Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жанқиярлық рухын қалай сақтай аламыз?

Жанқиярлық рухын қалай сақтай аламыз?

“Кім менің соңымнан ергісі келсе, өзінен бас тартсын” (МАТ. 16:24).

1. Иса жанқияр болуға қатысты қандай керемет үлгі қалдырды?

ИСА жерде болған кезінде жанқиярлықтың керемет үлгісін көрсеткен. Ол Құдай еркін өзінің қалауларынан жоғары қойған (Жох. 5:30). Исаның өле-өлгенше адал болғанынан оның шексіз жанқиярлық танытқанын көреміз (Філіп. 2:8).

2. Жанқиярлық рухы деген не және оны не үшін танытуымыз керек?

2 Исаның ізбасарлары болғандықтан, біз де жанқиярлық рухын танытуымыз керек. Жанқиярлық рухы деген не? Бір ауыз сөзбен айтқанда, бұл басқалардың мүддесі үшін өз қалауларымыздан бас тартуды білдіреді. Ол — қандай да бір шамада өзімшілдікке қарама-қарсы қасиет (Матай 16:24 оқы). Жанқиярлық рухы бізді басқаның сезімдері мен қалауларын өзіміздікінен жоғары қоюға талпындырады (Філіп. 2:3, 4). Исаның тәлімінен жанқиярлық ғибадатымыздың түп қазығы екенін көреміз. Өйткені жанқияр болуға талпындыратын сүйіспеншілік қасиеті шынайы мәсіхшілердің айрықша белгісі болып табылады (Жох. 13:34, 35). Осындай рухты танытатын дүниежүзілік бауырластықтың мүшесі болғанымыздың арқасында қандай керемет баталарға ие болып жатырмыз десеңдерші!

3. Жанқиярлық рухын не нәрсе тұншықтыруы мүмкін?

 3 Алайда жанқиярлық рухын білдіртпей тұншықтыратын бір жау бар. Бұл — өзімшіл болуға деген бейімділігіміз. Адам мен Хауаның қалай өзімшіл болып кеткендерін еске түсірейік. Хауа Құдай сияқты болғысы келгендіктен өзімшілдікпен әрекет етті. Адам да Құдайға емес, әйеліне жағуды ойлап, өзімшілдікке бой алдырды (Жар. 3:5, 6). Бұл екеуін шынайы ғибадаттан алыстатқан Шайтан сол уақыттан бері адамдарды өзімшіл болуға итермелеп келеді. Ол тіпті Исаны да азғыруға тырысқан (Мат. 4:1—9). Бүгінде Шайтан адамзаттың басым бөлігін өзімшілдікпен әрекет етуге талпындырып, оларды адастырып келеді. Егер сақ болмасақ, осы дүниеде белең алған өзімшілдік рухы бізге де әсер етіп кетуі мүмкін (Ефес. 2:2).

4. а) Бүгінде өзімшілдікке деген бейімділіктен арылу мүмкін бе? Түсіндір. ә) Қандай сұрақтарды талқылаймыз?

4 Өзімшілдікті тотпен салыстыруға болады. Ылғал мен оттегінің әсерінен темірден жасалған заттың бетінде тот пайда болуы мүмкін. Дер кезінде шара қолданбаса, тот жайылып, бүкіл зат желініп кетеді. Біздің де жағдайымыз осыған ұқсас. Біз кемелсіздік пен өзімшілдікке деген бейімділіктен әзірге арыла алмаймыз, десе де олармен күресуді доғармауымыз қажет. Өйткені сақ болмасақ, жанқиярлық рухымызды жоғалтып алуымыз мүмкін (Қор. 1-х. 9:26, 27). Бойымызда өзімшілдіктің белгілерін қалай анықтауға болады? Жанқиярлық рухын қалай көбірек таныта аламыз?

