Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 БІЗДІҢ МҰРАҒАТТАН

Сенімді нығайтқан 100 жыл бұрынғы фильм

Сенімді нығайтқан 100 жыл бұрынғы фильм

“Расселл бауырласқа өзінен гөрі кинодағы Расселл бауырлас көбірек ұқсайды екен!” (1914 жылы “Фотодраманы” көрген кісі.)

МІНЕ, “Жаратылыстың фотодрамасы” атты көшпелі кино көпшілікке алғаш көрсетілгеннен бері 100 жылдың жүзі болды. Бұл киноның арқасында дүйім жұрт Киелі кітаптың Құдай сөзі екеніне көз жеткізді. Эволюция ілімі, сондай-ақ Киелі кітапты сынға алушылар мен скептиктер көп адамның сенімін мұқалтқан сол заманда бұл “Фотодрама” Ехобаның Жаратушы екенін паш етті.

Киелі кітап зерттеушілерінің жетекшісі Чарлз Тейз Расселл Киелі кітаптағы шындықты тез арада әрі ең ұтымды жолмен жариялаудың әдістерін талмай іздеумен болды. Бұған дейін 30 жылдан аса уақыт бойы Киелі кітап зерттеушілері шындықты баспа беттерінде жария етіп келген еді. Енді олар үшін тағы бір әдіс пайда болды. Бұл — көшпелі суреттерді қолдану.

КӨШПЕЛІ СУРЕТТЕРДІҢ КӨМЕГІМЕН ІЗГІ ХАБАРДЫ ТАРАТУ

1890 жылдар көпшіліктің назарына көшпелі үнсіз кино ұсынуымен тарихта қалды. 1903 жылдың басында Нью-Йорк қаласындағы бір шіркеуде діни мағынасы бар фильм көрсетілді. Осылай көшпелі кино индустриясы енді ғана алғашқы қадамдарын жасап жатқан кезде, яғни 1912 жылы, Чарлз Расселл “Фотодраманы” дайындауға білек сыбана кірісті. Киелі кітап шындығын жеткізуде қағаз беттерінің күші жетпеген тұстарын көшпелі кино әлдеқайда әсерлі етіп жеткізетінін Чарлз Расселл жақсы түсінді.

Сегіз сағаттық “Жаратылыстың фотодрамасы” әдетте төрт бөлімге бөлініп көрсетілетін. “Фотодрамадағы” Киелі кітапқа негізделген 96 қысқа лекцияны даусы жұртқа танымал болған атақты диктор оқып шықты. Ал кескіндердің көбісі классикалық әуенмен сүйемелденді. Оператор бауырластар болса дауыс және әуен жазылған күйтабақты фонографқа қойып, дыбысты түрлі-түсті слайдтармен және Киелі кітаптың әйгілі оқиғалары қойылған көшпелі киномен қатар ойнататын.

“Бұл фильм жұлдыздардың жаратылғанынан Мәсіхтің мыңжылдық билігінің шарықтауына дейінгі аралықты толық қамтыды”. 1914 жыл, 14 жасар Ф. Стюарт Барнс

Фильм метраждары мен шыны слайдтардың көбісі коммерциялық студиялардан алынды. Филадельфия, Нью-Йорк, Париж, Лондондағы кәсіби суретшілер шыны слайдтар мен фильм кадрларын рет-ретімен бояп шықты. Бетелдегі Көркемдеу бөлімінің  суретшілері де жарамай қалған слайдтарды қайтадан жөнге келтіріп, көп еңбек сіңірді. Сатып алынған фильм таспаларына қоса, Бетел отбасының мүшелері де Нью-Йорк штатындағы Йонкерс қаласының маңында Ыбырайым мен Ысқақтың, сондай-ақ Ыбырайым өз ұлын құрбандыққа шалғалы жатқанда пайда болған періштенің рөлдерін сомдап, фильмге түсті (Жар. 22:9—12).

