Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба — Қамқоршымыз әрі Қорғаушымыз

Ехоба — Қамқоршымыз әрі Қорғаушымыз

“Себебі Жаратқан Ие былай деп айтқан: “Өзімді сүйгенді Мен құтқарып аламын, Өзімді мойындағанды қорғайтын боламын” (ЗАБ. 90:14).

1, 2. Отбасылық жағдайымыз бен шындыққа келуіміз қалай өзгешеленеді?

ЕХОБА ҚҰДАЙ отбасы атаулыға бастау берген (Ефес. 3:14, 15). Бір отбасының мүшелері болса да, үй ішіндегілердің мінездері мен жағдайлары әртүрлі болуы мүмкін. Сондай-ақ кей адамдар ересек болғанға дейін ата-анасымен бірге тұрса, басқалары аурудың, апаттың я өзге жағдайлардың кесірінен ата-анасын жоғалтқан болуы ықтимал. Ал кейбіреулері тіпті туған әке-шешесі кім екенін де білмейді.

2 Бәріміз Ехобаның үлкен отбасының бір мүшесі болсақ та, шындықты әртүрлі жолмен білдік. Бәлкім, сен шындықта өсіп, ата-анаң саған Құдайдың принциптеріне сай өмір сүруді үйреткен болар (Заң. қ. 6:6, 7). Я болмаса сен шындықты Ехобаның қызметшілерінен естіген мыңдаған адамның бірі шығарсың (Рим. 10:13—15; Тім. 1-х. 2:3, 4).

3. Бәрімізге қандай жайттар ортақ?

3 Айтылып өткен өзгешеліктерге қарамастан, бәрімізге ортақ біршама жайттар бар. Адам атаның тілазарлығының кесірінен біз кемелсіздікті, күнә мен өлімді мұра еттік (Рим. 5:12). Десе де шынайы қызметшілері ретінде Ехобаны “Әкеміз” дей аламыз. Ежелде Құдайдың таңдаулы халқы Ехобаға: “О, Жаратқан Ие, Сен рухани Әкемізсің”,— деген (Ишая 64:8). Иса  да үлгілі дұғасын: “Көктегі Әкеміз, сенің есімің киелі тұтылсын”,— деген сөздермен бастаған (Мат. 6:9).

4, 5. Көктегі Әкемізге деген ризашылығымызды арттыру үшін біз қандай жайттарды қарастырамыз?

4 Көктегі Әкеміз өзінің атын атап шақыратын қызметшілеріне қажет кезінде қорғаныш болып, қамқорлық көрсетеді. Ехоба забур жыршысы арқылы былай деген: “Өзімді сүйгенді Мен құтқарып аламын, Өзімді мойындағанды қорғайтын боламын” (Заб. 90:14). Иә, сүюші Ехоба Құдай өз қызметшілерін жаулардың қолынан қорғайды. Осының арқасында олар жойылудан аман.

5 Көктегі Әкемізге деген ризашылығымызды арттыру үшін келесі үш маңызды жайтты қарастырайық: 1) Ехоба Әкеміз — біздің Қамқоршымыз, 2) Қорғаушымыз және 3) жақын Досымыз. Осы жайттарды қарастыру барысында Ехобамен қарым-қатынасымыз жайлы және көктегі Әкемізді қалай мадақтай алатынымыз жайлы ойланайық. Сондай-ақ Ехобаға жақындайтын адамдарға оның беретін баталары туралы да ой жүгіртейік (Жақ. 4:8).

ЕХОБА — ҰЛЫ ҚАМҚОРШЫ

6. Ехоба барша “игі сыйдың” берушісі екенінің қандай бір дәлелі бар?

