Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сен түбегейлі өзгердің бе?

Сен түбегейлі өзгердің бе?

“Ой-саналарыңды жаңартып, түбегейлі өзгертіңдер” (РИМ. 12:2).

1, 2. Айналамыздағылар мен алған тәрбиеміз бізге қалай әсер етеді?

АЙНАЛАМЫЗДАҒЫЛАР және алған тәрбиеміз бәрімізге де қатты әсер етеді. Біз өмір сүріп жатқан ортамызға сай жүріп-тұрамыз, тамақтанамыз және киінеміз. Неге? Өйткені айналамыздағы адамдардың көзқарасы бізге ықпал етпей қоймайды.

2 Алайда тамақ пен киім таңдаудан әлдеқайда маңызды нәрселер бар. Мысалы, біз кішкентайымыздан ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйреніп өстік. Бірақ дұрыс пен бұрысқа қатысты әркімнің көзқарасы әртүрлі болады. Сондай-ақ біздің таңдауларымызға ар-ұжданымыз да әсер етуі мүмкін. Киелі кітапта: “Құдай заңын білмейтін басқа ұлт адамдары табиғатынан заңда айтылғандарды орындайды”,— делінген (Рим. 2:14). Алайда белгілі бір жағдайға қатысты нақты Құдай заңы жоқ болса, санамызға сіңген не қоғамда қалыптасқан көзқарастар бойынша әрекет ете беруіміз керек пе?

3. Мәсіхшілердің көпшілікке еріп кетпеуіне қандай екі жайт себеп болады?

3 Мәсіхшілердің көпшілікке еріп кетпеуінің кемінде екі маңызды себебі бар. Бірінші себебі Киелі кітапта былай түсіндіріледі: “Адамға түзу болып көрінген жолдар да бар, Ақырында олар ажалға бастап апарар” (Нақ. с. 16:25). Біз кемелсіз болғандықтан өз жолымызға дұрыс бағыт беруге дәрменсізбіз (Нақ. с. 28:26; Ерм. 10:23). Ал екінші себебі қандай? Киелі кітаптан көретініміздей, “осы дүниенің құдайы” Шайтан бүгінде кең тараған көзқарастар мен құндылықтарды өз бақылауында ұстап отыр (Қор. 2-х. 4:4; Жох. 1-х. 5:19). Олай болса, Ехобаның батасы мен ықыласына ие болу үшін Римдіктерге 12:2-де (оқы) жазылған ескертуге құлақ асқанымыз жөн.

4. Осы мақалада нені қарастырамыз?

4 Осы мақалада Римдіктерге 12:2-дегі бірнеше маңызды ойды қарастырамыз: 1) Неліктен біз  түбегейлі өзгеруіміз қажет? 2) Түбегейлі өзгеруге не жатады? 3) Қалай түбегейлі өзгере аламыз?

НЕЛІКТЕН ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРУІМІЗ ҚАЖЕТ?

5. Пауыл Римдіктерге 12:2-дегі кеңесті кімдерге арнап жазды?

5 Елші Пауыл Римдіктерге арналған хатты бүкіл Рим халқына емес, майланған мәсіхшілерге жазған (Рим. 1:7). Ол мәсіхшілерді түбегейлі өзгеруге әрі “бұдан былай осы дүниенің өмір салтын үлгі етпеуге” шақырды. Сол уақытта, яғни шамамен б. з. 56 жылы, Римдегі мәсіхшілер үшін “дүниенің өмір салты” Рим әлеміне тән нормаларды, әдет-ғұрыптарды, киім үлгілері мен жүріс-тұрысты білдіретін. Пауылдың “бұдан былай” деген сөздері сол дүниенің кейбір мәсіхшілерге әлі де ықпал етіп жатқанына нұсқайды. Бұл қандай ықпал болған еді?

6, 7. Пауылдың күндерінде Римнің әлеуметтік және діни ахуалы мәсіхшілер үшін қандай сынақ болды?

6 Бүгінде Римге саяхаттап барғандар ежелден қалған ғибадатханалар, қабірлер, ескерткіштер, алаңдар, театрлар және тағы сол сияқтылардың қалдықтарын көре алады. Олардың арасында бірінші ғасырдан қалғандары да бар. Мұндай қалдықтар ежелгі Римнің әлеуметтік және діни ахуалы жайында көп жайтты аян етеді. Сондай-ақ тарих кітаптарынан гладиатор ойындары, күймелер жарысы, әртүрлі тақырыпта сахналық қойылымдар мен ән-күйдің ұйымдастырылғанын да оқимыз, бұлардың арасында ұятты тақырыптар да жоқ емес-тін. Бұған қоса, Рим сауда-саттық орталығы болған, сондықтан онда баюдың мүмкіндіктері жетіп артылатын (Рим. 6:21; Пет. 1-х. 4:3, 4).