ӨЗІМШІЛДІКТІҢ БЕЛГІЛЕРІН АНЫҚТАУ ҮШІН КИЕЛІ КІТАПҚА ЖҮГІН

5. а) Неліктен Киелі кітапты айнамен салыстыруға болады? (Мақаланың басындағы суретті қара.) ә) Бойымыздағы өзімшілдіктің белгілерін анықтағанда неден аулақ болуымыз керек?

5 Айнаны әдетте сырт келбетімізді ретке келтіру үшін қолданамыз. Дәл сол сияқты ішкі дүниемізді тексеріп, сондағы кемшіліктерді түзету үшін Киелі кітапқа жүгінуімізге болады (Жақып 1:22—25 оқы). Алайда айна бізге пайдасын тигізу үшін оны дұрыс қолдану қажет. Мысалы, айнаға жай көз салсақ, сырт келбетіміздегі кішкентай болса да, бір өте маңызды кемшілікті байқамай қалуымыз мүмкін. Я болмаса айнаға қырынан қарайтын болсақ, өзіміздің емес, басқа біреудің түрін көруіміз ықтимал. Дәл сол сияқты Киелі кітапты үстірт оқи салсақ не оны басқа біреудің қателігін көру үшін қолдансақ, бойымыздағы өзімшілдікке деген бейімділікті анықтай алмаймыз.

6. Құдай Сөзіне “үңіле қараумен” қатар, тағы не істеуіміз керек?

6 Біз Құдай Сөзін күн сайын оқысақ та, бойымызда өзімшілдіктің белгілері пайда болғанын байқамауымыз мүмкін. Қалайша? Мына бір жайтқа назар аударайық: Жақып айна алдында тұрған адамның “өзіне қарағанын” айтты. Бұл жерде ол “мұқият тексеру”, “мұқият қарап шығу” дегенді білдіретін грек сөзін қолданған. Демек, бұл адамның қателігі айнаға мұқият қарамағанында емес еді. Ендеше, ол нені дұрыс істемеді? Жақып әрі қарай былай деді: “Ол... былай шыға бере-ақ қандай екенін ұмытып қалады”. Иә, ол көрген кемшілігін жөндеместен, айнаның алдынан кетіп қалды. Ал Құдай Сөзін орындайтын адам кемелді заңға “үңіле қарап” қана қоймайды, ол “оны ұстанады”. Демек, мұндай адам былай шыға бере Құдай Сөзіндегі тәлімдерді ұмытып кетпей, оларды әрі қарай да ұстана береді. Иса да осыған ұқсас ой айтқан. Ол: “Егер менің сөзімді ұстансаңдар, шынымен менің шәкіртімсіңдер”,— деген (Жох. 8:31).

7. Өзімшілдікке деген бейімділікпен күресу үшін Киелі кітапты қалай қолдануымызға болады?

7 Сонымен, өзімшілдікке деген бейімділікпен күресу үшін алдымен Құдай Сөзін мұқият оқуың қажет. Бұл саған қай жағынан жақсаруың керектігін анықтауға  көмектеседі. Алайда тек мұнымен ғана шектелме. Зерттеу жүргізіп, Құдай Сөзіне тереңірек үңіл. Киелі кітаптағы қандай да бір оқиғаны оқыған соң, өзіңді сондағы кейіпкерлердің орнына қойып, былай ойланып көр: “Бұл жағдайда мен қалай әрекет етер едім? Дұрыс нәрсені істей алар ма едім?” Ал ең бастысы, оқығандарыңды ой елегінен өткізген соң, соларды өміріңде қолдануға тырыс (Мат. 7:24, 25). Қазір Саул патша мен елші Петірдің мысалдарын қарастырып, жанқиярлық рухын сақтауға не көмектесетінін көрейік.

САУЛ ПАТШАНЫҢ ҚАТЕЛІГІНЕН САБАҚ АЛ

8. Саул басында қандай рух танытты?

