Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Талай азаптарға қарамастан, Құдайға адал қызмет етейік

Талай азаптарға қарамастан, Құдайға адал қызмет етейік

“Біз Құдай патшалығына талай азап шегу арқылы кіруіміз керек” (ЕЛ. ІС. 14:22).

1. Құдайдың қызметшілерін қиындықтарға кезігетіндері неге таңғалдырмайды?

МӘҢГІ ӨМІРГЕ ие болу үшін “талай азап шегеміз” деген ой бізді таңғалдыра ма? Таңғалдырмаса керек. Ехобаға қызмет етіп жүргенімізге қанша уақыт болмасын, Шайтанның дүниесінде қиындықтарға кезігетінімізді біз жақсы білеміз (Аян 12:12).

2. а) Мәсіхшілер кемелсіз адамдардың бәрі кезігетін қиындықтармен қатар тағы неден жапа шегеді? ә) Біз кезігетін қиындықтардың артында кім тұр және бұны қайдан білеміз?

2 Мәсіхшілер “жұрттың бәріне” тән, яғни кемелсіз адамдардың бәріне тән, қиындықтарға ғана емес, басқа да қиындыққа кезігеді (Қор. 1-х. 10:13). Ол қандай қиындық? Құдайдың заңдарын берік ұстанатындықтан, олар қатты қарсылық көреді. Иса ізбасарларына: “Құл қожайынынан үлкен емес. Олар мені қудаласа, сендерді де қудалайды”,— деген (Жох. 15:20). Мұндай қарсылықтың артында кім тұр? Шайтан тұр. Киелі кітапта ол “кімді жалмасам деп жүрген” ақырған арыстанға теңелген (Пет. 1-х. 5:8). Исаның шәкірттерін мінсіздіктен айыру үшін, ол неше түрлі тәсілдерді қолданады. Мысал ретінде елші Пауылмен болған жайтты қарастырып көрейік.

 ЛИСТРАДА АЗАП ШЕГУ

3—5. а) Пауыл Листрада қандай азап көрді? ә) Қалай Пауыл азап шегу жайлы айтқан сөздерімен шәкірттерді нығайтты?

3 Пауыл Құдайға адал болғаны үшін талай қуғын-сүргінге ұшыраған (Қор. 2-х. 11:23—27). Сондай жағдайлардың бірі Листра қаласында болды. Ол туылғанынан кемтар болған бір кісіні сауықтырғаннан кейін, жұрт Барнаба екеуін құдайларға балап, мадақтай жөнеледі. Олар болса өздеріне табынбауды өтініп, елірген тобырды тоқтатқысы келеді. Бірақ көп ұзамай қалаға яһуди дінбасылары келеді де, екеуіне жала жауып, жұртты айдап салады. Сонда жұрт табан астынан құбылып, Пауылды таспен атқылап, өлімші етіп тастап кетеді (Ел. іс. 14:8—19).

4 Бұдан кейін Пауыл мен Барнаба Дербе қаласына барады. Сосын “Листра, Иқония мен Антиохияға қайта оралады. Олар шәкірттерді нығайтып, сенімде берік болып қалуға шақырады да: — Біз Құдай патшалығына талай азап шегу арқылы кіруіміз керек,— дейді” (Ел. іс. 14:21, 22). Бір қарағанда, бұл сөздер ойға қонымсыз болып көрінуі мүмкін. Себебі “талай азап шегеміз” деген сөз жігерлендірмейді, қайта, көңілді түсіреді ғой. Онда қалай Пауыл мен Барнаба осы сөздермен “шәкірттерді нығайтқан”?

5 Пауылдың сөздерін мұқият қарастырсақ, бұл сұрақтың жауабын таба аламыз. Ол жай ғана: “Біз талай азап шегуіміз керек”,— деген жоқ. “Біз Құдай патшалығына талай азап шегу арқылы кіруіміз керек”,— деді. Осылайша Пауыл Құдайға адал болғандарға берілетін сыйға назар аударған. Бұл жай ғана арман емес-тін. Иә, Иса айтқандай, “соңына дейін табандылық танытқан адам құтқарылады” (Мат. 10:22).

6. Табанды болғандар қандай сый алады?

