Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Жаратылыс 6:2, 4-тегі Топан суға дейін өмір сүрген “Құдайдың ұлдары” деген кімдер?

Киелі кітап түпнұсқасында жиі кездесетін “Құдайдың ұлдары” деген тіркес Құдайдың көктегі жаратылыстарына, яғни періштелерге нұсқайтынына дәлелдер бар. Ол қандай дәлелдер?

Екінші тармақта: “Өздерін Құдайдың ұлдарымыз деп есептейтін билеушілер [“Құдай ұлдары” ЖД] адамдардың қыздарының сұлу, бойшаң екенін көріп, таңдап алғандарына үйлене беретін”,— деп жазылған (Жар. 6:2).

Еврей жазбаларының түпнұсқасында “Құдайдың ұлдары” деген тіркес Жаратылыс 6:2, 4-те, Әйүп 1:6; 2:1; 38:7-де және Забур 88:7-де кездеседі. Бұл жазба орындарынан “Құдай ұлдарының” кімдер екеніне қатысты не білуге болады?

Әйүп 1:6-да жазылған “Құдайдың ұлдары” Құдайдың алдына жиналған рухани жаратылыстар екені анық. Олардың арасында “жер бетін аралап келген” Шайтан да болған (Әйүп 1:7; 2:1, 2). Сол сияқты Әйүп 38:4—7 Құдай жердің “іргетасын қалағанда... қуана ән салған” “Құдай ұлдары” туралы жазылған. Демек, олар Құдайдың періштелері болған, себебі ол уақытта адамдар әлі жаратылмаған еді. Сондай-ақ Забур 88:7-де келтірілген “Құдай ұлдары” адамдарды емес, Құдаймен бірге көкте мекен ететін періштелерді білдіретіні анық.

Сонымен Жаратылыс 6:2, 4-те жазылған “Құдай ұлдары” деген кімдер? Жоғарыда қарастырған Киелі кітаптағы айғақтарға сүйене отырып, оларды жерге түскен Құдайдың рухани ұлдары деуге болады.

Кейбіреулер періштелердің жыныстық қатынасқа түсуге деген қалауы болуы мүмкін деген оймен келіспейді. Оның үстіне, Исаның Матай 22:30-да жазылған сөздеріне сай, көкте ешкім үйленбейді де, жыныстық қатынасқа түспейді де. Алайда бір кездері періштелер адам кейпіне еніп, тіпті адамдармен бірге тамақтанған (Жар. 18:1—8; 19:1—3). Олай болса, адами тәнге енген періштелер әйелдермен жыныстық қатынасқа да түсе алады деуге болады емес пе?!

Сондай-ақ кейбір періштелердің солай еткенін көрсететін Киелі кітапқа негізделген дәлелдер бар. Яһуда 6, 7-де тән құмарлықтарына салынуымен табиғатқа қайшы әрекет еткен Содомдағы ер адамдар “бастапқы орындарын сақтамай, тиесілі тұрағын тастап кеткен періштелермен” салыстырылады. Содом тұрғындары да, періштелер де “азғындыққа әбден беріліп, табиғатқа қайшы тән құмарлықтарына салынған”. Сондай-ақ Петірдің 1-хаты 3:19, 20-да жазылған сөздер тілазар періштелердің “Нұхтың заманында” болғанын көрсетеді (Пет. 2-х. 2:4, 5). Сондықтан да Нұхтың заманындағы тілазар періштелердің әрекеттерін Содом мен Ғомора тұрғындарының жасаған күнәларымен салыстыруға болады.

Жаратылыс 6:2, 4-те жазылған “Құдай ұлдары” деген адами тәнге еніп, әйелдермен жыныстық қатынасқа түскен періштелер екенін түсінгеніміз мұндай тұжырымды ақылға қонымды етеді.

 Киелі кітапта Иса “қапастағы рухтарға уағыздады” делінген (Пет. 1-х. 3:19). Бұл нені білдіреді?

Елші Петір бұл рухтардың “Құдай Нұхтың заманында... шыдамдылықпен күткенде”, “Құдайға мойынсұнбаған рухтар” екенін айтқан (Пет. 1-х. 3:20). Петір бұл жерде Шайтанның бүлігіне қосылуды шешкен періштелер туралы айтып отырғаны анық. Ал Яһуданың жазған сөздеріне сай, “бастапқы орындарын сақтамай, тиесілі тұрағын тастап кеткен періштелерді” Құдай “қара түнекте мәңгілік шынжырмен бұғаулап, сотталатын ұлы күнге сақтап отыр” (Яһд. 6).

Нұхтың күндерінде бұл періштелер қалайша мойынсұнбаушылық танытты? Топан су болғанға дейін бұл зұлым рухтар Құдайдың рұқсатынсыз адам кейпіне енді (Жар. 6:2, 4). Сондай-ақ олар адам қыздарымен жақындасып, табиғатқа қайшы нәрсе жасады. Құдай рухани жаратылыстарды әйелдермен жыныстық қатынасқа түсетіндей етіп жаратпаған (Жар. 5:2). Бұл зұлым, тілазар періштелер Құдай белгілеген уақытта жойылады. Ал әзірше, Яһуда айтқандай, олар “қара түнекте”, басқаша айтқанда, рухани түрмеде.

Иса “қапастағы рухтарға” қашан және қалай уағыздаған? Петір бұл жағдайдың Иса “рухани денемен тірілгенде” болғанын жазған (Пет. 1-х. 3:18, 19). Петірдің “уағыздады” дегеніне де назар аударшы. Бұл етістіктің өткен шақта қолданылғанынан Иса рухтарға уағыздағанда, Петір өзінің бірінші хатын әлі жазбаған деген тұжырым жасауға болады. Олай болса, қайта тірілгеннен біршама уақыт өткеннен кейін, Иса зұлым рухтарға лайықты жазаларын алатындары туралы жариялаған. Ол зұлым рухтарға үміт беру үшін емес, үкім айту үшін уағыздаған (Жүніс 1:1, 2). Иса өле-өлгенше сенімі мен адалдығын сақтап, қайта тірілгенде Ібілістің оған билігі жүрмейтінін дәлелдеген. Сол себепті оның зұлым рухтарға осындай үкім жариялауына толықтай негізі болған (Жох. 14:30; 16:8—11).

Иса болашақта Шайтан мен оның жын-перілерін бұғаулап, тұңғиыққа лақтырады (Лұқа 8:30, 31; Аян 20:1—3). Ал сол уақытқа дейін бұл тілазар періштелер рухани қара түнекте болады, әрі олар міндетті түрде жойылады (Аян 20:7—10).