Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Леуіліктердің дұғасынан сабақ алайық

Леуіліктердің дұғасынан сабақ алайық

“Сенің есімің мадақтала берсін” (НЕХ. 9:5).

1. Қандай жиын жайлы сөз қозғаймыз және бұған қатысты қандай сұрақтар туындайды?

“ОРЫНДАРЫҢНАН тұрып, Құдайларың Жаратқан Иені мадақтаңдар! Ол мәңгілік болып келген әрі мәңгілік бола береді!” Осындай жігерлі сөздермен леуіліктер исраилдіктерді бірге бас қосып, дұға етуге шақырған. Құдай халқының сол кезде айтқан дұғасы Киелі кітапта жазылған ең ұзақ дұғалардың бірі болып табылады (Нех. 9:4, 5). Бұл оқиға Иерусалимде б. з. б. 455 жылы тишри айының (қыркүйек—қазан) 24-інде орын алған еді. Алдымен осы оқиғаға қандай жайттар түрткі болғанын қарастыра отырып, мына жайлы ойланып көрейік: “Аталмыш жиынның керемет түрде өтуіне қандай жақсы әдет себеп болды? Осы жақсылап ойластырылған дұғадан нендей нәрселерге үйренеміз?” (Заб. 140:2).

ЕРЕКШЕ АЙ

2. Иерусалимнің қабырғасын қалпына келтірген соң бас қосқан исраилдіктер бізге қандай үлгі қалдырды?

2 Жоғарыда айтылған жиыннан бір ай бұрын яһудилер Иерусалимнің қабырғасын қалпына келтіріп болған еді (Нех. 6:15). Халық бұл істі 52 күннің ішінде бітіріп, сосын бар назарларын рухани қажеттіліктеріне аударды. Содан жаңа айдың, яғни тишридің, бірінші күні олар қала алаңына жиналды. Езра мен басқа леуіліктер оларға Құдай Заңын дауыстап оқып, түсіндіріп берді “Оқылғанды түсіне алатындардың” бәрін қоса алғанда, бүкіл халық отбасыларымен бірге “күн шыққан кезден бастап, түске дейін” орындарында тапжылмай тұрып тыңдады. Бүгінде ыңғайлы Патшалық сарайларында жиналатындар үшін қандай керемет үлгі десеңші! Кейде осындай кездесулерде ойың басқа жаққа алаңдап, аса маңызы жоқ нәрселер жайлы ойланып кетесің бе? Егер солай болса, әлгі исраилдіктердің мысалын еске алғаның жөн. Олар оқылған заңдарды тыңдап қана қоймай, оларды шын жүректерімен қабылдап, Құдайға бүкіл халық болып мойынсұнбағандары үшін жылап тұрып өкінген еді (Нех. 8:1—9).

3. Исраилдіктер қандай нұсқауға құлақ асты?

 3 Алайда бұл күнәға өкінетін кез емес еді. Бұл мейрамдайтын күн болғандықтан, халық осы уақытта Ехобаға қуанышпен ғибадат ету керек болатын (Ру. сан. 29:1). Сондықтан Нехемия халыққа былай деді: “Осымен барыңдар, дәмді тамақ жеп, тәтті сусын ішіңдер! Мерекелік ас дайындамағандарға үлестерін беріп жіберіңдер! Өйткені бүгінгі күн — Иемізге бағышталған қасиетті күн. Сонымен қайғырмаңдар! Себебі Жаратқан Иеге деген қуаныштарың сендерге күш-қуат беріп, паналарың болады!” Содан халық олардың айтқанына құлақ асып, “зор қуанышқа бөленді” (Нех. 8:10—12).

4. а) Халықтың әулетбасылары не істеді және соның арқасында олар нені анықтады? ә) Шыбық күрке мейрамын не нәрсе ерекше етті?

