Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ӨЛІММЕН БӘРІ БІТЕ МЕ?

Адамзаттың өліммен күресуі

Адамзаттың өліммен күресуі

ИМПЕРАТОР ЦИНЬ ШИХУАНДИ

ЗЕРТТЕУШІ ХУАН ПОНСЕ ДЕ ЛЕОН

Өлім — адам баласының ең қорқынышты жауы. Біз онымен бар күшімізді салып күресеміз. Жақын адамымыз өмірден өткенде, бұл ащы шындықты қабылдағымыз келмеуі мүмкін. Я болмаса күш-қуатымыз тасыған жастық шағымызда бұл жаумен ешқашан беттеспейміз деп ойлап, өз-өзімізді алдауымыз мүмкін.

Ежелде перғауындар өлместікке қол жеткізу үшін барын салған. Олар өздерінің де, мыңдаған қызметшілерінің де өмірлерінің көп бөлігін өліммен күресуге арнаған. Олардың соққан пирамидалары мәңгі өмірді іздегендерінің әрі мұның ешқандай нәтиже әкелмегенінің дәлелі болып табылады.

Қытайдың императорлары да өлместікке ие болуды армандаған. Бұған қол жеткізу үшін олар мәңгі өмір сыйлайтын сиқырлы сусынды іздеген. Император Цинь Шихуанди алхимиктерінен өлімнен сақтайтын сиқырлы тұнбаны жасап шығаруды талап еткен. Бірақ олардың ойлап тапқан тұнбаларының көбісінің құрамында улы сынап болғандықтан, император солардың бірін ішіп, мерт болғанға ұқсайды.

XVI ғасырда испан зерттеушісі Хуан Понсе де Леон жастықтың қайнар бұлағын іздеп, Кариб теңізін жүзіп өткен деседі. Сол жерде ол АҚШ-тың Флорида штатын ашады. Алайда бірнеше жылдан кейін ол байырғы американдықтармен шайқаста қаза болады. Сөйтіп, ешқандай да жастықтың қайнар бұлағын таба алмайды.

Көріп отырғанымыздай, ежелде перғауындар, императорлар мен зерттеушілер өлімді жеңгісі келген. Бұл адамдардың амал-тәсілдері тиімсіз болғанын білсек те, олардың ұмтылған мақсатына қай-қайсысымыз да қол жеткізгіміз келеді емес пе?! Иә, жүрегіміздің түбінде бәріміз де өлмес өмірге ие болғымыз келеді.

ӨЛІМДІ ЖЕҢУ МҮМКІН БЕ?

Неліктен біздің өлгіміз келмейді? Киелі кітапта мұның себебі жазылған. Онда Жаратушымыз Ехоба * Құдай жайлы былай делінген: “Ол бәрін өз уақытында тамаша етіп жаратты. Ол тіпті адамның жүрегіне мәңгілікті салды” (Уағыздаушы 3:11 ЖД). Шынында да, біз өмірдің рақатын тек 80—90 жасқа дейін ғана емес, мәңгілік бойы көргіміз келеді (Забур 89:10). Бұл — біздің жүрегіміздің қалауы.

Неге Құдай жүрегімізге “мәңгілікті” салған? Өмірден көңілімізді қалдыру үшін бе? Бұл ақылға сыймайды. Құдай бізге өлімнің жеңілетінін уәде етеді. Киелі кітапта өлімнің біржолата жойылатыны және Құдайдың бізге мәңгілік өмір сыйлайтыны жайлы жиі айтылады ( “Өлім жойылады” деген қоршауды қараңыз.).

Иса пайғамбар: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін өзің, яғни жалғыз шынайы Құдай және өзің жіберген Иса Мәсіх туралы білім ала беру керек”,— деп анық айтқан (Жохан 17:3). Иә, өлімді жеңіп шығу мүмкін. Алайда Иса пайғамбар айтып кеткендей, бұл тек Құдайдың көмегімен ғана мүмкін болмақ.

^ 9-абзац Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.