Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАҢЫЗ

“Өзін шын жүректен іздейтіндерге сый береді”

“Өзін шын жүректен іздейтіндерге сый береді”

Ехоба Құдай қызметшілерінің оған ұнамды болу үшін күш салып жатқандарын бағалай ма? Кейбіреулер бұған жоқ деуі мүмкін. Өйткені олардың ойынша, адамдардың жағдайы Құдайды еш қызықтырмайды. Бірақ бұлай деу Құдайдың атына күйе жағады. Біз Құдай жайлы шындықты оның Сөзі Киелі кітаптан таба аламыз. Онда жазылғандай, Ехоба өз қызметшілерінің сенімдеріне сай өмір сүру үшін тырысып жатқандарын бағалайды. Осы орайда елші Пауылдың Еврейлерге 11:6-да жазған сөздерін қарастырайық.

Ехоба Құдайға ұнамды болу үшін не қажет? Елші Пауыл: “Сенім болмаса, Құдайға ұнау мүмкін емес”,— деп жазды. Назар аударсақ, Пауыл сенім болмаса, Құдайға ұнау қиын демеген, мүмкін емес деп айтқан. Басқаша айтқанда, Құдайға ұнамды болу үшін сенімнің болуы аса маңызды.

Ал Ехоба Құдайға қандай сенім ұнайды? Біздің сеніміміз екі жайтты қамтуы керек. Біріншіден, біз Құдайдың “бар екеніне” сенуіміз керек. Басқа аудармаларда бұл тіркес “оның шынайы тұлға екендігіне” сену деп те тәржімеленген. Шынында да, қалайша Құдайдың бар екеніне күмәнданатын адам оған ұнамды болуы мүмкін? Алайда шынайы сенімге бұдан да көп нәрсе кіреді, өйткені тіпті жындар да Ехоба Құдайдың бар екеніне сенеді (Жақып 2:19). Құдайдың бар екеніне сенгеніміз бізді әрекетке талпындыру керек. Демек, біз сеніміміздің шынайы екенін Құдайға ұнамды болатындай өмір кешу арқылы көрсетеміз (Жақып 2:20, 26).

Екіншіден, біз Құдайдың “сый беретініне сенуіміз керек”. Шынайы сенімі бар адам Құдайға ұнамды өмір сүру үшін бекер күш салып жатпағанына сенімді (Қорынттықтарға 1-хат 15:58). Расында да, Ехобаның бізге сый беруді қалайтынына не соған қабілетті екеніне күмәнданатын болсақ, қалайша оған ұнамды бола аламыз? (Жақып 1:17; Петірдің 1-хаты 5:7). Құдай біздің қамымызды ойламайды, еңбегімізді бағаламайды және жомарттық танытпайды деп ойлайтын адам шын мәнінде Киелі кітапта жазылған Құдай жайлы білмейді.

Ехоба Құдай кімдерге сый береді? “Өзін шын жүректен іздейтіндерге”,— дейді елші Пауыл. Киелі кітап аудармашыларына арналған бір еңбекке сай, “шын жүректен іздеу” деп аударылған грек тіркесі жай ғана “Құдайды іздеуді” емес, “оған ғибадат ету үшін” күш салуды білдіреді. Ал басқа бір еңбекте айтылғандай, бұл грек етістігі барынша әрі жан-тәнімізбен күш салуды білдіреді. Иә, адамның сенімі Құдайға шын жүректен әрі құлшыныспен ғибадат етуге талпындыратын болса, Ехоба оны жарылқайды (Матай 22:37).

Ехобаның бізге сый беруді қалайтынына не соған қабілетті екеніне күмәндансақ, қалайша оған ұнамды бола аламыз?

Ехоба Құдай өзінің адал қызметшілеріне қандай сый береді? Құдай олардың болашақта жер бетінде орнайтын жұмақта мәңгі өмір сүретіндерін уәде етеді. Бұл оның қаншалықты жомарт әрі сүйіспеншілігі мол Құдай екенін паш етеді (Аян 21:3, 4). Қазірдің өзінде Ехобаны шын жүректен іздейтіндер мол баталарға кенеле алады. Киелі рухтың және Құдай Сөзіндегі даналықтың көмегімен олар сый мен қанағат әкелетін өмірдің рақатын көруде (Забур 143:15; Матай 5:3).

Расында да, Ехоба — өзіне шын жүректен берілгендердің адал қызметін бағалайтын Құдай. Мұны білгеніңіз сізді оған жақындай түсуге талпындыра ма? Олай болса, Ехоба молынан жарылқайтын сенімге қалай ие болып, оны қалай таныта алатыныңыз жайлы неге көбірек білмеске?!