Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Бақылаушы міндетіне ұмтылып” жүрсің бе?

“Бақылаушы міндетіне ұмтылып” жүрсің бе?

ФЕРНАНДО * қобалжып тұрды. Өйткені екі ақсақал онымен оңаша сөйлескісі келетінін айтты. Аудандық бақылаушының соңғы бірнеше сапарынан кейін, ақсақалдар оған қауымда қосымша мәртебелі міндеттер атқаруға лайық болу үшін не істеу керектігін түсіндірген еді. Алайда біраз уақыт өткен соң Фернандо ақсақал ретінде тағайындалатынына күмәнданып, уайымдай бастады. Аудандық бақылаушы жақында қауымға тағы да келіп кетті. Ақсақалдар бұл жолы оған не демек?

Ақсақалдардың бірі сөйлеп жатқанда, Фернандо мұқият тыңдап тұрды. Бауырлас Тімөтеге 1-хат 3:1-дегі сөздерді келтіріп, оның ақсақал болып тағайындалғаны жайлы хабар алғандарын айтты. Сонда Фернандо таңғалып: “Шын ба?”— деп сұрады. Бауырлас өз сөзін қайталағанда, Фернандо қуанышын жасыра алмады. Ал бұл жайлы хабарландыру жасалғанда, қауымдағылар да қуанды.

Қауымдағы мәртебелі міндеттерді атқаруды қалау бұрыс па? Әлбетте, жоқ. Себебі Тімөтеге 1-хат 3:1-де: “Егер кімде-кім бақылаушы міндетіне ұмтылса, оның игілікті істі қалағаны”,— делінген. Осы кеңеске құлақ асқан көптеген ер бауырластар қауымдағы мәртебелі қызметтерді атқаруға лайықты болу үшін рухани өсуде. Осының нәтижесінде Құдай халқының арасында жүз мыңдаған қабілетті ақсақалдар мен қызмет көмекшілері тағайындалды. Алайда қауымдардың өсіп жатқанын ескерер болсақ, әлі де көптеген бақылаушылар қажет. Бұл қызметті атқаруға жарамды болу үшін не істеу керек? Бақылаушы ретінде қызмет еткісі келетіндер Фернандо сияқты уайымдау керек пе?

“ҰМТЫЛУ” ДЕГЕН НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

Киелі кітаптағы “ұмтылу” деп аударылған грек етістігінің “қатты қалау, созылу” деген мағынасы бар. Бұл сөздерді естігенде, көз алдыңа ағаштағы дәмді жемісті үзіп алмақ болып, қолын созған адам елестейтін шығар. Алайда ұмтылу сөзі “бақылаушы міндетіне” ашкөздене жармасу дегенді білдірмейді. Неге? Өйткені шын жүректен  ақсақал болуды қалайтындардың мақсаты сый-құрметке қол жеткізу емес, “игілікті іс” жасау болу керек.

Осы игілікті іске қатысты талаптардың көбісі Тімөтеге 1-хат 3:2—7 және Титке 1:5—9 тармақтарда жазылған. Ұзақ уақыт бойы ақсақал болып қызмет етіп келе жатқан Реймонд есімді бауырлас осы талаптар жайлы былай дейді: “Меніңше, ең маңыздысы — адамның қандай екені. Шешендік әрі ұстаздық қабілеттің бар болғаны маңызды, әрине. Бірақ “еш кінәратсыз, барлық жағынан байсалды, есті, іс-әрекетіне ұқыпты, қонақжай және иліккіш” сияқты қасиеттер осы қабілеттердің көлеңкесінде қалып кетпеу керек”.

Қауыммен түрлі жолдармен қызметтесу арқылы бақылаушы міндетіне ұмтыл

Бақылаушы міндетіне шын жүректен ұмтылатын бауырлас Жазбаларда айтылған қасиеттерді өзгелермен қарым-қатынасында танытуға тырысады. Ол еш кінәратсыз болу үшін өтірік пен арамдықтың кез келген түрінен аулақ жүреді. Сондай-ақ барлық жағынан байсалды, есті, іс-әрекетіне ұқыпты да иліккіш. Сондықтан да өзге бауырластар оның басшылығына сенім артады, әрі өз қиындықтарымен бөлісуге тартынбайды. Қонақжай болғандықтан, жастар мен шындыққа жаңадан келген бауырластарға жігердің көзі болып табылады. Бұған қоса, ізгілік атаулыны жақсы көретіндіктен, науқас және қарт бауырластарға медеу болады. Ол бұл қасиеттерді жауапты қызметке тағайындалу үшін емес, өзгелерге көмектескісі келетіндіктен дамытады *.

