Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Бағушылар, ең ұлы Бағушыларға еліктеңдер

Бағушылар, ең ұлы Бағушыларға еліктеңдер

“Мәсіх сендерге бола азап шегіп, оның ізімен тура жүрулерің үшін үлгі қалдырды” (ПЕТ. 1-Х. 2:21).

1, 2. а) Қамқор бағушысы бар қойлардың жағдайы қандай болады? ә) Исаның күндерінде Исраил халқы неліктен бағушысы жоқ қойлардай болды?

ҚАМҚОР бағушысы бар қойлар еш зиян шекпейді. Қойларды бағу жайлы бір кітапта былай делінген: “Шопан жайлауға айдап апарған қойларына еш көңіл бөлмесе, бірер жылдан кейін-ақ олар неше түрлі ауруға шалдығып, түкке де жарамсыз болып қалады”. Ал егер отарға дұрыс қамқорлық көрсетілсе, қойлар қоңды әрі сау болады.

2 Мәсіхшілер қауымында да дәл солай. Бағушылар Құдайдың өздеріне сеніп тапсырған әрбір қойына қамқорлық көрсетіп, көңіл бөлсе, бұл бүкіл қауымға жақсы әсер етеді. Иса жиналған қалың жұрттың “бағушысы жоқ қойлардай азып-тозған, бейшара күйін” көргенде, оларды аяп кеткені есіңде болар (Мат. 9:36). Олар мұндай күйге қалай жетті? Халыққа Құдай Заңын үйрету жауапкершілігін алған жетекшілер тым қатал, талапшыл және екіжүзді еді. Отардағылардың қамын ойлаудың орнына, діни жетекшілер исраилдіктердің иығына “ауыр жүк” артып қойған болатын (Мат. 23:4).

3. Ақсақалдар нені есте ұстаулары қажет?

3 Біздің күніміздегі бағушылардың, яғни тағайындалған ақсақалдардың, мойнына үлкен жауапкершілік жүктелген. Олардың қарамағындағы қойлар Ехобаның және Исаның меншігі болып табылады. “Ізгі бағушы” Иса қойларды қатты жақсы көретіні соншалық, тіпті олар үшін өмірін құрбан етті. Осылайша қойларды “аса бағалы қанымен” “қымбат бағаға сатып алды” (Жох. 10:11; Қор. 1-х. 6:20; Пет. 1-х. 1:18, 19). Ақсақалдар “ұлы бағушы” Исаға бағынышты екендерін және отарға қалай қарағандары үшін оның алдында есеп беретіндерін әрдайым есте ұстаулары керек (Евр. 13:20).

4. Осы мақалада нені қарастырамыз?

 4 Олай болса, ақсақалдар қойларға қалай қарау керек? Қауымдағы бауырластар “араларында басшылықты қолға алғандарға мойынсұнуға” талпындырылады. Ал ақсақалдар “Құдайдың меншігіне өктемдік етпеуге” шақырылады (Евр. 13:17; Петірдің 1-хаты 5:2, 3 оқы). Ақсақалдар отарға өктемдік етуден қалай аулақ бола алады? Басқаша айтқанда, олар өздеріне берілген биліктің аясынан шықпай, қойларға қалай қамқорлық ете алады?

“КЕУДЕСІНЕ БАСЫП КӨТЕРІП ЖҮРЕДІ”

5. Ишая 40:11-дегі сөздерден Ехоба туралы не білеміз?

5 Ишая пайғамбар Ехоба туралы былай деген: “Тәңір Ие оларды ізгі шопандай бағады: “қозыларын” қолына алып, кеудесіне басып көтеріп, “саулықтарын” жайлап алға бастап жүреді” (Ишая 40:11). Осы сөздерден Ехобаның қауымдағы әлсіреп қалған және қамқорлықты қажет ететін жандардың қамын ойлайтыны көрінеді. Бағушының отарындағы әрбір қойдың жеке қажеттілігін біліп, оған көмектесуге дайын тұратыны сияқты, Ехоба да қауымдағы әрбір бауырластың мұқтаждығын жақсы біледі әрі оған әрдайым көмектескісі келеді. Бағушы жаңа туған қозыны кейде қойнына салып жүретініндей, “қайырымы мол Әкеміз” Ехоба да басымызға қиындық түскенде бізді көтеріп алып жүреді. Ауыр сынаққа кезіккенде не қандай да бір нақты көмек қажет болғанда, ол бізге жұбаныш береді (Қор. 2-х. 1:3, 4).

