Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның халқы “әділетсіздікке жоламайды”

Ехобаның халқы “әділетсіздікке жоламайды”

“Ехобаның есімін атап шақырған әркім әділетсіздікке жоламасын!” (ТІМ. 2-Х. 2:19).

1. Біздің ғибадатымызда ненің орны ерекше?

ҚАНДАЙ да бір ғимаратта немесе мұражайда Ехобаның есімін көріп қалсаң, қандай сезімде болар едің? Бәлкім, іштей толқып, бір керемет сезімге бөленетін шығарсың. Ехоба куәгерлері болғандықтан, біздің ғибадатымызда Құдай есімінің алар орны бөлек. Дүниежүзінде оның есіміне ешқандай топ біз сияқты көп көңіл бөлмейді. Бірақ біз Құдайдың есімін алып жүру бір жағынан мәртебе, ал екінші жағынан үлкен жауапкершілік екенін жақсы білеміз.

2. Құдайдың есімін алып жүру мәртебесі қандай жауапкершілік жүктейді?

2 Құдайдың есімін қолдану өздігінен Ехобаның ықыласына бөлемейді. Бұл үшін оның өнегелік нормаларына сай өмір сүру қажет. Сол себепті Киелі кітапта “жамандықтан бас тартыңдар” деген ескерту жазылған (Заб. 33:15). Елші Пауыл осы ескертуді нықтай түсіп: “Ехобаның есімін атап шақырған әркім әділетсіздікке жоламасын!”— деген (Тімөтеге 2-хат 2:19 оқы). Құдай халқының арасында болғандықтан, Ехобаның есімін атап шақырғымыз келетіні айтпаса да түсінікті. Бірақ “әділетсіздікке жоламайтынымызды” қалай көрсете аламыз?

ЖАМАНДЫҚТАН АУЛАҚ КЕТІҢДЕР

3, 4. Қай сөздер Киелі кітапты зерттейтін ғалымдардың көкейінде сұрақтар туғызған және неге?

3 Пауыл Тімөтеге арналған 2-хат 2:19-да “Құдай қалаған берік негіз” жайлы айтқан. Содан кейін екі мәлімдеме жазылған. “Ехоба өз меншігіндегілерді біледі” деген бірінші мәлімдеме Руларды санау 16:5-тен алынған. Алайда “Ехобаның есімін атап шақырған әркім әділетсіздікке жоламасын” деген екінші мәлімдеме Киелі кітапты зерттейтін ғалымдардың көкейінде сұрақтар туғызған. Неліктен?

4 Пауылдың аталмыш сөздері Еврей жазбаларының мәтінінен алынған үзіндіге ұқсайды. Алайда Жазбаларда Пауылдың сөздеріне дәлме-дәл келетін ешқандай тармақ жоқ. Олай болса, Пауыл: “Ехобаның есімін атап шақырған әркім әділетсіздікке жоламасын”,— деп айтқанда, қай жазба орнына нұсқаған? Егер бірінші мәлімдемедегі сөздер Руларды санау кітабының 16-тарауынан алынып, бүлікші Қорахтың оқиғасына нұсқаған болса, екіншісі де дәл сол оқиғаға нұсқайды деп айтуға негіз бар ма?

5—7. Тімөтеге арналған 2-хат 2:19-дағы сөздерімен Пауыл қай оқиғаға нұсқағысы келген? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

5 Киелі кітапта жазылғандай, Елияптың екі ұлы Датан мен Абирон Қорахқа қосылып, Мұса мен Харонға қарсы ереуіл ұйымдастыруға мұрындық болды (Ру. сан. 16:1—5). Олар Мұсаны құрметтемейтіндігін ашық көрсетіп, оның Құдай берген билігіне мойынсұнудан бас тартты. Осы бүлікшіл адамдар Құдай халқының арасында тұрып жатқандықтан, адал жандардың рухани денсаулықтарына қауіп төне бастады. Адал қызметшілерін бүлікшілерден ажырататын уақыт туғанда, Ехоба бір нақты басшылық берді.

6 Киелі кітап үзіндісінен біз былай деп оқимыз: “Сонда Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: — Қауымға: “Қорах, Датан және Абиронның қостарының жан-жағынан кері шегініңдер!” деп бұйыр”. Сонда Мұса орнынан тұрып, Датан мен Абиронға қарай беттеді. Исраилдің ақсақалдары оның соңынан ілесті. Мұса қауымға бұйрық беріп: “Мына зұлым адамдардың қостарынан аулақ шегініңдер! Әрі оларға қарасты ештеңеге де тиісуші болмаңдар! Әйтпесе олардың күллі күнәларына бола сендер де құрып кетесіңдер,— деді” (Ру. сан. 16:23—27). Бұдан кейін Ехоба бүлікшілердің барлығын өлімге кесті. Ал әділетсіздікке жоламаған адал қызметшілерін аман сақтады.