8 Исраилді билеген Саул патшаның мысалынан өзімшілдіктің қалай жанқиярлық рухын бірте-бірте тұншықтырып тастауы мүмкін екенін көруге болады. Саул басында қарапайым, кішіпейіл адам болған (Пат. 1-ж. 9:21). Мысалы, кейбір исраилдіктер оның билігіне наразылық білдіргенде, Саул: “Бұл адамдар Құдайдың маған берген билігіне қарсы шықты”,— деп, оларды жазалауына болар еді. Бірақ ол бұлай етпеді (Пат. 1-ж. 10:27). Басқа бір жолы Саул патша Құдай рухының басшылығымен исраилдіктерді аммондықтарға қарсы соғысқа алып шығып, оларға жеңіс әкелді. Сонда ол осы жеңіс үшін Құдайды мадақтап, кішіпейілділік танытты (Пат. 1-ж. 11:6, 11—13).

9. Саул қалай өзімшіл болып кетті?

9 Кейіннен Саул өзімшілдік пен көкіректіктің жүрегінде тамыр жаюына жол берді. Тоттың темірді құртатыны сияқты, бұл оны құрдымға жетеледі. Бірде Саул амалектіктерді жеңген кезінде, өз қалауын Ехобаның нұсқауынан жоғары қойды. Ехоба оған барлық олжаны жоюды бұйырған болатын, ал ол ашкөздік танытып, олжаның ең жақсысын алып қалды. Бұған қоса, Саул кеуде көтеріп, өзінің құрметіне ескерткіш орнатты (Пат. 1-ж. 15:3, 9, 12). Самуил пайғамбар бұл ісінің Ехобаның көзінде дұрыс емес екенін айтқанда, ол оның бұйрығын қандай да бір шамада орындағанын айтып ақталды және кінәсін басқаларға жаба салды (Пат. 1-ж. 15:16—21). Сондай-ақ Саул Құдайдың көңілінен шығуды емес, жұрт алдында абыройын сақтап қалуды ойлады (Пат. 1-ж. 15:30). Жанқиярлық рухын жоғалтпау үшін Саулдың мысалын қалай айна ретінде қолдана аламыз?

10, 11. а) Саулдың мысалынан жанқиярлық рухын жоғалтпауға қатысты қандай сабақ аламыз? ә) Саул сияқты әрекет етуден қалай сақ бола аламыз?

10 Біріншіден, Саулдың мысалынан мынадай сабақ аламыз: біз өз-өзімізге тым сенімді болып кетуден сақ болуымыз керек. Егер бұрын жанқияр болсақ, бұл қасиетті әрі қарай да еш күш салмай-ақ таныта аламыз деп ойлаған дұрыс емес (Тім. 1-х. 4:10). Саул басында жақсы істер істеп, Құдайдың ықыласына ие болған. Алайда ол бойында тамыр жая бастаған өзімшілдікті тізгіндемеді. Тілазар болып кеткені үшін Ехоба одан ақырында бас тартты.

11 Екіншіден, жөндеу керек жақтарымызды елеусіз қалдырып, тек жақсы жақтарымызға ғана назар аударудан сақ болуымыз керек. Бұлай етсек, айнаға қарап тұрсақ та, бетіміздегі кірді көрмей, тек үстіміздегі жаңа киімге тамсанғандай боламыз. Біз Саул сияқты өз-өзімізге тым сенімді болып кетпейтін шығармыз, десе де сол сияқты әрекет етуге түрткі болатын кез келген бейімділіктен аулақ болуымыз қажет. Бізге кеңес берілген жағдайда ақталуға не кінәні басқаға жаба салуға тырыспайық. Мұндайда кеңесті қабыл алғанымыз әлдеқайда дұрыс болады (Забур 140:5 оқы).

12. Ауыр күнә жасаған болсақ, жанқиярлық рухы бізді не нәрсеге талпындыра алады?

