Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Отбасылық ғибадат. Қызықтырақ етіп өткізе аласыңдар ма?

Отбасылық ғибадат. Қызықтырақ етіп өткізе аласыңдар ма?

“Отбасылық ғибадат кешінде талқылауымыз қызып кететіні сонша, түннің бір уағына дейін отырып қаламыз. Сондықтан кейде талқылауды үзуіме тура келеді”,— дейді Бразилияда тұратын бір әке. Ал Жапонияда тұратын бір отағасы өзінің он жасар баласының уақыттың қалай өтіп кеткенін сезбей, ғибадатты әрі қарай созғысы келетінін айтады. Неліктен? Әлгі әке сөзін былай деп жалғастырады: “Балам ғибадат кеші десе, ішкен асын жерге қояды. Бұл кештен оның бойын қуаныш кернейді”.

Әрине, балалардың бәрі бірдей мұндай емес. Өкінішке орай, кейбірі отбасылық ғибадатқа аса қызықпайды. Неліктен? Тогода тұратын бір әке мұны өз жағдайынан біледі. Ол: “Ехобаға ғибадат ету іш пыстырарлықтай болмауы тиіс”,— дейді. Ал егер солай болып жатса, онда отбасылық ғибадатқа өзгерістер енгізу керек болар. Ишаяның Демалыс күнін “үлкен ғанибет” деп сипаттағанындай, көптеген отбасы ғибадат кешін қуаныш әкелетіндей ете алған (Ишая 58:13, 14).

Отбасылық ғибадат қуанышты өтуі үшін, үй ішіндегілер өзін еркін сезінулері қажет. Мәсіхші әкелер мұны жақсы түсінеді. Мысалы, үш қыз бен бір ұл тәрбиелеп отырған Ральф өздерінің отбасылық ғибадаттарын ресми зерттеу сияқты емес, бейресми әңгіме жүзінде өткізетінін айтады. Осының арқасында үй ішіндегілер талқылауға емін-еркін атсалысады. Бірақ отбасындағы әрбір адамды қызықтыру және талқыланып жатқан мәліметке бар назарын аудару кейде оңайға соқпайды. Бір ана былай дейді: “Шыны керек, отбасылық ғибадатты өзім қалағандай қызықты етіп өткізуге кейде күшім бола бермейді”. Олай болса, қызықты етіп өткізу үшін не істеуге болады?

БЕЙІМДЕУ ӘРІ ТҮРЛЕНДІРУ

Германияда тұратын екі баланың әкесі былай дейді: “Бізге бейімделгіш болу керек”. Ал екі қыздың анасы Наталия: “Біздің отбасымыз үшін ең қажеті — ғибадат кешін түрлендіру және тағы да түрлендіру”. Көптеген отбасылардың  ғибадат кештері бірнеше бөлімнен тұрады. “Мұның арқасында зерттеуіміз қызу өтеді әрі талқылауға үй ішімізбен түгел қатысып отырамыз”,— дейді Бразилияда тұратын екі жасөспірімнің әкесі Клейтон. Егер балалардың арасындағы жас айырмашылығы үлкен болса, зерттеу уақытын бірнеше бөлікке бөлу арқылы олардың әрқайсысының қажеттілігіне көңіл бөлуге болады. Бұған қоса, қандай мәліметті зерттеу және қалай зерттеуге келгенде, ата-аналардың бейімделгіш болғаны жақсы.

Кейбір отбасылар ғибадат кештерін қалай түрлендіріп өткізіп жүр? Мысалы, біреулері отбасылық ғибадаттарын Ехобаға мадақ әнін шырқаумен бастайды. “Осының арқасында көңіліміз көтеріңкі болып, талқылауға ойша дайындала аламыз”,— дейді Мексикада тұратын Хуан. Оның отбасы талқыланатын мәліметке сай келетін әндерді таңдап айтады екен.

Шри-Ланка

Отбасылардың көбісі Киелі кітаптан қандай да бір үзіндіні таңдап, оны бірге отырып оқиды. Ғибадат кешін түрлендіру үшін, оқымас бұрын олар Киелі кітаптағы әртүрлі кейіпкерлердің сөздерін өзара бөлісіп алады. Жапонияда тұратын бір әке: “Бұлай оқығанымыз бастапқыда маған үйреншікті емес-тін”,— деп мойындайды. Бірақ ата-аналарының ғибадат кешінде өздерімен бірге атсалысып отырғанына екі ұлы мәз-мейрам болатын. Ал кейбір отбасылар Киелі кітап оқиғаларын тіпті қойылым ретінде көрсетеді. Оңтүстік Африкада тұратын екі баланың әкесі Роджер былай дейді: “Киелі кітаптың әйелім екеуіміз байқамаған қызық тұстарын жиі балаларымыз байқап қояды”.

