Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оң көзқарас сақтауға не көмектеседі?

Оң көзқарас сақтауға не көмектеседі?

“Адам көп жасаса, барлық күндеріне қуансын!” (УАҒ. 11:8).

1. Қандай баталар біздің бақытты болуымызға септігін тигізеді?

ЕХОБА біздің бақытты болғанымызды қалайды, сол үшін ол бізді молынан жарылқауда. Біріншіден, ол бізге өмір сыйлады әрі өзіне жақындатып тартты, осының арқасында бізде оны өмір бойы мадақтауға деген керемет мүмкіндік бар (Заб. 143:15; Жох. 6:44). Сондай-ақ ол бізді сүйеді және өзіне табандылықпен қызмет ете алуымыз үшін күш беріп отырады (Ерм. 31:3; Қор. 2-х. 4:16). Біз сүйіспеншілік орнаған бауырластықтың ортасында жүріп, рухани жұмақтың рақатын көрудеміз. Бұл рухани жұмақта бізге молынан рухани ас-су беріліп жатыр. Бұған қоса, біз болашаққа деген керемет үмітке иеміз.

2. Құдайдың кейбір адал қызметшілеріне қандай сезіммен күресуге тура келеді?

2 Осы себептерге қарамастан, Құдайдың кейбір адал қызметшілерінің көңілдері жабырқап жүруі мүмкін. Бұған олардың өздері жайлы жаман көзқараста болғандары себеп болады. Олар Ехобаның көзінде өздері де, қызметтері де бағалы емес деп ойлайды. Ұзақ уақыт бойы осындай көзқараспен күресіп жүрген адамға “барлық күндеріне қуану” қол жетпес армандай көрінетін шығар. Ондай адам үшін тіпті әрбір күні қараң болып кеткендей болады (Уағ. 11:8).

3. Адамның кері ойларға бой алдыруына не себеп болуы мүмкін?

3 Мұндай бауырластардың өздері жайлы кері ойда болуына  үміттері ақталмағаны, ауруға шалдыққаны не қарттықпен келетін қиындықтар себеп болуы мүмкін (Заб. 41:10; 70:9; Нақ. с. 13:12). Сондай-ақ адамның жүрегі алдамшы екенін де білеміз. Сондықтан Құдайға ұнамды болсақ та, жүрегіміз бізді айыптауы ықтимал (Ерм. 17:9; Жох. 1-х. 3:20). Бұған қоса, Шайтан Құдайдың қызметшілері жайлы жалған сөз таратуда. Шайтанның көзқарасын танытатындар Әйүптің күндеріндегі сенімі жоқ Елифаздың сөзін сөйлеп, бізді “Құдайдың көзінде түкке тұрғысызбыз” дегенге сендіргілері келеді. Бұл сол заманда барып тұрған өтірік еді, біздің күнімізде де солай (Әйүп 4:18, 19).

4. Осы мақалада нені қарастырамыз?

4 Жазбалардан анық көрінетіндей, Ехоба “қап-қараңғы шатқалда жүрген” қызметшілерінің жанынан табылады (Заб. 22:4). Мысалы, ол өзінің Сөзі Киелі кітап арқылы қасымызда бола алады. Киелі кітап “бекіністерді талқандай” алатын Құдай дарытқан құдіретке ие. Бұл бекіністерге өзіміз жайлы бұрыс ойлар да кіреді (Қор. 2-х. 10:4, 5). Ендеше, Киелі кітаптың оң көзқарас дамытып, оны сақтауға қалай көмектесе алатынын қарастырайық. Мұның саған пайдасын тигізіп, өзгелерді де жігерлендірудің жолын табуыңа көмектесетіні шүбәсіз.

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КӨМЕГІМЕН ОҢ КӨЗҚАРАС ДАМЫТ

5. Оң көзқарас сақтау үшін өз-өзімізді қалай тексергеніміз жөн?

