Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Мен осы заманның ақырына дейін әр күні сендермен біргемін”

“Мен осы заманның ақырына дейін әр күні сендермен біргемін”

“Мен осы заманның ақырына дейін әр күні сендермен біргемін” (МАТ. 28:20).

1. а) Бидай мен арамшөп туралы мысалды бір-екі ауыз сөзбен айтып бер. ә) Иса бұл мысалды қалай түсіндірді?

ПАТШАЛЫҚ туралы мысалдарының бірінде Иса жақсы тұқым сепкен диқан мен бидай арасына арамшөп сепкен дұшпан жайында айтып берді. Бидай арасында арамшөп қаулап кетсе де, диқан құлдарына “орақ салғанша бірге өсе берсін” деді. Орақ кезінде арамшөп өртеледі, ал бидай жиналып, қамбаға құйылады. Кейін Иса бұл мысалдың мағынасын түсіндіріп берді (Матай 13:24—30, 37—43 оқы). Біз бұл мысалдан не біле аламыз? (“Бидай мен арамшөп” деген қоршауды қара).

2. а) Диқанның егіндігінде болған оқиғалар нені сипаттайды? ә) Біз бұл астарлы әңгіменің қай тұсына баса назар аударамыз?

2 Диқанның егіндігінде болған оқиғалар Исаның бидайды, яғни онымен бірге Патшалықта билік ететін майланған мәсіхшілерді, қалай және қашан жинап алатынын сипаттайды. Тұқым себу ісі б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамында басталды. Ал “бидайды” жинау уақыты осы дүниенің соңында әлі де жерде болатын майланғандарға белгі салынып, сосын көкке алынғанда аяқталады (Мат. 24:31; Аян 7:1—4). Биік тауға шыққанда, айналаның бәрін көруге болатынындай, бұл астарлы әңгіменің арқасында біз шамамен 2000 жылдың ішіндегі Патшалыққа қатысты оқиғалардың желісін, былайша айтқанда, алақанға салғандай көре аламыз. Астарлы әңгімеде тұқым себілетін, егін өсетін және орақ салынатын уақыт туралы айтылады. Бұл мақалада біз негізінен орақ кезіне тоқталамыз *.

ИСАНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ

3. а) Б. з. І ғасырынан кейін не болды? ә) Матай 13:28-ге сай, кімдер және не істеуді сұрады? (Қосымша мәліметті де қара).

3 Б. з. ІІ ғасырының басында “арамшөп көріне”  бастады, яғни жалған мәсіхшілер пайда болды (Мат. 13:26). Ал ІV ғасырда олардың саны майланған шынайы мәсіхшілерден әлдеқайда басым болды. Астарлы әңгімеде құлдардың қожайыннан арамшөпті отап тастауға рұқсат сұрағаны айтылған * (Мат. 13:28). Сонда қожайындары не деді?

4. а) Қожайын Исаның берген жауабынан не білуге болады? ә) Бидай тәрізді мәсіхшілер қашан көріне бастады?

4 Бидай мен арамшөпке қатысты Иса: “Орақ салғанша бірге өсе берсін”,— деді. Бұл сөздерден көрінетіндей, бірінші ғасырдан күні бүгінге дейін жер бетінде майланған мәсіхшілер болған. Исаның кейінірек шәкірттеріне айтқан келесі сөздері де мұны растайды. Ол: “Мен осы заманның ақырына дейін әр күні сендермен біргемін”,— деген (Мат. 28:20). Демек, Иса майланған мәсіхшілерді соңына дейін қорғап отырады. Алайда ғасырлар бойы жалған мәсіхшілер “арамшөп” тәрізді қаулап кеткендіктен, кімдердің бидай табына жатқанын біз нақты білмейміз. Бірақ орақ кезі басталардан шамамен 30 жыл бұрын бидай табына кімдер жататыны көріне бастады. Бұл қалай болды?