4 Келесі күні, яғни тишридің 2-сінде, әулетбасылары жиналып, халықтың Құдай Заңын қаншалықты толық орындап жүргенін талқылады Жазбаларды зерттей келе, олар тишри айының 15—21 аралығында Шыбық күрке мейрамын тойлап, 22-сінде мейрамды салтанатты жиынмен аяқтау керектігін анықтады. Содан олар дайындық жұмыстарын бастап кетті Ешуаның заманынан бері исраилдіктер бұл мейрамды соншалықты керемет түрде тойламаған еді, “сондықтан халық зор қуанышқа кенелді”. Леуіліктердің “мейрамның бірінші күнінен бастап соңғы күніне дейін” Құдай Заңын күн сайын оқуы мейрамды ерекше оқиға етті (Нех. 8:13—18).

КҮНӘЛАРДЫ МОЙЫНДАЙТЫН КҮН

5. Леуіліктер бүкіл халықтың атынан дұға айтпас бұрын, халық не істеді?

5 Екі күннен кейін бүкіл халықтың Құдай Заңын орындамай кеткендерін мойындайтын уақыт келді. Бұл шаттанып той тойлайтын күн емес еді. Құдай халқы қатты қайғырғандарының белгісі ретінде азалы киім киіп, ораза тұтты. Таңғы уақытта Құдай Заңы шамамен үш сағат бойы тағы да оқылды. Ал түс қайта халық Құдайлары Ехобаның алдында “күнәларын мойындап, бастарын иіп Оны дәріптеді” Сосын леуіліктер бүкіл халықтың атынан жақсылап дайындаған дұғаларын айтты (Нех. 9:1—4).

6. Леуіліктерге мағыналы дұға айтуға не көмектесті және бұдан қандай сабақ аламыз?

6 Құдай Заңын жүйелі түрде оқығаны леуіліктерді мағыналы дұға айтуға дайындағаны даусыз. Дұғаның алғашқы бөлігінде Ехобаның істері мен қасиеттеріне баса назар аударылады. Ал қалған бөлігінде леуіліктер Құдайдың “орасан зор рақымы” жайлы қайта-қайта айтып, Исраил халқының оның рақымына лайық болмағанын ашық мойындайды (Нех. 9:19, 27, 28, 31). Леуіліктерден қандай сабақ аламыз? Жазбаларды күн сайын оқып, ой жүгірткеніміз Ехобаның бізге айтар сөздеріне ден қоюға көмектеседі. Осының арқасында Ехобаға айтатын  нәрселеріміз көбейіп, дұғаларымыз мағыналы бола түседі (Заб. 1:1, 2).

7. Леуіліктер Құдайдан не сұрады және бұдан қандай сабақ аламыз?

7 Леуіліктер кішіпейілділікпен бір ғана өтініш айтқан. Бұл жайлы 32-тармақтан оқимыз: “Ал енді, уа, Құдайымыз, Сен Өзіңнің Келісіміңнің уәделерін орындап, берік мейіріміңді көрсететін ұлы, құдіретті әрі айбынды Құдайсың! Біздің басымызға түскен ауыртпалықтарға жеңіл қарай көрме! Ассур патшаларының шабуыл жасаған заманынан бастап күні бүгінге дейін біздің патшаларымыз бен жетекшілеріміз, діни қызметкерлеріміз бен пайғамбарларымыз, ата-бабаларымыз және Сенің бүкіл халқың азап шегіп келеміз”. Осы сөздерден леуіліктердің өтініш білдірмес бұрын Ехобаға ризашылық пен мадақ айтқаны көрінеді. Бұл біз үшін керемет үлгі емес пе?

ЕХОБАНЫҢ ҰЛЫ ЕСІМІН МАДАҚТАЙЫҚ

8, 9. а) Леуіліктер дұғаларын қалай кішіпейілділікпен бастады? ә) Леуіліктер көктегі қандай екі әскер жайлы айтқан көрінеді?

8 Леуіліктер кішіпейіл болған. Олар жақсылап дайындалып дұға айтса да, әдемі сөздерімен Ехобаны бәрібір де толық дәрежеде мадақтай алмайтындарын түсінген. Сондықтан да олар дұғаларын кішіпейілділікпен: “Сенің есімің мадақтала берсін, ол барлық мадақ пен даңқ атаулыдан жоғары!”— деп бастаған (Нех. 9:5).