7 Елші Пауыл Тімөтеге арналған 2-хат 2:19-дағы “Ехоба өз меншігіндегілерді біледі” деген сөздерді Руларды санау 16:5-тен алған. Ал “Ехобаның есімін атап шақырған әркім әділетсіздікке жоламасын” деген екінші мәлімдемені жазғанда, Руларды санау 16:23—27 тармақтардағы оқиғаға сілтеген болса керек. Сонымен, осы мәлімдеменің екеуі де бір оқиғаға нұсқайды деп тұжырымдау қисынға келеді. Олардан ойымызға нені түйіп алсақ болады? Ехоба адамның жүрегінде не жатқанын анық көреді. Ол кімнің өзіне адал екенін біледі және олар әділетсіздікке жоламайды деп күтеді.

“АҚЫЛСЫЗ, МӘНСІЗ АЙТЫСТАРҒА ЖОЛАМА”

8. Ехобаның есімін атап шақыру немесе қауымның бір мүшесі болу неліктен жеткіліксіз?

8 Пауыл Мұсаның күндеріндегі оқиғаны қозғау арқылы Тімөтеге Ехобамен құнды қарым-қатынасын қорғау үшін батыл әрекет ету керектігін есіне салды. Мұсаның күндерінде Ехобаның есімін жай ғана шақырып қою жеткіліксіз болғаны сияқты, бірінші ғасырда да қауымның бір мүшесі болу дәл солай жеткіліксіз еді. Адал мәсіхшілерге батылдықпен әрекет етіп, әділетсіздікке жоламау керек. Мұны білген Тімөтеге енді не істеу керек еді? Ал бізге Пауылдың сөздерінен қандай сабақ алуға болады?

9. “Ақылсыз, мәнсіз айтыстар” бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге қалай әсер етті?

9 Құдай Сөзінде мәсіхшілерге әділетсіздіктің нақты қай түрлерінен аулақ болу керектігі жазылған. Мысалы, Тімөтеге 2-хат 2:19-дың мәнмәтінінде Пауыл Тімөтеге “сөздерге бола айтысып-тартыспауға” және “бос әңгімелерден аулақ болуға” кеңес берген (Тімөтеге 2-хат 2:14, 16, 23 оқы). Ол кезде қауымдағы кейбір бауырластар жалған ілімдерді тарата бастаса, тағы біреулері дау-дамай туғызатын пікірлерді насихаттап жүрді. Бұл пікірлер тікелей Киелі кітапқа қайшы келмесе де, олар қауым ішіне іріткі салды. Соның кесірінен бауырластардың арасында пікірталастар көбейіп, қауымның тыныштығы бұзылды. Сол себепті Пауыл өз хатында “ақылсыз, мәнсіз айтыстарға жоламауға” айрықша назар аударған еді.

10. Жолдан тайғандардың ілімдеріне тап болып қалсақ, не істеуіміз қажет?

10 Бүгінде қауымдардың ішінде жолдан тайғандардың болуы — сирек кездесетін жайт. Десе де Жазбаларға қайшы келетін ілімдерге тап болуымыз әбден мүмкін. Мұндай ілімдердің көзі кім болса да, не болса да біз батыл түрде олардан бас тартуымыз керек. Жолдан тайғандармен бетпе-бет, ғаламтордағы блог арқылы не басқа да жолдармен сөз таластырғанымыз ақылдылыққа жатпас еді. Тіпті мақсатымыз көмектесу болса да, олармен әңгіме жүргізгеніміз қазір ғана қарастырған Құдайдың нұсқауына мойынсұнбайтынымызды көрсетер еді. Ехобаның халқы жолдан тайғандардың ілімдерінен бас тартып, оларға мүлдем жоламайды.

Жолдан тайғандармен дау-дамайға түсуден аулақ бол! (10-абзацты қара)

11. Қандай жайт мәнсіз айтыстардың туындауына түрткі болуы мүмкін және қауым ақсақалдары қалайша жақсы үлгі бола алады?