5 Елші Пауыл оң көзқарас дамытуға көмектесетін кейбір жайттарға назар аударған. Ол Қорынт қаласындағы қауымға: “Сенім жолындасыңдар ма, жоқ па — соны тексеріп тұрыңдар”,— деп кеңес берген (Қор. 2-х. 13:5). Мұндағы “сенім жолы” деген Киелі кітаптағы мәсіхшілер ұстанатын барлық ілімдерді білдіреді. Біздің сөздеріміз бен істеріміз сол ілімдерге сай болу керек. Бұған көзіміз жетсе, тексеруден өттік деген сөз, яғни біз “сенім жолында” тұрмыз. Алайда Киелі кітап ілімдерін таңдап, талғап ұстанғанымыз дұрыс болмас еді. Біз олардың барлығын ұстануымыз қажет (Жақ. 2:10, 11).

6. Неліктен “сенім жолында” тұрған-тұрмағанымызды тексеруіміз қажет? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

6 Бәлкім, сен “Тексеруден өте алмай қалуым мүмкін” деп ойлағандықтан өз-өзіңді тексеруден тартыншақтайтын шығарсың. Алайда Ехобаның біз жайлы пікірі біздікінен әлдеқайда маңызды әрі оның ойы әлдеқайда жоғары (Ишая 55:8, 9). Ол өзінің қызметшілерін айыптау үшін емес, қайта, жақсы жақтарын байқап, көмектесу үшін тексереді. Киелі кітаптың көмегімен “сенім жолында” тұрған-тұрмағаныңды тексергенде, Құдайдың саған қатысты көзқарасын түсіне бастайсың. Бұл саған түкке тұрғысызбын деген ойдан аулақ болып, Құдайдың көзқарасын әрдайым есте ұстауыңа көмектеседі. Құдайдың көз алдында бағалы екеніңді есте ұстағаның пердені ашып, қараңғы бөлмеге жарық түсіргендей болады.

7. Құдайдың ежелдегі адал қызметшілерінің мысалы бізге қалай көмектеседі?

7 Өз-өзіңді тексерудің ең жақсы жолы — Құдайдың ертедегі адал қызметшілерінің өмірлері жайлы ой жүгірту. Олардың жағдайлары мен сезімдерін өзіңдікіңмен салыстырып, “Солардың орнында болғанымда не істер едім?” деп ойланып көр. Қазір Киелі кітап арқылы “сенім жолында” екенімізге көз жеткізуге әрі өзімізге қатысты оң көзқарас дамытуға көмектесетін үш мысалды қарастырайық.

КЕДЕЙ ЖЕСІР ӘЙЕЛ

8, 9. а) Кедей жесір әйелдің жағдайы қандай болған еді? ә) Жесір әйелдің бойын қандай жағымсыз сезімдер билеген болуы мүмкін?

8 Иса Иерусалимдегі ғибадатханада отырғанда бір жесір әйелді байқаған еді. Бұл әйелдің мысалы мүмкіндіктеріміздің шектеулі болғанына қарамастан, өзімізге қатысты оң көзқарас сақтай алатынымызды көрсетеді (Лұқа 21:1—4 оқы). Оның жағдайын қарастырып көрейікші. Біріншіден, күйеуінің өлімі оның қабырғасын қайыстырған болатын. Бұған қоса,  дінбасылары осындай жесірлерге көмектесудің орнына олардың “үй-жайын жалмаудан” тайынбайтын (Лұқа 20:47). Бұл жесір әйелдің кедей болғаны сонша, оның берген садақасы жұмысшының небәрі 15 минут ішінде тапқан табысына тең болған еді.

9 Екі кішкентай теңгені қолына алып, ғибадатханаға кіргенде, бұл әйелдің қандай күйде болғанын елестетіп көрші. Бәлкім, ол: “Әттең, күйеуім тірі болғанда бұдан әлдеқайда көбірек бере алар едім”,— деп қынжылған шығар. Алдында тұрған адамдардың көп садақа салып жатқанын көргенде, өзінің азын-аулақ садақасы түкке тұрмайтындай көрініп, біраз қуыстанған да болар. Бойын осындай сезімдердің билегеніне қарамастан, жесір әйел шынайы ғибадаттың мүддесі үшін қолындағы барын берді.