7 Римде ғибадатханалар мен құдайлар көп болғанмен, римдіктер құдайларына шын беріліп ғибадат етпейтін. Олар үшін дін негізінен нәрестенің туылғанын тойлау, неке құру және жерлеумен байланысты рәсімдерден ғана тұратын. Осының бәрі Римдегі мәсіхшілер үшін қандай сынақ болғанын елестетіп көрші. Мұндай ортадан шыққан көп мәсіхшіге Құдайдың адал қызметшісі болу үшін түбегейлі өзгеру қажет болғаны анық әрі олар шомылдыру рәсімінен кейін де өзгере беру керек еді.

8. Осы дүние бүгінгі мәсіхшілерге қандай қауіп төндіреді?

8 Бүгінгі дүние Рим әлемі сияқты Құдайдың бағышталған қызметшілеріне көп қауіп төндіреді. Неге? Өйткені осы дүниенің рухы бізге әртүрлі жолмен әсер етеді (Ефестіктерге 2:2, 3; Жоханның 1-хаты 2:16 оқы). Біз күн сайын Шайтанның дүниесіне тән қалаулар, көзқарастар, құндылықтар және нормалармен бетпе-бет кезігеміз, сондықтан осы дүние бізді оп-оңай еліктіріп әкетуі мүмкін. Ендеше “бұдан былай осы дүниенің өмір салтын үлгі етпеңдер” әрі түбегейлі өзгеріңдер деген кеңеске құлақ асқанымыз қаншалықты маңызды десеңші. Ал мұны қалай істеуге болады?

НЕНІ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРТУІМІЗ ҚАЖЕТ?

9. Шомылдыру рәсімінен өту үшін көп адам қандай өзгерістер жасады?

9 Адам Киелі кітапты зерттеп, білгендерін іс жүзінде қолданған кезде, рухани өсе бастайды. Содан өмірінде біраз өзгерістер жасайды. Мысалы, жалған дінмен байланысты істерін тастайды, бұрынғы жаман қылықтарын қояды және Мәсіхке тән болмысқа ие болуға тырысады (Ефес. 4:22—24). Жыл сайын жүз мыңдаған адамның осындай өзгерістер жасап, Ехоба Құдайға бағышталғандарының белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өткендерін көру неткен қуаныш! Бұл Ехобаның да жүрегін қуантатыны шүбәсіз (Нақ. с. 27:11). Алайда біз үшін осындай өзгерістер жасау жеткілікті ме?

Көп адамға Шайтанның дүниесінен шығып, түбегейлі өзгеру қажет (9-абзацты қара)

10. Түбегейлі өзгерудің жақсарудан қандай айырмашылығы бар?

10 Негізінде, түбегейлі өзгеруге алға басудан не жақсарудан да көп нәрсе кіреді. Мысалы, қандай да бір тауардың сыртында жақсартылғанын көрсететін белгі болуы мүмкін. Бірақ, шындығына келгенде, оның құрамына бір ғана нәрсе қосылады не жай қаптамасы анағұрлым әдемі етіп жасалады, ал негізгі құрамы сол күйінде қала береді. Түбегейлі өзгеру деген тіркеске келсек, бір сөздікте оған қатысты түсіндірме берілген болатын. Сонда айтылғандарға сай, Римдіктерге 12:2-де Пауыл осы дүниенің өмір салтын үлгі етудің орнына киелі рух арқылы іштей өзгеруге шақырған. Осылайша ол осы екі әрекетті бір-біріне қарама-қарсы қойған (“Vine’s Expository Dictionary”). Демек, мәсіхшінің түбегейлі өзгеруіне азғын өмір салтын, жаман әдеттері мен сөздерін тастау ғана кірмейді. Киелі кітапты зерттемейтіндер де қандай да бір шамада бұлардан аулақ болуға тырысады ғой. Ендеше түбегейлі өзгеруге не жатады?

11. Пауыл нені түбегейлі өзгерту керектігін айтқан?

11 Пауыл: “Ой-саналарыңды жаңартып, түбегейлі өзгертіңдер”,— деген. Ой-сана ойлану қабілетімен байланысты. Киелі кітапта бұл сөз ойымыздың бейімділіктеріне, көзқарастарымызға және ой жүгірту қабілетімізге нұсқайды. Пауыл римдіктерге осының алдында жазған хатында “бұзық ойларға берілген” адамдар жайлы айтқан. Мұндай адамдар “әділетсіздік, зұлымдық, ашкөздік, жамандық, қызғаныш, кісі өлтіруге деген құмарлық, жанжалқойлық, қулық” сияқты жаман нәрселерге белшесінен батқан еді (Рим. 1:28—31). Осындай ортадан шыққан мәсіхшілерге Пауыл не себепті “ой-саналарын жаңартып”, түбегейлі өзгеруге кеңес бергені түсінікті-ақ.