9 Әрі қарай олар былай деді: “Ехоба, сен жалғыз Құдайсың. Көкті, көктердің көгін және сондағы күллі әскерді, жер мен ондағының бәрін, теңіз бен ондағының бәрін жаратқан сенсің. Олар сенің арқаңда тіршілік етуде. Көктегі әскер саған иіліп тағзым етеді” (Нех. 9:6 ЖД). Иә, Ехоба сансыз жұлдыздардан тұратын ұлан-ғайыр ғаламды жаратты. Сондай-ақ керемет Жер планетамызда түр-түрімен көбейетін сан алуан тіршілік иелерін де жаратты. Осының бәріне қасиетті періштелер куә болды. Киелі кітапта олар да “көктегі әскер” деп аталады (Пат. 3-ж. 22:19; Әйүп 38:4, 7). Сондай-ақ періштелер “құтқарылуға ие болатын” күнәкар адамзатқа қызмет ету арқылы Құдайдың еркін кішіпейілділікпен орындауда (Евр. 1:14). Бүгінгі таңда біз де Ехобаға жақсы ұйымдастырылған әскер сияқты бірлікте қызмет етеміз. Ехобаға кішіпейілділікпен қызмет етуге қатысты періштелер керемет үлгі көрсетеді емес пе? (Қор. 1-х. 14:33, 40).

10. Құдай Ыбырайым үшін не істеді және бұдан не білеміз?

10 Сосын леуіліктер Құдайдың Ыбыраммен жасаған қарым-қатынасына назар аударды. Ехоба әлі бала сүймеген 99 жастағы Ыбырамға “көптің атасы” дегенді білдіретін Ыбырайым деген ат берді (Жар. 17:1—6, 15, 16). Сондай-ақ оның ұрпақтары Қанахан жерін мұра ететінін уәде етті. Адамдар берген уәделерін жиі ұмытып жатады, ал Ехоба ондай емес. Бұл леуіліктердің дұғасынан анық көрінеді: “Ыбырамды таңдап алып, оны халдейлердің Ур қаласынан  көшіріп шығарған және оған Ыбырайым деген жаңа ат берген Сенсің, уа, Құдай Жаратқан Ие! Ыбырайымның Өзіңе сенімді екеніне көз жеткізіп, онымен Келісім жасадың. Оған қанахандықтар... қоныстанған жерлерді ұрпақтарыңа табыстаймын деп уәде еттің. Және Сен әділ болғандықтан, сол уәдеңді орындадың да” (Нех. 9:7, 8). Біз де әділ Құдайымыз Ехобаға еліктеп, өз сөзімізде тұруға әрдайым күш салайық (Мат. 5:37).

ЕХОБАНЫҢ ҒАЛАМАТ ІСТЕРІН ЕСКЕ АЛУ

11, 12. Ехобаның есімінің мағынасы қандай және оның осы есімге лайық екені неден көрінеді?

11 Ехоба деген есім “ол болғызады” дегенді білдіреді. Бұдан Құдайдың өз уәделерін біртіндеп жүзеге асыратыны көрінеді. Мысалы, Құдай өз халқын Мысыр құлдығынан алып шыққанда, есіміне сай әрекет еткен. Ол кезде бүкіл халықтың құлдықтан босап, Уәде етілген жерге қоныстануы мүмкін еместей көрінген еді. Бірақ Ехоба ниеті жүзеге асқанша әрекет ете беру арқылы даңқты да дара есіміне лайық екенін көрсетті.