Ақсақалдар ақыл-кеңес пен жігер беруге дайын. Алайда Жазбалардағы талаптарға сай болу-болмау, ең алдымен, жауапты міндет атқарғысы келетін бауырластың мойнында. Генри есімді тәжірибелі бақылаушы: “Егер сен жауапты міндетке ұмтылып жүрсең, онда өзіңнің талаптарға сай екеніңді көрсету үшін аянба”,— дейді. Мұның маңыздылығын түсіндіру үшін, ол Уағыздаушы 9:10-ды келтіріп: “Қандай істі қолға алсаң да, соны жан сала істе” деген сөздерге сай, ақсақалдар саған қандай тапсырма бермесін, оны жан сала атқар. Тіпті еден сыпыруды қоса алғанда, қауымда берілетін кез келген істі жоғары бағала. Сенің еңбегің мен ынтаң байқаусыз қалмайды”,— дейді. Егер ақсақал ретінде қызмет еткің келсе, қасиетті қызметтің барлық саласын жаныңды салып атқар.  Сондай-ақ басқалар саған сенім арта алатындай болсын, әрі сені менмен емес, кішіпейіл адам ретінде білсін (Мат. 23:8—12).

БҰРЫС КӨЗҚАРАС ПЕН ӘРЕКЕТТЕРДЕН АУЛАҚ БОЛ

Кейбір бауырластар ақсақал болғысы келетініне меңзейтін шығар, я болмаса ақсақалдардың пікіріне ықпал еткісі келер. Ал басқалары болса ақсақалдар берген кеңесті жақтырмауы мүмкін. Мұндай бауырластар өздеріне келесідей сұрақтар қойып көру керек: “Мен өз мүддемді ғана ойлаймын ба, жоқ әлде кішіпейілділікпен Ехобаның қойларын қамқорлағым келе ме?”

Мәртебелі міндетке ұмтылып жүргендер ақсақалдарға қойылатын “отарға үлгі-өнеге болыңдар” деген талапты да ұмытпау қажет (Пет. 1-х. 5:1—3). Қауымға үлгі-өнеге болатын бауырлас қулық-сұмдық атаулыдан аулақ жүреді. Тағайындау алса да, алмаса да, ол бойында шыдамдылық дамытуға тырысады. Өйткені ақсақал ретінде тағайындалған адамның кемшіліктері ғажайып түрде жоқ болып кетпейді (Ру. сан. 12:3; Заб. 105:32, 33). Бауырлас өзі жайлы “бұрыс қылығым есімде жоқ” деп ойласа да, өзгелер белгілі бір себептермен мұндай ойда болмауы мүмкін (Қор. 1-х. 4:4). Сондықтан ақсақалдар саған шын көңілмен Киелі кітапқа негізделген кеңес берсе, наразылық танытпай тыңда. Сосын айтылған кеңеске сай әрекет ет.

ҰЗАҚ КҮТУ КЕРЕК БОЛСА ШЕ?

Кейбір бауырластарға тағайындалуларын алғанға дейін күтуге тура келеді. Бұл уақыт олар үшін тым ұзақ болып көрінетін шығар. Егер сен бақылаушы міндетіне жылдар бойы ұмтылып жүрген болсаң, кейде салың суға кете ме? Бұл түсінікті де, өйткені Киелі кітапта: “Ұзаққа созылған үміт жүрек қажытар, Орындалған тілек өмірді құлпыртар”,— деп жазылған (Нақ. с. 13:12).

Расында да, қатты қалаған мақсатқа қол жеткізу мүмкін еместей болып көрінсе, бұл адамның жүрегін қажытуы мүмкін. Ыбырайым да осындай жағдайды басынан өткерген. Ехоба оған ұл сыйлаймын деп уәде еткен еді, алайда балалы болғанша, Сара екеуіне ұзақ жылдар бойы күтуге тура келді (Жар. 12:1—3, 7). Жасы ұлғайған шақта Ыбырайым: “Жаратушы Тәңір Ие, Сен маған қандай сыйлық бермексің? Мен әлі де ұрпақсыз келемін... Сен маған бала сыйламадың”,— деп мұңын шақты. Ал Ехоба ұл сыйлайтынына қатысты уәдесін міндетті түрде орындайтынын айтты. Десе де бұл уәденің орындалуына дейін әлі 14 жыл бар еді (Жар. 15:2—4; 16:16; 21:5).