11 Жолдан тайғандардың ілімдерінен басқа ынтымақты бұзатын өзге де жайттар бар. Мысалы, көңіл көтеруге қатысты көзқарастардың әртүрлі болғаны “ақылсыз, мәнсіз айтыстар” тудыруы мүмкін. Әрине, егер де әлдекім Ехобаның құлықтылық нормаларына сай келмейтін көңіл көтеруді насихаттап жүрсе, қауым ақсақалдары дау-таластан қашу үшін ғана бұндай жүріс-тұрысқа төзіммен қарамаулары қажет (Заб. 10:5; Ефес. 5:3—5). Бұнымен қатар ақсақалдар көңіл көтеруге қатысты өз көзқарастарын насихаттаудан аулақ. Олар Киелі кітаптағы келесідей нұсқауды ұстануға тырысады: “Өздеріңе тапсырылған Құдайдың отарына... өктемдік етпей, қайта, отарға үлгі-өнеге болыңдар!” (Пет. 1-х. 5:2, 3; Қорынттықтарға 2-хат 1:24 оқы).

12, 13. а) Көңіл көтеруге қатысты Ехоба куәгерлерінің көзқарастары қандай және олар қай принциптерді қолданады? ә) Жеке бастың мәселелеріне келгенде, 12-абзацтағы принциптерді қалай қолдануға болады?

12 Көңіл көтеру мен демалуға келгенде, біздің ұйым фильмдерге, ойындарға, кітаптар мен әндерге баға беріп, қайсысынан аулақ болу керектігін айтып жатпайды. Неліктен? Себебі Киелі кітапта “жаман мен жақсыны ажырата алу” үшін әркім түйсіну қабілетін машықтандыру керек деп жазылған (Евр. 5:14). Біз Киелі кітап принциптерін қолдану арқылы демалудың дұрыс түрін таңдай аламыз. Өміріміздің әр саласында “Иемізге не ұнайтынына әрдайым көз жеткізіп отырғанымыз” маңызды (Ефес. 5:10). Сонымен қатар Киелі жазбаларда отағаның өз жанұясында билігі бар екені айтылған, сондықтан ол үй ішіндегілерінің қандай да бір көңіл көтеру түрінен бас тартқаны жөн деп шешуі мүмкін * (Қор. 1-х. 11:3; Ефес. 6:1—4).

13 Жоғарыда қарастырылған Киелі кітап принциптері тек көңіл көтеруде ғана емес, өмірдің өзге де салаларында тиімді. Мысалы, киім мен сырт көрініске, тамақтану мен денсаулыққа қатысты әркімнің өз көзқарасы бар. Егер бауырлас өзгелерді өзінің көзқарасын ұстануға мәжбүрлесе, арада дау-дамай туындауы мүмкін. Сондықтан біз Киелі кітап принциптері бұзылмаған жағдайдың бәрінде жеке бастың мәселелеріне бола кикілжің тудырудан аулақпыз. Киелі кітапта: “Иеміздің құлы жанжалдаспау керек. Ол бәріне мейірбан”,— делінген (Тім. 2-х. 2:24).

ЖАМАН ОРТАДАН АУЛАҚ БОЛ!

14. Пауыл жаман ортадан аулақ болудың маңыздылығын көрсету үшін қандай мысал келтірді?

14 “Құдайдың есімін атап шақыратындар әділетсіздікке жоламайтынын” тағы қалай көрсете алады? Олар әділетсіз істер жасайтын адамдармен тығыз араласудан аулақ болу қажет. Елші Пауыл “Құдай қалаған берік негіз” туралы айтқан соң, үй жайлы бір мысал жазды. Ол “үлкен үйде” алтын мен күмістен және ағаш пен қыштан жасалған ыдыстардың бар екенін, сондай-ақ “бірі қадірмен тұтылса, өзге бірі қадір-құрметтен ада” екенін жазған (Тім. 2-х. 2:20, 21). Бұдан кейін Пауыл мәсіхшілерді “қадір-құрметтен ада” ыдыстардан “аулақ жүруге” шақырды.

15, 16. “Үлкен үй” туралы мысалдан не білдік?

15 Бұл мысалды қалай түсінуге болады? Пауыл мәсіхшілер қауымын “үлкен үйге”, ал оның мүшелерін “ыдыстарға” теңеген. Егер үйдегі кейбір ыдыстар кірлеп қалса немесе антисанитарлық жағдайда ұсталса, олар таза ыдыстарды былғауы мүмкін. Сондықтан үй иесі тамақ пісіру сияқты істерде қолданылатын таза ыдыстарды үнемі бөлек ұстайды.

16 Бүгінде біз де кіршіксіз таза болуымыз керек. Бұл үшін Ехобаның принциптерін аяқ асты ететін бауырластармен тығыз араласудан аулақ болғанымыз жөн (Қорынттықтарға 1-хат 15:33 оқы). Егер бізге тіпті қауымның ішінде сақ болу керек болса, онда қауымның сыртындағы адамдармен дос болудан одан бетер сақ болуымыз керек емес пе?! (Тім. 2-х. 3:1—5).

