Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Батыл бол, өйткені Ехоба — сенің көмекшің!

Батыл бол, өйткені Ехоба — сенің көмекшің!

“Біз: — Ехоба менің көмекшім,— деп батылдықпен айта аламыз” (ЕВР. 13:6).

1, 2. Көп эмигранттар үйлеріне қайтқанда қандай қиындықтарға кезігеді? (Осы беттегі суретті қара.)

ТАЛҒАТ * есімді бауырлас өткенді есіне алып, былай дейді: “Шетелде менің жалақысы жоғары жұмысым болды, атқаратын қызметім өте жауапты еді. Бірақ Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастағанымда, бұдан да маңызды жауапкершілігім бар екенін түсіндім. Мен әрдайым отбасымның қасында болып, олардың тек тәндік емес, рухани қажеттіліктерін де қамтамасыз етуім керек еді. Сол себепті де үйге қайтып келдім” (Ефес. 6:4).

2 Талғат бұл шешімінің Ехобаға ұнамды екенін білді. Алайда оның жағдайы алдыңғы мақалада сөз етілген Айжандікіндей оңай болмады. Жақындарымен қарым-қатынасын қалпына келтіру үшін Талғатқа ұзақ уақыт бойы күш салуға тура келді. Сондай-ақ олар тұрған елдің экономикалық жағдайы әлдеқайда нашар болғандықтан, әйелі мен балаларының қамын жасау оған оңайға соқпады. Талғат отбасын қалай асырады? Қауымдағылар оған қандай көмек көрсете алады?

РУХАНИ КҮЙДІ ЖӘНЕ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ

3. Ата-ананың алыста жүргені балаларға қалай әсер етеді?

3 Талғат былай дейді: “Қыздарым ақыл-кеңес пен сүйіспеншілікке аса мұқтаж болған кездерінде олардың жандарынан табылмадым. Мен оларға Киелі кітаптағы оқиғаларды оқып беріп,  бірге дұға ететін, ойнап, құшағына алатын жақсы әке бола алмадым” (Заң. қ. 6:7). Оның Анар есімді үлкен қызы былай деп есіне алады: “Әкем қасымызда болмағандықтан, мен өз-өзіме сенімсіз, жасқаншақ болып өстім. Ол үйге оралғанда, бізге оның даусы мен бет-әлпеті ғана таныс еді. Әкем мені құшақтағанда, оны жатырқап, жатсынғаным бар”.

4. Отбасынан алыста тұрған әкелерге отағасы ретіндегі міндеттерін атқару неге қиын болады?

4 Әкелер үйден неғұрлым ұзақ уақытқа кетсе, отағасы ретіндегі міндеттерін атқару соғұрлым қиындай түседі. Талғаттың әйелі Жанар былай дейді: “Маған екі рөлді, әке мен ананың рөлін, қатар алып жүруге тура келетін. Сондықтан отбасындағы шешімдерді көбіне өзім қабылдап үйреніп қалдым. Талғат үйге оралғанда, Киелі кітаптың күйеулерге бағыну жайлы талабын орындау үшін күш салуым керек болды. Тіпті қазірдің өзінде күйеуім қасымда екенін оқтын-оқтын есіме салып отырамын” (Ефес. 5:22, 23). Талғат былай деп қосады: “Қыздарым бір нәрсеге рұқсат сұрау үшін аналарына бара беретін. Біз шешімді бірге қабылдайтынымызды балаларымыз білу керектігін түсіндік. Ал мен басшылықты дұрыс жүргізуді үйренуім керек еді”.

5. Талғат бауырласымыз отбасылық өмірін қалай қалпына келтірді және бұл қандай нәтиже әкелді?

