Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Сендер менің куәгерлерімсіңдер”

“Сендер менің куәгерлерімсіңдер”

“Сендер менің куәгерлерімсіңдер,— дейді Ехоба” (ИШАЯ 43:10 ЖД).

1, 2. а) Куәгер деп кімді айтады? ә) Бұқаралық ақпарат құралдары қай шындықты жасырады? б) Неліктен Ехоба ақпарат құралдарына зәру емес?

КУӘГЕР дегеніміз кім? Бір сөздікке сай, куәгер — бір оқиғаны көріп, болған жайтты мәлімдеп беретін адам. Мысалы, Оңтүстік Африкадағы Питермаритцбург қаласында “Куәгер” атты жергілікті газет 160 жылдан астам уақыт бойы жарық көріп келеді. Бұл газеттің аты затына сай: ол жер-жаһанда болып жатқан жайттарды еш бүкпесіз мәлімдеп отырады. Кезінде “Куәгердің” негізін қалаған кісі осы газетте “шындық, бар шындық және тек қана шындық” жазылатынын уәде еткен.

2 Алайда бүгіндегі ақпарат құралдары орын алған оқиғалар туралы кейбір шындықты бүгіп қалады. Әсіресе Құдай мен оның істеріне келгенде, олар ақиқатты жасырып, тіпті оны бұрмалайды. Бірақ әлемнің Әміршісі Ехоба ақпарат құралдарына зәру емес. Ежелде Езекиел пайғамбар арқылы ол: “Халықтар менің Ехоба екенімді біледі”,— деген (Езек. 39:7 ЖД). Қазіргі таңда дүниежүзі бойынша Ехобаның сегіз миллионға жуық куәгері бар. Ехобаның осы қалың әскері адамдарға оның кешегі мен бүгінгі істері жайлы айтып жүр. Сонымен қатар олар алдағы уақытта орындалатын Құдайдың уәделерін жариялауда. Ишая 43:10-да (ЖД): “Сендер менің куәгерлерімсіңдер,— дейді Ехоба. — Иә, сен өзім таңдаған қызметшімсің”,— делінген. Уағыз ісін өмірімізде басты орынға қояр болсақ, біз шынымен де Ехобаның куәгері екенімізді дәлелдейміз.

3, 4. а) “Киелі кітап зерттеушілері” қашан жаңаша аталатын болды және бұл жаңалық бауырластарға қалай әсер етті? (Мақаланың басындағы суретті қара.) ә) Қазір қандай сұрақтар қарастырылмақ?

3 Ехобаның есімі ешқашан өшпейді, себебі ол — “Мәңгілік Патша”. Ехоба өз есімі жайлы былай деген: “Мәңгі бақи Менің атым осылай болмақ. Күллі келер ұрпақтар да Мені осы есіміммен естеріне сақтасын” (Тім. 1-х. 1:17; Мыс. ш. 3:15; Уағыздаушы 2:16 салыстыр). Ехобаның атымен аталып, оның есімін алып жүру біз үшін зор мәртебе емес пе?! “Киелі кітап зерттеушілері” “Ехоба куәгерлері” деген атқа 1931 жылы ие болды. Сол кезде осы өзгеріске қуанған бауырластар жылы лебіздерін білдіріп, көптеген хат жазып жіберді. Мысалы, Канададағы бір қауымнан келесідей хат келіп түсті: “Ехоба куәгерлері” деп аталатынымыз туралы қуанышты хабар жанымызды тебірентіп, жаңа серпін беріп, осы атқа лайық болуға талпындырды”.

4 Ал сен Ехобаның есімімен аталу мәртебесіне ризашылығыңды қалай білдіре аласың? Сондай-ақ неліктен Ехоба Ишаяның кітабында бізді куәгерлерім деп атайтынын түсіндіріп бере аласың ба?

ЕХОБАНЫҢ ЕЖЕЛДЕГІ КУӘГЕРЛЕРІ

5, 6. а) Исраилдік ата-аналар Ехоба жайлы қалайша куәлік еткен? ә) Олар тағы не істеуге тиіс еді және неліктен бүгіндегі ата-аналар да солай етулері қажет?

