Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Мұсаның сеніміне елікте

Мұсаның сеніміне елікте

“Сенімі болғандықтан Мұса ержеткенде перғауын қызының ұлы деп аталудан бас тартты” (ЕВР. 11:24).

1, 2. а) Мұса 40 жасқа келгенде қандай шешім қабылдады? (Осы беттегі суретті қара.) ә) Неге Мұса Құдай халқымен бірге жәбір көруді таңдады?

МҰСА Мысыр елінде өзін қандай болашақ күтіп тұрғанын жақсы білген. Ол бақуатты адамдардың сәулетті, еңселі үйлерін көріп өсті. Сондай-ақ перғауынның отбасында тәрбиеленіп, “мысырлықтардың бүкіл даналығын меңгерді”. Ол архитектура, астрономия, математика сияқты салалардан білім алған көрінеді (Ел. іс. 7:22). Қарапайым мысырлықтың түсіне де кіріп-шықпайтын билік, байлық пен патша сарайындағы артықшылықтар оның уысында болған еді!

2 Бірақ 40 жасқа келгенде, Мұса перғауынның әулеті үшін күтпеген шешім қабылдады. Ол Мысырдағы жайлы өмірінен бас тартты. Мұса тіпті қарапайым мысырлықтар сияқты өмір сүруді емес, құлдармен бірге болуды таңдады! Неге? Өйткені оның сенімі болды (Еврейлерге 11:24—26 оқы). Осы сенімнің арқасында Мұса айналасындағы көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын дүниеден әлдеқайда көп нәрсені көрді. Ол “көзге көрінбейтін Тұлға” Ехобаға әрі оның уәделерінің орындалатынына кәміл сенді (Евр. 11:27).

3. Осы мақалада қандай үш сұрақты қарастырамыз?

3 Біз де көз алдымыздағы нәрселерді ғана көрмей, “сенімге ие болғандардың қатарынан” болуымыз қажет (Евр. 10:38, 39). Сенімімізді нығайту үшін Еврейлерге 11:24—26 тармақтарда Мұса туралы не жазылғанын  қарастырайық. Талқылау барысында мына жайлы ойланып көрейік: Мұса сенімінің арқасында тәндік қалаулардан қалай бас тарта алды? Сенімі оған қорлық көргенде Ехобаға қызмет ету мәртебесін бағалауға қалай көмектесті? Мұса неге “бар назарын алатын сыйына тікті”?

ОЛ ТӘНДІК ҚАЛАУЛАРДАН БАС ТАРТТЫ

4. Мұса күнәдан рақат алуға қатысты нені түсінді?

4 Сенімі болғандықтан Мұса күнәнің уақытша рақат әкелетінін түсінген. Бәлкім, сол уақытта кейбіреулер: “Пұтқа табынушылық пен спиритизм кең етек алған Мысыр елі дүниежүзілік империяға айналды, ал Ехобаның халқы құл болып жәбір көріп жүр”,— деп ойлаған шығар. Алайда Мұса Ехобаның жағдайды өзгерте алатынын білді. Өз қалауларының жетегіне ергендер өркендеп жатқандай көрінсе де, Мұса зұлым адамдардың жойылатынына сенген. Сондықтан ол “күнәдан уақытша рақат алуға” азғырылған жоқ.

5. “Күнәдан уақытша рақат алуға” азғырылмау үшін не істеуге болады?

5 “Күнәдан уақытша рақат алуға” азғырылмау үшін не істеуге болады? Күнәнің әкелетін рақаты ұзаққа созылмайтынын ешқашан ұмытпа. Сенім көзіңмен осы дүние мен оның қалауы өткінші екенін көре біл (Жох. 1-х. 2:15—17). Күнәларына өкінбейтін адамдарды не күтіп тұрғаны жайлы ойлан. Олар “тайғақ жолда” тұр әрі “жойылып, жоғалмақ” (Заб. 72:18, 19). Күнә жасауға азғырылғанда, “Мен өз болашағымның қандай болғанын қалаймын?” деп ойланып көр.

6. а) Неге Мұса “перғауын қызының ұлы деп аталудан бас тартты”? ә) Неге Мұса дұрыс шешім қабылдады деп ойлайсың?