ЕХОБА БАТЫЛ ӘРЕКЕТТЕРІМІЗДІ ЖАРЫЛҚАЙДЫ

17. Исраилдіктердің Ехобаның бұйрығын тыңғылықты орындағандары неден көрінді?

17 “Қорах, Датан және Абиронның қостарының жан-жағынан кері шегініңдер!” деген бұйрықты естігенде, исраилдіктердің қандай батылдықпен әрекет еткендері Киелі кітапта ерекше аталып өтілген. Руларды санау кітабында: “Халық дереу... аулақ кетті”,— деп жазылған (Ру. сан. 16:24, 27 ЖД). Олар еш іркілген жоқ, бұл істі кейінге де шегерген жоқ. Қайта, адал исраилдіктер “қостардың жан-жағынан кері шегініп”, Ехобаның бұйрығын тыңғылықты орындады. Олар Ехобаға шын жүректен мойынсұнып, оның жағында екенін, ал әділетсіздікті қолдамайтынын анық көрсетті. Олардың осындай әрекеттерінен біз нендей нәрселерге үйрене аламыз?

18. Пауыл “жастық шаққа тән қалаулардан аулақ бол” деуімен не айтқысы келді?

18 Ехобамен достығымыз біз үшін аса қымбат болғандықтан, оны қызғыштай қорғауымыз керек. Ол үшін іркілместен, батыл түрде әрекет еткеніміз маңызды. “Жастық шаққа тән қалаулардан аулақ бол”,— деп Тімөтеге жазғанда, Пауылдың айтқысы келгені де осы еді (Тім. 2-х. 2:22). Ол уақытта Тімөте шамамен 30-дан асқан айтарлықтай ересек адам болатын. Десе де “жастық шаққа тән қалаулар” тек жастарда ғана емес, ересек адамдарда да болуы әбден мүмкін. Сондай қалаулар пайда болып, олармен бетпе-бет кезіккенде, Тімөте олардан аулақ кетуге тиіс еді. Басқаша айтқанда, оған “әділетсіздікке жоламау” керек еді. Кезінде Иса да осыған ұқсас ой айтып: “Көзің күнәға азғырса, ойып ал да, лақтырып таста”,— деген (Мат. 18:9). Бүгінде осы кеңесті жанына жақын тұтатындар рухани қауіп туындағанда, еш іркілмей, кейінге де шегермей батыл түрде әрекет етеді.

19. Кей бауырластар Ехобамен достық қарым-қатынастарын қалай қорғап жүр?

19 Кейбір мәсіхшілер Ехобамен достық қарым-қатынастарын қалай қорғап жүр? Куәгер болмас бұрын ішімдікке тәуелді болған кейбіреулер спирттік ішімдіктен үзілді-кесілді бас тартуды шешкен. Басқалары болса ешқандай жамандығы жоқ, алайда бұрыс қалауларға тамызық болатын көңіл көтеру түрлерінен қашық болуға тырысады (Заб. 100:3). Мысалы, бір ер бауырлас Ехоба куәгері болмас бұрын азғын билер болатын кештерге баруды ұнататын. Алайда шындыққа келген соң, ол тіпті Куәгерлермен жиналған кезде де би билеуден мүлдем бас тартуды жөн деп тапты. Ол бұрыс қалаулар мен жаман ойлардың қайта оянғанын қаламады. Әрине, мәсіхшілерден ішімдік ішу, би билеу я басқа да өздігінен жаман емес нәрселерден бас тарту талап етілмейді. Алайда біз Ехобамен достық қарым-қатынасымызды бұзатын кез келген әсерден өзімізді қорғауымыз керек.

20. “Әділетсіздікке жоламау” оңай болмаса да, не нәрсе бізге жұбаныш береді?

20 Расында да, Құдайдың есімін алып жүру — үлкен жауапкершілік. Бізге “әділетсіздікке жоламай”, “жамандықтан бас тарту” керек (Заб. 33:15). Әрине, олай ету әрдайым оңайға соға бермейді. Алайда Ехобаның “өз меншігіндегілерді” және әділдіктің ақ жолынан таймайтындарды жақсы көретінін білу бізге нағыз жұбаныш береді емес пе?! (Тім. 2-х. 2:19; Шежірелер 2-жазба 16:9а оқы).

^ 12-абзац Ұйымның www.pr418.com сайтына кіріп, “БІЗ ЖӨНІНДЕ” санатында орналасқан “ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР” бөліміндегі “Ехоба куәгерлері кейбір фильмдерге, кітаптарға не әндерге тыйым сала ма?” деген мақаланы қара.