6 Соңына дейін табанды болғандарға сый беріледі. Майланған мәсіхшілер Исамен бірге билік ететіндер ретінде көктегі өлмес өмірге, ал “басқа қойлар” “әділдік орнаған” жердегі мәңгі өмірге ие болады (Жох. 10:16; Пет. 2-х. 3:13). Бірақ, Пауыл айтып кеткендей, оған дейін талай азап шегеміз. Олай болса, кезігуіміз мүмкін екі қиындықты қарастырып өтейік.

ТІКЕЛЕЙ ШАБУЫЛ

7. Қандай шабуылды тікелей шабуыл деуге болады?

7 Иса: “Жұрт сендерді... жергілікті соттарға ұстап береді, мәжілісханаларда дүре соқтырады және билеушілер мен патшалардың алдына апарады”,— деп пайғамбарлық еткен (Мар. 13:9). Демек, кейбір мәсіхшілер қуғын-сүргінге ұшырайды. Мұндай қудалау діни не саяси басшылардың арандатуымен орын алуы мүмкін (Ел. іс. 5:27, 28). Пауылдың мысалына оралсақ, ол осындай қуғын-сүргінге ұшырайтынын ойлап қорықты ма? Жоқ, еш қорықпады (Елшілердің істері 20:22, 23 оқы).

8, 9. Пауыл азапқа төтеп беруге бел байлағанын қалай көрсетті және қалай бүгінде де кей бауырластар осындай рух танытуда?

8 Шайтанның тікелей шабуылына батыл қарсы тұрған Пауыл былай деді: “Мен өз жанымды ойламаймын. Құдайдың рақымы туралы ізгі хабарды жариялау арқылы түбегейлі куәлік беріп, Иеміз Иса тапсырған қызметімді ақырына дейін атқарсам және жарысымды аяқтасам болғаны” (Ел. іс. 20:24). Иә, Пауыл қуғын-сүргінге ұшырайтынын ойлап, үрейге бой алдырмаған. Қайта, басына қандай күн тумасын, төтеп беруге бел байлаған. Оның бар қалағаны қиыншылықтарға қарамай, “түбегейлі куәлік беру” болған.

 9 Бүгінде де көптеген бауырластар осындай рух танытуда. Мысалы, бір елде бейтараптық сақтағандары үшін біраз Куәгер жиырма жылға жуық уақыт бойы қамауда отыр. Олардың ісі ешбір сотта қаралмаған. Өйткені ол елде діни көзқарасына байланысты әскерге барудан бас тартатындарға қатысты ешқандай шара қарастырылмаған. Түрмеде оларға туған-туысқандарымен көрісуге тыйым салынған, ал кейбіреулерін ұрып-соғып, түрлі жолдармен азаптаған.

10. Неге біз күтпеген жерден пайда болатын қиындықтардан қорықпауымыз керек?

10 Өзге елдерде бауырластар күтпеген жерден пайда болған қиындықтарға төтеп беруде. Егер сен де сондай жағдайға тап болсаң, үрейге берілме. Жүсіпті ойда тұт. Бауырлары оны құлдыққа сатып жіберген еді, бірақ Ехоба “барлық қиындығынан құтқарды” (Ел. іс. 7:9, 10). Ол сені де құтқара алады. Әрқашан есіңде болсын, “Ехоба өзіне шын берілгендерді сынақтан қалай құтқаруды біледі” (Пет. 2-х. 2:9). Ехобаның сені осы зұлым дүниеден құтқарып, мәңгілік өмір сыйлайтынына сенесің бе? Бұған сенімді болуға әрі қуғын-сүргінге батыл төтеп беруге келелі себеп бар (Пет. 1-х. 5:8, 9).

АСТЫРТЫН ШАБУЫЛ

11. Шайтанның астыртын шабуылы мен тікелей шабуылының айырмашылығы неде?

11 Кезігуіміз мүмкін қиындықтың тағы бірі — астыртын шабуыл. Оның тікелей шабуылдан қандай айырмашылығы бар? Тікелей шабуылды кенеттен көтеріліп, әп-сәтте үйіңді қиратып кететін жойқын құйынға теңеуге болады. Ал астыртын шабуыл үйіңе білдіртпей кіріп алып, құлатқанша ағаштарын кеміре беретін бір үйір термитке ұқсайды. Мұндайда іс насырға шаппайынша, адам қауіп төніп тұрғанын аңғармауы да мүмкін.

12. а) Шайтанның астыртын шабуылдарының бірі қандай және неге ол өте тиімді? ә) Пауыл ұнжырғасы түскенде, өзін қалай сезінген?