6 Шәкірт Жақып: “Игі де кемелді сыйдың бәрі көктен, аспан шырақтарын жаратқан Әкеден келеді”,— деп жазған (Жақ. 1:17). Өмір — Ехобадан келген керемет сый (Заб. 35:10). Оны Ехобаның еркін орындауға арнасақ, қазірдің өзінде көл-көсір батаға кенеліп, ал болашақта мәңгілік өмірге ие боламыз (Нақ. с. 10:22; Пет. 2-х. 3:13). Алайда Адам атадан кемелсіздікті, күнә мен өлімді мұра еткен біз үшін бұл мүмкін бе?

7. Адамдар өзімен жақын қарым-қатынаста болу үшін Ехоба қалай бірінші болып қадам жасады?

7 Ехоба өзінің Ұлы Қамқоршы екенін сан жетпейтін жолмен көрсетеді. Мысалы, оның рақымдылық қасиеті бізді құтқаруға қозғау салады. Біз бәріміз де күнәкармыз әрі түп атамыздан кемелсіздікті мұра еттік (Рим. 3:23). Соған қарамастан Ехоба сүйіспеншілік танытып, онымен жақын қарым-қатынаста болуымыз үшін бірінші болып қадам жасады. Елші Жохан былай деген: “Құдай бізге деген сүйіспеншілігін былай көрсетті: жалғыз Ұлын осы дүниеге жіберді. Осылайша сол арқылы өмірге ие болуымызға жол ашты. Бұл сүйіспеншіліктің мәні мынада: Құдайды сүйген біз емес, қайта, ол бізді сүйді, сондықтан күнәларымыз үшін Ұлын өзімен татуластыратын құрбандық ретінде жіберді” (Жох. 1-х. 4:9, 10).

8, 9. Ыбырайым мен Ысқақтың заманында Ехоба өзінің Ұлы Қамқоршы екенін қалай көрсетті? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

8 Б. з. б. шамамен 1893 жылы пайғамбарлық мәні бар бір оқиға орын алды. Бұл оқиғадан біз Ехобаның мойынсұнғыш адамдарға мәңгілік өмір беру үшін үлкен қамқорлық жасағанын көреміз. Еврейлерге 11:17—19 тармақтарда былай делінген: “Сенімі болғандықтан Ыбырайым сыналғанда, Ысқақты құрбандыққа шалды деуге болады. Иә, уәделерді қуанышпен қабылдаған сол кісі жалғыз ұлын құрбандыққа бермек болды. Ал оған болса: “Уәде етілген “ұрпақ” Ысқақтан шығады”,— делінген еді. Ыбырайым ұлын өлімнен қайта тірілтуге Құдайдың құдіреті жетеді деп есептеді, әрі оны өлімнен қайтарып алды да. Ал мұның астарлы мағынасы бар еді”. Ыбырайымның өз ұлын Ысқақты құрбандыққа шалуға дайын болғаны сияқты, Ехоба да бүкіл адамзатты құтқару үшін өз Ұлын Иса Мәсіхті дайындықпен құрбан етті (Жохан 3:16, 36 оқы).

9 Өмірін құрбан етудің қажеті жоқ екенін білгенде, Ысқақтың не сезінгенін елестетіп көрші. Төңіректегі бұтаның ішінде шырмалып қалған қошқарды өзінің орнына құрбандыққа бергені үшін оның Ехобаға риза болғанында дау жоқ (Жар. 22:10—13). Ыбырайымның сол  жерді неліктен “Жаратқан Ие қажетіңді береді” деп атағаны айтпаса да түсінікті (Жар. 22:14).

ТАТУЛАСТЫРУ ҮШІН ЖАСАЛҒАН ШАРА

10, 11. “Татуластыру қызметін” кімдер бастап келеді және бұл қызметті олар қалай атқаруда?

10 Ехобаның Ұлы Қамқоршы екені жайлы ой жүгірткенде, біз келесі жайтты түсінеміз: Иса Мәсіхтің құрбандығы болмаса, Ехобамен дос бола алмас едік. Елші Пауыл былай деп жазған: “Мынадай қорытындыға келдік: бір адам бәрінің игілігі үшін өлді, себебі бәрі өлген еді. Оның бәрі үшін өлгендегі мақсаты — өмір сүріп жатқандар енді өздері үшін емес, өздерінің игілігі үшін өліп, қайта тірілген Мәсіх үшін өмір сүрулері” (Қор. 2-х. 5:14, 15).