“Ашу, ыза, айқайласу, қорлық сөз... атаулыдан арылыңдар!” (Ефес. 4:31)

12. Бүгінде қандай көзқарас кең тараған және бұл мәсіхшілерге қандай қауіп төндіреді?

12 Бүгінде біз Пауылдың сипаттамасына сай келетін адамдардың арасында тұрамыз. Мұндай адамдар ережелер мен қағидаларды қатаң ұстану ескіден қалған нәрсе және оларды басқаларға күштеп орындатуға болмайды деп есептейді. Көп мұғалімдер мен  ата-аналар балалардың беттерінен қақпайды әрі оларға өз беттерінше ойланып, әрекет етуге жол береді. Дұрыс пен бұрыстың аражігін ажырату мүмкін емес деп есептегендіктен, олардың нақты ұстанымдары жоқ. Тіпті көптеген діндар адамдар да “Құдай заңдарына бағынбай-ақ өзіміз дұрыс деп тапқан нәрсені істеуге еріктіміз” деп ойлайды (Заб. 14:1). Мұндай ой қалып шынайы мәсіхшілерге үлкен қауіп төндіреді. Абай болмағандар теократиялық шараларға осындай көзқарас таныта бастауы мүмкін. Олар қауымдағы нұсқауларды орындағысы келмеуі не тіпті өздеріне ұнамаған нәрселерге наразы болуы мүмкін. Я болмаса көңіл көтеру, интернетті қолдану және жоғары білім алуға қатысты Киелі кітапқа негізделген кеңестерге немкетті қарап кетуі ықтимал.

13. Неге өз-өзімізді шыншылдықпен тексергеніміз жөн?

13 Ендеше осы дүниенің өмір салтын бұдан былай үлгі етпеу үшін жүрек түбінде жатқан сезімдерімізді, көзқарастарымызды, мақсаттарымыз бен құндылықтарымызды шыншылдықпен тексеріп отырғанымыз өте маңызды. Жүрегімізде не жатқанын өзгелер көре алмайды. Сондықтан кейбіреулер біздің жасаған істерімізді дұрыс деп табуы мүмкін. Шындығына келгенде, Киелі кітаптан үйренгендерімізді іс жүзінде қолданып, түбегейлі өзгерістер жасадық па және әрі қарай да өзгеріп жатырмыз ба, жоқ па, мұны тек өзіміз ғана білеміз (Жақып 1:23—25 оқы).

ҚАЛАЙ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРЕ АЛАМЫЗ?

14. Қажетті өзгерістер жасауға не көмектеседі?

14 Түбегейлі өзгеру — іште жүретін процесс, сондықтан бізге ішкі дүниемізге еніп, жүрегімізге әсер ететін бір нәрсе қажет. Бұл не нәрсе? Киелі кітапты оқығанда Ехобаның бізге қатысты талаптарын білеміз. Мұны қалай қабылдайтынымыз жүрегімізде не жатқанын анықтауға және Құдайдың “кемелді еркіне” сай әрекет ету үшін қандай өзгерістер жасауымыз керектігін түсінуге көмектеседі (Рим. 12:2; Евр. 4:12).

15. Ехоба бізді қай мағынада қалыптастырады?

15 Ишая 64:8 оқы. Ишая пайғамбардың құмырашы жайлы салыстыруы бізді бір маңызды нәрсеге үйретеді. Алайда Құмырашымыз Ехоба біз сияқты сазбалшықты қай мағынада қалыптастырады? Әрине, Ехоба біздің дене бітіміміз бен сырт көрінісімізді анағұрлым тартымды болатындай етіп өзгертпейді. Ол бізді тәндік емес, рухани жағынан қалыптастырады. Ехобаның бізді қалыптастыруына жол берсек, ішкі дүниеміз түбегейлі өзгереді. Осы дүниенің әсеріне қарсы тұру үшін бізге керегі де осы ғой. Сонда Ехоба бізді қалай қалыптастырады?

16, 17. а) Жақсы құмыра жасап шығару үшін құмырашы сазбалшықты қалай дайындайды? ә) Түбегейлі өзгеріп, Құдайдың көзінде бағалы болуымызға Киелі кітап қалай көмектеседі?