12 Шайтанның мақсаты — тікелей шабуыл жасау не сенімімізді жаймен “кеміру” арқылы болсын — Ехобамен қарым-қатынасымызды бұзу. Оның астыртын шабуылдарының ең тиімдісі — жабырқау сезімі. Елші Пауылдың да кейде ұнжырғасы түсетін (Римдіктерге 7:21—24 оқы). Оны рухани “алып” болған десе де болады. Оның үстіне, ол бірінші ғасырдағы басқарушы кеңестің мүшесі болған болса керек. Ендеше қалайша Пауыл: “Сорлы басым-ай!”— деп күңіренді екен? Ол кемелсіздіктің кесірінен өзін солай сезінетінін жазған. Ол дұрыс нәрсені жасағысы келетін, бірақ қандай да бір күштің өзіне қарсы күресетінін сезінген. Кейде сен де өзіңді солай сезінетін шығарсың. Олай болса, тіпті елші Пауыл да сондай күйді бастан кешіргенін білгенің жұбаныш береді емес пе?

13, 14. а) Қандай себептермен кей бауырластардың ұнжырғасы түседі? ә) Кім сенімімізден айырылғанымызды қалайды және неге?

13 Көп бауырластар арагідік жабырқап, ұнжырғасы түседі, сары уайымға салынады, тіпті өздерін түкке тұрғысыз сезінеді. Бір құлшынысты ізашар бауырлас, оны Дина деп атайық, былай деді: “Жасаған қателігім жайлы ойлаған сайын, өзімді жаман сезінемін. Ал әрбір қателігім жайлы ойласам, мені ешкім, тіпті Ехоба да жақсы көре алмайтын сияқты”.

14 Ехобаға Дина сияқты бар ынтасымен қызмет етіп жүрген кейбір бауырластар неге осылай жабырқайды? Бұның себебі әртүрлі болуы мүмкін. Кейбіреулер өзі туралы да, өмірінде кезіккен жағдайлар туралы да жаман ойлауға бейім келетін шығар (Нақ. с. 15:15 ЖД). Ал өзге біреулер  қандай да бір аурудың кесірінен осындай сезімдерге берілуі мүмкін. Себебі қандай болмасын, мұндай жағымсыз ойларды кімнің пайдаланып қалғысы келетінін ұмытпауымыз керек. Расында да, кім біздің салымыз суға кетіп, қызметімізді тоқтатқанымызды қалайды? Кім сенің де өзі сияқты үмітсіз сезінгеніңді көксейді? (Аян 20:10). Әрине, Шайтан. Мейлі, тікелей не астыртын шабуылдасын, оның мақсаты бір — бізді уайым-қайғыға салу, құлшынысымызды бәсеңдету, қызметімізді доғарту. Есіңде болсын, Құдайдың халқы рухани соғысқа қатысуда!

15. Қорынттықтарға 2-хат 4:16, 17 тармақтарға сай, біз не істеуге бел будық?

15 Күресуді доғарма. Алдағы сыйға назар тік. Қорынттағы мәсіхшілерге Пауыл мынадай сөздер жазған: “Біз еш талмаймыз. Тәніміз тозып әлсіресе де, жан дүниеміз күн сайын жаңара түсуде. Көріп жатқан қиындықтарымыз уақытша әрі жеңіл болғанмен, бізді әлдеқайда зор, мәңгілік ұлылыққа жеткізеді” (Қор. 2-х. 4:16, 17).

ҚИЫНДЫҚТАРҒА ҚАЗІР ДАЙЫНДАЛ

Мәсіхшілер, жас-кәрі демей, сенімдерін қорғауды үйренеді (16-абзацты қара)

16. Неге қиындықтарға қазір дайындалғанымыз маңызды?

16 Өзіміз көргендей, Шайтанның “зымиян іс-әрекеттері” көп (Ефес. 6:11). Сондықтан бәріміздің Петірдің 1-хаты 5:9-да жазылған: “Сенімде берік болып, оған қарсы тұрыңдар!”— деген сөздерге құлақ асқанымыз дұрыс. Бұл үшін санамыз бен жүрегімізді дайындап, дұрыс нәрсені істеуге қазір үйренуіміз керек. Сарбаздар соғысқа қатысудан ұзақ уақыт бұрын түрлі дайындықтан өтеді емес пе? Біз де солай етуіміз керек. Бізді алда қандай шайқастар күтіп тұрғанын білмейміз. Сондықтан бейбіт кезді пайдаланып, соғысқа жақсылап  дайындалған дұрыс. Пауыл қорынттықтарды: “Сенім жолындасыңдар ма, жоқ па — соны тексеріп тұрыңдар, әрі кім екендеріңді дәлелдеу үшін өздеріңді үнемі тексеріп отырыңдар”,— деп шақырған (Қор. 2-х. 13:5).