12 Ауыр күнә жасап қойсақ, не істегеніміз дұрыс? Саул ең алдымен өз беделін сақтап қалуды ойлады, ал бұл  оған рухани сауығуға кедергі жасады. Ауыр күнә жасаған жағдайда, керісінше, жанқиярлық рухын танытсақ, бұл бізге ұялғанымызға қарамастан, қажетті көмекті қабыл алуға көмектеседі (Нақ. с. 28:13; Жақ. 5:14—16). Он екі жасынан бастап жасырын түрде порнография көре бастаған бір ер бауырластың мысалын қарастырайық. Бауырласымыз бұл жаман әдетпен он жылдан астам уақыт бойы әуестенген екен. Ол былай дейді: “Әйелім мен ақсақалдардың алдында не істеп жүргенімді мойындау маған қиынға соқты. Енді осы жаман әдетім жайлы ашық айтқан соң, мойнымнан бір ауыр жүк түскендей болды. Қызмет көмекшісі ретіндегі жауапкершілігімнен айырылғанда, кейбір достарымның менен көңілдері қалған еді. Алайда мен Ехобаға порнография көріп жүрген кезімде атқарған қызметімнен гөрі қазіргі қызметім анағұрлым ұнамды екенін және оның көзқарасы әлдеқайда маңызды екенін білемін”.

ПЕТІР ӨЗІМШІЛДІКТІ ЖЕҢДІ

13, 14. Петір өзімшілдікке қалай бой алдырды?

13 Исадан тәлім алып жүрген кезінде елші Петір жанқиярлық рухын танытқан болатын (Лұқа 5:3—11). Десе де оған өзімшілдікпен күресуге тура келген. Мысалы, елші Жақып пен Жохан Исадан Патшалығындағы құрметті орындарды беруді сұрағанда, бұл Петірдің ашуын келтірген болатын. Бәлкім, ол Исадан ерекше тапсырма алғандықтан құрметті орындардың бірі өзіне беріледі деп күткен шығар (Мат. 16:18, 19). Қалай болған күнде де, Иса Жақып пен Жоханға, Петірге және барлық басқа елшілерге бауырластарын “билеп-төстеуден” аулақ болуды ескертті (Мар. 10:35—45).

14 Тіпті Иса Петірдің ой қалпын түзетуге тырысқан соң да, Петір кеудемсоқтыққа бой алдырып қойды. Иса барлық елшілердің өзін бір мезетке тастап кететінін айтқанда, Петір: “Бәрі тастап кетсе де, мен сені ешқашан тастамаймын!”— деді. Осылайша ол басқалардың дәрежесін түсіріп, өзін жоғарылатты (Мат. 26:31—33). Алайда Петірдің өз-өзіне деген сенімділігі сол түні-ақ су сепкендей басылды. Ол өзін қорғау үшін Исадан үш рет танып, жанқиярлық рухын танытпады (Мат. 26:69—75).

15. Петірдің үлгісі неліктен бізге жігер береді?

 15 Осы бір кемшілігімен күресуіне тура келсе де, Петірдің өмірі біз үшін жақсы үлгі болып табылады. Көп күш салғанның арқасында және Құдайдың киелі рухының көмегімен ол өзімшілдігін жеңіп, ұстамдылық пен жанқияр сүйіспеншілік танытуды үйренді (Ғал. 5:22, 23). Кейіннен Петір қиынырақ сынақтарға төтеп бере алды. Мысалы, елші Пауыл оған басқалардың көзінше сөгіс айтқанда, ол мұны кішіпейілділікпен қабыл алды (Ғал. 2:11—14). Петір: “Ол менің беделімді түсірді”,— деп намыстанып, Пауылға реніш сақтамады. Қайта, әрі қарай да оған сүйіспеншілігін көрсете берді (Пет. 2-х. 3:15). Петірдің үлгісі бізді жанқиярлық рухын дамытуға талпындыратыны сөзсіз.

Петірге сөгіс айтылғанда, ол бұған қалай қарады? Біз де солай етеміз бе? (15-абзацты қара)

16. Қиындықтарға тап болған кездері қалай жанқиярлық таныта аламыз?