Біраз уақыт күтуге тура келсе де, Ыбырайым Ехобаға деген қызметінде қуанышын жоғалтты ма? Жоқ. Ол Ехобаның уәдесінің орындалатынына еш күмәнданбаған. Ыбырайым үмітін үзбеді. Елші Пауыл былай деп жазған: “Ыбырайым шыдамдылықпен күткеннен кейін, осы уәдені алды” (Евр. 6:15). Ақырында, Құдіреті шексіз Құдай адал қызметшісіне батасын төкті. Бұл бата тіпті Ыбырайым ойлағаннан да асып түсті. Ыбырайымнан не нәрсеге үйренуге болады?

Ақсақал болуды күтіп жүргеніңе біраз жыл өтсе де, Ехобаға сенім артуды доғарма. Қызметте қуанышыңды жоғалтпа. Көп бауырласқа рухани жетістікке жетуге көмектескен Уоррен есімді  ақсақал былай дейді: “Бауырластың тағайындалуға лайықты екені көріну үшін уақыт керек. Себебі уақыт өткен сайын жүріс-тұрысынан және тапсырмаларды қалай орындайтынынан оның қабілеттері мен көзқарасы бірте-бірте айқындала түседі. Кейбіреулер белгілі бір міндетке не тағайындалуға қол жеткізсем ғана, Ехобаға деген қызметімде жетістікке жетем деп ойлайды. Бірақ мұндай көзқарас дұрыс емес, бұған қоса, адамның бар есіл-дерті соған ауып кетуі мүмкін. Егер сен кез келген жерде, кез келген істе Ехобаға адал болсаң, жетістік деген, міне, осы”.

Филип есімді бауырлас өзінің ақсақал ретінде тағайындалуын он жылдан аса күткен. Ол Езекиел кітабының 1-тарауындағы көпшілікке танымал аянға назар аударып, қандай сабақ алғаны жайлы былай дейді: “Ехоба өзінің күймесін, яғни ұйымын, қалаған жылдамдықпен жүргізеді. Сондықтан ең маңыздысы — біздің емес, Ехобаның уақыты. Ақсақал ретінде қызмет етуге ұмтылғанда, нені қалайтыным, кім болғым келетіні маңызды емес, өйткені менің қалауым және Ехобаның мен үшін нені қажет деп санайтыны екі түрлі болуы мүмкін”.

Бақылаушы ретінде игілікті іс атқаруды қаласаң, бұл мақсатыңа қауымның қуанышына үлес қосу арқылы ұмтыл. Уақыт өтпей жатқандай көрінсе, уайым мен шыдамсыздыққа бой алдырма. Жоғарыда сөздері келтірілген Реймонд бауырлас былай дейді: “Бір нәрсені қатты көксеу — қанағаттың жауы. Уайымшыл адам Ехобаға қызмет етуден келетін зор қуаныштан құралақан қалады”. Құдай рухының жемісін, әсіресе шыдамдылық қасиетін, толығырақ дамыт. Жазбаларды зерттеу арқылы рухани күйіңді жақсарт. Ізгі хабарды уағыздау және қызығушылық танытқандармен Киелі кітап зерттеу ісіне көбірек атсалыс. Отбасыңның ғибадаты мен рухани істеріне басшылық ет. Бауырластармен араласудың әрбір мүмкіндігін бағала. Сонда мақсатыңа қол жеткізу тек қуаныш әкелетін болады.

Қауымда әртүрлі мәртебелі қызметтерге лайық болуға ұмтылудың өзі — Ехобаның батасы. Сондықтан Ехоба да, оның ұйымы да бағушылық міндетіне ұмтылатындардың көңілі қалып, ұнжырғасы түскенін қаламайды. Құдай өзіне таза ниетпен әрі аянбай қызмет ететіндерді қолдап, батасына бөлейді. Ал Ехоба батасын бергенде, оған еш қайғы-қасірет қоспайды (Нақ. с. 10:22).

Мәртебелі міндетке ұмтылып жүргеніңе біраз уақыт болса да, сен рухани күйіңді әлі де жақсарта аласың. Бойыңда қажетті қасиеттер дамытқаның, қауымда аянбай қызмет еткенің, отбасыңа рухани жағынан көмек көрсеткенің елеусіз қалмайды. Қандай тапсырма алсаң да, Ехобаға деген қызмет саған тек қуаныш әкелсін!

^ абзац 2 Бұл мақаладағы есімдер өзгертілген.

^ абзац 8 Осы мақаладағы принциптер қызмет көмекшісі болғысы келетіндерге де қатысты. Мұндай бауырластарға қойылатын талаптар Тімөтеге 1-хат 3:8—10, 12, 13-тармақтарда аталып өтілген.