Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАҢЫЗ

“Міне, бәрін де жаңадан жаратып жатырмын”

“Міне, бәрін де жаңадан жаратып жатырмын”

Өзіңіздің және отбасыңыздың денсаулығы мықты болып, ұзақ өмір сүргенін қалайсыз ба? Ауру, қайғы-қасірет пен өлім болмайтын дүниеде өмір сүргіңіз келе ме? Мұндай өмір жай қиял емес. Әділдік орнаған жаңа дүние шынымен де келеді, өйткені мұны Ехоба Құдайдың өзі ниет еткен. Аян 21:3—5 (оқыңыз) тармақтарда Құдайдың осы ниетінің қалай орындалатыны сипатталған. Осы пайғамбарлық сөздерге назар аударайық.

“Құдай олардың көздеріндегі әрбір жасты сүртіп тастайды” (Аян 21:4). Ол қандай жасты сүртіп тастайды? Бұл қуаныштан көзге алатын немесе көзімізді құрғап қалудан сақтайтын жас емес. Құдайдың бұл уәдесі қайғы-қасірет пен күйініштің кесірінен болатын көз жасына нұсқайды. Құдай мұндай жастарды жай ғана сүртіп қоймайды, оларды мүлдем болдырмайды. Өйткені ол қайғырып жылауымызға түрткі болатын себептерді жояды.

“Енді қайтып өлім... болмайды” (Аян 21:4). Адамзаттың жауы өлім қайғырып жылауымыздың бірден-бір себебі емес пе? Ехоба мойынсұнғыш адамдарды өлімнің құрсауынан босататын болады. Қалай? Ол мұны өлімнің түпкі себебін, яғни Адам атадан мұра еткен күнәні жою арқылы істейді (Римдіктерге 5:12). Ехоба мойынсұнғыш адамдарды Исаның төлем құрбандығының негізінде кемелділікке жеткізеді *. Сосын соңғы жау, өлім, “жойылады” (Қорынттықтарға 1-хат 15:26). Әділ адамдар Құдай о баста ниет еткендей, кемелді денсаулыққа жетіп, мәңгі өмір сүретін болады.

“Ауру болмайды” (Аян 21:4). Қандай ауру болмайды? Күнә мен кемелсіздіктің кесірінен туындаған әрі миллиондаған адамдарды бақытсыз ететін психикалық, эмоциялық және тәндік аурулардың ешқайсысы да болмайды.

Көз жасы, өлім мен ауру болмайтын дүние жуырда орнайды. Бәлкім, сіз “мұндай өмір қайда болады?” деп сұрарсыз. Құдайдың бұл уәдесі көкте емес, жер бетінде орнайды. Бұлай деуге екі себеп бар. Біріншіден, бұл пайғамбарлық “Құдайдың шатыры адамдар арасында” деген сөздермен басталады, ал адамдар жерде өмір сүреді (Аян 21:3). Екіншіден, бұл уәде “енді қайтып өлім болмайтын” дүниеге қатысты, яғни бір кездері өлім болған, бірақ бұдан былай өлім атаулы болмайтын дүниеге қатысты айтылған. Өлім көкте ешқашан болған емес, ал жерде ғасырлар бойы орын алып келеді. Олай болса, Құдайдың керемет өмір жайлы уәдесі жер бетінде жүзеге асатыны анық.

Құдай қайғы-қасіреттің кесірінен көл болып ағатын көз жасымызды сүртіп тастайды

Ехоба Құдай біздің әділдік орнаған жаңа дүниенің келетініне қатысты берген уәдесіне сенгенімізді қалайды. Болашақта орнайтын баталарды сипаттай келе, Құдай өз уәдесінің міндетті түрде жүзеге асатынын растап: “Міне, бәрін де жаңадан жаратып жатырмын!.. Бұл сөздер сенуге тұрарлық әрі шынайы”,— деген болатын (Аян 21:5). Сізді өзіңіздің және сүйікті жақындарыңыздың Құдайдың осы уәдесінің орындалғанын көру үшін не істеу керектігі жайлы білуге шақырамыз.

^ абзац 5 Иса Мәсіхтің төлем құрбандығы жайлы көбірек білу үшін, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 5-тарауын қараңыз.