16 Қиындықтарға тап болған кездері қалай әрекет ететінің туралы ойланып көрші. Жоғарғы кеңестің мүшелері Петір мен басқа елшілерді уағыздағандары үшін қамауға алып, дүре соқтырғанда, олар “[Исаның] аты үшін қорлық көруге лайық саналғандарына қуанды” (Ел. іс. 5:41). Қудалауға кезіккенде, сен де мұны Петір мен Иса сияқты жанқиярлық танытудың мүмкіндігі деп қарастырсаң болады (Петірдің 1-хаты 2:20, 21 оқы). Сондай-ақ осындай көзқарас ақсақалдардан кеңес алғанда да көмектеседі. Бұндай жағдайда Петірдің үлгісіне еліктеп, оларға ренжімегеніміз дұрыс (Уағ. 7:9).

17, 18. а) Рухани мақсаттарға ұмтылып жүрсек, өзімізді қалай тексеріп көргеніміз жөн? ә) Жүрегімізде өзімшілдіктің қандай да бір нышанын байқасақ, не істеуіміз керек?

17 Петірдің мысалы рухани мақсаттарға ұмтылып жүргендер үшін де жақсы сабақ болады. Әрине, рухани мақсаттарға қол жеткізу үшін жанқиярлық рухын танытқан маңызды. Алайда біздің ниетіміз өз атымызды шығару болмау керек. Сондықтан өзіңді былай тексеріп көр: “Мен не себепті қызметімді жақсартуға не Ехоба үшін көбірек қызмет етуге ұмтылып жүрмін? Жақып пен Жохан сияқты көбірек билікке ие болуды не басқалардың алдында абыройымның артқанын қалап жүрген жоқпын ба?”

18 Жүрегіңде өзімшілдіктің қандай да бір нышанын байқасаң, Ехобадан ой қалпың мен ниетіңді түзетуге көмектесуін сұра. Сосын бар назарыңды өзіңді емес, Ехобаны мадақтауға аудар (Заб. 85:11). Сондай-ақ жұрттың көңілін өзіңе аудармайтын мақсаттарға ұмтылғаның жақсы. Бәлкім, киелі рух жемісіне кіретін қандай да бір қасиетті таныту қиынға соғып жүрген шығар. Ендеше, неге сол қасиетті жақсырақ танытуды үйренбеске? Қауым кездесулеріне тыңғылықты дайындалғаныңмен, Патшалық сарайын тазалауды аса ұнатпайтын шығарсың. Олай болса, Римдіктерге 12:16-дағы (оқы) кеңесті қолдануды мақсат етсең болады.

19. Құдай Сөзінің айнасына қарағанда көңілің түспеу үшін не істеуге болады?

19 Құдай Сөзінің айнасына мұқият үңілген кезде бойымыздағы кемшіліктерді не өзімшілдіктің белгілерін байқасақ, көңіліміз түсетін шығар. Осындайда Жақыптың мысалындағы Құдай Сөзін орындайтын адам жайлы ойланғанымыз дұрыс. Жақып бұл адамның байқаған кемшілігін бірден түзеткеніне не тіпті әрбір кемшілікті түзете алғанына емес, “кемелді заңды... ұстанатынына” баса назар аударған (Жақ. 1:25). Демек, ол айнадан көрген кемшілігін ұмытпай, оны түзету үшін әрі қарай күш сала берді. Ендеше, бәріміздің де кемелсіз екенімізді есте ұстай отырып, өзіңе оң көзқарас таныта бер (Уағыздаушы 7:20 оқы). Ехоба көптеген бауырластарға кемелсіз болғандарына қарамай көмектесіп, батасын беріп жатыр. Киелі кітаптағы тәлімдерді әрі қарай да ұстанып, жанқиярлық рухын таныта берсең, сен де Ехобаның ықыласы мен батасына ие бола аласың.