Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ізашарлық қызмет Құдаймен қарым-қатынасыңды нығайтады

Ізашарлық қызмет Құдаймен қарым-қатынасыңды нығайтады

“Құдайымызды ән-жырмен мадақтау игі” (ЗАБ. 146:1).

1, 2. а) Өзіміз жақсы көрген адам жайлы басқаларға айтсақ, мұның нәтижесі қандай болады? (Осы беттегі суретті қара.) ә) Осы мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

ӨЗІМІЗ жақсы көрген адамды жиі ойға алып, ол жайлы басқаларға айтсақ, сол адаммен достығымыздың нығая түсетіні даусыз. Ехобамен достығымыз жайлы да солай деуге болады. Дәуіт қой бағып жүрген кезінде, талай түндерін жұлдызды аспанды тамашалап, Жаратушының теңдесіз салтанаты жайлы ойланумен өткізген. Ол былай деп жырлады: “Сенің қолыңнан шыққан аспаныңа, Өзің орнатқан ай мен жұлдыздарға Назар аударған әрбір уақытымда Мынадай сұрақтар туады ойымда: Өзің ескеретіндей адам сонша кім, Сен қамқорлайтындай адам баласы кім?” (Заб. 8:4, 5). Сондай-ақ елші Пауыл да Ехобаның рухани Исраилге қатысты еркінің керемет түрде орындалып жатқанын айтқан соң: “О, неткен зор Құдайдың баталары! Неткен мол даналығы мен білімі!”— деп тебіренген (Рим. 11:17—26, 33).

2 Біз уағызға шыққанда, Ехоба туралы ойланамыз әрі ол жайлы басқаларға айтамыз. Ал бұл Ехобамен қарым-қатынасымызды нығайтады. Ізашарлар Патшалық ісіне көбірек атсалысқанның арқасында Құдайға деген сүйіспеншіліктері арта түскенін айтады. Ізашар болсаң, не сондай мақсатың болса: “Толық уақытты қызмет Ехобамен қарым-қатынасымды қалай нығайтады?”— деп ойланып көр. Ізашар болсаң, өзіңнен былай деп сұра: “Көп бата әкелетін осы қызмет түрін жалғастыра беруіме не көмектеседі?” Әлі ізашар болмасаң: “Ізашарлық қызметті бастау үшін қандай өзгерістер жасауым керек?”— деп ойланып көр. Алдымен, толық уақытты қызмет Құдаймен достығымызды қалай нығайтатынын қарастырып көрейік.

 ІЗАШАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ЖӘНЕ ҚҰДАЙМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫМЫЗ

3. Қызметте Патшалықтың әкелетін баталары жайлы айтқанымыз өзімізге қалай әсер етеді?

3 Өзгелерге Патшалықтың әкелетін баталары жайлы айтқанда, Ехобаға жақындай түсеміз. Үйме-үй жүргенде жиі қолданатын тармақтарың қандай? Бәлкім, Забур 36:10, 11, Даниял 2:44, Жохан 5:28, 29, Аян 21:3, 4-ті ашып оқығанды ұнататын шығарсың. Сонда жазылған уәделерді өзгелерге айтқан сайын, Ехобаның “игі де кемелді сыйды” жомарттықпен беретін Құдай екенін өзіміздің де есімізге саламыз. Нәтижесінде оған жақындай түсеміз (Жақ. 1:17).

4. Қызметте адамдардың рухани халі мүшкіл екенін көргенде, Құдайдың ізгілігіне деген ризашылығымыз қалай артады?

