Қауымнан шығарылғаны күнә жасаған адамның қайта оралуына қалай көмектесе алады? Мысал келтір.

17 Ехобаның жөнге салуының тағы бір түрі — адамның мәсіхшілер қауымынан шығарылуы. Бұл шара қауымды жаман әсерден қорғайды және күнә жасаған адамның қайта оралуына көмектеседі (Қор. 1-х. 5:6, 7, 11). Мысалы, Рахат қауымнан шығарылып, 16 жылдан соң қайта оралды. Сол уақыт аралығында оның ата-анасы мен бауырлары Құдай Сөзіндегі күнә жасағандармен араласпаңдар, тіпті сәлемдеспеңдер деген кеңесті берік ұстанып, адалдық танытты. Қазір Рахаттың қауымға қайта оралғанына біраз жыл болып қалды және ол рухани алға басуда. Осыншама жылдан кейін Рахаттан Ехоба мен қауымға қайта оралуға не талпындырғанын сұрағанда, ол отбасының Киелі кітап принципін берік ұстанғаны себеп болғанын айтты. Ол былай деді: “Егер отбасым менімен кішкене болсын араласқанда, мысалы, жай ғана хал-жағдайымды сұрап тұрғанда, бұл маған жеткілікті болар еді. Сірә, сонда менің олармен араласуға деген қажеттілігім Құдайға оралуға талпындырмас та еді”.

18. Біз Ұлы Құмырашының қолында қандай балшық болуымыз керек?

18 Бізді осылайша жөнге салу қажет емес шығар. Алайда біз Ұлы Құмырашының қолында қандай балшық болып табыламыз? Ол түзеткенде не істейміз? Кеңесті Дәуіт сияқты қабылдаймыз ба, әлде Саул сияқты одан бас тартамыз ба? Ұлы Құмырашы Ехоба — біздің Әкеміз. Ендеше мынаны ұмытпайық: “Иеміз Өзі сүйетін әркімді Түзетеді әрі тәрбиелейді. Әкесі сүйікті баласын да Жазалайды қажет болғанда”. Сондықтан да, “Тәңір сені тәрбиелегенде Онысын ешқашан менсінбей жүрме, Ол сені жөнге келтіргенде Лайым еңсең түсіп жүнжіме!” (Нақ. с. 3:11, 12).

^ абзац 15 Есімдер өзгертілген.