Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Бірінші ғасырдағы яһудилердің Мәсіхті “күтіп жүрулеріне” не себеп болған?

Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның күндерінде халық Мәсіхтің келуін күтіп жүрген болатын. Сондықтан олар Жақия туралы: “Мәсіх осы емес пе екен?”— деп ойлады (Лұқа 3:15). Яһудилер Мәсіхті не себепті сол уақытта күтіп жүрген? Мұның бірнеше себебі бар көрінеді.

Иса туылған соң, Бетлехемнің маңында мал бағып жүрген қойшыларға Ехобаның періштесі көрінді. Періште оларға: “Бүгін Дәуіттің қаласында Құтқарушыларың Мәсіх Ие дүниеге келді”,— деп жариялады (Лұқа 2:8—11). Бұдан кейін періштенің жанында қалың қол іспетті көп періште пайда болды да, Құдайды мадақтап: “Заңғар көктегі Құдай мадақталсын! Жер бетіндегі оның ықыласына ие болғандардың арасында тыныштық орнасын!”— деді * (Лұқа 2:13, 14).

Бұл хабардың осы қарапайым қойшыларға қатты әсер еткені шүбәсіз. Олар бірден Бетлехемге аттанып, Жүсіп пен Мәриямды және олардың нәрестесі Исаны тапқан соң, “періштенің балаға қатысты айтқан хабарын жеткізді”. Сонда “мұны естігендердің бәрі қайран қалды” (Лұқа 2:16—19). “Естігендердің бәрі” деген тіркеске қарағанда, қойшылар бұл туралы Жүсіп пен Мәриямнан басқа да адамдарға айтқан көрінеді. Содан кейін үйлеріне қайтқан қойшылар әрі қарай да “көріп-естігендерінің бәрі өздеріне айтылғандай болып шыққаны үшін Құдайды мадақтады” (Лұқа 2:20). Бұл қойшылардың Мәсіх туралы осы жақсы хабарды іштерінде сақтай алмағандары анық!

Мәриям тұңғыш ұлын Иерусалимдегі ғибадатханаға әкеліп, оны Мұса заңы бойынша Ехобаға бағыштамақ болды. Сол жерде жүрген Анна есімді пайғамбар әйел нәрестені көргенде, “Құдайға ризашылық білдірді және Иерусалимнің құтқарылуын күтіп жүргендердің барлығына бала туралы айта бастады” (Лұқа 2:36—38; Мыс. ш. 13:12). Осылайша Мәсіхтің туылғаны жайлы хабар әрі қарай да жұртқа тарай берді.

Бұдан кейін Иерусалимге шығыстан жұлдызшылар келіп: “Яһудилердің патшасы болатын бала қайда? Шығыста біз оның жұлдызын көріп, оған тағзым етуге келдік”,— деді (Мат. 2:1, 2). Мұны естіген “Ирод патша қатты абыржып, онымен бірге бүкіл Иерусалим халқы мазасызданды. Ол елдің жоғарғы діни қызметкерлері мен заң мұғалімдерінің барлығын жинап алып, Мәсіхтің қай жерде туылуы керектігін сұрады” (Мат. 2:3, 4).  Иә, уәде етілген Мәсіхтің келгені туралы хабарды көп адам естіген еді *.

Жоғарыда келтірілген Лұқа 3:15-ке сай, кейбір яһудилер шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияны Мәсіх болуы мүмкін деп ойлаған. Алайда Жақия бұны жоққа шығарып: “Менен кейін келе жатқан кісі менен құдіретті. Мен оның сандалын шешуге де тұрмаймын. Ол сендерді киелі рухқа және отқа шомылдырады”,— деді (Мат. 3:11). Жақияның кішіпейілділікпен берген жауабы оларды Мәсіхтің келуін одан бетер асыға күтуге талпындырды.

І ғасырдағы яһудилер Мәсіхтің келетін уақытын Даниял 9:24—27 тармақтардағы “70 апта” (ЖД) жайлы пайғамбарлыққа негізделе отырып есептеді ме? Мұны растай да, жоққа шығара да алмаймыз. Өйткені Исаның күндерінде яһудилердің 70 аптаға қатысты түсінігі әртүрлі әрі қарама-қайшылыққа толы болатын. Сол кездегі көзқарастардың ешқайсысы біздің бүгінгі түсінігімізге сай келмейді *.

Мысалы, ессейлер деп аталған яһудилік монахтар сектасы 490 жыл аяқталуға таяғанда екі Мәсіх келеді деп үйреткен. Бірақ олар өз есептеулерін Даниялдың пайғамбарлығына негіздеді ме, жоқ па, бұл жағы белгісіз. Тіпті солай болған күнде де, ел-жұрттан бөлектеніп жүретін бұл сектаның есептеулеріне яһудилердің сене қоюы екіталай еді.

Б. з. ІІ ғасырында кейбір яһудилер пайғамбарлықтағы 70 апта б. з. б. 607 жылы ғибадатхана алғаш рет қирағанда басталып, б. з. 70 жылы ғибадатхана екінші рет қирағанда аяқталды деп сенген. Ал басқалары болса бұл пайғамбарлықтың орындалуын б. з. б. ІІ ғасырдағы Маккавейлердің уақытымен байланыстырған. Бұдан шығатыны — ол кезде пайғамбарлықтағы 70 аптаны қалай есептеу керектігіне қатысты адамдардың түсінігі әртүрлі болған.

Егер І ғасырдағы яһудилер 70 аптаның қай уақытқа нұсқайтынын дұрыс түсінген болса, онда елшілер және І ғасырдағы басқа да мәсіхшілер мұны Исаның уәде етілген Мәсіх ретінде өз уақытында келгенін дәлелдеу үшін қолданар еді. Алайда ертедегі мәсіхшілердің бұлай еткеніне ешқандай дәлел жоқ.

Бір көңіл қоярлық жайт, Ізгі хабардың жазушылары Еврей жазбаларындағы белгілі бір пайғамбарлықтардың Иса Мәсіхтің өмірінде орындалғанын жиі айтып отырған (Мат. 1:22, 23; 2:13—15; 4:13—16). Әйтсе де олардың ешқайсысы Исаның жерге келуін 70 апта туралы пайғамбарлықпен байланыстырмаған.

Сонымен, мынадай қорытынды жасауымызға болады: Исаның замандастары 70 аптаға қатысты пайғамбарлықты дұрыс түсінген деп нақты айта алмаймыз. Алайда, Ізгі хабарлардан көргеніміздей, олардың Мәсіхті “күтіп жүруінің” ақылға қонымды себептері болған.

^ абзац 4 Киелі кітапта Иса туылған кезде періштелердің ән айтқаны айтылмаған.

^ абзац 7 Бәлкім, сенде келесідей сұрақтар туындайтын шығар: “Жұлдызшылар шығыста пайда болған “жұлдызды” не үшін “яһудилердің патшасының” туылуымен байланыстырды? Олар Исаның туылғаны жайлы хабарды жұлдыздың артынан еріп, Исраил жерін аралап жүргенде естіді ме екен?”

^ абзац 9 70 аптаға қатысты бүгінгі түсініктің қандай екенін білу үшін “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” деген басылымның 197—199 беттерін қара.