11 Құдайды сүйгендіктен және оған қызмет ету мәртебесін аса жоғары бағалағандықтан, ертедегі мәсіхшілер “татуластыру қызметін” атқаруға қуана келіскен. Бұл қызмет уағыздау мен шәкірт дайындау ісі еді. Соның арқасында ақжүрек адамдарға Құдаймен татуласуға, онымен дос болуға, ақырында, оның рухани балалары болуға жол ашылды. Бүгінгі таңда Ехобаның майланған қызметшілері Құдай мен Исаның өкілдері ретінде осы қызметті атқаруда. Олардың қызметі Ехобаға ақжүрек те момын адамдарды өзіне тартуға және оның қызметшісі болуға жағдай жасайды (Қорынттықтарға 2-хат 5:18—20 оқы; Жох. 6:44; Ел. іс. 13:48).

12, 13. Ехобаның беріп жатқан көптеген игі нәрселеріне ризалығымызды қалай көрсете аламыз?

12 Ехобаның қамқорлығына ризалық сезінгендіктен, жерде мәңгі өмір сүруге үміттенетін барлық мәсіхшілер майланғандармен бірге Патшалық хабарын уағыздап жүр. Осы істе біз Ехобаның қамқорлықпен берген басқа бір керемет сыйын — Киелі кітапты қолданамыз (Тім. 2-х. 3:16, 17). Құдайдың рухтандырылған Сөзін қызметімізде шебер қолдану арқылы адамдарға мәңгілік өмірге ие болуға мүмкіндік береміз. Ал осы уағыз ісінде бізге көмектесу үшін Ехоба тағы басқа жағынан қамтамасыз етеді: ол киелі рухын береді (Зәк. 4:6; Лұқа 11:13). Осының арқасында қызметте қандай тамаша нәтижеге қол жеткізіп жатқанымызды “Ехоба куәгерлерінің жылнамасынан” оқып жүрміз. Уағыздау арқылы Әкеміз әрі Қамқоршымыз Ехобаны мадақтау біз үшін зор мәртебе емес пе?!

13 Құдайдың бізге беріп жатқанының барлығын ойда ұстай отырып, өзімізді былай деп тексергеніміз жақсы: “Ехобаның қамқорлығына өте риза екенімді көрсету үшін қызметте қолымнан келгеннің бәрін істеп жүрмін бе? Уағыз ісінде шеберлігімді қалай арттыра аламын?” Егер Құдайдың керемет сыйларына риза болсақ, Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоятын боламыз. Сонда Ехоба қажетіміздің бәрін береді (Мат. 6:25—33). Ехоба бізді жақсы көргендіктен, оған ұнамды болуға барынша тырысып, жүрегін қуантқымыз келетіні даусыз (Нақ. с. 27:11).

14. Қалайша Ехоба өз халқы үшін Құтқарушы болып келеді?

14 Забур жыршысы Дәуіт былай деп жырлаған: “Мен жарлымын, мұқтаждықта жүрмін, Уа, Ием, Сен жағдайымды ойлайсың. Қолдаушым да құтқарушым Өзіңсің” (Заб. 39:18). Ехоба әрдайым өз қызметшілерін топ ретінде, әсіресе олар жауларының тарапынан қатты қуғын-сүргін көргенде құтқарып отырды. Бүгінде де Ехобаның қиын сәттерде қасымыздан табылып, рухани көмек көрсетіп жатқаны үшін алғысымыз шексіз емес пе?!

 ЕХОБА — ҚОРҒАУШЫ

15. Сүюші әке баласын қалай қорғайтынын көрсететін мысал айтып бер.

