Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сен “көзге көрінбейтін Тұлғаны көресің” бе?

Сен “көзге көрінбейтін Тұлғаны көресің” бе?

“[Ол] көзге көрінбейтін Тұлғаны көріп тұрғандай берік болды” (ЕВР. 11:27).

1, 2. а) Неге перғауынның алдына барған Мұсаға үлкен қауіп төніп тұрғандай көрінді? (Осы беттегі суретті қара.) ә) Неге Мұса перғауынның қаһарынан қорықпады?

ПЕРҒАУЫН мысырлықтардың айбатты билеушілері әрі табынатын құдайлары болған. “Мысыр Шығысты билегенде” деп аталатын кітапта айтылғандай, мысырлықтар үшін ол “даналығы мен күші жағынан жердегі кез келген жаратылыстан асып түсетін” тұлға болған. Қол астындағы адамдарға қорқыныш ұялату үшін перғауын шап беруге дайын тұрған кобраның мүсіні бар тәж киетін. Бұл мүсін патшаға қарсы шыққан жаулардың бірден мерт болатынын ескертіп тұрғандай болатын. Ехоба Мұсаға: “Мен сені перғауынға жіберемін. Сен халқым Исраилді Мысырдан бастап алып шығасың!”— дегенде, оның не сезінгенін елестетіп көрші! (Мыс. ш. 3:10).

2 Мысырға барып, Құдайдың хабарын жариялаған Мұса перғауынның қаһарын шақырды. Мысыр жеріне тоғыз жаза жіберілгеннен кейін, перғауын Мұсаға: “Енді қайтып менің алдыма келуші болма! Көзіме түскен күні-ақ өлетін боласың”,— деп қоқан-лоқы көрсетті (Мыс. ш. 10:28). Мұса перғауынның алдынан кетпес бұрын, оның тұңғыш баласы өлім құшатынын айтып ескертті (Мыс. ш. 11:4—8). Сосын ол әрбір исраилдік отбасына қой не ешкіні сойып, қанын есік жақтауларына жағуды  бұйырды. Ал бұл малдар мысырлықтардың Ра құдайының алдында қасиетті саналатын (Мыс. ш. 12:5—7). Осы жайттар перғауынның ашуын туғызған болса керек. Бірақ Мұса одан еш қорықпады. Неге? Ол сенімі болғандықтан Құдайға мойынсұнды және перғауынның қаһарынан қорықпай, “көзге көрінбейтін Тұлғаны көріп тұрғандай берік болды” (Еврейлерге 11:27, 28 оқы).

3. Мұсаның сеніміне қатысты қандай сұрақтарды қарастырамыз?

3 Ал сен сенім көзіңмен “Құдайды көре” аласың ба? (Мат. 5:8). Мұсаның үлгісін қарастырғанымыз сенімімізді нығайтып, “көзге көрінбейтін Тұлғаны” көруге көмектесетіні шүбәсіз. Мұса Ехобаға деген сенімінің арқасында адам алдындағы қорқынышын қалай жеңе алды? Сондай-ақ Құдайдың уәделеріне толығымен сенетінін қалай көрсетті? Ал қиын жағдайға ұшырағанда, “көзге көрінбейтін Тұлғаны” көре алғаны оның өзін де, исраилдіктерді де қалай нығайтты?

ОЛ “ПЕРҒАУЫННЫҢ ҚАҺАРЫНАН” ҚОРЫҚПАДЫ

4. Сенімі жоқ адамға Мұсаның жағдайы қандай болып көрінген болуы мүмкін?

4 Сол кезде сенімі жоқ адамға Мұсаның перғауынмен тайталасуға қауқары жетпейтіндей көрінген шығар. Расында да, оның өмірі мен аман-саулығы перғауынның қолында тұрғандай еді. Мұсаның өзі Ехобаға: “Перғауынға барып, исраилдіктерді Мысырдан алып шығатындай соншама мен кіммін?”— деп налыған (Мыс. ш. 3:11). Бұдан шамамен 40 жыл бұрын ол Мысырдан қашып шыққан еді. Сондықтан “Мысырға оралсам, патшаның ашуын туғызамын ғой” деп уайымдаған болар.

