Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Забур 36:25-тегі Дәуіттің сөздері мен Матай 6:33-тегі Исаның сөздері Ехоба ешқашан мәсіхшілердің ас-ауқаттан тапшылық көруіне жол бермейді дегенді білдіре ме?

Дәуіт: “Көрмедім әділ жанның бейшара болғанын, Ұрпағының қайыршы боп нан сұрағанын”,— деп жазған болатын. Ол өз тәжірибесіне сүйеніп осындай сөздерді айта алған, өйткені Құдайдың қамқор екенін жақсы білген (Заб. 36:25). Алайда Дәуіттің бұл сөздері Құдайдың ешбір қызметшісі мұқтаждықты ешқашан көрмеген де, көрмейді де дегенді білдірмейді.

Жоғарыдағы сөздерді жазған Дәуіттің өзі қысылтаяң кездерді бастан өткерген. Мұндай күндердің бірі Саулдан қашып жүргенде болған. Жейтін асы қалмаған Дәуіт өзі мен қасындағылары үшін нан беруді өтінген (Пат. 1-ж. 21:1—6). Демек, Дәуіттің “нан сұраған” кезі болған. Әйтсе де ол мұндай қиын шақтарда Ехобаның ешқашан тастамайтынын түсінген. Киелі кітаптың ешбір жерінде Дәуіттің тамақ сұрап қайыршы болғаны жайлы мәлімет жоқ.

Иса Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қойған адал ізбасарларының қажеттіліктерін Құдай қамтамасыз ететініне сендірген. Оның бұл сөздері Матай 6:33-те жазылған: “Ендеше Құдай патшалығы мен оның әділдігін әрдайым бірінші орынға қойыңдар, сонда сендерге мұның бәрі [ішер ас пен киер киім де] қосып беріледі”. Алайда Иса “бауырларының” қудаланып, соның салдарынан аш болатындарын да айта кеткен (Мат. 25:35, 37, 40). Осындай жағдайға тап болғандардың бірі — елші Пауыл. Ол тамақ тапшылығы мен шөлдеудің не екенін білген (Қор. 2-х. 11:27).

Ехоба біздің түрлі жолдармен қудаланатынымызды айтқан. Ол Ібіліс көтерген дауға лайықты жауап қайтаруымыз үшін қандай да бір тапшылық көруімізге жол беруі мүмкін (Әйүп 2:3—5). Мысалы, бір кездері нацистік концлагерьлерге қамалған бауырластарымыздың өмірлері қыл үстінде тұрған. Жейтін астың тапшылығы сол кезде Куәгерлерді мінсіздігінен тайдыру үшін Ібілістің қолданған әдістерінің бірі еді. Бірақ сол бауырластар адалдықтарынан таймады. Ал Ехоба оларды тастамады. Біздің күнімізде де Құдай барлық мәсіхшілердің әртүрлі қиындықтарға тап болуына жол береді. Бірақ өзінің есіміне бола азап шеккендердің бәрін Ехобаның қолдайтыны шүбәсіз (Қор. 1-х. 10:13). Філіпіліктерге 1:29-дағы келесі сөздерді есте ұстағанымыз жөн: “Сендерге Мәсіхке сену мәртебесі ғана емес, ол үшін азап шегу мәртебесі де берілген”.

Ехоба өз қызметшілерімен бірге болатынын уәде еткен. Мысалы, Ишая 54:17-де: “Қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сені құрта алмайды”,— делінген. Осы және осы сынды басқа да уәделері Құдайдың өз қызметшілерін халық ретінде сақтайтынына кепілдік болып табылады. Бірақ жеке дара алғандағы мәсіхші сынаққа, тіпті өліммен бетпе-бет кезігуі мүмкін.