5 Талғат отбасы мүшелерімен қарым-қатынасын және олардың рухани күйін қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге бел буды. “Мен сөзіммен де, өз үлгіммен де шындықты қыздарымның жүрегіне ұялатуды мақсат еттім. Оларға Ехобаны жақсы көретінімді ауызбен айтып қана қоймай, іс жүзінде де көрсеткім келді”,— дейді Талғат (Жох. 1-х. 3:18). Ехоба оған күш салғаны үшін батасын берді ме? Анар былай дейді: “Оның жақсы әке болып, бізге қайтадан жақын болу үшін бар күшін салып жүргені айтарлықтай нәтиже әкелді. Әкеміздің қауымда жауапкершіліктер алуға ұмтылып жүргенін көргенде, біз оны мақтан тұттық. Осы дүние бізді Ехобадан алшақтатқысы келді. Бірақ ата-анамыз бар назарларын шындыққа аударғандықтан, біз де солай етуге тырысатынбыз. Әкем енді үйден ешқашан кетпеуді уәде етті, әрі ол сөзінде тұрды. Егер ол тағы кетіп қалғанда, бүгінде мен Ехобаның ұйымында болмауым да мүмкін еді”.

ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ МОЙЫНҒА АЛУ

6. Соғыс кезінде кейбір ата-аналардың не нәрсеге көздері жетті?

6 Балқан түбегінде соғыс болған кезде, сол жерде тұрған адамдардың жағдайы өте қиын болған еді. Бірақ кейбір Ехоба куәгерлерінің отбасыларынан көрінгендей, олардың балалары өздерін бақытты сезінген екен. Неге? Өйткені сол кездері жұмыс істей алмаған ата-аналар балаларымен бірге үйде қалып, олармен кітап оқып, көбірек ойнап, сөйлесе алған. Бұдан қандай тұжырым жасауға болады? Балалар үшін ақша не сыйлықтардан гөрі ата-аналарының қастарында болғаны әлдеқайда маңызды. Иә, Құдай Сөзінде жазылғандай, ата-аналардың балаларына тәрбие бергені әрі көңіл бөлгені жақсы нәтиже әкеледі (Нақ. с. 22:6).

7, 8. а) Үйлеріне оралған ата-аналардың кейбірі қандай қателік жасауы мүмкін? ә) Ата-аналар балаларына жаман сезімдерден арылуға қалай көмектесе алады?

7 Өкінішке қарай, үйлеріне оралған кейбір ата-аналар балаларының наразы болғанын не немқұрайдылық танытқанын көргенде: “Сен үшін қаншама құрбандыққа бардым, неге соған риза болмайсың?”— деп жатады. Алайда балалардың осындай мінез көрсетуіне көбіне ата-аналарының қастарында болмағаны себеп болады. Ата-аналар бұл қиындықты шешу үшін не істей алады?

8 Ехобадан отбасы мүшелеріне түсінікпен қарауға көмектесуін сұрап, дұға ет. Сосын, отбасыңмен сөйлескенде туындаған қиындыққа сенің де кінәң бар екенін мойында. Шын жүректен кешірім сұраудың көп көмегі бар. Жолдасың мен балаларың бәрін әрдайым дұрыс істеуге тырысып жатқаныңды көргенде, ниетіңнің шынайылығына көздері жетеді. Алған бетіңнен қайтпай, шыдамдылық танытқанның арқасында бірте-бірте отбасыңның сүйіспеншілігі мен құрметіне қайтадан ие бола аласың.

 “ҮЙ ІШІНІҢ ҚАМЫН ОЙЛАУ”

9. Неге “үй ішіндегілердің қамын ойлау” үшін байлыққа үздіксіз ұмтылудың қажеті жоқ?

9 Елші Пауылдың нұсқауына сай, қарт бауырластар өздерін қамтамасыз ете алмаған жағдайда балалары мен немерелері олардың алдындағы “борыштарын өтеулері” қажет. Сондай-ақ Пауыл барлық мәсіхшілерді ішер ас, киер киім мен баспана сияқты күнделікті өмірге қажетті нәрселер бар болса, соған қанағат етуге шақырған. Біздің тұрмыс деңгейімізді жақсартуға не ақша жинауға үздіксіз талпынғанымыз дұрыс болмас еді (Тімөтеге 1-хат 5:4, 8; 6:6—10 оқы). Мәсіхшіге “үй ішіндегілердің қамын ойлау” үшін осы өткінші дүниеде байлыққа ұмтылудың қажеті жоқ (Жох. 1-х. 2:15—17). “Алдамшы байлық” пен “күнделікті тұрмыс уайымына” беріліп кетсек, отбасымыз Құдайдың жаңа дүниесіндегі “шынайы өмірді берік ұстанудан” қалуы мүмкін. Біз бұған ешқашан жол бермеуіміз керек (Мар. 4:19; Лұқа 21:34—36; Тім. 1-х. 6:19).