5, 6. Мұсаға перғауыннан емес, Ехобадан қорқуға не көмектесті?

5 Мысырға бармас бұрын, Ехоба Мұсаға бір маңызды жайтты үйретті. Кейіннен Мұса өзінің алған сабағын Әйүп кітабында былай деп түсіндірді: “Даналық дегеніміз — Ехобадан қорқу” (Әйүп 28:28 ЖД). Иә, Ехоба Мұсаға осындай қорқынышқа ие болып, ақылмен әрекет етуге көмектесті. Ол: “Адамға тілді бітірген кім? Оны мылқау не саңырау, көретін не соқыр ете алатын кім? Соны істей алатын Жаратқан Ие, Өзім, емеспін бе?”— деп, жұмыр басты пенде мен құдіреті шексіз Құдайдың арасындағы айырмашылықты көрсетті (Мыс. ш. 4:11).

6 Мұсаны Ехобаның өзі жіберіп отырғандықтан, оған қорқудың еш қажеті жоқ еді. Ехоба оған қажетті күш беріп, перғауынға өзінің хабарын жеткізуге көмектеспек болды. Перғауынның Ехобамен тайталасуға қауқары жетпейтіні анық еді. Оның үстіне, бұл Құдай қызметшілерінің Мысырда қауіпті жағдайға кезіккен алғашқы кезі емес-тін. Бәлкім, ол Ехобаның Мысырдың бұрынғы билеушілерінің қолынан Ыбырайым мен Жүсіпті, не тіпті өзін қалай құтқарғаны жайлы ойланған шығар (Жар. 12:17—19; 41:14, 39—41; Мыс. ш. 1:22—2:10). “Көзге көрінбейтін Тұлға” Ехобаға сенгеннің арқасында Мұса перғауынның алдына батылдықпен барып, оған Ехобаның әрбір сөзін жеткізе алды.

7. Элла бауырластың сенімі ол үшін қалай қорғаныш болды?

7 Элла есімді бауырластың мысалын қарастырайық. Ехобаға деген сенімі оған да адам алдындағы қорқынышын жеңуге көмектескен еді. 1949 жылы КГБ оны Эстонияда қамауға алды. Жас полиция қызметкерлері Элланың үстіндегі бар киімін шешіп тастап, оған сүзіле қарады. “Мен қатты қорландым,— дейді ол.— Бірақ Ехобаға дұға еткеннен кейін, жантыныштығын сезіндім”. Сосын олар Элланы үш күн бойы оңаша камерада ұстады. Ол былай дейді: “Полиция қызметкерлері маған: “Біз Ехобаның есімі Эстонияда мәңгіге ұмыт болатындай етеміз! Сені лагерьге жібереміз, ал басқаларын Сібірге айдаймыз!”— деп айқайлады. Содан кейін: “Ал, айтшы, Ехобаң қайда?”— деп мысқылдады”. Элла Ехобаға сенім артты ма, әлде адам алдындағы қорқынышқа бой алдырды ма? Тергеу барысында ол өзін мазақ еткендерге батылдықпен  былай жауап берді: “Мен бұл жайында әбден ойландым. Құдайдың ықыласынан айырылып, бостандыққа шыққанша, онымен қарым-қатынасымды сақтап, түрмеде отырғаным артық”. Элла үшін Ехоба оның қарсы алдында тұрған адамдар сияқты тірі Тұлға болған еді. Сенімінің арқасында ол мінсіздігін сақтап қалды.

8, 9. а) Адам алдындағы қорқынышты жеңудің бірден-бір жолы қандай? ә) Адам алдындағы қорқынышқа берілмес үшін бар назарыңды кімге аударғаның жөн?