6. Ақсақалдар Ехобаның үлгісіне қалай еліктей алады?

6 Көктегі Әкеміз Ехоба қауым ақсақалдары үшін қандай керемет үлгі десеңші! Ехоба сияқты олар да қойлардың мұқтаждығына ден қоюлары керек. Ақсақалдар бауырластардың нақты қандай қиындықтарға кезігіп жүргенін білсе, оларға қажетті жігер беріп, қолдау көрсете алады (Нақ. с. 27:23). Бұл үшін олардың бауырластармен жиі сөйлесіп тұрғандары маңызды. Бауырластардың жеке ісіне араласудан аулақ бола отырып, ақсақалдар қауымда көріп-естіген нәрселеріне мұқият болуға тырысады әрі “әлсіздерге жәрдем беруге” қашанда дайын тұрады (Ел. іс. 20:35; Сал. 1-х. 4:11).

7. а) Езекиел мен Еремияның күндеріндегі бағушылар Құдайдың отарына қалай қарады? ә) Ехобаның опасыз бағушыларға айтқан сөздерінен не білеміз?

7 Езекиел мен Еремияның күндерінде Ехоба өздеріне сеніп тапсырылған отардың қамын ойламаған бағушыларға сөгіс айтқан. Ол былай деді: “Менің отарым өзіне қамқорлық жасайтын бағушысы болмағандықтан тоналып, олжаға айналып, барлық жыртқыш аңдарға жем болды. Иә, Өзім тағайындаған бақташылары адасқан отарымды еш іздеген жоқ! Қайта, олар Менің отарымды емес, өз қара бастарының қамын ғана ойлады” (Езек. 34:7—10; Ерм. 23:1). Құдайдың осы айыптау сөздері мәсіхшілер әлемінің жетекшілеріне де қатысты деуге болады. Сондай-ақ бұл сөздерден ақсақалдардың Ехобаның отарына дұрыс қарап, оларға қамқорлық көрсеткендері қаншалықты маңызды екенін көреміз.

ИСАНЫҢ ҚАЛДЫРҒАН ҮЛГІСІ

8. Ақсақалдар бауырластарға кеңес бергенде Исаға қалай еліктей алады?

8 Кемелсіз болғандықтан отардағылардың кейбірі Ехобаның өздерінен не күтетінін бірден түсінбеуі мүмкін. Бәлкім, олар Жазбаларға сай шешім қабылдамайтын шығар не олардың іс-әрекеттерінен әлі рухани толыспағандары көрінетін болар. Мұндайда ақсақалдар не істеулері қажет?  Олар “Патшалықта қайсымыз ең ұлы боламыз?” деп қайта-қайта дауласқан шәкірттеріне шыдамдылық танытқан Исаға еліктеулері керек. Иса шәкірттеріне ашуланған жоқ, қайта, кішіпейілділік танытуға қатысты ескерту айтудан талмады әрі оларға тәлім беруін тоқтатпады (Лұқа 9:46—48; 22:24—27). Ол шәкірттеріне сүйіспеншілік танытып, олардың аяғын жуды, осылайша кішіпейілділіктің керемет үлгісін көрсетті. Қауым ақсақалдары да Исаға еліктеп кішіпейілділік танытулары қажет (Жохан 13:12—15 оқы; Пет. 1-х. 2:21).

9. Иса елшілерінің көзқарасын қалай түзетті?

9 Исаның бағушылардың атқаратын рөліне қатысты көзқарасы Жақып пен Жохандікінен мүлдем өзгеше еді. Бұл екі елші Патшалықта құрметті орынға ие болғысы келді. Алайда Иса олардың көзқарасын түзету үшін былай деді: “Билеушілер қол астындағы халықтарды билеп-төстейтінін, ұлықтары да оларға қатаң әмір жүргізетінін білесіңдер. Ал сендердің араларыңда бұлай болмау керек, қайта, кім ұлы болғысы келсе, сол сендерге қызметші болуы тиіс” (Мат. 20:25, 26). Иә, елшілер бауырластарын билеп-төстеуге деген бейімділіктерімен күресулері қажет еді.

10. Иса ақсақалдардың отарға қалай қарағанын қалайды және бұл орайда Пауыл қандай үлгі қалдырды?