ХАБАРШЫ “ЖОЛ ДАЙЫНДАЙДЫ”

5. Малахидің пайғамбарлығы бірінші ғасырда қалай орындалды?

 5 Иса бидай мен арамшөп туралы мысал айтқанынан бірнеше ғасыр бұрын Ехоба Малахи пайғамбарды Исаның мысалындағы оқиғалар туралы алдын ала айтуға талпындырды (Малахи 3:1—4 оқы). І ғасырда “жол дайындаған” хабаршы Жақия болды (Мат. 11:10, 11). Ол б. з. 29 жылы келгенде, Исраил халқының сотталатын күні жақындап қалған еді. Ал екінші хабаршы Иса болды. Ол Иерусалимдегі ғибадатхананы екі рет тазартты — қызметінің  басында және соңына таман (Мат. 21:12, 13; Жох. 2:14—17). Былайша айтқанда, бұл тазарту ісі қандай да бір уақыт аралығын қамтыды.

6. а) Малахидің пайғамбарлығы кең көлемде қалай орындалды? ә) Иса рухани ғибадатхананы қай уақыт аралығында тексерді? (Қосымша мәліметті де қара).

 6 Малахидің пайғамбарлығы кең көлемде қалай орындалды? 1914 жылға дейін ондаған жыл бойы Ч. Т. Расселл мен оның серіктестері атқарған жұмыс Жақияның ісіне ұқсады. Олардың бұл маңызды ісіне Киелі кітап шындықтарын қайта жаңғырту кірді. “Киелі кітап зерттеушілері” төлем құрбандығының шын мәнін түсіндірді, тозақ оты ілімінің жалған екенін әшкереледі және басқа ұлттар дәуренінің ақыры жақындап қалғанын жариялады. Бірақ олармен қатар басқа да көптеген діни ағымдар өздерін мәсіхшіміз деп атайтын, яғни кімдердің “бидай” екені әлі анық емес-тін. Сол себепті 1914 жылы Иса рухани ғибадатхананы тексере бастады. Бұл тексеру мен тазарту ісі 1914 жылдан 1919 жылдың басына дейін жалғасты, яғни бірнеше жылға созылды *.

ТЕКСЕРУ МЕН ТАЗАРТУ ЖЫЛДАРЫ

7. Иса 1914 жылы тексеруді бастағанда нені көрді?

7 Иса тексеруді бастағанда нені көрді? Ол “Киелі кітап зерттеушілерінің” кішігірім құлшынысты тобы 30-дан астам жыл бой күші мен қаражатын уағыздау ісіне арнап келе жатқанын көрді *. Саны аз, бірақ берік бидай сабақтарын Шайтанның арамшөбі тұншықтырып тастай алмағанына Иса мен періштелер қатты қуанған болса керек! Десе де “леуіліктерді [майланған мәсіхшілерді] тазарту” керек еді (Малх. 3:2, 3; Пет. 1-х. 4:17). Не себепті?

8. 1914 жылдан кейін қандай жайттар орын алды?

 8 1914 жылдың соңына таман кейбір “Киелі кітап зерттеушілері” әлі көкке бармағандарына қамықты. 1915, 1916 жылдары ұйымға сырттан көрсетілген қарсылықтың кесірінен уағыздау ісі бәсеңдеп қалды. Бірақ бұдан да сорақысы — Расселл бауырлас 1916 жылдың қазан айында қайтыс болған соң, ұйымның ішінен қарсыластар шықты. Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамының жеті жетекшісінің төртеуі Рутерфорд бауырласты ұйымға басшылық етуге тағайындау туралы шешімге қарсы шықты және бауырластардың арасына іріткі салуға тырысты. Алайда 1917 жылдың тамыз айында олар Бетелден кетті. Тазарту деп осыны айт! Кейін “Киелі кітап зерттеушілерінің” кейбірі адам алдындағы қорқынышқа берілді. Дегенмен, жалпы алғанда, олар Исаның тазартуын қабыл алып, қажетті өзгерістер жасады. Осылайша Иса оларды шынайы бидай деп тапты, ал қауымның ішінде жүрген жалған мәсіхшілер мен шіркеу мүшелерінен бас тартты (Малх. 3:5; Тім. 2-х. 2:19). Сосын не болды? Мұны білу үшін бидай мен арамшөп туралы астарлы әңгімеге оралайық.