6 Сондай-ақ Мұсаның сенімі оған дұрыс өмір жолын таңдауға көмектесті. “Сенімі болғандықтан Мұса ержеткенде перғауын қызының ұлы деп аталудан бас тартты” (Евр. 11:24). Ол: “Құдайға перғауын әулетінің мүшесі болып жүріп те қызмет ете аламын ғой. Оның үстіне, кейіннен байлығым мен билігімді исраилдік бауырларыма көмектесу үшін қолданармын”,— деп ойлаған жоқ. Қайта, Мұса Ехобаны қатты жақсы көргендіктен оған “бар жүрегімен, бүкіл жан-тәнімен және бар күш-қуатымен” қызмет етуге бел буды (Заң. қ. 6:5 ЖД). Мұсаның бұл шешімі оны көп қиындықтан қорғап қалды. Ақырында исраилдіктер мысырлықтардың бірталай байлығын олжалап әкетті! (Мыс. ш. 12:35, 36). Перғауын болса масқара болып өз жазасын алды (Заб. 135:15). Ал Мұса аман қалды, әрі Құдайдың тапсыруымен бүкіл Исраил халқын қауіпсіз жерге бастап алып жүрді. Оның өмірі шынымен мағыналы болды.

7. а) Матай 6:19—21 тармақтарға сай, неге біз тек жақын болашағымызды ғана жоспарламауымыз керек? ә) Жердегі қазына мен көктегі қазынаның айырмашылығын көрсететін мысал айтып бер.

7 Ехобаның жас қызметшісі болсаң, сенімің дұрыс өмір жолын таңдауға қалай көмектесе алады? Әрине, болашағыңды ойлағаның дұрыс. Алайда сен жерде қазына жинауды ойлап, уақытша болашақты жоспарлайсың ба, жоқ әлде Құдайдың уәделеріне сеніп, мәңгілік болашағыңды жоспарлайсың ба? (Матай 6:19—21 оқы). Софи есімді бауырласымызға осы орайда шешім қабылдау қажет болды. Дарынды балет бишісі болғандықтан, Құрама Штаттардағы әртүрлі балет компаниялары оған тегін оқуды және өз компанияларында керемет мүмкіндіктер ұсынды. “Ел-жұрттың мені айналып-толғанғаны жаныма майдай жағатын,— дейді Софи.— Мен өзімді басқалардан артық санайтынмын. Бірақ мен бақытсыз едім”. Кейіннен Софи “Жастардың сауалдары. Өмірімді не нәрсеге арнаймын?” деп аталатын бейнефильмді көрді. “Осы дүние маған табыс пен ел-жұрттың қошеметін беріп, орнына Ехобаға бар жүрегіммен қызмет етпеуді талап ететінін түсіндім,— дейді ол.— Мен Ехобаға жан-тәніммен дұға еттім. Сосын мансап қумауға бел будым”. Софи осы шешіміне өкіне ме? “Мен бұрынғы өмірімді сағынбаймын. Қазір мен 100 пайыз бақыттымын. Күйеуім екеуміз ізашар ретінде қызмет  етеміз. Біз атақты емеспіз, ақшамыз да өте аз. Бірақ бізде Ехоба, Киелі кітап зерттеу сабақтары және рухани мақсаттарымыз бар. Мен еш нәрсеге өкінбеймін”.

8. Киелі кітаптағы қандай кеңес жастарға болашақты жоспарлауға көмектеседі?

8 Ехоба сен үшін ең жақсы өмір жолы қайсысы екенін біледі. Мұса былай деген: “Ехоба Құдайың сенен нені талап етеді? Ехоба Құдайыңнан қорқуды, оның жолдарымен жүруді, оны сүюді, Ехоба Құдайыңа бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен қызмет етуді және өзіңе жақсы болу үшін бүгін мен саған бұйырып отырған Ехобаның заңдары мен нұсқауларын орындауды ғана емес пе?!” (Заң. қ. 10:12, 13 ЖД). Иә, жас кезіңде Ехобаны жақсы көріп, оған “бар жүрегіңмен және бүкіл жан-тәніңмен қызмет етуге” мүмкіндік беретін өмір жолын таңдағаның дұрыс. Осылай етсең, “өзіңе жақсы болатынына” еш күмәнданба.