5 Ишаяның күндерінде әр исраилдік Ехобаның “куәгері”, ал бүкіл халық Құдайдың “қызметшісі” болған (Ишая 43:10 ЖД). Сондықтан әр исраилдік Ехоба жайлы куәлік етуге міндетті еді. Осы орайда ата-аналар қалай куәлік ете алатын? Олар ежелдегі ата-бабаларына Ехобаның қалай көмектескенін балаларына айтып беретін. Ехоба Құтқарылу мейрамын жыл сайын атап өтуге бұйрық беріп жатқанда, былай деген: “Балаларың: “Бұл не қылған рәсім?” деп сұраса, оларға былай деңдер: “Бұл — Жаратқан Иеге арналған Құтқарылу мейрамының құрбандығы. Жаратқан Ие мысырлықтарды қырғынға ұшыратқан кезде исраилдіктердің үйлеріне соқпай өтіп кетті” (Мыс. ш. 12:26, 27). Сонымен қатар ата-аналар балаларына перғауын жайлы да айтып берген. Мұса алғаш рет оның алдына барып, Ехобаға ғибадат ету үшін исраилдіктерді шөл далаға жіберуін өтінгенде, перғауын: “Айтқанын істеп, Исраил халқын жіберетіндей, Ехоба деген кім сонша?”— деген болатын (Мыс. ш. 5:2 ЖД). Әрине, бұдан кейін ата-аналар Ехобаның перғауынға құдіретті Құдай екенін көрсетіп, оның сұрағына қалай пәрменді жауап бергенін де айтып беретін. Ол Мысырға он жаза жіберіп, Қызыл теңізден өткенде исраилдіктерді мысырлықтардың әскерінен қорғап қалды. Осылайша исраилдіктер Ехобаның шынайы Құдай екенінің және уәделерін әрқашан орындайтынының куәгерлері болған.

6 Ехобаның куәгері болуды мәртебе санаған исраилдіктер оның кереметтері жайлы тек балаларына ғана емес, үйлеріндегі шетелдік құлдарына да айтып бергендерінде дау жоқ. Сонымен қатар исраилдіктер Ехобаның киелілікке қатысты талаптарын да ұстану керек болған. Себебі Ехоба: “Мен, сендердің Құдайларың Жаратқан Ие, киелімін, сондықтан сендер де Өзіме бағышталып киелі болыңдар!”— деген болатын. Осыны жете түсінген исраилдік ата-аналар балаларына Құдайдың киелілікке қатысты талаптарын үйреткен (Леу. 19:2; Заң. қ. 6:6, 7). Бұл — бүгіндегі мәсіхші ата-аналар үшін жақсы үлгі. Олар да балаларын Ехобаның ұлы есіміне даңқ әкелетіндей өмір кешуге үйретулері қажет (Нақыл сөздер 1:8; Ефестіктерге 6:4 оқы).

Балаларға Ехоба жайлы тәлім беру оның есіміне мадақ әкеледі (5, 6-абзацты қара)

7. а) Исраилдіктердің Ехобаға деген адалдықтары көрші жатқан елдерге қалай әсер еткен? ә) Құдайдың есімін алып жүргендерге қандай жауапкершілік жүктелген?

7 Исраилдіктер адалдықтарынан таймай жүрген кездерінде Құдайдың есімі жайлы керемет куәлік еткен. Ехоба оларға былай деген: “Жер бетіндегі күллі халықтар Жаратқан Иенің атымен аталғандарыңды көріп, сендерді қастерлеп, сендерден қаймығатын болады” (Заң. қ. 28:10). Өкінішке қарай, исраилдіктер көбінесе адалдықтарын сақтамаған. Олар адам қолынан шыққан мүсіндерге қайта-қайта табынып кететін. Оның үстіне, қатыгез қанахандық құдайларға мінажат еткендіктен, олар да тасбауыр болып, балаларын құрбандыққа шалатын әрі кедейлерді қанайтын. Бұл біз үшін маңызды сабақ емес пе? Киелі Құдайға мінажат етіп, оның есімін алып жүргендіктен, бізге барынша киелі болуға тырысу керек.

“ЕНДІ МЕН ЖАҢАНЫ ЖАСАЙМЫН”

8. Ишая Ехобадан қандай тапсырма алды және оның сезімдері қандай болды?

8 Ехоба Ишая арқылы исраилдіктерге Иерусалимнің қирайтынын әрі олардың тұтқынға алынатынын ескерткен. Сонымен қатар Ехоба “жаңаны жасайтынын” және Исраил халқын таңғажайып түрде тұтқыннан азат ететінін де алдын ала айтып кеткен (Ишая 43:19). Адамдардың жүрек түкпірінде не жатқанын көре алатын Ехоба халықтың ескертуге құлақ аспайтынын білді, бірақ соған қарамастан, Ишаяға үнсіз қалмай, айта беруді тапсырды. Ишая кітабының бастапқы алты тарауы көбінесе сол ескертулерден тұрады. Халықтың өкініш білдірмей, қасарыса беретініне аң-таң болған Ишая олардың осындай күйі қанша уақытқа созылатынын білгісі келді. Бұған Ехобаның жауабы мынадай болды: “Сол жайт қалалар қирап, қаңырап бос қалғанша, үйлер ешбір тұрғынсыз, егіндіктер ойрандалып, иесіз қалғанға дейін созылмақ” (Ишая 6:8—11 оқы).