15 Сүюші әке балаларының қамын ойлап қана қоймай, оларды қорғауға да тырысады. Балаларына қандай да бір қауіп төнгенін байқаса, дереу көмекке келеді. Бір ер бауырлас кішкентай кезінде келесідей жағдайды басынан кешірді. Әкесі екеуі қызметтен үйіне қайтып келе жатқанда, оларға кішігірім өзеннен өту керек болды. Таңертең жаңбыр шелектеп құйғандықтан, өзен арнасынан тасып жатқан еді. Судан өту үшін оларға тастан тасқа секіруге тура келді. Әкесінің алдында келе жатқан баланың аяғы тайып кетіп, суға құлайды. Батып бара жатқан ұлын әкесі екі қолымен иығынан ұстап, құтқарып қалады. Баласы оған қаншалықты риза болды десеңші! Көктегі Әкеміз де бізді осы зұлым дүниедегі тасқын сияқты ағып жатқан қауіптерден және оның билеушісі Шайтаннан қорғайды. Расында да, Ехоба — әлемдегі ең керемет Қорғаушы (Мат. 6:13; Жох. 1-х. 5:19).

16, 17. Исраилдіктер амалектіктерге қарсы соғысқанда, Ехоба оларды қалай қорғады?

16 Б. з. б. 1513 жылы Ехоба исраилдіктерді Мысыр еліндегі құлдықтан босатып, керемет түрде Қызыл теңізден аман өткізгенде, оның қамқор Қорғаушы екені анық көрінді. Кейін исраилдіктер Синай тауына шөл дала арқылы өтіп, Рефідимге жетті.

17 Жаратылыс 3:15-тегі пайғамбарлықты ескерсек, Шайтан қорғансыз болып көрінген исраилдіктердің көзін құртудың амалын іздеп, тыншымаған болса керек. Бірде ол Құдай халқын жаулары болған амалектіктер арқылы құртқысы келді (Ру. сан. 24:20). Ехоба сенімдері берік Ешуа, Мұса, Һарон және Һұр деген төрт ер адам арқылы не істегенін қарастырып көрейік. Ешуа амалектіктермен соғысып жатқанда, Мұса, Һарон және Һұр сол төңіректегі төбеде болған еді. Мұса қолын көтеріп тұрғанда, исраилдіктер жеңіп жатты. Мұсаның қолы талып кеткенде, Һарон мен Һұр оның қолын сүйемелдеп тұрды. Осылайша Ехобаның көмегі мен қорғанышының арқасында “Ешуа бастаған  сарбаздар... Амалек жасағын күйретті” (Мыс. ш. 17:8—13). Мұса сол жерде құрбандық шалатын орын тұрғызып, оны “Ехоба-нисси” деп атады. Еврей тілінде бұл “Ехоба — белгі берушім” дегенді білдіреді (Мысырдан шығу 17:14, 15 оқы *).

ЕХОБА ШАЙТАННЫҢ ШАБУЫЛДАРЫНАН ҚОРҒАЙДЫ

18, 19. Біздің күндерімізде Ехоба өз қызметшілерін қалай қорғайды?

18 Ехобаны жақсы көріп, мойынсұнатын адамдарды ол қорғап отырады. Рефідимде болған исраилдіктер сияқты біз де жауларымызбен бетпе-бет келгенде, Құдайдың қорғанышына үміт артамыз. Ехоба жиі бізді топ ретінде сақтап, Шайтанның шабуылдарынан қорғайды. Мысалы, бейтараптық сақтаған бауырластарды Құдай талай рет қорғап қалғаны жайлы оқиғалар аз емес. Мұндай жағдайлар 1930 және 1940 жылдардың басында нацистік режим кезінде Германия мен басқа да елдерде орын алған. Қуғын-сүргін кезінде Ехобаның өз қызметшілерін қалай қорғағаны жайлы өмірбаяндар мен “Жылнамадағы” оқиғаларды оқып, ой жүгірткеніміз Ехобаға Панамыз ретінде сенім артуға көмектеседі (Заб. 90:2).