4 Қызметте адамдардың рухани мүшкіл күйін көргенде, шындыққа деген ризашылығымыз арта түседі. Осы дүниедегі адамдар шынайы бақыт пен жетістікке қалай қол жеткізуге болатынын білмейді. Көбісі ертеңгі күнін ойлап, уайымға салынады. Болашақтан үміт үзген олар “өмірдің мәні неде?” деп дал болады. Тіпті дін жолында жүрген адамдардың көбісі Киелі жазбалармен онша таныс емес. Бұл адамдар тура ежелгі Ниневия қаласының халқы сияқты (Жүніс 4:11 оқы). Қызметке көбірек шыққан сайын, Құдай халқының рухани күйінің осы дүниедегі адамдардың рухани күйінен айырмашылығы жер мен көктей екеніне көзіміз жете түседі (Ишая 65:13). Алайда ізгі Құдайымыз Ехоба жалғыз біздің ғана рухани қажеттілігімізді ойламайды. Ол барлық адамды рухани сергітетін өмір суынан сусындап, шынайы үмітке ие болуға шақырады (Аян 22:17).

5. Өзгелерге рухани тәлім бергеніміз өз қиындықтарымызбен күресуге қалай көмектеседі?

5 Өзгелерге рухани тәлім берудің арқасында өз басымыздағы қиындықтарды тым көп уайымдамаймыз. Жалпы ізашар болып қызмет ететін Триша есімді қыз бауырластың оқиғасын қарастырайық. Ата-анасы ажырасқанда, ол қатты қиналған еді. “Бұл өмірімдегі жаныма қатты батқан оқиғалардың бірі еді”,— дейді ол. Бір күні оның еңсесі түсіп, үйден шыққысы келмейді. Бірақ соған қарамастан үш кішкентай баламен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізуге барады. Бұл балалардың жағдайы өте қиын еді. Оларды әкелері тастап кеткен болатын, ал үлкен ағалары қорлық көрсеткен екен. Триша былай дейді: “Менің қайғым олардікімен салыстырғанда түк те емес еді. Зерттеу барысында олардың көздері жайнап, қуаныштан жүздеріне күлкі үйірілді. Бұл балалар Ехобаның маған берген сыйы еді. Мен мұны әсіресе сол күні қатты сезіндім”.

6, 7. а) Киелі кітап шындықтарын басқаларға үйреткенде, сеніміміз қалай нығаяды? ә) Зерттеу сабағын өтіп жүргендер өмірлерін жақсартып жатқанын көргенде, қандай сезімде боламыз?

6 Өзгелерге Киелі кітап шындықтарын үйреткенде, өзіміздің де сеніміміз нығаяды. Үйретіп жүрген тәлімдерін өздері ұстанбаған кейбір яһудилерге елші Пауыл: “Қалайша өзгені үйрете тұра, өзіңді үйретпейсің?”— деген болатын (Рим. 2:21). Бүгінде ізашарлардың оларға мүлдем ұқсамайтыны қандай қуанышты! Әдетте олардың басқаларға шындықты үйретуге және Киелі кітап зерттеу сабақтарын өткізуге көбірек мүмкіндіктері болады. Мұны тиімді атқару үшін олар әр зерттеуге дайындалып барады және сұрақтарға жауап беру үшін ізденіс жасайды. Жанин есімді ізашар былай дейді: “Басқаларға Киелі кітап шындықтарын үйреткен сайын, сол шындықтардың өзімнің де жүрегім мен санама терең бойлап жатқанын сеземін. Осының арқасында сенімім бір қалыпта қалмай, нығая береді”.

7 Зерттеу сабағын өтіп жүргендердің Киелі кітап принциптерін қолдану арқылы өмірлерін жақсартқанын көргенде, Құдайдың даналығын бағалай түсеміз (Ишая 48:17, 18). Сол адамдарға қарап, біз Киелі кітап принциптерін өз өмірімізде әрі қарай да қолдана беруге бел буамыз.  Адриана есімді ізашар былай дейді: “Өз ақылына сүйенген адамдардың өмірі бейберекет болады. Алайда олар Ехобаның даналығына жүгінуді үйренгенде, бірден соның пайдасын көре бастайды”. Фил есімді ізашар ер бауырлас та осыны растап былай дейді: “Өмірлерін өз күштерімен өзгерте алмаған адамдарды Ехобаның қалай өзгертіп жатқанын көргенде қатты қуанамыз”.