ОЛ ЕХОБАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУ МӘРТЕБЕСІН БАҒАЛАДЫ

9. Мұсаға Ехобадан алған тапсырмасын орындау неге оңай болмаған көрінеді?

9 Киелі кітапта: “[Мұса] Мәсіх ретінде қорлық көруді Мысырдың қазыналарынан артық байлыққа санады”,— делінген (Евр. 11:26 сілт.). Мұсаның Мәсіх, яғни “майланған”, ретіндегі қызметі Ехобаның оны Исраил халқын Мысырдан бастап алып шығу үшін таңдап алғанына нұсқайды. Мұса бұл тапсырманы орындау қиын болатынын, тіпті сол үшін “қорлық көретінін” білген. Бұның алдында бір исраилдік: “Кім сені бізге басшы әрі төреші етіп тағайындады?”— деп, оны қорлаған болатын (Мыс. ш. 2:13, 14). Ал кейіннен Мұсаның өзі Ехобаға: “Менің айтқандарыма... перғауын қайдан құлақ салсын?”— деп налыған (Мыс. ш. 6:12). Мұса алда көретін қорлыққа дайындалып, соған төтеп бере алу үшін бар қорқынышы мен уайымын Ехобаға ақтарып айтқан. Ехоба оған осы бір қиын тапсырманы орындауға қалай көмектесті?

10. Ехоба Мұсаға берген тапсырмасын орындауға қалай көмектесті?

10 Біріншіден, Ехоба Мұсаға “жар болуды” уәде етті (Мыс. ш. 3:12). Екіншіден, ол: “Мен кім болғым келсе, сол боламын”,— деп, өз есімінің мағынасының бір қырын ашып, Мұсаға сенімділік берді * (Мыс. ш. 3:14 ЖД). Үшіншіден, өзі жібергендігінің дәлелі ретінде Мұсаға кереметтер жасай алатын қабілет дарытты (Мыс. ш. 4:2—5). Төртіншіден, ағасы Харонды Мұсаның өкілі әрі көмекшісі етіп берді (Мыс. ш. 4:14—16). Құдайдың өз қызметшілеріне кез келген тапсырманы орындауға көмектесетініне Мұсаның көзі әбден жетті. Сондықтан да ол ғұмырының соңында өзінің орнын басқан Ешуаға: “Жаратқан Иенің Өзі алдыңда жүріп саған жар болады. Ол сені ешқашан тастап та кетпейді, жалғыз да қалдырмайды. Еш нәрседен уайымдап, қорқушы болма!”— деп айта алған (Заң. қ. 31:8).

11. Неге Мұса өзіне берілген тапсырманы қатты бағалаған?

11 Ехобаның көмегінің арқасында Мұса өзіне берілген қиын тапсырманы “Мысырдың қазыналарынан артық” санап, қатты бағалаған. Әрине, перғауынға қызмет етуді Құдіреті шексіз Құдайға қызмет етумен салыстыруға бола ма? Мысырдың билеушісі болғаннан гөрі “Мәсіх”, яғни Ехобаның майланған қызметшісі, болған әлдеқайда артық емес пе? Мұса қызметін жоғары бағалағаны үшін молынан жарылқанды. Ол өзіне “зор құдірет” беріп, исраилдіктерді Уәде етілген жерге алып кіруге көмектескен Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болды (Заң. қ. 34:10—12).

12. Ехобаның бізге тапсырған қандай мәртебелі қызметтерімізді бағалауымыз керек?

12 Ехоба бізге де бір жауапкершілік жүктеді. Кезінде елші Пауыл мен басқа да мәсіхшілерге тапсырғандай, ол бізге Ұлы  арқылы өз “қызметін”, яғни ізгі хабарды жариялау ісін, сеніп тапсырып отыр (Тімөтеге 1-хат 1:12—14 оқы). Мұндай мәртебе бәрімізге де берілді (Мат. 24:14; 28:19, 20). Кейбір бауырластар толық уақыт қызмет етеді. Ал толысқан ер бауырластар қауымда қызмет көмекшілері не ақсақалдар ретінде қызмет атқарады. Алайда сенің Куәгер емес туыстарың не басқа адамдар қызметіңнің бағалы екеніне шек келтіретін шығар не тіпті жанқиярлық рух танытқаның үшін сені қорлап, сөгетін болар (Мат. 10:34—37). Олардың сөздері ұнжырғаңды түсірсе, “Бекерге құрбандықтарға барған екенмін” не “Тапсырманы орындау менің қолымнан келмейді” деп ойлай бастауың мүмкін. Мұндайда сенімің табандылық танытуға қалай көмектеседі?