12 Нехемия кітабында жазылған дұғада Ехоба туралы былай делінген: “Сен ата-бабаларымыздың Мысырдағы мүшкіл халіне назар аудардың. Қамысты теңіздің жағасында олардың дауыстап жалынған айқайына құлақ түрдің. Менменсіп ата-бабаларымызға жәбір көрсеткендері үшін Сен перғауынға, оның қызметкерлері және елінің бүкіл халқына қарсы кереметтер мен ғажап істер жасадың. Соған бола күні бүгінге дейін Сенің даңқың жер бетіне жайылып келеді. Өз халқыңның алдында теңізді қақ айырдың, олар құрғақ жермен теңіз ортасынан өте шықты! Олардың қуғыншыларын Сен терең суға лақтырылған тас сияқты теңіздің тұңғиығына батырдың”. Бұдан кейін Ехобаның өз халқы үшін тағы не істегені баяндалады: “Сен елдің тұрғындарын, қанахандықтарды, солардың алдында тізе бүктірдің... Олар қамалды қалалар мен құнарлы жерді жаулап алып, түрлі құнды заттарға толған үйлерге, қазылған құдықтарға, жүзімдіктерге, зәйтүн тоғайлары мен мәуесі мол көптеген жеміс ағаштарына ие болды. Осылай ата-бабаларымыз мол тамаққа кенеліп, тойынып, қоңданып та алды, әрі Сенің зор ізгілігіңе сүйсіне шаттанды” (Нех. 9:9—11, 24, 25).

13. Ехоба исраилдіктердің рухани қажеттіліктерін қалай қамтамасыз етті және халық мұны қалай қабылдады?

13 Ниетін жүзеге асыру үшін Құдай басқа да көптеген істер жасады. Мысалы, Исраил халқы Мысырдан шыққан соң көп ұзамай Ехоба олардың рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ете бастады. Леуіліктер мұны дұғаларында былай деп еске алды: “Сен Синай тауына түсіп, оларға көктен де тіл қаттың. Сонда оларға әділ шешімдер мен заңдарды, ізгі ережелер мен өсиеттерді тапсырдың” (Нех. 9:13). Ехоба исраилдіктерді өз халқы ретінде таңдап алып, оларға Уәде етілген жерді мұраға бермекші болды. Өзінің есімін алып жүруге лайық болу үшін Ехоба оларға тәлім берді. Алайда олар үйренген жақсы нәрселерін көп ұзамай ұмытып кетті (Нехемия 9:16—18 оқы).

БІЗ ЕХОБАНЫҢ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІНЕ МҰҚТАЖБЫЗ

14, 15. а) Ехоба өзінің күнәкар халқына қалай рақымшылық танытты? ә) Құдайдың таңдаулы халқымен жасаған қарым-қатынасынан қандай сабақ аламыз?

14 Синай тауында Құдай Заңын орындауды уәде еткеннен кейін көп ұзамай исраилдіктер күнәға батты. Леуіліктердің дұғасынан олардың екі түрлі күнә жасағаны көрінеді. Осы үшін олар иен далада өлуге лайық болды. Алайда леуіліктер Ехобаны былай деп мадақтады: “Сен Өзіңнің орасан зор рақымыңмен оларды иен далада тастап кеткен жоқсың... Оларды қырық жыл бойы иен далада керегімен қамтамасыз еттің, олар  еш нәрседен таршылық көрген жоқ. Олардың киімдері еш тозып, жүре-жүре аяқтары ісіп те көрген емес” (Нех. 9:19, 21). Бүгінде Ехоба бізге де қызметімізді адалдықпен атқаруға қажеттінің бәрін береді. Ендеше ешқашан да мойынсұнушылық пен сенім танытпағандары үшін иен далада өліп кеткен мыңдаған исраилдік сияқты болмайық. Бұның бәрі “замандардың соңы келген уақытта өмір сүріп жатқан біздерге ескерту ретінде жазылып қалдырылды” (Қор. 1-х. 10:1—11).