Оңтүстік Африка

Ғибадат кешін түрлендірудің тағы да бір жолы — бүкіл отбасымен бірге Нұх кемесінің немесе Сүлейменнің ғибадатханасының макетін жасау сияқты жобамен жұмыс істеу. Мұндай жобаны жасау үшін зерттеу жүргізу керек болады, ал бұл — өте қызықты іс. Мысалы, Азияда тұратын бір отбасында бес жасар қыз ата-анасы және әжесімен бірге осындай жобаны жасауға бел буады. Олар қонақ бөлмесіне жиналады да, елші Пауылдың миссионерлік сапарын негізге алып, қағазға оның жүрген жолдарын сызады. Ал басқа отбасылар дәл осындай ойынды Мысырдан шығу кітабындағы оқиғаларға негіздеген. Тогода тұратын 19 жасар Дональд: “Түрлендіріп өткізгеніміз отбасылық ғибадатымызды жандандыра түсті, өзара қарым-қатынасымыз да нығайды”,— дейді. Сен ғибадат кештеріңді анағұрлым қызықты ететін жобаны ойластыра аласың ба?

Америка Құрама Штаттары

ДАЙЫНДЫҚСЫЗ БОЛМАЙДЫ

Отбасылық ғибадат қызықты өтуі үшін, оны түрлендірудің және бейімделгіш болудың маңызды екені рас. Бірақ бұл кеш тәлім-тәрбие берерліктей болуы үшін, үй ішіндегілердің бәрі алдын ала дайындалуы қажет. Кейде бүлдіршіндер жалығып кетеді. Осындай жағдайларды ескеретін әке балаларына қызықты болатын мәліметті таңдайды әрі дайындыққа жеткілікті уақыт бөледі. Бір әке былай дейді: “Мен дайындалып келсем, ғибадат кешіміз әрқайсысымыз үшін пайдалы бола түседі”. Германиядағы бір отағасы болса келер апталарда ғибадат кешінде не қарастырылатынын үй ішіндегілеріне алдын ала айтып қояды. Ал Бенинде тұратын кішкентай 6 баласы бар әке отбасылық ғибадат кезінде ұйымымыздың DVD дискісін көруді жоспарласа, балаларына алдын ала сұрақтар үлестіріп береді. Расында да, дайындықтың арқасында отбасылық ғибадаттың сапасы анағұрлым жақсы болады.

Егер үй іші отбасылық ғибадатта не қарастырылатынын алдын ала білсе, апта бойы сол жайлы әңгіме қозғап, бір-бірінің құлшынысын арттыра алады. Сондай-ақ бұл кеште әрқайсысының өз тапсырмасы болса, әрқайсысы осы ғибадатты өзінің отбасылық ғибадаты ретінде қарастыратын болады.

ҮНЕМІ ӨТКІЗІП ТҰРУҒА ҰМТЫЛЫҢДАР

Отбасылық ғибадатты үнемі өткізіп тұру көбісіне оңайға соға бермейді. Неліктен?

Отбасын асырау үшін көптеген отағалары таң атқаннан қара кешке дейін жұмыс істейді. Мысалы, Мексикада тұратын бір әке жұмысқа таңғы сағат 6-да шығып, үйіне кешкі сағат 8-де бір-ақ келеді. Кейде отбасылық ғибадаттың уақытын аудандық бақылаушы келгенде не облыстық конгресс сияқты жиындар болатын кездері өзгерту керек болып жатады.

Сөйтсе де, отбасылық ғибадатты үнемі өткізіп тұруға бел бууымыз қажет. Тогода тұратын 11 жасар Луис бұған қатысты өз отбасының берік шешімі жайлы былай дейді: “Кейде күтпеген жайттар болып қалады. Сонда отбасылық ғибадатымызды әдеттегіден кеш бастаймыз. Бірақ ғибадат кешіміз ешқашан үзілген емес”. Кейбір отбасылар ғибадат кешін аптаның басында өткізуді жоспарлайды. Не себепті? Егер күтпеген жағдай орын алса, олар оны аптаның ортасына не соңына қоя алады.

Отбасылық ғибадат деген атаудың өзінен көрініп тұрғандай, бұл — Ехобаға деген ғибадатымыздың бір бөлігі. Сондықтан отбасындағы әрбір адам апта сайын Ехобаға “аузымен мадақтау айтып, соны сый-тарту ретінде ұсына” берсін (Ошия 14:2). Отбасылық ғибадат әрқайсысың үшін қуанышты сәттердің бірі болсын, өйткені Ехобаға деген “қуаныштарың сендерге күш-қуат беріп, паналарың болады!” (Нех. 8:9, 10).