Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Киелі кітап. Сұрақтар мен жауаптар

Киелі кітап. Сұрақтар мен жауаптар

Киелі кітап шынымен Құдай Сөзі ме?

Сіз Құдайдан келген кітап ерекше болу керек деп ойлайтын шығарсыз. Киелі кітап — шын мәнінде сондай кітап. Ол жүздеген тілде, миллиардтаған данамен басып шығарылды. Киелі кітаптағы дана кеңестер өмірімізді жақсы жаққа өзгертуге көмектесе алады (Салоникалықтарға 1-хат 2:13; Тімөтеге 2-хат 3:16 оқыңыз).

Киелі кітаптағы болашаққа қатысты алдын ала айтылған жайттардың дәл орындалуы оның Құдайдан келген кітап екенін дәлелдейді. Мұның ешбір адам баласының қолынан келмейтіні анық. Мысалы, Ишая пайғамбардың жазбасындағы ежелгі Бабыл (Вавилон) қаласына қатысты сөздерді қарастырайық. Бұл жазбаның б. з. б. ІІ ғасырда жасалған көшірмесі Өлі теңіздің жанындағы үңгірде табылды. Онда Бабыл қаласының қаңырап, елсіз жерге айналатыны алдын ала айтылған болатын. Бұл сөздер Ишая жазбасының көшірмесі жасалғаннан кейін бірнеше ғасыр өткен соң орындалды (Ишая 13:19, 20; Петірдің 2-хаты 1:20, 21 оқыңыз).

Киелі кітап қалай жазылды?

Киелі кітап шамамен 1600 жылдан аса уақыт бойы жазылды. Оны 40-қа жуық кісі жазған және олар бір ғана тақырыпты өрбіткен. Олардың жазбаларының арасында ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Бұл қалай мүмкін болды? Оларға Құдай жетекшілік еткен (Патшалықтар 2-жазба 23:2 оқыңыз).

Кейде Құдай Киелі кітап жазушыларына періштелері арқылы сөйлеген, аян көрсеткен және түс берген. Көп жағдайда Құдай өз ойын олардың саналарына салып, ал соны жеткізу үшін қандай сөздерді қолдану керектігін өз еріктеріне қалдырған (Аян 1:1; 21:3—5 оқыңыз).