9. а) Ишаяның Иерусалимге қатысты пайғамбарлық сөздері қашан орындалды? ә) Бүгінде біз қандай ескертуге ден қоюымыз керек?

9 Ишая шамамен 46 жыл исраилдіктерге төнгелі тұрған апат жайлы ескертіп келді. Ол пайғамбар ретіндегі қызметін Ұзиях патшаның билігінің ақырғы жылынан бастап, Езекия патша билік құрған уақытқа дейін жалғастырған. Бұл шамамен б. з. б. 778—732 жылға дейін жалғасқан. Одан кейінгі 125 жыл бойы да, яғни б. з. б. 607 жылы Иерусалим күйрегенге дейін, Ехоба өз халқына болашақ жайттарды алдын ала ескертіп отырған. Осылайша Құдай халқы алдарында не күтіп тұрғанын білген еді. Бүгінде де Ехоба өз қызметшілері арқылы басқа адамдарды болашақта не болатынынан хабардар етіп жатыр. 135 жыл бойы “Күзет мұнарасы” журналында Шайтанның билігі жақын уақытта талқандалып, оның орнына Мәсіхтің мыңжылдық билігі орнайтыны туралы ескертіліп келеді (Аян 20:1—3, 6).

10, 11. Бабылда тұтқында болған яһудилер Ишаяның қай пайғамбарлығының жүзеге асқанына куә болды?

10 Ехобаның ескертуіне құлақ асқанның арқасында кейбір яһудилер Иерусалим қирағанда аман қалып, Бабыл еліне тұтқынға алынды (Ерм. 27:11, 12). Ал 70 жыл өткен соң, олар Құдайдың келесі керемет пайғамбарлығының орындалуының куәсі болды: “Құндарыңды өтеуші, Исраилдің Киелі Құдайы Ехоба мынаны айтады: “Сендер үшін мен оларды [жау әскерін] Бабылға аттандырамын да, Қақпа атаулыны ашық қалдырамын” (Ишая 43:14 ЖД).

11 Осы пайғамбарлыққа сай, б. з. б. 539 жылы қазан айында дүниені дүр сілкіндірген бір оқиға орын алды. Бабыл патшасы өз уәзірлерімен бірге құдайларының құрметіне той тойлап, Иерусалимдегі ғибадатханадан ұрланған киелі тостағандармен шарап ішіп жатты. Бірақ сол түні Мидия мен Парсы әскері Кир патшаның бастауымен Бабылды жаулап алды. Содан б. з. б. 538 не 537 жылы Кир яһудилерге Иерусалимге оралып, Құдайдың ғибадатханасын қайта тұрғызуға бұйрық берді. Бабылдан шығып, үйлеріне қайтып бара жатқан исраилдіктерді Ехоба жол бойы қорғап отырды. Осы оқиғалардың барлығы Ишая айтқандай орындалды. Ал кейіннен Құдай халқы ғибадатхананы қайта тұрғызғанда, олар Ехобаның тірі Құдай екенін әрі уәделерін қашан да орындайтынын көрді. Сол яһудилер туралы Құдай былай деген болатын: “Өзім үшін жаратқан халқым Менің Ұлылығымды мақтап жариялайды” (Ишая 43:21; 44:26—28).

12, 13. а) Шынайы ғибадатты қалпына келтіруде исраилдіктерге кімдер қосылды? ә) “Құдайдың Исраилін” қолдап жүрген “басқа қойлардан” не талап етіледі және олар қандай үмітке ие?

12 Ғибадатхананы қалпына келтіру үшін исраилдіктермен бірге мыңдаған жатжерлік те келді. Кейіннен көптеген басқа ұлт адамдары да яһудилердің сенімін қабылдады (Езра 2:58, 64, 65; Ест. 8:17). Бүгінде “басқа қойлардың” “ұлы жамағаты” “Құдайдың Исраилін” құрайтын майланған мәсіхшілерді қолдап, олармен бірге Ехобаға ғибадат етіп жүр (Жох. 10:16; Аян 7:9, 10; Ғал. 6:16). Майланғандар сияқты “ұлы жамағат” та Ехоба куәгері деп аталу мәртебесіне ие.