10. Иса жесір әйелдің Ехобаның көзінде бағалы екенін қалай көрсетті?

10 Иса жесір әйелдің сол жердегі барлық байлардан да көп салғанын айтты. Осылайша ол әйелдің өзі де, берген садақасы да Ехобаның көз алдында бағалы екенін көрсетті. Жесір әйелдің садақасы басқалардікімен араласып кетсе де, Иса оны ерекше атап өтті. Ғибадатхана қазынасының жұмысшылары құны өте төмен бұл екі тиынның әрі оны берген әйелдің Ехоба үшін қаншалықты бағалы екенін сол күйі білмеген де шығар. Алайда бұл әйел жайлы басқалардың не тіпті өзінің емес, Құдайдың не ойлайтыны әлдеқайда маңызды еді. Жесір әйелдің мысалы жайлы ой жүгірту арқылы өзіңнің сенім жолында тұрған-тұрмағаныңды тексере алар ма едің?

Кедей жесір әйелдің мысалынан не нәрсеге үйренеміз? (8—10 абзацтарды қара)

11. Жесір әйелдің мысалынан нені білеміз?

11 Сенің жағдайың Ехобаға қанша уақыт қызмет ететініңе айтарлықтай әсер ететін шығар. Мысалы, кейбір бауырластар қарт не денсаулықтары нашар болғандықтан қызметке шектеулі уақыт қана жұмсай алады. Олардың “Қызмет еткен уақытым есепке жазуға тұрмайды” деп ойлағандары дұрыс па? Тіпті жағдайың тым қиын болмаса да, қызметке жұмсаған уақытың Құдайдың барлық қызметшілерінің жыл сайын тапсыратын сағатының болмашы бөлігін ғана құрайды деп ойлайтын шығарсың. Алайда жесір әйелдің мысалынан көргеніміздей,  Ехоба Патшалықтың мүддесі үшін жасаған әрбір ісімізді байқайды әрі бағалайды. Әсіресе өзімізге оңайға соқпаса да, күш салғанымыз оның назарынан тыс қалмайды. Өткен жылы атқарған қызметің жайлы ойланып көрші. Уағызға бір сағат арнау үшін үлкен құрбандықтарға баруға тура келген кездерің болған ба? Болса, сол бір сағат бойы атқарған қызметің Ехоба үшін бағалы екеніне сенімді бол. Кедей жесір әйел сияқты қызметте қолдан келгеннің бәрін жасағаның “сенім жолында” тұрғаныңды анық көрсетеді.

“ЖАНЫМДЫ АЛА ГӨР!”

12—14. а) Ілиястың бойын қандай жағымсыз сезімдер биледі? ә) Ілиястың түңілуіне не себеп болған көрінеді?

12 Ехобаның адал қызметшісі Ілиястың сенімі берік болған. Бірақ бірде ол қатты түңіліп: “Уа, Жаратқан Ие, осы көргенім де жетер, жанымды ала гөр!”— деп, Ехобадан өлім сұрады (Пат. 3-ж. 19:4). Осындай күйді ешқашан бастарынан кешірмеген адамдар Ілиястың бұл “сөздерін ағаттық” деп табатын шығар (Әйүп 6:3). Алайда ол шынымен де қатты қиналған болатын. Байқасаң, Ехоба Ілиястың өлгісі келгеніне ашуланбады, қайта, оған көмек көрсетті.

13 Ілиястың жанын жегідей жеген не нәрсе болды? Осыдан аз уақыт бұрын ол Ехобаның шынайы Құдай екенін паш еткен керемет жасап, Бағалдың 450 пайғамбарын өлтіруді бұйырған еді (Пат. 3-ж. 18:37—40). Осы оқиғадан кейін ол Құдай халқы шынайы ғибадатқа оралады деп күткен болар, алайда бұлай болмай шықты. Оның үстіне, Езабел патшайым пайғамбарға хабаршысын жіберіп, оны өлтірмейінше тынбайтынын айтты. Сонда жанын шүберекке түйген Ілияс оңтүстікке қарай қашты. Ол көршілес жатқан Яһуда жерімен жүріп өтіп, шөл далада бас сауғалады (Пат. 3-ж. 19:2—4).