10. Құдай даналығы қарызданбауға қалай көмектеседі?

10 Ехоба біздің біршама ақшаға мұқтаж екенімізді біледі. Бірақ ақша дәл Құдай даналығы сияқты қорғап, көмектесе алмайды (Уағ. 7:12; Лұқа 12:15). Көп жағдайда адамдар шетелде жұмыс істеудің пайдасынан зияны көп екенін түсіне бермейді. Оның үстіне, олардың шетелде көбірек ақша таба алатынына еш кепілдік жоқ. Қайта, бұл өте қауіпті болуы мүмкін. Көп эмигранттар бұрынғыдан да үлкен қарызға батқан. Осылайша Құдайға қызмет етіп, көбірек бостандыққа ие болудың орнына қарыз берген адамдардың құлдарына айналды (Нақыл сөздер 22:7 оқы). Ендеше, бірінші кезекте қарызданбауға тырысқаның дұрыс.

11. Қажетті нәрселердің тізімін жасап, соны ұстанудың қандай пайдасы бар?

11 Талғат отбасының жанында болу үшін ақшаны үнемдеп қолдану керектігін жақсы білетін. Ол әйелімен бірге ең қажетті нәрселердің тізімін жасап алды. Әрине, оларға көп нәрседен бас тартуға тура келді. Бірақ олар өзара келісіп әрекет етті және аса қажет емес нәрселерге ақша жұмсамады *. “Мысалы, мен балаларымды жекеменшік мектептен шығарып, бір жақсы мемлекеттік мектепке бердім”,— дейді Талғат. Ол отбасымен бірге рухани істерге кедергі етпейтін жұмыс табуға көмектесуін сұрап Ехобаға дұға етті. Ехоба олардың дұғасына қалай жауап берді?

12, 13. Талғат бауырласымыз отбасын қалай асырады және қарапайым өмір сүруді шешкені үшін Ехоба оған қалай батасын берді?

12 Талғат былай деп есіне алады: “Алғашқы екі жылда бізге күн көру өте қиын болды. Жинап қойған ақшамның бәрі таусылды, ал тапқан азын-аулақ жалақым қажетімізге әрдайым жете бермейтін және мен жұмыстан қатты шаршайтынмын. Бірақ біз барлық қауым кездесулеріне барып, қызметке бірге шыға алатынбыз”. Талғат тіпті отбасын бірнеше айға не жылға тастап кетуді талап ететін жұмыстарды қарастырмауды шешті. “Мен әртүрлі жұмыс істеуді үйрендім. Осының арқасында біреуін істеу мүмкін болмаған жағдайда басқасына кірісетінмін”,— дейді ол.

Отбасын асырау үшін әртүрлі жұмыс істеуді үйрене алар ма едің? (12-абзацты қара)

13 Талғат қарызын біртіндеп төлегендіктен, оның пайыздық мөлшерлемесі де көбірек болған еді. Алайда ол мұны ауырсынбады, өйткені отбасымен көбірек уақыт өткізіп, Ехобаның ата-анаға қоятын талабын орындай алды. “Менің қазіргі табысым бұрынғы жалақымның он пайызынан да аз бөлігін құрайды. Бірақ біз тамаққа жарымай жүрген жоқпыз. Ехобаның “қолы бізді құтқаруға дәрменсіз емес”. Қайта, бәріміз ізашарлық қызметті бастадық. Бір таңғаларлығы, көп ұзамай еліміздің экономикасы жақсарып, отбасын асырау әлдеқайда жеңіл болды”,— дейді Талғат (Ишая 59:1).

 ТУЫСТАРДЫҢ ҚЫСЫМЫНА ҚАРСЫ ТҰРУ

14, 15. Отбасылар туыстарының қысымына қалай қарсы тұра алады және олардың жақсы үлгі көрсеткендері қандай нәтиже әкелуі мүмкін?