8. Бауырластармен бірге қызметке шыққанымыз бізге қалай әсер етеді?

8 Бауырластармен бірге қызметке шыққанымыз бізді жігерлендіреді (Нақ. с. 13:20). Ізашарлар көп уақыттарын қызметте бауырластармен бірге өткізеді. Бұл оларға “өзара жігерленуге” көбірек мүмкіндік береді (Рим. 1:12; Нақыл сөздер 27:17 оқы). Лиза есімді ізашар былай дейді: “Жұмыста әріптестерімнің арасында көреалмаушылық пен бақталастық қатты сезіледі. Өсек пен әдепсіз сөздерді күнде естисің. Олар өзгелерді басып озу үшін ештеңеден тайынбайды. Кейде олар мәсіхшілік ұстанымдарымды мазақ етеді. Алайда бауырластармен қызметке шыққанда қатты жігерленемін. Күннің соңында қанша шаршасам да, үйге сергіп қайтамын”.

9. Жұбайыңмен бірге ізашар болғаның некелеріңе қалай әсер етеді?

9 Жұбайыңмен бірге ізашар болғаның “үш қабат жіпті” берік етуге көмектеседі (Уағ. 4:12). Күйеуімен бірге ізашар болып қызмет ететін Маделин былай дейді: “Күйеуім екеуміз қалай уағыздағанымыз жайлы немесе Киелі кітаптан оқығандарымызды қызметте қалай қолдана алатынымыз жайлы жиі сөйлесіп тұрамыз. Бірге ізашар болғанның арқасында біз жылдан жылға бір-бірімізге жақындай түстік”. Жоғарыда аталып кеткен Триша былай дейді: “Жолдасым екеуміз қарыз алмауға тырысамыз, сондықтан арамызда ақшаға қатысты жанжал туындамайды. Қызмет кестеміз бірдей болғандықтан, бір-біріміздің қайта баруларымыз бен зерттеу  сабақтарымызға бірге барамыз. Бұл бізге эмоциялық және рухани жағынан қатар қадам басып жүруге көмектеседі”.

Ізашарлық қызмет — зор қанағат әкелетін өмір жолы (9-абзацты қара)

10. Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қойғанымыз Ехобаға сенім артуға қалай көмектеседі?

10 Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қойып, дұғаларымызға жауап алып, Ехобаның қолдауын сезінгенде, оған деген сеніміміз артады. Барлық мәсіхшілердің бұған көз жеткізгендері шүбәсіз. Алайда ізашарлар толық уақытты қызметті әрі қарай да жалғастыра беру үшін Ехобаға сенім артудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді (Матай 6:30—34 оқы). Курт есімді бауырлас ізашар әрі аудандық бақылаушының орынбасары ретінде қызмет етеді. Бірде бауырластар одан екі жарым сағаттық жердегі қауымға қызмет сапарымен баруды өтінеді. Ол ізашар болып жүрген әйелімен бірге сол қауымға барғысы келгенмен, көліктегі жанармай тек баруға ғана жететінін байқайды. Ал ақша алатын күнге дейін әлі бір апта бар еді. Содан Курт “Сол қауымға бармай-ақ қойсам ба екен?” деп ойлана бастайды. Алайда дұға еткеннен кейін, Құдай қамдарын ойлайтынына сенімді болып, баруды шешеді. Екеуі үйден енді шығайын деп жатқанда, бір әйел бауырлас хабарласып, оларға беретін сыйы бар екенін айтады. Бауырласымыз оларға дәл қайтуға жететіндей ақша береді. Курт былай дейді: “Осындай жағдайларды жиі бастан кешіргендіктен, Ехобаның сені қамқорлап жатқанын анық түсінесің”.

11. Неге ізашарлық қызмет мол батаға кенелтеді дей аламыз?