15 Бір өкініштісі, Уәде етілген жерге кірген соң, исраилдіктер қанахандықтардың азғындықпен және балаларды құрбандыққа шалумен байланысты ғибадатын қабыл алып, олардың құдайларына табына бастады. Сондықтан Ехоба көрші елдердің өзінің таңдаулы халқына қысым көрсетуіне жол берді. Күнәларына өкінген кездері Ехоба оларды рақымшылықпен кешіріп, жауларынан қорғап отырды. Иә, Ехоба оларды қайта-қайта құтқарды (Нехемия 9:26—28, 31 оқы). Леуіліктер былай деп ашық мойындады: “Сен көп жылдар бойы ата-бабаларымызға шыдамды болдың. Өзіңнің Рухың жіберген пайғамбарларың арқылы оларға ескертіп отырдың. Алайда ата-бабаларымыз құлақ аспай қойды. Сол себепті Сен оларды айналаларындағы басқа халықтардың қолына табыстадың” (Нех. 9:30).

16, 17. а) Құлдықтан оралған исраилдіктердің жағдайы Уәде етілген жерге алғаш рет кірген ата-бабаларының жағдайынан қай жағынан өзгеше болды? ә) Исраилдіктер нені мойындады және олар Ехобаға қандай уәде берді?

16 Құлдықтан оралғаннан кейін, исраилдіктер қайтадан тілазар бола бастады. Бұл жолы олардың жағдайы қандай болды? Леуіліктер дұғаларын былай деп жалғастырды: “Енді міне, біз бүгін құл күйдеміз. Сен ата-бабаларымызға игілігін көріп, өнімін жеуге табыстаған еліңде біз құл болып жүрміз! Біздің күнәларымызға бола Сен үстімізден тағайындаған жатжұрттық патшалар осы елдің мол өнімін иемденуде... Содан біз қатты қиналудамыз” (Нех. 9:36, 37).

17 Осы сөздерімен леуіліктер Құдайды әділетсіз дегісі келді ме? Әлбетте, жоқ! Олар мынаны ашық мойындады: “Біздің басымызға түскендердің бәрінде де Сен әділ болдың. Себебі Сен адалдық танытқан едің, ал біз күнә жасай бердік те, соған лайықты жазамызды тарттық” (Нех. 9:33). Шын жүректен айтылған осы дұғаның соңында халық Құдай Заңын бұдан былай бұлжытпай орындайтынын айтып, берік уәде берді (Нехемия 9:38 оқы; 10:29). Олар осы уәдені құжатқа жазып, 84 яһуди басшысының мөрімен бекітті (Нех. 10:1—27).

18, 19. а) Құдайдың жаңа дүниесінде өмір сүру үшін не істеуіміз қажет? ә) Не жайында дұға ете беруіміз керек және неге?

18 Әділдік орнайтын жаңа дүниеде өмір сүруге лайық болуымыз үшін бізге Ехобаның тәлім-тәрбиесі қажет. Елші Пауыл: “Әкесі жөнге салмайтын бала бар ма?”— деген (Евр. 12:7). Құдайдың басшылығына мойынсұнатынымызды оның рухына бізді түзетуге жол беру арқылы және қызметімізді табандылықпен әрі адалдықпен атқару арқылы көрсете аламыз. Ал егер ауыр күнә жасап қойып, шын жүректен өкінсек және түзетуді кішіпейілділікпен қабылдасақ, Ехобаның бізді кешіретініне сенімді болсақ болады.

19 Жуырда Ехоба өз есімін даңқтау үшін исраилдіктерді Мысырдан құтқарған кездегіден әлдеқайда ұлы істер жасайды (Езек. 38:23). Исраил халқы Уәде етілген жерді мұра еткеніндей, Ехобаға адалдықпен ғибадат етіп жүргендердің бәрі де әділдік орнайтын жаңа дүниені сөзсіз мұра етеді (Пет. 2-х. 3:13). Бізді осындай тамаша болашақ күтіп тұрғандықтан, Құдайдың ұлы есімінің қастерленуін сұрап дұға ете берейік. Келесі мақалада Құдайдың батасына қазір және мәңгілік бойы кенеле беруіміз үшін тағы қандай дұғаға сай әрекет етуіміз керектігі қарастырылады.