14 Елсіз жерде жападан жалғыз жүрген Ілиясқа пайғамбар ретіндегі қызметі еш пайдасы жоқ сияқты көрінді. “Менің ата-бабаларымнан еш артықшылығым жоқ”,— деп күңіренді ол. Ілияс ата-бабасының шіріп кеткен сүйегі сияқты өзін түкке жарамсыз сезінген еді. Басқаша айтқанда, ол “Менің қолымнан түк келмейді, Ехобаның да, басқаның да алдында еш қадірім жоқ” деп ойлады.

15. Ехоба Ілиясты әлі де бағалайтынын қалай көрсетті?

15 Алайда құдіреті шексіз Құдай жағдайға басқаша қарады. Ілияс оның көз алдында әлі де бағалы еді. Пайғамбарды осыған сендіру үшін Ехоба періштесін жіберіп, оны нығайтты әрі оған тамақ пен сусын берді. Осы тамақтың күшімен Ілияс 40 күн жол жүріп, оңтүстіктегі Хориб тауына барып жетті. Сондай-ақ Ілияс “Исраилдіктердің арасында өзімнен басқа ешкім Құдайға адал болып қалмады” деп ойлағанда, Ехоба оның қате ойын мейіріммен түзетті. Бұған қоса, Ехоба оған жаңа тапсырмалар берді, ал Ілияс оларды қабыл алды. Содан, Ехобаның көмегімен Ілияс өзінің пайғамбар ретіндегі қызметіне жаңа серпінмен кірісті (Пат. 3-ж. 19:5—8, 15—19).

16. Құдай сені қандай жолдармен демеп келеді?

16 Ілиястың мысалы сенім жолында тұрғаныңа көз жеткізуге әрі өзіңе қатысты оң көзқарас дамытуға көмектесе алады. Бұл үшін, ең алдымен, Ехобаның сені қандай жолдармен жігерлендіріп келгені жайлы ойланып көр. Бәлкім, қауымыңдағы ақсақал не өзге бір рухани толысқан бауырлас қажет кезде саған қол ұшын берген болар (Ғал. 6:2). Сондай-ақ Киелі кітап, қауым кездесулері мен әдебиеттеріміз сені рухани жағынан “нәрлендіріп”, Ехобаның қамыңды ойлайтынына талай рет көзіңді жеткізген шығар. Келесі жолы осындай көмек алғанда, оның артында Ехоба тұрғанын есте ұста және сол үшін оған дұғада алғыс айтуды ұмытпа (Заб. 120:1, 2).

17. Ехоба өз қызметшілерін не үшін бағалайды?

17 Тағы бір алатын сабағымыз, кері көзқарас алдамшы болады. Негізінде, Құдайдың біз жайлы не ойлайтыны анағұрлым маңызды (Римдіктерге 14:4 оқы).  Ехоба бізге қанша уақыт қызмет еткенімізге қарап баға бермейді. Ол бізді адалдығымыз үшін жоғары бағалайды. Бәлкім, сен Ілияс сияқты өзің ойлағаннан да көп нәрсе істеп жүрген шығарсың. Мысалы, қауымыңдағы бауырластарға жақсы жағынан әсер еткен боларсың, сондай-ақ учаскеңде уағыздауға көп күш салып жүргеніңнің арқасында біраз адам ізгі хабарды естіген болар.

18. Ехобадан алған тапсырмаң ненің дәлелі болып табылады?