17—19. а) Өзімізді қалай тексеруімізге болады? ә) Мектепте сенімдерін қорғауға жастардың қалай дайындалуына болады?

17 Пауылдың киелі рухтың жетелеуімен жазған кеңесіне құлақ асудың бір жолы — өзімізді жақсылап тексеру. Бұл үшін өзімізге мынадай сұрақтар қоюға болады: “Мен жүйелі дұға етемін бе? Құрдастарымнан қысым көргенде, адамға бағынамын ба, Құдайға ма? Қауым жиналыстарына үзбей барамын ба? Сенімім жайлы айтуға батылым жете ме? Бауырластардың қателіктерімді кешіретініндей, мен де оларды кешіремін бе? Өз қауымымда және дүниежүзілік қауымдағы жетекшілікті қолға алғандарға бағынамын ба?”

18 Байқасаң, сұрақтардың екеуі нанымдарымызды батыл қорғау мен құрдастарымыздың қысымына берілмеуге қатысты. Мектепте оқитын жастарымыздың көбісі осындай қиындықтарға кезігеді. Олар нанымдарынан қысылып-қымтырылмауды үйренген, қайта, батыл сөйлейді. Журналдарымызда осы орайда көмек болатын кеңестер басылып тұрады. Мысалы, “Ояныңдар!” журналының 2009 жылғы шілдедегі санында сыныптасыңның: “Сен неге эволюцияға сенбейсің?”— деген сұрағына, жай ғана: “Неге мен эволюцияға сенуім керек? Оған ғалымдардың өздері де күмәнданады. Ал олар бұл жайлы көбірек біледі ғой!”— деп жауап беру ұсынылған. Ата-аналар, балаларың мектепте сенімдерін қорғай алу үшін, алдын ала жаттығыңдар.

19 Сенімімізді қорғап сөйлеу не Ехоба тапсырған істі орындау әрқашан оңай бола бермейді, әрине. Мысалы, күнұзаққа жұмыс істегеннен кейін, өзімізді қауымға баруға көндіруіміз керек. Я болмаса қызметке бару үшін, таңертең жылы төсектен тұру оңай болмайды. Бірақ мынаны ұмытпа: егер бұларға қазірден дағдылансаң, болашақтағы қиындықтарға төтеп беру әлдеқайда оңай болады.

20, 21. а) Төлем құрбандығы туралы ой жүгірткеніміз жағымсыз сезімдермен күресуге қалай көмектеседі? ә) Біз не істеуге бел бууымыз керек?

20 Астыртын шабуыл жөнінде не деуге болады? Жабырқау сезімімен күресудің жолы бар ма? Мұның ең тиімді жолы — төлем құрбандығы жөнінде ой жүгірту. Елші Пауыл да солай еткен. Кейде ол өзін түкке тұрғысыз сезінген. Сөйтсе де ол Мәсіх өз өмірін кемелді емес, кемелсіз адамдар үшін қиғанын білетін. Ал Пауыл сол кемелсіз адамдардың бірі еді. Сондықтан ол: “Мен Құдай Ұлына деген сенімім арқылы өмір сүріп жатырмын. Ол мені сүйгендіктен, мен үшін өмірін берді”,— деп жазды (Ғал. 2:20). Иә, Пауыл төлем құрбандығына сенген, әрі оның жеке өзі үшін берілгенін түсінген.

21 Төлем құрбандығын жеке өзіңе берілген сый ретінде қарастырғаның саған да зор көмегін тигізеді. Бұл жабырқау сезімі бірден ғайып болады дегенді білдірмейді, әрине. Бәлкім, кейбіріміз бұл сезіммен жаңа дүние орнағанға дейін күресетін шығармыз. Бірақ есіңде болсын, қиындыққа беріспейтін адам сыйға ие болады. Құдай Патшалығы тыныштық орнатып, адал адамдарды кемелділікке жеткізетін салтанатты күн алыс емес. Сондықтан, көп азап шегуге тура келсе де, сол Патшалыққа кіруге бел бу.