ОРАҚ КЕЗІ БАСТАЛҒАННАН КЕЙІНГІ ОҚИҒАЛАР

9, 10. а) Орақ кезіне қатысты нені қарастырамыз? ә) Орақ кезінде алдымен не болды?

9 “Ал орақ кезі — осы заманның ақыры”,— деді Иса (Мат. 13:39). Орақ кезі 1914 жылы басталды. Иса осы кезеңде болады деп алдын ала айтқан бес жайтты қарастырайық.

10 Біріншісі — арамшөпті жинау. Иса: “Орақ кезінде егін жинаушыларға: — Алдымен, арамшөпті жинаңдар,— деймін”,— дейді. 1914 жылдан кейін періштелер арамшөп тәрізді жалған мәсіхшілерді “Патшалықтың ұлдарынан” ажыратып, “жинай” бастады (Мат. 13:30, 38, 41).

11. Біздің күндерімізге дейін шынайы мәсіхшілер жалған мәсіхшілерден несімен ерекшеленді?

11 Жинау ісі барысында аталмыш екі топтың айырмашылығы барған сайын анық көріне бастады (Аян 18:1, 4). Ал 1919 жылы Ұлы Бабылдың құлап қойғаны, яғни шынайы мәсіхшілердің оның құрсауынан азат болғаны анық болды. Бірақ шынайы мәсіхшілер жалған мәсіхшілерден әсіресе несімен ерекшеленді? Уағыз ісімен. “Киелі кітап зерттеушілерінің” жетекшілері әр бауырластың Патшалықты уағыздау ісіне жеке атсалысуы маңызды екеніне баса назар аудара бастады. Мысалы, 1919 жылы басылған “Бұл іс кімдерге сеніп тапсырылған?” атты кітапшада майланған мәсіхшілердің бәрі үйме-үй уағыздауға шақырылды. Онда былай делінген болатын: “Бізді қыруар жұмыс күтіп тұр, бірақ бұл Иеміздің ісі болғандықтан, біз мұны оның күшімен атқарып шығамыз. Саған осы іске атсалысу мәртебесі берілген”. Бауырластар бұл шақыруды қалай қабыл алды? 1922 жылы шыққан “Күзет мұнарасына” сай, сол кезден бастап “Киелі кітап зерттеушілері” уағыздау ісіне білек сыбана кіріскен. Сол адал мәсіхшілер үйме-үй уағыздауымен танымал болды. Бүгінде де солай.

12. Бидай табы қашаннан бері жиналуда?

12 Екінші жайт — бидайды жинау. Иса періштелеріне: “Бидайды жинап, қамбаға құйыңдар”,— деп бұйырады (Мат. 13:30). 1919 жылдан бері майланғандар тазартылған мәсіхшілер қауымына жиналуда. Осы дүниенің соңында әлі де жер бетінде болатын майланған мәсіхшілер көктегі сыйларын алғанда, бидайды жинау аяқталады (Дан. 7:18, 22, 27).

13. Аян 18:7-ден жезөкшенің, яғни Ұлы Бабыл мен оған жататын жалған мәсіхшілердің шіркеулерінің бүгіндегі күйі туралы не білеміз?

