Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП

Дүниені дүр сілкіндірген соғыс

Дүниені дүр сілкіндірген соғыс

Осыдан бір ғасыр бұрын миллиондаған жас жігіт жылы ұяларын тастап, соғысқа аттанды. Кеңінен насихатталған патриоттық сезімнің жетегіне ерген бұл жігіттер соғысқа қатысуға зор құлшыныс танытты. 1914 жылы әскерге өз еркімен қосылған бір американдық сарбаз: “Алда күтіп тұрған тамаша күндерді ойласам, көңілім толқып, өзімді бақытты сезінемін”,— деп жазған.

Алайда көп ұзамай олардың құлшынысы қайғы-мұңға айналды. Қаптап келген әскерлердің Бельгия мен Франция жерінде жылдар бойы шайқасатынын ешкім де болжап білмеген еді. Сол уақыттары адамдар бұл соғысты “Ұлы соғыс” деп атаған болатын. Ал бүгінде ол Бірінші дүниежүзілік соғыс деген атаумен белгілі.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың “ұлы” деп аталуына сол соғыста көп адамның зардап шеккені себеп болған еді. Кейбір есептеулерге сай, шамамен 10 миллион адам өлім құшып, 20 миллионы жараланды. Бұл соғыс үлкен қателіктердің кесірінен болған еді. Еуропаның беделді саясаткерлері халықаралық шиеленістің дүниежүзілік соғысқа ұласуына тосқауыл қоя алмады. Ал ең сорақысы, “Ұлы соғыс” дүниенің астан-кестенін шығарды. Бұл соғыстың дүниені өзгерткені сонша — біз оның зардабын әлі күнге дейін көрудеміз.

ҮМІТТІҢ КҮЛІН КӨККЕ ҰШЫРҒАН ҚАТЕЛІКТЕР

Бірінші дүниежүзілік соғыс қате есеп жасаудың кесірінен басталған болатын. Бір еңбекке сай, Еуропа көсемдерінің 1914 жылдың жазындағы әрекеті “ұйқысырап жүрген адамның қауіпті жерге аңдамай аяқ басқанындай” болды. Олар қабылдаған шешімдерінің дүниежүзілік апатқа әкеп соғатынын өздері де білмеді (“The Fall of the Dynasties—The Collapse of the Old Order 1905—1922”).

Еуропаның барлық ірі державаларының бірнеше апта ішінде өздері қаламаған соғысқа кірісуіне Австрия тағының мұрагерінің өлтірілуі түрткі болды. Соғыс қимылдары басталған соң бірнеше күннен кейін әлдекім Германия канцлерінен: “Бұл қалай болды?”— деп сұрағанда, ол күрсініп: “Кім біледі дейсің?”— деп жауап берген еді.

Көсемдер қабылдаған маңызды шешімдерінің зардабы қандай болатынын білмеді. Бірақ окопта жатқан сарбаздар көп ұзамай ащы шындықты түсінді. Саясаткерлер олардың үміттерін ақтамады, дінбасылар адастырды, ал әскербасылар сатқындық жасады. Қалайша?

Саясаткерлер олардың үміттерін ақтамады, дінбасылар адастырды, ал әскербасылар сатқындық жасады

Саясаткерлер соғыстың жаңа әрі жақсырақ өмірге жол ашатынын уәде етті. Германия канцлері былай деп жариялады: “Біз тыныш заманда еткен еңбегіміздің жемісін көру үшін және өткен ұрпақтан қалған мұрамыз бен жарқын болашақ үшін соғысып жатырмыз”. Американың президенті Вудро Вильсон болса соғыс “демократияға кең жол ашады” деген ұранның тарауына үлес қосты. Ал Британия халқы бұл “соғысты тоқтататын соғыс” болады деп күтті. Бірақ сол адамдардың барлығы қателескен еді.

Дінбасылар соғысты бар ынты-шынтыларымен қолдады. Осыған қатысты бір еңбекте былай делінген: “Дінбасылар Құдай Сөзін үйретудің орнына халықты соғысқа қатысуға талпындырды. Жаппай соғыс жаппай жеккөрушілікке әкеп соқты” (“The Columbia History of the World”). Ал “Мәсіхшілердің тарихы” атты кітапта “дінбасылардың мәсіхшілік сенімді ұлтшылдықтан жоғары қоюға дәрменсіз әрі көбіне ықылассыз болғандары” жазылған. “Олардың көбісі осы жағдайдан шығудың оңай жолын тауып, мәсіхшілікті патриотизммен тең санады. Түрлі ағымдағы мәсіхші сарбаздар Мәсіхтің атымен бір-бірін өлтіруге шақырылды” (“A History of Christianity”).

Әскербасылар сарбаздарды тез әрі оңай жеңіске жетеміз деп сендірген еді, бірақ бұлай болмай шықты. Көп ұзамай бір-бірімен қарсыласқан әскерлер тығырыққа тіреліп, шарасыз күй кешті. Бір тарихшы миллиондаған сарбаздың “тәндік әрі эмоциялық жағынан ең ауыр азапқа” ұшырағанын айтады. Сарбаздардың шетінен қырылып жатқанына қарамастан, әскербасылар оларды тікенді сымнан жасалған қоршаулардан өтуге және пулемёттерден бораған оқтың астына күштеп жіберіп отырды. Мұның нәтижесінде сарбаздар жер-жерде көтеріліске шыға бастады.

Бірінші дүниежүзілік соғыс адамзат қоғамына қалай әсер етті? Бір тарихи еңбекте соғыс ардагерінің келесі сөздері келтірілді: “Соғыс сол ұрпақтың ой-санасы мен мінез-құлқын бұзды”. Соғыстың кесірінен білдей державалар жоқ болып кетті. Бұл үлкен қақтығыс бұрын-соңды болмаған қанды ғасырдың бастамасы болды. Төңкерістер мен ереуілдер болса кәдімгі жайтқа айналып кетті.

Дүниені дүр сілкіндірген бұл соғыстың артында шын мәнінде кім тұр? Бұл жай кездейсоқтықтың салдарынан болды ма? Осы сұрақтардың жауабынан болашағымыз туралы не білеміз?