10 Иса ақсақалдардың өзі сияқты кішіпейіл болғанын қалайды. Ақсақалдар бауырластардың қожайындары емес, қызметшілері сияқты әрекет етуге дайын болулары керек. Елші Пауыл да кішіпейіл болған. Ол Ефестегі ақсақалдарға: “Азия аймағына аяқ басқан күннен бастап араларыңда жүріп не істегенімді сендер жақсы білесіңдер... Кішіпейілділікпен Иемізге құл сияқты қызмет еттім”,— деп айта алған. Сол ақсақалдардың өзгелерге кішіпейілділікпен әрі ынты-шынтыларымен көмектескенін қалаған ол: “Осылай еңбек етіп, әлсіздерге жәрдем беру керектігін... сендерге барлық жағынан көрсеттім”,— деген (Ел. іс. 20:18, 19, 35). Пауыл Қорынттағы мәсіхшілерге олардың “сенімдеріне үстемдік етпейтінін, қайта, қуанышты болулары үшін” олармен қызметтесіп жүргенін айтқан (Қор. 2-х. 1:24). Иә, Пауыл кішіпейіл болу мен аянбай еңбек етуге қатысты жақсы үлгі қалдырды.

“ШЫНАЙЫ СӨЗДЕРДЕН АУЫТҚЫМА”

11, 12. Ақсақалдар бауырластарға шешім қабылдауға қалай көмектесе алады?

11 Ақсақал “тәлім бергенде, шынайы сөздерден ауытқымауы керек” (Тит. 1:9). Ақыл-кеңес бергенде олардың “жұмсақтық” танытқандары дұрыс (Ғал. 6:1). Жақсы бағушы қауымдағы бауырластарын қандай да бір нәрсені істеуге күштеудің орнына, олардың жүректеріне әсер етуге тырысады. Мысалы, маңызды шешім қабылдауға көмектесу үшін ақсақал бауырластың назарын кейбір Киелі кітап принциптеріне аударуы не әдебиеттеріміздегі соған қатысты мақалаларды бірге қарастыруы мүмкін. Сондай-ақ оны әрбір шешімнің Ехобамен қарым-қатынасына қалай әсер ететіні жайлы ойлануға талпындыратын шығар. Бұған қоса, шешім қабылдамас бұрын Құдайдан басшылық сұрап дұға етудің қаншалықты маңызды екенін бауырластың есіне салар (Нақ. с. 3:5, 6). Бауырласпен осы жайттарды талқылағаннан кейін, ақсақал оның өзіне шешім қабылдауға мүмкіндік береді (Рим. 14:1—4).

12 Ақсақалдар басшылықты тек Киелі кітапқа негіздеп бере алады. Сондықтан да олардың Киелі кітапты шеберлікпен қолданғандары және сонда айтылғандарды берік ұстанғандары  өте маңызды. Осылай істегендерінің арқасында ақсақалдар өздеріне берілген билікті теріс қолданудан аулақ болады. Түптеп келгенде, отардағылар олардың меншігі емес, әрбір бауырлас қабылдаған шешімдері үшін Ехоба мен Исаға есеп береді (Ғал. 6:5, 7, 8).

“ОТАРҒА ҮЛГІ-ӨНЕГЕ БОЛЫҢДАР”

Ақсақалдар үй ішіндегілеріне қызметке дайындалуға көмектеседі (13-абзацты қара)

13, 14. Ақсақалдар отарға қай жағынан үлгі болулары керек?

13 Елші Петір ақсақалдарға қауымдағы бауырластарын билеп-төстемеуді ескерткеннен кейін, оларды “отарға үлгі-өнеге болуға” шақырған (Пет. 1-х. 5:3). Ақсақалдар отарға қалай үлгі бола алады? “Бақылаушы міндетіне ұмтылған” ер бауырластардың қандай екі талапқа сай болу керектігін қарастырайық. Біріншіден, ол “есті” болуы керек. Бұл дегеніміз ер бауырластың Жазбалардағы принциптерді жете түсінуі және оларды өз өмірінде қолдана білуі қажет дегенді білдіреді. Ондай адам қиын жағдайға тап болғанда сабыр сақтайды және шешім қабылдамас бұрын жақсылап ойланады. Екіншіден, ол “отбасына жақсы басшылық етуі” қажет. Отбасы бар ақсақал әке және отағасы ретінде жақсы үлгі көрсетуі керек, өйткені “адам өз отбасына басшылық етуді білмесе, қалайша Құдай қауымын қамқорлай алады?” (Тім. 1-х. 3:1, 2, 4, 5). Қауымдағы бауырластар осындай талаптарға сай келетін ақсақалдарға сенім артуға дайын.