Алдын ала жаттыққан операторлар ұзындығы 3,2 шақырым таспаны, фонографта ойналатын 26 жазба мен 500-дей шыны слайдты дәл уақытымен жарыстыра ойнататын

Расселл бауырластың серіктесі баспасөз қызметкерлеріне бұл әдістің мыңдаған адамның Жазбаларға деген қызығушылығын оятатынын, сондай-ақ діни хабарды тарату ісінде бұған дейін қолданылған кез келген әдістен асып түсетінін айтты. Рухани аш жүрген көпшілікті тойындыру үшін қолданылған бұл озық әдісті дінбасылар мақұл көрді ме? Жоқ, қайта, шіркеу қызметкерлері “Фотодраманы” қаралады, тіпті жұрт фильмді көрмеу үшін, кейбірі айла-амалдар ойлап тауып, арсыз әрекеттерге де барды. Бірде көрсетілім болып жатқан бір ғимаратта діни қызметкерлер электр қуатын кесіп тастады.

Жергілікті қауымдардан шақырылған бауырластар “Фотодраманың” суреттері бар буклеттің миллиондаған данасын тегін таратты

Келушілер Исаның бала кезіндегі суреті бар “Бейбітшілік” төсбелгісін де алатын. Бұл белгі “тыныштықтың ұлы” болу керектігін еске салатын

Бұған қарамастан кіруі тегін болған театр залдары көрермендерге лық толатын. “Фотодрама” күн сайын Құрама Штаттардың шамамен 80 қаласында көрсетіліп отырды. “Сөйлейтін фильмді” алғаш рет көрген көрермендер аң-таң болды. Суреттерді бірінен соң бірін жылдам көрсетудің арқасында көрермендер балапанның жұмыртқаны жарып шыққанын және гүлдің жайнап ашылғанын тамашалай алды. Фильмдегі ғылыми деректер Ехобаның керемет даналығын паш етті. Кіріспеде айтылғандай, бір кісі экраннан “Фотодраманы” таныстырып жатқан Расселл бауырласты көргенде: “Расселл бауырласқа өзінен гөрі кинодағы Расселл бауырлас көбірек ұқсайды екен!”— депті.

КИЕЛІ КІТАПТЫҚ АҒАРТУ ІСІНІҢ ЕЛЕУЛІ КЕЗЕҢІ

“Фотодрама” 1914 жылы қаңтардың 11 жұлдызында Нью-Йорк қаласындағы осы әдемі театрда алғаш рет көрсетілді. Кейінірек Киелі кітапты Зерттеушілердің Халықаралық Бірлестігі бұл ғимаратты сатып алып, өздері сонда жұмыс жасады

Жазушы әрі кино тарихшысы Тим Диркс “Фотодраманы” “көшпелі кино мен кереметтей түрлі-түсті слайдтарды алдын ала жазылған дауыспен жарыстыра ойнатқан алғашқы фильм” деп атады. “Фотодрамаға” дейін жарық көрген киноларда осы ерекшеліктердің кейбірі болғаны рас, бірақ бұған дейін ешбір фильм бұл ерекшеліктердің бәрін бірдей қамтымаған еді, әсіресе Киелі кітап тақырыбында. Сонымен қатар бұған дейін ешбір фильмнің осыншама көп көрермені болған емес. Алғашқы жылдың өзінде-ақ “Фотодраманы” Солтүстік Америка, Еуропа, Австралия және Жаңа Зеландияда бас-аяғы 9 миллиондай адам көрді!

“Фотодрама” алғаш рет 1914 жылдың 11 қаңтарында Нью-Йорк қаласында көрсетілді. Арада 7 ай өткен соң, Бірінші дүниежүзілік соғыс деп аталған зор алапат басталып кетті. Сонда да дүниенің төрт бұрышындағы адамдар бұл фильмді көру үшін жинала берді, әрі ондағы Патшалықтың болашақтағы керемет баталарын көріп жұбаныш алды. Шынында да, “Фотодрама” 1914 жылдың ауыз толтырып айтатындай оқиғасы болды!

Киелі кітап зерттеушілері бүкіл Солтүстік Америка бойынша “Фотодраманың” 20 жиынтығын қолданды