Сынақ кезінде адал болып қалуымыз үшін Ехоба бауырластарды қолданады (18—20 абзацтарды қара)

19 Біз Ехобаның ұйымы мен әдебиеттер арқылы қорғаныш болатын сүйіспеншілікке толы ескертулерді алып жатырмыз. Сондай ескертулердің соңғы жылдары бізге қалай қорған болып келгені туралы ойланып көрейікші. Осы дүниедегі адамдар күннен күнге ішімдіктің, порнография мен азғындықтың былығына белшесінен батып жатқанда, Ехоба бізге уақтылы ескертулер мен тиімді көмек беріп отыр. Соның арқасында біз онымен қарым-қатынасымызды бұзуы мүмкін істерден аулақ жүреміз. Мысалы, жақында біз әлеуметтік желіні бұрыс қолданып, жаман ортаға түсіп кетуден сақтандыратын көктегі Әкемізден кеңес алған едік * (Қор. 1-х. 15:33).

20. Қауым арқылы біз қандай басшылық пен қорғаныш алып жүрміз?

20 Ехобадан “тәлім алып жатқанымызды” қалай көрсете аламыз? Оның өсиеттерін мұқият орындау арқылы (Ишая 54:13). Қауым — қажетті басшылық пен қорғаныш беретін қауіпсіз жер, өйткені ол жерде ақсақал болып қызмет ететін адал ер бауырластар Киелі кітапты қолданып, рухани көмек пен кеңес береді (Ғал. 6:1). Ехоба өзінің аялы қамқорлығын көп жағдайда осы “сый ретінде” берілген адамдар арқылы танытады (Ефес. 4:7, 8). Олар бізге кеңес берсе, оны қалай қабылдауымыз керек? Оларға шын ықыласпен мойынсұнып, бағынатын болсақ, Ехобаның мол батасына кенелеміз (Евр. 13:17).

21. а) Біз не істеуге бел байлауымыз керек? ә) Келесі мақалада қандай сұрақты қарастырамыз?

21 Сонымен, киелі рухтың жетелеуімен жүріп, көктегі Әкеміздің беріп жатқан басшылығына мойынсұнуға бел байлайық. Сондай-ақ Исаның өмірі жайлы ой жүгіртіп, оның теңдесі жоқ үлгісіне еліктеуге тырысуымыз қажет. Ол ақтық демі біткенше мойынсұнғыш болып қалғандықтан, зор сыйға ие болды (Філіп. 2:5—11). Біз де Иса сияқты Ехобаға шын жүректен сенім артсақ, мол батаға кенелеміз (Нақ. с. 3:5, 6). Қамқоршымыз әрі Қорғаушымыз Ехобаға әрдайым үміт артайық. Оған қызмет ету мәртебесі бізге көп қуаныш әкеледі емес пе?! Ехоба қалайша біздің жақын Досымыз болып табылады? Осы сұрақтың жауабын келесі мақалада қарастырған кезде оған деген сүйіспеншілігіміз артатын болады.

^ абзац 17 Мысырдан шығу 17:14, 15 (ЖД): “Ехоба Мұсаға былай деді: “Осы оқиға есте қалу үшін кітапқа жазып қой, ал Ешуаға “мен амалектіктерді жер бетінен біржола жоямын, олар ешқашан еске алынбайтын болады” деген сөзімді жеткіз. Мұса құрбандық орнын тұрғызып, оны Ехоба-нисси деп атады”.

^ абзац 19 Осындай ескертулерді келесі мақалалардан табуға болады: “Интернетті даналықпен қолданыңдар” (“Күзет мұнарасы”, 2011 жыл, 15 тамыз, 3—5 беттер), “Ібілістің тұзақтарынан сақ бол” және “Ібілістің зымиян істеріне тойтарыс бер” (“Күзет мұнарасы”, 2012 жыл, 15 тамыз, 20—29 беттер).