8 Ехобаға деген сенімің қорқынышыңды жеңуге көмектеседі. Мемлекеттік қызметкерлер Құдайға қызмет етуге кедергі жасаса, сенің өмірің мен аман-саулығың солардың қолында тұрғандай көрінетін шығар. Сен тіпті: “Ехобаға қызмет ете берсем, сол адамдардың ашуын туғызбаймын ба?”— деп уайымдауың мүмкін. Алайда қорқынышты жеңудің бірден-бір жолы Құдайға сенім арту екенін ұмытпа (Нақыл сөздер 29:25 оқы). Ехобаның өзі: “Қалай сен ажалды пендеден шошынып, адам баласынан қорқасың? Ол солып қалатын шөп секілді өткінші емес пе?”— дейді (Ишая 51:12, 13).

9 Бар назарыңды құдіреті шексіз Әкеңе аудар. Ол әділетсіз билеушілерден жапа шеккендерді байқайды әрі оларға жаны ашып, көмектеседі (Мыс. ш. 3:7—10). Тіпті мемлекеттік қызметкерлердің алдында сеніміңді қорғап сөйлеуге тура келсе де, “қалай және не айтатыныңды ойлап, уайымдама. Өйткені не айтуың керектігі сол сәтте беріледі” (Мат. 10:18—20). Билік басындағылардың және мемлекеттік қызметкерлердің Ехоба Құдаймен тайталасуға қауқарлары жетпейді. Сеніміңді қазір нығайта берсең, Ехобаны өзіңе көмектесуге дайын тірі Тұлға ретінде көре алатын боласың.

ОЛ ҚҰДАЙДЫҢ УӘДЕЛЕРІНЕ СЕНДІ

10. а) Б. з. б. 1513 жылдың нисан айында Ехоба исраилдіктерге қандай нұсқаулар берді? ә) Мұсаны Құдайдың нұсқауларын орындауға не талпындырды?

10 Б. з. б. 1513 жылдың нисан айында Ехоба Мұса мен Харонға Исраил халқына ерекше нұсқауларды жеткізуді бұйырған еді. Исраилдіктер еш кемістігі жоқ қой не ешкінің еркек төлін сойып, оның қанын есік жақтауларына жағулары керек болды (Мыс. ш. 12:3—7). Мұса бұл тапсырмаға қалай қарады? Кейіннен елші Пауыл ол жайлы былай деді: “Сенімі болғандықтан ол Құтқарылу мейрамын тойлап, Құдай періштесі исраилдіктердің тұңғыштарына тиіспесін деп есік жақтауларына қан жақты” (Евр. 11:28). Иә, Мұса Ехобаға толығымен сенім артуға болатынын білген және оның Мысырдағы тұңғыш ұлдарды мерт қылатыны жайлы сөздерін орындайтынына сенген.

11. Неге Мұса исраилдік бауырларының тұңғыштарын аман алып қалудың қамын жасады?

11 Бұл уақытта Мұсаның өз ұлдары Мадиян елінде болғанға ұқсайды. Сол себепті “Құдай періштесі” оларға ешқандай зиян келтіре алмас еді (Мыс. ш. 18:1—6). Десе де Мұса исраилдік бауырларын жақсы көргендіктен оларға Құдайдың нұсқауларын жеткізіп, тұңғыштарын аман алып қалудың қамын жасады. Ол “тез арада” Исраилдің барлық ақсақалдарын жинап, оларға: “Бір-бір жас мал алып сойыңдар, бұл Құтқарылу мейрамына арналған құрбандық болады”,— деді (Мыс. ш. 12:21 ЖД).

12. Ехоба бізге қандай маңызды хабарды жариялауды тапсырды?

12 Бүгінде Ехобаның қызметшілері періштелердің көмегімен: “Құдайдан қорқып, оны дәріптеңдер, өйткені оның соттайтын уақыты келді. Сондықтан көк пен жерді, теңіз бен су көздерін жаратқан Құдайға ғибадат етіңдер!”— деп жар салып жүр (Аян 14:7). Қазір адамдарға осы маңызды хабарды жеткізетін уақыт. Ұлы Бабылдың “басына түсетін пәлелерге душар болмаулары үшін” біз айналамыздағы адамдарға одан шығуды ескертуіміз қажет (Аян 18:4). Майланған мәсіхшілер де, “басқа қойлар” да Құдайдан алшақтап кеткен адамдарға: “Құдаймен татуласыңдар”,— деп өтінеді (Жох. 10:16; Қор. 2-х. 5:20).