13 Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде “ұлы жамағат” қайта тірілген жандарға соңғы күндерде Ехобаның куәгері болу қандай мәртебе болғанын қуана-қуана айтып беретін болады. Сол уақытты көру үшін бізге киелі болып қалуға тырысу керек. Алайда күнәкар болғандықтан, біз күн сайын қателіктер жасап жатамыз. Сондықтан киелі бола алмай қалған кездері Ехобадан кешірім сұрауымыз қажет. Осылайша киелі болып қалуға күш салсақ, оның есімін алып жүру мәртебесін аса бағалайтынымызды көрсетеміз (Жоханның 1-хаты 1:8, 9 оқы).

ҚҰДАЙ ЕСІМІНІҢ МӘН-МАҒЫНАСЫ

14. Ехобаның есімі нені білдіреді?

14 Құдайдың есімімен аталу мәртебесін одан бетер бағалау үшін бізге осы есімнің мағынасы жайлы ой жүгірткен дұрыс. Әдетте “Ехоба” деп аударылатын Құдайдың есімі әрекетті білдіретін “болу” деген еврей етістігінен шыққан. Сондықтан Ехоба деген есімнің мағынасын “ол болғызады” деп түсінуге болады. Осы анықтама Ехобаның бүкіл ғалам мен саналы жаратылыстардың Жаратушысы ретіндегі әрі өз ниетінің Орындаушысы ретіндегі рөліне дәлме-дәл келеді. Оқиғалар өрбу барысында Ехоба өз еркінің орындалуына және ниетінің жүзеге асуына себепкер болып отырады. Бұған тіпті Шайтан мен оның жақтастары да еш тосқауыл бола алмайды.

15. Мұсаға ашқан есімінің мағынасынан біз Ехоба жайлы не білеміз? (“ Мән-мағынаға толы есім” деген қоршауды қара.)

15 Ехоба Мұсаға Исраил халқын Мысырдан алып шығуды тапсырғанда, өз есімінің мағынасын кеңірек түсіндірді. Киелі кітаптан біз былай деп оқимыз: “Құдай оған: “МЕН КІМ БОЛҒЫМ КЕЛСЕ, СОЛ БОЛАМЫН”,— деді. Сосын былай деп қосты: “Исраилдіктерге: — Мені сендерге КІМ БОЛҒЫМ КЕЛСЕ, СОЛ БОЛАМЫН деген Құдай жіберді,— деп айт” (Мыс. ш. 3:14 ЖД). Осы сөздерден көрінетіндей, өзінің ниетін орындау үшін Ехоба кез келген жағдайда кім болу қажет болса, сол бола алады. Исраилдіктер үшін Ехоба Құтқарушы, Қорғаушы, Жетелеуші және қажеттінің бәрін беретін Қамқоршы болған.

РИЗАШЫЛЫҒЫМЫЗДЫ БІЛДІРЕЙІК

16, 17. а) Құдайдың есімімен аталу мәртебесіне риза екенімізді қалай көрсете аламыз? ә) Келесі мақалада нені қарастырамыз?

16 Ехоба өзгерген жоқ. Ол қажеттінің бәрін беру арқылы бізді қамқорлап, осы күнге дейін өзінің есіміне сай әрекет етіп келеді. Алайда Ехобаның есімінің мағынасы бұнымен ғана шектелмейді. Онда оның есімі тағы нені білдіреді? Ехоба өз ниетін жүзеге асыру үшін жаратылыстарын кім қылу қажет болса, сол қыла алады. Мысалы, ол Куәгерлерін уағыз ісін атқару үшін қолданады. Осыны түсінгеніміз бізді оның есіміне сай өмір сүре беруге талпындыру керек. Норвегияда соңғы 70 жыл бойы құлшыныспен уағыздап жүрген 84 жасар Каре есімді ер бауырлас былай деп бөлісті: “Мәңгіліктің Патшасы Ехобаға қызмет ету әрі оның киелі есімімен аталған халықтың бір мүшесі болу — мен үшін баға жетпес абырой. Мен үшін мәртебе болатын тағы бір жайт — Киелі кітаптың шындығын адамдарға түсіндіру және олардың маңызды жайтты түсінгеннен бал-бұл жайнаған көздерін көру. Адамдарға Мәсіхтің төлем құрбандығының пайдасы мен оның бейбітшілік пен әділдік орнаған жаңа дүниеге қалай жеткізетінін айту маған зор қанағат әкеледі”.

17 Шыны керек, кейбір жерлерде Құдай жайлы хабарды ұйып тыңдайтын адамдарды табу қиынның қиыны. Бірақ сенің де Каре бауырлас сияқты қызметте тыңдарға құлақ тауып, Ехобаның есімі жайлы куәлік етіп, қуанышың қойныңа сыймаған кездерің болған шығар? Бірақ біз Ехобаның куәгерлері деп аталсақ, неліктен Иса жайлы куәлік етеміз? Осы сұрақтың жауабы келесі мақалада қарастырылады.