14 Көп елде адамдар туыстары мен достарына қаржылай көмек көрсетуге және сыйлықтар беруге өздерін міндетті санайды. Талғат былай дейді: “Қолдағы барыңмен бөлісу — біздің мәдениетімізге әбден сіңген дәстүр әрі біз бергеннен қуаныш аламыз. Бірақ барлық нәрсенің шегі бар екенін де түсінгеніміз дұрыс. Мен туыстарыма қолдан келгенше көмек көрсетуге дайын екенімді айтамын, бірақ бұл өз отбасымның рухани қажеттіліктерін қамдауға кедергі етпеу керектігін де ілтипатпен түсіндіремін”.

15 Елдеріне оралған эмигранттар және шетелде жұмыс істеу мүмкіндігінен бас тартқандар жиі туыстарының тарапынан қысым көріп жатады. Туыстары оларға асыраушылары ретінде қарағандықтан олардан көңілдері қалып, қатты ашуланып, жақтырмаулары мүмкін. Кейбіреулер оларды бауырмалдықтан жұрдай деп ойлайды (Нақ. с. 19:6, 7). “Алайда,— дейді Талғаттың үлкен қызы Анар,— рухани істерді дүние-мүліктен жоғары қойғанның арқасында кейбір туыстарымыз түбінде Киелі кітап талаптарының біз үшін қаншалықты маңызды екенін түсінулері мүмкін. Ал егер әрдайым солардың қалауын орындай берсек, олар мұны қалай түсіне алады?” (Петірдің 1-хаты 3:1, 2 салыстыр).

ҚҰДАЙҒА СЕНІМ АРТУ

16. а) Адам өз-өзін қандай “жаңсақ пікірмен алдауы” мүмкін? (Жақ. 1:22). ә) Ехоба қандай шешімдерге батасын береді?

16 Бір әйел бауырлас күйеуі мен балаларын қалдырып, анағұрлым өркендеген елге көшіп барған. Ол келе салысымен ақсақалдарға былай деген екен: “Осы жерге келе алуым үшін бәріміз үлкен құрбандықтарға бардық. Тіпті күйеуіме ақсақал ретіндегі қызметін тоқтатуға тура келді. Сондықтан Ехоба біздің осы шешімімізге батасын береді деп қатты үміттенемін”. Әрине, Ехобаның өзіне сенім артып қабылданған шешімдерді қолдайтыны даусыз. Алайда ол өзінің еркіне қайшы келетін, әсіресе қасиетті қызметтен бас тартуды талап ететін, шешімдерге қалай батасын бермек? (Еврейлерге 11:6; Жоханның 1-хаты 5:13—15 оқы).

17. Ехобаның басшылығын шешім қабылдамас бұрын іздеу арқылы нені көрсетеміз және мұны қалай істеуге болады?

17 Ехобаның басшылығын шешім қабылдап қойғаннан кейін емес, соған дейін ізде. Одан киелі рухын, даналығы мен басшылығын сұрап дұға ет (Тім. 2-х. 1:7). Өзіңді былай тексеріп көр: “Кез келген қиындыққа кезіксем де, Ехобаға мойынсұнуға дайынмын ба? Тіпті қудалауға  кезіксем де, оған мойынсұнар ма едім?” Бұл сұрақтарға “иә” деп жауап беретін шығарсың. Ал Ехобаның нұсқауларын орындау үшін қарапайым өмір сүру керек болса, солай істер ме едің? (Лұқа 14:33). Ақсақалдардан Жазбаларға негізделген кеңес сұра және сол кеңеске құлақ асу арқылы Ехобаның ешқашан тастамайтынына толығымен сенетініңді көрсет. Әрине, ақсақалдар сен үшін шешім қабылдай алмайды, бірақ олар бақытты болуыңа септігін тигізетін дұрыс шешімдер қабылдауға көмектесе алады (Қор. 2-х. 1:24).

18. Отбасының қамын жасау міндеті кімге жүктелді және бәріміз де қиын жағдайға ұшыраған бауырластарға қалай көмектесе аламыз?