Ехобаның уәделеріне сенгенің ізгі хабарды жариялауға деген ықыласыңды арттырады (13-абзацты қара)

13. Ізгі хабарды сенімділікпен жариялауға не көмектеседі?

 13 Біз Құдайдың адамзатты “соттайтын уақытында” өмір сүріп жатқанымызға сенімдіміз. Сондай-ақ уағыздау мен шәкірт дайындау ісінің Ехоба айтқандай шұғыл түрде атқарылу керектігіне де кәміл сенеміз. Елші Жохан аянда жердің төрт бұрышында тұрған төрт періштенің “жердің төрт желін мықтап ұстап тұрғанын” көрген (Аян 7:1). Бұл періштелердің зор алапаттың төрт жойқын желін жер бетіне жіберуге дайын тұрғанын сенім көзіңмен көре аласың ба? Көре алсаң, бұл саған ізгі хабарды сенімділікпен жариялауға көмектеседі.

14. “Зұлым жанға... жаман іс-әрекеттерін тастауды” ескертуге бізді не талпындырады?

14 Шынайы мәсіхшілердің өздері Ехобамен тығыз қарым-қатынасқа әрі мәңгі өмір сүру үмітіне ие болғанмен, өзгелерге де көмектесулері керек екендерін түсінеді. Иә, біз “зұлым жанға... жаман іс-әрекеттерін тастауды” ескертуге міндеттіміз (Езекиел 3:17—19 оқы). Алайда біз тек біреудің өліміне кінәлі болмау үшін емес, Ехобаны әрі айналамыздағы адамдарды жақсы көргендіктен уағыздаймыз. Иса қайырымды самариялық жайлы астарлы әңгімесі арқылы сүйіспеншілік пен мейірімділік көрсетудің не екенін түсіндірген. Әрқайсысымыз: “Самариялық кісі сияқты, мен адамдарды “аяп кеткендіктен” уағыздаймын ба?”— деп ойланып көрсек болады. Біз ешқашан да астарлы әңгімедегі діни қызметкер не леуілік сияқты сылтау тауып, “жолдың арғы бетіне” өтіп кеткіміз келмес еді (Лұқа 10:25—37). Құдайдың уәделеріне деген сеніміміз бен адамдарға деген сүйіспеншілігіміз бізді әлі уақыт барда уағыз ісіне барынша атсалысуға талпындыратыны сөзсіз.

 “ИСРАИЛДІКТЕР ҚЫЗЫЛ ТЕҢІЗДЕН... ӨТТІ”

15. Неге исраилдіктер өздерін тұзаққа түскендей сезінді?

15 Мысырды тастап шыққан исраилдіктер қиын жағдайға тап болғанда, “көзге көрінбейтін Тұлғаға” деген сенімі Мұсаға берік болып қалуға көмектесті. Киелі кітапта былай делінген: “Исраилдіктер кері бұрылып қараса, соңдарынан қуған мысырлықтар келіп те қалыпты! Зәрелері ұшқан исраилдіктер айқайлап Жаратқан Иені шақырды” (Мыс. ш. 14:10—12). Бұл олар үшін күтпеген жайт болды ма? Әлбетте, жоқ. Ехоба алдын ала былай деген еді: “Мен арттарыңнан қуып шықсын деп перғауынның жүрегін қасарыстырып қоямын. Осылай перғауынға және оның бүкіл әскеріне Өзімнің ұлылығымды көрсетемін. Соған қарап мысырлықтар Менің Жаратқан Ие екенімді біліп мойындайтын болады” (Мыс. ш. 14:4). Алайда исраилдіктер осы ескертуді естісе де, Ехобаға сенім білдірмеді. Олардың бар көргені кешіп өту мүмкін емес Қызыл теңіз, перғауынның жүйрік соғыс күймелері және 80 жастағы жетекшілері ғана болды! Олар өздерін тұзаққа түскендей сезінді.