14 Сондай-ақ ақсақалдар уағыз ісінде жетекшілік ету арқылы бауырластарға үлгі көрсетеді. Осы орайда Иса қауым бақылаушыларына жақсы үлгі қалдырған. Иса үшін Патшалық жайлы ізгі хабарды жариялау жердегі қызметінің маңызды бөлігі болған. Ол шәкірттеріне осы істі қалай атқару керектігін көрсетті (Мар. 1:38; Лұқа 8:1). Бүгінде жариялаушылар ақсақалдармен иық тіресе уағыздап, олардың өмірді құтқаратын хабарды құлшыныспен жариялайтындарын көргенде және олардың уағыздау тәсілдерін үйренгенде, зор жігер алады. Бақылаушылардың тығыз күн тәртібіне қарамастан, уақыттары мен күштерін ізгі хабарды уағыздауға арнап, қызметке белсене атсалысқандары бүкіл қауымның құлшынысын арттырады. Бұған қоса, ақсақалдар қауым кездесулеріне дайындалып барып, түсініктеме беру арқылы және Патшалық сарайын тазалау мен жөндеу сияқты істерге атсалысу арқылы бауырластарға жақсы үлгі бола алады (Ефес. 5:15, 16; Еврейлерге 13:7 оқы).

Ақсақалдар уағыз ісінде үлгі көрсетеді (14-абзацты қара)

“ӘЛСІЗДЕРДІ ҚОЛДАҢДАР”

15. Ақсақалдар не себепті бақташылық сапар жасауы мүмкін?

15 Жақсы бағушы жараланған не ауырып қалған қойға тез арада көмек көрсетуге тырысады. Сол сияқты ақсақалдар да қауымдағы қиналып жүрген не рухани көмекке мұқтаж болған кез келген бауырласқа көмектесуге асық болулары қажет. Жастары келген  және сырқаттанып қалған бауырластар күнделікті тұрмыста қандай да бір көмекті қажет еткенмен, олар әсіресе рухани көмек пен жігерге мұқтаж болады (Сал. 1-х. 5:14). Ал жас бауырластар “жастық шаққа тән қалаулармен” күресіп жүрген шығар (Тім. 2-х. 2:22). Ақсақалдар осындай бауырластарға көмектесу үшін бақташылық сапар жасап, олардың жағдайын түсінуге тырысады және Жазбалардағы жігерлендіретін сөздермен бөліседі әрі кеңес береді. Бауырластарға дер кезінде көмек көрсетілсе, көп қиындықтың алдын алуға болады.

16. Қауымда қандай да бір бауырлас рухани көмекке мұқтаж болса, ақсақалдар оған қалай көмектесе алады?

16 Ал бауырлас қандай да бір үлкен қиындыққа кезігіп, бұл оның рухани күйіне қауіп төндірсе ше? Бұған қатысты Жақып былай деген: “Араларыңдағы біреу ауырып қалды ма? Онда қауым ақсақалдарын шақырсын. Олар Ехобаның атынан оған май жағып, дұға етсін. Сеніммен айтылған дұға науқасты сауықтырып, Ехоба оны аяққа тұрғызады. Егер күнә жасаған болса, онысы кешіріледі” (Жақ. 5:14, 15). Рухани ауырып қалған бауырлас “қауым ақсақалдарын шақырмаса” да, ақсақалдар сол бауырластың қандай күйде екенін біле салысымен оған тез арада көмекке келулері керек. Ақсақалдар қиындық көріп жүрген бауырластармен бірге дұға етіп, оларға қолдау көрсету арқылы өздеріне сеніп тапсырылған бауырластарды рухани сергітіп, жігерлендіре алады (Ишая 32:1, 2 оқы).

17. Ақсақалдардың “ұлы бағушыға” еліктегені қандай нәтиже әкеледі?

17 Ақсақалдар Ехобаның ұйымында не істесе де, “ұлы бағушы” Иса Мәсіхке еліктеуге тырысады. Жауапкершілікті сезінетін осындай ер бауырластардың көмегі отарға зор пайдасын тигізеді әрі олардың рухани өркендей түсуіне себепші болады. Әрине, осының барлығы үшін қауымдағы бағушыларға да, қамқор Бағушымыз Ехобаға да алғысымыз шексіз!