18 Ехоба отағаларына үй ішіндегілерінің күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуді тапсырған (Ғал. 6:5). Біз осы міндеттерін отбасының қасында жүріп атқаруды шешкен әрі қысым мен азғыруларға қарсы тұрған бауырластарды мақтап, солар үшін дұға айтуымыз керек. Бауырластарымыз күтпеген қиындықтарға кезіккенде, мысалы қандай да бір апаттан зардап шеккенде не жедел медициналық көмекке мұқтаж болғанда, оларға шынайы сүйіспеншілігімізді көрсетудің мүмкіндігі туады (Ғал. 6:2; Пет. 1-х. 3:8). Қиын жағдайға ұшыраған бауырластарға жергілікті аумақтан жұмыс табуға не қаржы жағынан көмектесе алар ма едің? Бәлкім, осының арқасында бұл бауырластарға отбасын қалдырып, басқа жерден жұмыс іздеуге тура келмейтін шығар (Нақ. с. 3:27, 28; Жох. 1-х. 3:17).

ЕХОБА СЕНІҢ КӨМЕКШІҢ ЕКЕНІН ҰМЫТПА!

19, 20. Мәсіхшілер Ехобаның өз көмегін беретініне неге сенімді бола алады?

19 Жазбалар бізді мынаған шақырады: “Ақшақұмар болмай өмір сүріп, қолда барды қанағат тұтыңдар. Өйткені Құдай: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деген. Сондықтан да біз: “Ехоба менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын. Адам баласы маған не істей алады?”— деп батылдықпен айта аламыз” (Евр. 13:5, 6). Осы сөздердің растығын қалай көріп жүрміз?

20 Дамушы елдердің бірінде тұратын әрі ұзақ уақыт бойы ақсақал ретінде қызмет етіп келген бір бауырлас былай дейді: “Адамдар жиі Ехоба куәгерлерінің бақытты екенін айтып жатады. Сондай-ақ олар тіпті тұрмысы нашар Куәгерлердің өздері әрдайым әдемі киініп жүретінін және жағдайлары басқаларға қарағанда жақсырақ екенін байқайды”. Бұдан Исаның Патшалық ісін бірінші орынға қоятындарға қатысты айтқан сөздері дәл орындалып жатқанын көреміз (Мат. 6:28—30, 33). Көктегі Әкеміз Ехоба сені жақсы көреді әрі отбасың үшін бар жақсыны қалайды. Иә, “Жаратқан Ие Өзіне шын жүректен бағышталып, адал болып жүргендерді күш-қуат беріп қолдау үшін, бүкіл жер жүзін назарында ұстап отырады” (Шеж. 2-ж. 16:9). Ол отбасы өміріне, тәндік қажеттіліктерге және басқа да жайттарға қатысты өсиеттерін біздің пайдамыз үшін берген. Соларды орындасақ, Ехобаны жақсы көретінімізді әрі оған сенім артатынымызды көрсетеміз. “Өйткені Құдайды сүю дегеніміз — оның өсиеттерін орындау. Ал оның өсиеттерін орындау ауыр емес” (Жох. 1-х. 5:3).

21, 22. Неге Ехобаға сенім артуды шештің?

21 “Отбасымнан бөлек тұрған уақытты артқа қайтара алмайтынымды білемін,— дейді Талғат.— Бірақ мен соны қайта-қайта ойлап мазаланбаймын. Менімен бірге жұмыс істеген көп әріптесім бай болғанмен, бақытсыз. Олардың отбасында үлкен қиындықтар бар. Ал біздің отбасымыз өте бақытты! Осы елде тұратын тұрмысы нашар бауырластардың рухани істерді өмірлерінде бірінші орынға қойып жүргені маған қатты әсер етеді. Исаның айтқан сөздері бәріміздің де өмірімізде орындалып жатыр” (Матай 6:33 оқы).

22 Ендеше батыл бол әрі Ехобаға мойынсұнуды шешіп, оған толығымен сенім арт. Құдайға, жұбайыңа және балаларыңа деген сүйіспеншілігің отбасыңды рухани жағынан қамтамасыз ету міндетіңді дұрыс атқаруға талпындырсын. Осылай етсең, Ехоба сенің көмекшің екеніне көзің жетеді.

^ абзац 1 Есімдер өзгертілген.

^ абзац 11 “Ояныңдар!” журналындағы (ор.) “Ақшаны қалай жұмсаған дұрыс?” деп аталатын мақалалар топтамасын қара (2011 жыл, қыркүйек).