16 Жақсы құмыра жасап шығару үшін құмырашы сапалы сазбалшықты қолданады. Алдымен, ол екі нәрсе жасайды. Біріншіден, сазбалшықты әртүрлі қоспалардан жуып тазартады. Содан кейін оны белгілі бір мөлшердегі сумен араластырып, илейді. Осының арқасында сазбалшыққа пішін берілген соң, ол сол қалпын сақтап қала алады.

17 Байқасақ, сазбалшықты тазарту үшін де, оны бабына келтіріп, иліккіш ету үшін де су қажет. Нәтижесінде одан неше түрлі құмыра, тіпті өте нәзіктерін де жасап шығаруға болады. Құдай Сөзі де бізді қалыптастыруда дәл осындай рөл атқарады. Ол Құдайды білмей тұрған кезімізде танытқан ой қалпымыздан  тазаруға және түбегейлі өзгеріп, Құдайдың көзінде бағалы болуымызға көмектеседі (Ефес. 5:26). Біз Киелі кітапты күн сайын оқуға және Құдай Сөзі қарастырылатын қауым кездесулерінен қалмауға үнемі шақырыламыз. Неліктен? Өйткені солай істеу арқылы Ехобаның бізді қалыптастыруына жол береміз (Заб. 1:2; Ел. іс. 17:11; Евр. 10:24, 25).

Түбегейлі өзгерудің арқасында қиындықтарды бұрынғыдан анағұрлым дұрыс жолмен шешетін боласың (18-абзацты қара)

18. а) Құдай Сөзі бізді түбегейлі өзгеруге талпындыру үшін неге ой жүгірткеніміз маңызды? ә) Қандай сұрақтар жөнінде ойланғанымыз пайдалы?

18 Құдай Сөзі бізге түбегейлі өзгеруге көмектесу үшін оны үзбей оқығанымыз әрі одан тәлім алғанымыз жеткіліксіз. Көп адам Киелі кітапты оқып тұратындықтан, оның мазмұнымен таныс. Бәлкім, қызметте сондай адамдарды кездестірген де шығарсың. Біреулер тіпті кейбір Киелі кітап тармақтарын жатқа айта алады *. Алайда бұл олардың ой қалпы мен өмір салттарына айтарлықтай әсер етпейді. Неге? Құдай Сөзі бізге әсер етіп, түбегейлі өзгеруге талпындыру үшін ол біздің жүрегімізге терең ену керек. Сондықтан да оқығандарымыз жайлы ой жүгірткеніміз аса маңызды. Мысалы, былай ойлансақ болады: “Мұның артында діни ілімнен де көп нәрсе жатқанын түсінемін бе? Мұның шындық екеніне көзім жетті ме? Үйренгендерімді өмірімде қолдануға тырысамын ба, әлде оларды тек басқаларға үйрететін тәлім ретінде ғана қарастырамын ба? Ехобаның жеке маған сөйлеп жатқанын сеземін бе?” Өзімізге осындай сұрақтарды қойып, ой жүгіртсек, Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз артып, оған жақындай түсеміз. Иә, Киелі кітаптан білгендеріміз жүрегімізге жеткенде, Құдайға ұнамды өзгерістер жасауға талпынамыз (Нақ. с. 4:23; Лұқа 6:45).

19, 20. Киелі кітаптағы қандай кеңестерге құлақ асқанымыз пайдалы?

19 Құдай Сөзін жүйелі түрде оқып, білгендеріміз жайлы ой жүгірткеніміздің арқасында Пауылдың кеңесін әрі қарай да орындай беруге талпынамыз. Ол былай деген: “Ескі болмыстарыңнан іс-әрекеттерімен қоса арылып, тура білім арқылы Жаратушының кейпіне сай жаңарып жатқан жаңа болмысқа ие болыңдар” (Қол. 3:9, 10). Құдай Сөзін жете түсініп, білгендерімізді өмірімізде қолдансақ, жаңа болмысқа ие болып, Шайтанның тұзақтарынан сақ боламыз.

20 Елші Петір: “Тілалғыш балалардай болып, Құдайды білмей тұрған кездеріңдегі қалауларың бойынша өмір сүруді қойыңдар... барлық іс-әрекеттеріңде киелі болыңдар”,— деп ескертеді (Пет. 1-х. 1:14, 15). Бұрынғы ой қалпымыз бен көзқарастарымызды түбегейлі өзгерту үшін қолдан келгеннің бәрін істесек, мол батаға кенелеміз. Бұл жайлы келесі мақалада сөз қозғаймыз.

^ абзац 18 “Күзет мұнарасындағы” (ор.) мысалды қара (1 ақпан, 1994 жыл, 10-бет, 7-абзац).