11 Ізашарлар Ехобаға көбірек қызмет етуге және оған жақындай түсуге күш салғанның арқасында оның көл-көсір баталарына кенеліп жатқандарын айтады (Заң. қ. 28:2). Алайда ізашарлық қызметтің өз қиындықтары бар. Адам атаның әкелген қасіреті ешбір мәсіхшіні айналып өтпейді. Қиындыққа тап болған кейбір ізашарлар қызметтерін уақытша тоқтатуды шешіп жатады. Алайда көп қиындықтарды жеңуге, тіпті олардың алдын алуға болады. Ізашарларға мәртебелі қызметтерін жалғастыра беруге не көмектеседі?

ТОЛЫҚ УАҚЫТТЫ ҚЫЗМЕТТІ ТОҚТАТПА

12, 13. а) Егер ізашар тиісті уақыт мөлшерінен қалып жатса не істеуі керек? ә) Ізашардың Киелі кітапты күн сайын оқығаны, жеке зерттеу жүргізгені және ой жүгірткені неліктен маңызды?

12 Әдетте ізашарлардың уақыты тығыз болады. Барлық нәрсені істеп үлгеру әрдайым оңай болмауы мүмкін. Сондықтан жақсы жоспар құру қажет (Қор. 1-х. 14:33, 40). Егер ізашар тиісті уақыт мөлшерінен қалып жатса, ол уақытын не нәрсеге жұмсап жатқанын қайта тексергені жөн (Ефес. 5:15, 16). Ол өзінен былай деп сұраса болады: “Демалысқа не сүйікті нәрселеріме қанша уақыт кетіремін? Мұндай нәрселерге қанша уақыт жұмсайтынымды қадағалауға көбірек күш салуым қажет пе? Жұмыс кестемді өзгерте аламын ба?” Біз кестемізге жаңа істерді ойланбай қоса салуымыз мүмкін. Сондықтан ізашарлар өздерінің істерін үнемі саралап, қажет болса өзгерістер жасап тұрулары керек.

13 Киелі кітапты күн сайын оқу, жеке зерттеу жүргізу және ой жүгірту ізашар кестесінің ажырамас бөлігі болу керек. Сондықтан ізашар маңызды істерге бөлінген уақытты маңызсыз істердің ұрлап алмауын қадағалап отыруы қажет (Філіп. 1:10). Мысалы, бір бауырлас күні бойы қызмет етіп, үйіне келді делік. Ол сол кеште қауым кездесуіне дайындалуды жоспарлайды. Бірақ алдымен поштаны ашып тексереді. Сосын компьютерді қосып, электронды хаттарын оқиды да, оларға жауап береді. Бауырлас ғаламторда отырған кезді пайдаланып, сатып алғысы келген заттың бағасы түскен-түспегенін тексереді. Осылайша екі сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамайды. Сөйтіп қауымға дайындалу жайына қалады. Ізашардың бұл мәселеге неге мән  бергені жөн? Мысалы, атлет спортта ұзақ қалғысы келсе, денесіне күтім жасау керек. Бұл үшін ол үнемі пайдалы тамақтарды жеуі қажет. Сол сияқты ізашарлар да толық уақытты қызметті жалғастыра беру үшін жүйелі түрде жеке зерттеу жүргізіп, рухани күйлерін нығайтып отырулары керек (Тім. 1-х. 4:16).

14, 15. а) Неге ізашарлар қарапайым өмір сүрулері қажет? ә) Қиындыққа кезіккенде ізашар не істеу керек?

14 Ізашарлар қызметтерін әрі қарай жалғастыра беру үшін қарапайым өмір сүрулері керек екенін түсінеді. Иса шәкірттерін бір нәрсеге ғана көз тігуге шақырған (Мат. 6:22). Қызметін еш алаңдамай атқару үшін ол қарапайым өмір сүрген. Иса өзі жайлы: “Түлкілердің іні, құстардың қонақтайтын жері бар, ал Адам Ұлының бас тірейтін тұрағы да жоқ”,— деген (Мат. 8:20). Исаның үлгісіне еліктегісі келетін ізашар дүние-мүлкі неғұрлым көп болған сайын, оларды күту, жөндеу және ауыстыру сияқты істер де соғұрлым көбейе түсетінін жақсы біледі.