 13 Үшінші жайт — зар еңіреп, тістену. Періштелер арамшөпті жинап, баулаған соң не болады? Иса арамшөп тәрізді мәсіхшілер туралы: “Олар зар еңіреп, қинала тістенетін болады”,— деді (Мат. 13:42). Бұл қазір болып жатыр ма? Жоқ. Бүгінде жалған мәсіхшілердің шіркеулерін және өзге діндерді құрайтын Ұлы Бабыл, яғни жезөкше әйел өзі туралы: “Мен тақта отырған патшайыммын. Жесір емеспін, қайғы-қасірет те шекпеймін”,— деп отыр (Аян 18:7). Расында да, бүгінде жалған мәсіхшілердің шіркеулері өздерін “тақта отырған патшайым” санап, саяси басшыларға ықпал етуде. Арамшөппен бейнеленгендер бүгінде зар еңіреп жатқан жоқ, қайта, мақтанып бөсуде. Бірақ олардың жағдайлары жақында күрт өзгермек.

Жалған мәсіхшілердің шіркеулерінің саяси басшылармен тығыз қарым-қатынасы жақында бұзылмақ (13-абзацты қара)

14. а) Қашан және неге жалған мәсіхшілер “тістенетін” болады? ә) Біздің Матай 13:42-ге қатысты жаңа түсінігіміз Забур 112:10-мен (ЖД) қалай сай келеді? (Қосымша мәліметті қара).

14 Зор алапаттың кезінде жалған діни ұйымдардың барлығы жойылғанда, олардың мүшелері жан-жаққа қашып, пана іздейді, бірақ жасырынатын қауіпсіз жер таба алмайды (Лұқа 23:30; Аян 6:15—17). Сонда олар аман қалмайтындарын түсініп, зар еңірейді және ызаланып “тістенеді”. Иса зор алапат туралы пайғамбарлығында айтқандай, сол күні олар “өздерін ұрғылап зар еңірейді” * (Мат. 24:30; Аян 1:7).

15. Арамшөппен не болады және қашан?

15 Төртінші жайт — жанып тұрған пешке тасталу. Бауланған арамшөппен не болады? Періштелер оларды “жанып тұрған пешке тастайды” (Мат. 13:42). Бұл толығымен жоюды білдіреді. Демек, жалған діннің мүшесі болғандар зор алапаттың соңғы бөлігі Армагеддонда жойылады (Малх. 4:1).

16, 17. а) Иса мысалында айтқан соңғы жайт қандай? ә) Бұл оқиға болашақта орындалады деуге қандай негіз бар?

16 Бесінші жайт — жарқырау. Иса өзінің пайғамбарлығын: “Ал [түпнұсқада “сол кезде”] әділдер Әкелерінің Патшалығында күндей жарқырайды”,— деп аяқтады (Мат. 13:43). Бұл қашан және қайда болады? Осы сөздер болашақта орындалады. Иса бүгінде жерде болып жатқан іс жайында емес, келешекте көкте орын алатын оқиға туралы алдын ала айтқан *. Бұлай деуге екі себеп бар.

17 Алдымен бұл қашан болатынына тоқталайық. Түпнұсқа тілінде: “Сол кезде әділдер Патшалықта жарқырайды”,— деп айтылған. “Сол кезде” деуімен Иса осының алдында айтып  кеткен оқиғаға, яғни “арамшөптің жанып тұрған отқа тасталуына” нұсқаған. Ал бұл зор алапаттың аяғында, яғни болашақта болатынын ескерсек, майланғандар да сәйкесінше болашақта “жарқырайды” деп тұжырымдай аламыз. Енді бұл қайда болатынына назар аударайық. Иса әділдердің “Патшалықта жарқырайтынын” айтқан. Демек, жерде қалған адал майланғандарға зор алапаттың бастапқы бөлігі біткеннен кейін соңғы таңба салынып қояды. Сосын Исаның зор алапат туралы пайғамбарлығында айтылғандай, олар көкке жинап алынады (Мат. 24:31). Сол жерде олар “Әкелерінің Патшалығында” жарқырайды және Армагеддоннан көп ұзамай-ақ Исаның бақытты “қалыңдығы” ретінде “Тоқтының үйлену тойына” қатысады (Аян 19:6—9).

БІЗГЕ МҰНЫҢ ҚАНДАЙ ПАЙДАСЫ БАР?