18 Бұған қоса, Ехобадан алған әрбір тапсырмаңды оның көзінде ұнамды екеніңнің дәлелі ретінде қабылда (Ерм. 20:11). Бойыңды Ілиястікіндей сезімдер билесе, мысалы қызметің еш нәтиже әкелмейтіндей көрінсе не кейбір рухани мақсаттарға қол жеткізу мүмкін еместей болса, ұнжырғаң түспесін. Сен ең мәртебелі қызмет атқарып жүрсің. Бұл — ізгі хабарды жариялау және Құдайдың есімін алып жүру мәртебесі. Ендеше, адалдығыңнан ешқашан тайма. Сонда, Исаның астарлы әңгімесіндегі сөздер сенің де өміріңде орындалып, “Қожайынның қуанышына ортақтасатын” боласың (Мат. 25:23).

“АУЫРТПАЛЫҚ ШЕГІП, ӘЛСІРЕГЕН ЖАННЫҢ” ДҰҒАСЫ

19. 101-ші Забурдың жыршысы қандай күйде болды?

19 101-ші Забурды жазған жыршы шарасыз күй кешкен еді. Ол “ауыртпалық шекті”, оның тәні не жаны қатты қиналған болатын. Сондай-ақ “әлсіреп” қалған забур жыршысының қиындықтарымен күресуге күші қалмады (Заб. 101 кіріспесі). Жыршының сөздерінен көретініміздей, жағымсыз сезімдер, жалғыздық пен қайғы оның бойын әбден билеп алғандықтан, ол өз қасіретінен басқа еш нәрсені ойлай алмады (Заб. 101:4, 5, 7, 12). Ол Ехобаға: “Лақтырып тастау үшін сен мені жоғары көтердің”,— деді. Забур жыршысы Ехоба оны лақтырып тастағысы келеді деп ойлаған еді (Заб. 102:10 ЖД [101:11]).

20. Дұға ету кері ойлармен күресуге қалай көмектеседі?

20 Десе де забур жыршысы Ехобаны мадақтаған (Забур 101:20—22 оқы). 101-ші Забур жырынан көргеніміздей, тіпті “сенім жолында” тұрғандардың өздері қайғырып, басқа нәрселер жайлы ойлауға шамалары келмеуі мүмкін. Аталмыш Забурдың жыршысы: “Мен үй төбесіндегі құстай тым жалғызбын”,— деген, яғни ол қиындықтың арасында бір өзі қалғандай сезінген еді (Заб. 101:8). Сенің де бойыңды осындай сезімдер билесе, забур жыршысы сияқты көңіліңдегіні Ехобаға ақтарып айт. Ауыртпалық шеккен адамның дұғалары, яғни сенің дұғаларың, кері ойлармен күресуіңе көмектеседі. Өйткені Ехоба “мұқтаждың мінажаттарын тыңдауды, жалыныштарын жауапсыз қалдырмауды” уәде етеді (Заб. 101:18). Бұған еш күмәнданбасаң болады.

21. Кері ойлармен күресіп жүргендер қалай оң көзқарас дамыта алады?

21 Сондай-ақ 101-ші Забур жырынан оң көзқарас дамытуға не көмектесетінін көреміз. Забур жыршысы көп ұзамай назарын Ехобамен қарым-қатынасына аударды (Заб. 101:13, 28). Ехобаның жапа шеккен қызметшілерінің жанынан табылатынын білгені оған жұбаныш берді. Ендеше, жағымсыз сезімдер қызметке өзің қалағандай көбірек қатысуға кедергі жасаса, бұл жайында дұға еткенің дұрыс. Алайда тек жағдайыңды жеңілдетуді ғана емес, Құдай есімінің мадақталуын да сұрағаның жөн (Заб. 101:21, 22).

22.  Ехобаның көңілінен шығу үшін әрбіріміз не істей аламыз?

22 Сонымен, біз Киелі кітаптың көмегімен сенім жолында тұрғанымызға және Ехоба үшін бағалы екенімізге көз жеткізе аламыз. Әрине, Шайтанның бұл зұлым дүниесінде кері ойлар мен көңілді қалдыратын жайттардан біржолата арылу мүмкін емес. Десе де әрбіріміз қызметімізді адалдықпен әрі табандылықпен атқару арқылы Ехобаның көңілінен шығып, құтқарыла аламыз (Мат. 24:13).