15 Ізашарлар атқарып жүрген мәртебелі қызметтеріне өз еңбектерінің арқасында қол жеткізбегендерін түсінеді. Біз өзімізде бар кез келген сыйға не қызмет түріне Ехобаның рақымының арқасында ғана ие болдық. Сондықтан ізашарлық қызметті әрі қарай жалғастыра беру үшін Ехобаға арқа сүйеу керек (Філіп. 4:13). Қиындықтар міндетті түрде болады (Заб. 33:20). Мұндайда ізашарлар бірден мәртебелі қызметтерін тастауды ойламай, Ехобаның басшылығын іздеп, оған көмектесуге мүмкіндік берулері қажет (Забур 36:5 оқы). Олар қамқор Әкелері Ехобаның көмектесіп жатқанын көргенде, оған жақындай түседі (Ишая 41:10).

ІЗАШАРЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛҒЫҢ КЕЛЕ МЕ?

16. Ізашар болғың келсе, не істеуің керек?

16 Толық уақытты қызметтен келетін баталардың дәмін татқың келсе, бұл жайлы Ехобаға дұға айт (Жох. 1-х. 5:14, 15). Сондай-ақ ізашарлармен де сөйлес. Алдыңа ізашар болуға көмектесетін мақсаттар қой. Кит пен Эрика есімді ерлі-зайыптылар осылай еткен еді. Басқа да жас отаулар сияқты олар үйлене салысымен көп жұмыс істеп, үй мен жаңа көлік сатып алады. Олар былай дейді: “Осының бәрі бізге қанағат әкелетін шығар деп ойладық. Бірақ олай болмай шықты”. Бірде Кит жұмысынан айырылып қалады да, қосалқы ізашар болып қызмет ете бастайды. Ол былай дейді: “Ізашарлық қызмет уағыздың қаншама көп қуаныш әкелетінін есіме салды”. Кит пен Эрика ізашар болып қызмет ететін бір ерлі-зайыптымен достасады. Олар бұл екеуіне қарапайым өмір сүріп, ізашар болып қызмет етудің көп қуаныш әкелетінін түсінуге көмектеседі. Кит пен Эрикаға бұл қалай әсер етеді? Олар рухани мақсаттарының тізімін жасап, оны тоңазытқыштың есігіне іліп қояды. Сосын қол жеткізген мақсаттарын белгілеп отырады. Содан көп ұзамай ізашарлық қызметті бастайды.

17. Ізашар болу үшін неліктен күнделікті жоспарларың мен өмір салтыңа өзгерістер жасау жайлы ойланғаның дұрыс?

17 Сен де ізашарлардың қатарына қосылғың келе ме? Қазір ізашар болып қызмет ете алмаймын деп ойласаң, қызметке көбірек қатысу арқылы Ехобамен қарым-қатынасыңды нығайтуға барынша тырыс. Дұға ете отырып, жағдайыңды жақсылап саралап-салмақтап көр. Бәлкім, ізашарлық қызметті бастау үшін күнделікті жоспарларың мен өмір салтыңа өзгерістер жасай алатын шығарсың. Егер ізашар болуды шешсең, қызметтен алған қуанышың жасаған құрбандықтарыңның орнын артығымен толтырады. Патшалықтың мүддесін өзіңдікінен жоғары қойсаң, зор қанағат сезінесің (Мат. 6:33). Сондай-ақ өзгелерге беруден келетін қуанышқа бөленесің. Бұған қоса, Ехоба жайлы ойланып, ол туралы басқаларға айтуға көбірек мүмкіндігің болады. Нәтижесінде Ехобаға деген сүйіспеншілігің артады әрі оған ұнамды бола түсесің.