16. Қызыл теңіздің жанында болғанда Ехобаға деген сенімі Мұсаны қалай нығайтты?

16 Ал Мұса еш үрейленбеді. Неге? Өйткені ол теңіз бен әскерден әлдеқайда мықты нәрсені көрді. Ол сенім көзімен Ехобаның исраилдіктер үшін шайқасып, оларды құтқаратынын көре алды (Мысырдан шығу 14:13, 14 оқы). Мұсаның сенімі Құдай халқын да нығайтып, жігерлендірді. Бұл жайлы Киелі кітапта былай баяндалады: “Сенімі болғандықтан исраилдіктер Қызыл теңізден құрғақ жермен өткендей өтті. Ал солай істемек болған мысырлықтар суға кетті” (Евр. 11:29). Осыдан кейін “олар Жаратқан Иеден қорқып, Оны терең қастерлеп, Жаратқан Иеге және Оның қызметшісі Мұсаға сенді” (Мыс. ш. 14:31).

17. Алда біздің сенімімізді сынайтын қандай оқиға орын алмақ?

17 Жақын болашақта біздің өмірімізге де қауіп төніп тұрғандай көрінеді. Зор алапаттың шарықтау шегі Армагеддон таяғанда, осы дүниенің үкіметтері бізден әлдеқайда ауқымды діни ұйымдарды талан-тараж етіп, толығымен құртып бітеді (Аян 17:16). Ехоба алдын ала айтып кеткендей, біз сол уақытта “қорғайтын қамалдары, ысырмамен жабылатын қақпалары атымен жоқ” “бекініссіз елді мекен” сияқты боламыз (Езек. 38:10—12, 14—16). Сонда сенімі жоқ адамға құтқарылуға еш мүмкіндік жоқ сияқты көрінеді. Ал сен жайлы не деуге болады?

18. Зор алапат кезінде берік болып қалуға не көмектеседі?

18 Алайда біз еш үрейленбеуіміз керек. Неге? Өйткені Ехоба өзінің халқына шабуыл жасалатынын алдын ала айтқан. Сондай-ақ ол мұның немен аяқталатынын да айтып кетті. Жазбаларда былай делінген: “Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: сол күні, Гог Исраил еліне шабуылдаған күні, менің қаһарым оттай лаулайды. Мен құлшына, қаһарымның оты жалындап сөйлеймін” (Езек. 38:18—23 ЖД). Құдай өзінің халқына зиян келтіргісі келгендердің барлығын жояды. “Жаратқан Иенің ұлы да қорқынышты күні” осылай аяқталатынына сенімді болғаның Ехобаның құтқаратын кезін сенім көзіңмен көріп, мінсіздігіңді сақтауға көмектеседі (Жоел 2:31, 32).

19. а) Ехоба мен Мұсаның қарым-қатынасы қаншалықты тығыз болған? ә) Ехобаны барлық ісіңде ескерсең, қандай батаға кенелесің?

19 Осы елеулі оқиғаларға дайын болу үшін “көзге көрінбейтін Тұлғаны көріп тұрғандай берік бол”! Жүйелі түрде зерттеу жүргізу және дұға ету арқылы Ехоба Құдаймен достығыңды нығайт. Мұсаның Ехобамен қарым-қатынасы тығыз болған әрі Ехоба оны керемет жолмен қолданған, сондықтан Киелі кітапта Ехобаның “оны бетпе-бет білетіні” жазылған (Заң. қ. 34:10 сілт.). Мұса керемет пайғамбар болған. Сенімің болса, сен де Ехобаны көріп тұрғандай онымен тығыз қарым-қатынас дамыта аласың. Құдай Сөзінде айтылғандай, оны барлық ісіңде ескерсең, ол сені “тура жолмен жетелейді” (Нақ. с. 3:6).