13. Ехоба теократиялық тапсырмаларды орындауға қалай көмектеседі?

13 Ехобадан қолдау көрсетуін жалбарынып сұрап, сеніммен дұға ет. Оған бар қорқынышың мен уайымыңды айт. Саған қызметті сеніп тапсырған Ехобаның өзі және ол саған соны атқаруға жәрдемдеседі. Қалай? Ол Мұсаға қалай көмектескен болса, саған да дәл солай көмектеседі. Біріншіден, Ехоба: “Саған қуат беріп көмектесемін, Жеңімпаз қолыммен сүйемелдеймін”,— деп уәде еткен (Ишая 41:10). Екіншіден, ол берген уәделерінің сенімді екенін айтады. “Мен айтқанымды еш шүбәсіз жүзеге асырамын, солай шешкен соң оны орындаймын!”— дейді ол (Ишая 46:11). Үшіншіден, Ехоба қызметіңді атқара алуың үшін “адам күшінен асқан күш” береді (Қор. 2-х. 4:7). Төртіншіден, қамқор Әкеміз бізге табанды болып қалуға көмектесу үшін “бір-бірін жұбатып, нығайтып жүрген” шынайы мәсіхшілерден тұратын дүниежүзілік бауырластықты беріп отыр (Сал. 1-х. 5:11). Ехобаның саған берген тапсырмаларын орындауға көмектескенін көргенде, оған деген сенімің нығайып, сол мәртебелі тапсырмаларды жердегі қазынадан артық санап бағалайтын боласың.

ОЛ “БАР НАЗАРЫН АЛАТЫН СЫЙЫНА ТІКТІ”

14. Неге Мұса сыйға ие болатынына еш күмәнданбады?

14 Мұса “бар назарын алатын сыйына тікті” (Евр. 11:26). Ол болашақта қандай жайттар орын алатынын егжей-тегжейлі білмесе де, осы азын-аулақ білімінің негізінде шешім қабылдай алды. Арғы атасы Ыбырайым сияқты, Мұса да Ехобаның өмірден өткен адамдарды тірілте алатынына сенімді болған (Лұқа 20:37, 38; Евр. 11:17—19). Ол Құдайдың өз уәделерін міндетті түрде орындайтынына сенгендіктен  Мадиян жерінде өткізген 40 жылы мен шөл далада өткізген 40 жылын бекерге кеткен уақыт ретінде қарастырмады. Мұса Құдайдың уәделері нақты қалай орындалатынын білмесе де, көрінбейтін сыйды сенім көзімен көре алды.

15, 16. а) Неге бар назарымызды алатын сыйға тігуіміз керек? ә) Құдай Патшалығындағы қандай баталарды асыға күтіп жүрсің?

15 Сен “бар назарыңды алатын сыйыңа тігіп” жүрсің бе? Мұса сияқты біз де Құдайдың уәделеріне қатысты барлық жайттарды білмейміз. Мысалы, біз зор алапаттың “белгіленген уақытынан” хабардар емеспіз (Мар. 13:32, 33). Десе де жерде орнайтын жұмақ жайлы Мұсаға қарағанда көбірек мәлімет білеміз. Жұмақтың қандай болатынын толық білмесек те, Ехобаның бізге берген уәделерінен оның Патшалығындағы өміріміздің қандай болатынын жан-жақты біліп, “бар назарымызды” соған тіге аламыз. Жаңа дүниені көз алдымызға нақты елестете алсақ, Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоюға талпынатын боламыз. Қалайша? Мысалы, қандай да бір үй жайлы өте аз мәлімет білсең, оны сатып алар ма едің? Әрине, жоқ! Сол сияқты үмітіміз көмескі, бұлыңғыр болса, өмірімізді соның жолына арнағымыз келмесі анық. Біз Құдай Патшалығы билік еткен кезді сенім көзімізбен анық көруіміз керек.

