Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба күн сайын менің “жүгімді көтеріп жүр”

Ехоба күн сайын менің “жүгімді көтеріп жүр”

Адам төзе алмастай болып көрінетін ауруымның күтпеген салдарына қарамастан, көктегі Әкеміздің өмір бойы мені қамқорлап келе жатқанын сеземін. Сондай-ақ 20 жылдан астам уақыт бойы Ехобаға ізашар ретінде қызмет етуден зор қуанышқа кенеліп жүрмін.

1956 жылы дүниеге келгенімде, омыртқамның жырығы бар екені анықталды. Бұл ауру омыртқадағы жүйке түтігінің толықтай жабылмауының салдарынан пайда болады. Жүйкеге зақым келгендіктен, маған жүріп-тұру қиын болды және тағы басқа денсаулығыма байланысты үлкен қиындықтарға кезіктім.

Мен дүниеге келмес бұрын, ата-анам Куәгер ерлі-зайыптымен бірге Киелі кітапты зерттеген екен. Кішкентай кезімде туған қалам Усакос қаласында (Намибия) бірнеше ғана жариялаушы болатын. Сондықтан біз қауым кездесуінде қарастырылатын мәліметті отбасы болып талқылайтынбыз. Жеті жасымда маған уростомия отасы, яғни зәр шығара алуым үшін денемде жасанды тесік жасалды. Ал 14 жасымда мен талма ауруына шалдықтым. Мектеп алыс орналасқандықтан және ата-ананың күтіміне мұқтаж болғандықтан, мектептегі оқуымды бітіре алмадым.

Бірақ мен Ехобамен қарым-қатынасымды нығайтуға бел будым. Сол кезде әдебиеттеріміздің көбісі ана тілім африкаансқа аударылмаған болатын. Сондықтан көптеген кітаптарымызды оқи алу үшін ағылшын тілін үйрендім. 19 жасқа толғанда, жариялаушы болдым және шомылдыру рәсімінен өттім. Келесі төрт жыл бойы көп ауырып, эмоциялық жағынан қатты қиналдым. Оның үстіне, туып-өскен қаламда адамдардың барлығы бір-бірімен тығыз араласқандықтан, адам алдындағы қорқыныш құлшыныспен қызмет етуіме кедергі етті.

Жиырма жасымнан асқанда біз отбасымызбен Намибиядан Оңтүстік Африкаға көштік. Сонда менің алғаш рет қауымдағы бауырластармен араласуға мүмкіндігім болды. Бұл бір керемет кез болды! Алайда маған тағы да ота жасалды. Бұл жолы колостомия (тоқ ішекке жасанды тесік жасау) еді.

Біраз уақыттан кейін мен аудандық бақылаушының ізашар болуға қатысты айтқан баяндамасын естідім. Оның айтқандары маған қатты әсер етті. Әрине, денсаулығымның нашар екенін білетінмін, алайда Ехобаның көптеген қиындықтарға төзуіме көмектескенін көрдім. Сөйтіп, жалпы ізашар болуға өтініш жаздым. Бірақ ақсақалдар денсаулығыма байланысты өтінішімді мақұлдауға асықпады.

Алайда мен қызметке барымды салуға тырыстым. Анамның және басқа да бауырластардың көмегімен алты айдан астам уақыт бойы қызметке ізашарлар сияқты уақыт арнадым. Бұл менің ізашар ретінде қызмет етуге деген берік шешімімді және нашар денсаулығыма байланысты қиындықтарға төтеп бере алатынымды көрсетті. Сөйтіп, тағы да өтініш қағазын толтырдым және бұл жолы өтінішім мақұлданды. 1988 жылдың 1 қыркүйегінде ізашар болып тағайындалдым.

Ізашар ретінде қызмет ете жүріп, үнемі Ехобаның қолдауын көріп келемін. Өз жағдайымды ойлай берудің орнына, қызығушылық білдірген адамдарға шындықты үйреткенім маған эмоциялық жағынан көмектесті және Ехобамен қарым-қатынасымды нығайтуға септігін тигізді. Көптеген адамға Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтуге көмектескеннен алған қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Ауруымның кесірінен мені алда не күтіп тұрғанын білмеймін. Бірақ Ехобаның күн сайын “жүгімді көтеріп жүргенін” сеземін (Заб. 67:20). Ехобаның арқасында дертіме шыдап қана қоймаймын, қайта, тірі жүргеніме қуанамын!