18, 19. Исаның бидай мен арамшөп туралы астарлы әңгімесін түсінгеніміздің жеке әрқайсысымызға қандай пайдасы бар?

18 Жаңа талқыланған астарлы әңгіменің жеке әрқайсысымызға қандай пайдасы бар? Біріншіден, бұл түсінігімізді тереңдетеді. Астарлы әңгімеден Ехобаның зұлымдыққа жол беруінің маңызды себебін білуге болады. Ол “мейірімділік көрсетілетін ыдыстарды”, яғни бидай табын жинап алу үшін, “қаһарға ұшырайтын ыдыстарға зор шыдамдылық танытты” * (Рим. 9:22—24). Екіншіден, бұл әңгіме бізге сенімділік береді. Соңғы күн жақындаған сайын жауларымыз бізге қарсы шабуылын күшейтсе де, “жеңе алмайды” (Еремия 1:19 оқы). Ғасырлар бойы бидай табын қорғап келгеніндей, көктегі Әкеміз Иса мен періштелер арқылы “осы заманның ақырына дейін әр күні” бізбен бірге болады (Мат. 28:20).

19 Үшіншіден, астарлы әңгіме бидай табын анықтауға көмектеседі. Бұл неге маңызды? Өйткені кімдердің бидай тәрізді мәсіхшілер екенін білгеніміз Исаның соңғы күндерге қатысты пайғамбарлығында көтерген сұрағына жауап табуға көмектеседі. Ол: “Адал да ақылды құл кім?”— деп сұраған (Мат. 24:45). Келесі екі мақалада бұл сұраққа қанағаттандырарлық жауап беріледі.

 

^ абзац 2 2-абзац: Астарлы әңгіменің басқа бөліктерінің мағынасын еске түсіру үшін, “Күзет мұнарасының” 2010 жылғы 15 наурызындағы санында шыққан “Әділдер күн сәулесіндей жарқырайтын болады” деген мақаланы оқуға шақырамыз.

^ абзац 3 3-абзац: Исаның елшілері қайтыс болып қойғандықтан, ал жерде қалған майланғандар бидаймен бейнеленгендіктен, құлдар періштелерді білдірсе керек. Әрі қарай астарлы әңгімеде егін жинаушылардың періштелер екені айтылған (Мат. 13:39).

^ абзац 6 6-абзац: Бұл жаңа түсінік. Бұрын біз Иса рухани ғибадатхананы 1918 жылы ғана тексерді деп ойлағанбыз.

^ абзац 7 7-абзац: 1910 жылдан 1914 жылға дейін “Киелі кітап зерттеушілері” шамамен 4 000 000 кітап және 200 000 000-нан астам трактат пен кітапша таратты.

^ абзац 14 14-абзац: Бұл — Матай 13:42-ке қатысты жаңа түсінік. Бұрын әдебиеттерімізде “Патшалықтың ұлдары” жылдар бойы жалған мәсіхшілердің “Зұлымның ұлдары” екендерін әшкерелегендіктен, олар “зар еңіреп, қинала тістенуде” деп ойладық (Мат. 13:38). Алайда Киелі кітапта тістену жойылумен байланыстырылады. Мысалы, Забур 112:10-да (ЖД) былай делінген: “Зұлым адам мұны көріп, ашуланады, Тісін қайрайды, құрып жоғалады. Зұлымның аңсағаны орындалмайды”.

^ абзац 16 16-абзац: Даниял 12:3-те: “Даналар [майланған мәсіхшілер] аспан кеңістігі сияқты нұрланады”,— делінген. Олар әлі жерде болған кезде уағыз ісімен айналысу арқылы “нұрлануда”. Ал Матай 13:43-те олардың көктегі Патшалықта жарқырайтын кезі туралы айтылған. Бұдан бұрын біз осы екі жазба орны бір іске — уағыз ісіне — нұсқайды деп ойлағанбыз.

^ абзац 18 18-абзац: “Иеһоваға жақында” кітабының 288, 289-беттерін қара.