Мұса сияқты Құдайдың адал қызметшілерімен сөйлесуге қаншалықты қуанышты боламыз десеңдерші (16-абзацты қара)

16 Сол кезді анығырақ көре алуың үшін “бар назарыңды” жұмақтағы өміріңе тіккенің дұрыс. Оны көз алдыңа елестетіп көр. Мысалы, Құдайдың ертедегі қызметшілерінің өмірі жайлы оқығанда, олардан қайта тірілгенде не жайлы сұрауға болатынын ойлан. Ал олар сенен соңғы күндер жайлы нендей жайттарды сұрауы мүмкін? Ғасырлар бұрын өмір сүрген ата-бабаларыңды көріп, Құдайдың олар үшін жасаған барлық игіліктерін айтқанда, жүзің бал-бұл жайнайтын шығар. Көптеген жабайы аңдардың бір-бірімен тату-тәтті жүргенін көріп, таңдай қағуың да ғажап емес. Ал бірте-бірте кемелді бола бастағаныңда, Ехобаға қаншалықты жақындай түсетінің жайлы ойланып көрдің бе?

17. Көрінбейтін сыйды анық елестетудің қандай пайдасы бар?

17 Көрінбейтін сыйды анық елестете алғанымыз табанды болуға, қуанышты жоғалтпауға және мәңгі де сенімді болашағымызға негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі. Пауыл майланған мәсіхшілерге: “Әлі орындалмаған нәрсеге үміттенсек, оны төзімділікпен талмай күтеміз”,— деп жазған (Рим. 8:25). Бұл сөздер мәңгі өмір сүру үміті бар барлық мәсіхшілерге де қатысты. Сыйға әлі ие болмасақ та, сеніміміздің мықты болғаны соншалық, біз оны әрі қарай да шыдамдылықпен күтуге дайынбыз. Мұса сияқты біз де Ехобаға қызмет етуге арнаған кез келген жылымызды босқа кеткен уақыт деп қарастырмаймыз. Өйткені біз “көрінетін нәрселер уақытша, ал көрінбейтіндер мәңгілік” екеніне сенімдіміз (Қорынттықтарға 2-хат 4:16—18 оқы).

18, 19. а) Сенімімізді берік етіп сақтау үшін неге көп күш салуымыз керек? ә) Келесі мақалада нені қарастырамыз?

18 Сеніміміз бізге “көрінбейтін нәрселердің шын мәнінде бар екенінің айқын дәлелін көруге” көмектеседі (Евр. 11:1). Ал тәндік көзқарастағы адамдар сенімдері болмағандықтан Ехобаға қызмет етудің қаншалықты бағалы екенін түсінбейді. Ондай адамдар рухани қазынаны “ақымақтық” деп есептейді (Қор. 1-х. 2:14). Біз мәңгілік өмірді және адамдардың қайта тірілетін кезін көреміз деп үміттенеміз, алайда осы дүние бұларды тіпті елестете де алмайды. Пауылды “мылжың” деп атаған кейбір философтар сияқты, бүгінде көп адам біз айтып жүрген үмітті бос сөз санайды (Ел. іс. 17:18).

19 Осындай сенімі жоқ адамдардың арасында өмір сүріп жатқандықтан, бізге сенімімізді берік етіп сақтау үшін көп күш салу қажет. Ехобадан “сеніміңнің әлсіремеуін” жалбарынып сұра (Лұқа 22:32). Күнәнің салдарын, Ехобаға қызмет етудің қаншалықты бағалы екенін әрі мәңгі өмір сүру үмітіңді анық есіңде ұста. Мұсадан тағы не нәрсеге үйрене аламыз? Келесі мақалада сенімі оған “көзге көрінбейтін Тұлғаны” көруге қалай көмектескенін білетін боламыз (Евр. 11:27).

^ абзац 10 Киелі кітапты зерттейтін бір маман Мысырдан шығу 3:14-тегі сөздерді былай түсіндірді: “Құдайға өз еркін жүзеге асыруға еш нәрсе кедергі бола алмайды... [Ехоба деген] бұл есім Исраил халқының берік қамалы әрі үміт пен жұбаныштың шексіз қоры іспетті болу керек еді”.