Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдайдың ниеті Патшалық арқылы жүзеге асатынына нық сенімді бол

Құдайдың ниеті Патшалық арқылы жүзеге асатынына нық сенімді бол

“Сенім дегеніміз — негіз бар болғандықтан, үміттенгеннің жүзеге асатынына берік сену” (ЕВР. 11:1).

1, 2. а) Құдайдың адамзатқа қатысты ниеті Патшалық арқылы жүзеге асатынына неліктен сенімдіміз? ә) Ефестіктерге 2:12-ге сай, келісімдер біздің сенімімізді қалай нығайтады? (Осы беттегі суретті қара.)

БІЗ, Ехоба куәгерлері, адамзаттың барлық қиындығын тек Құдай Патшалығы шеше алатынын жиі айтып, адамдардың назарын Киелі кітаптағы осы маңызды шындыққа аударамыз. Сонымен қатар өзіміз де Құдай Патшалығының арқасында ие болған үмітімізден зор жұбаныш табамыз. Бірақ біз сол Патшалықтың шынайы екеніне әрі сол арқылы Құдайдың еркі жүзеге асатынына кәміл сенеміз бе? Оған деген сеніміміздің нық болуына қандай негіз бар? (Евр. 11:1).

2 Құдіреті шексіз Құдай жаратылыстарына қатысты ниетін Мәсіхтің Патшалығы арқылы жүзеге асырады. Еш мызғымайтын бұл Патшалықтың іргетасы Ехобаның толықтай билік ету құқығы болып табылады. Патшалыққа қатысты маңызды жайттарды — оның Патшасына, онымен бірге билік ететіндер, сондай-ақ билігінің кімге және неге жүретініне қатысты жайттарды — Ехоба келісімдер жасасу арқылы заңды түрде бекітті. Бұл келісімдерді Ехобаның өзі не оның ұлы Иса Мәсіх жасасқан. Соларды мұқият қарастыру арқылы біз Ехобаның ниеті қалай жүзеге асатынын, сондай-ақ Патшалықтың  еш мызғымайтынына неге сенімді бола алатынымызды жақсырақ түсінеміз (Ефестіктерге 2:12 оқы).

3. Осы және келесі мақалада нені қарастырамыз?

3 Киелі кітапта Мәсіхтің Патшалығымен байланысы бар басты алты келісім жайында айтылған. Олар мыналар: 1) Ыбырайыммен жасалған келісім; 2) Заң келісімі; 3) Дәуітпен жасалған келісім; 4) Мәліксадықтай діни қызметкер болуға қатысты келісім; 5) жаңа келісім; 6) Патшалық келісімі. Ал енді осы келісімдердің әрқайсысының Патшалықпен қандай байланысы бар екенін және олардың Құдайдың жер мен адамзатқа қатысты еркінің орындалуына қалай септігін тигізетінін қарастырып көрейік (“ Құдай өз еркін жүзеге асырады” деген кестені қара).

ҚҰДАЙДЫҢ ЕРКІ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСАТЫНЫН КӨРСЕТЕТІН УӘДЕ

4. Жаратылыс кітабында айтылғандай, Ехоба адамзатқа қатысты қандай үш жарлық шығарды?

4 Ехоба әсем планетамызды адам баласы тұра алатындай етіп дайындады. Сосын адамзатқа қатысты мынадай үш жарлық шығарды: өзіне ұқсас етіп адамдар жарату, адамдарға жерді Жұмаққа айналдырып, бүкіл жер бетін әділ үрім-бұтақтарымен толтыруды тапсыру және адамзатқа жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеуге тыйым салу (Жар. 1:26, 28; 2:16, 17). Осылардан басқа ештеңенің керегі де жоқ еді. Алғашқы адам жаратылған соң, Құдайдың ниеті соңғы екі жарлықты ғана қамтыды. Олай болса, келісімдер не үшін қажет болды?

5, 6. а) Қалай Шайтан Ехобаның ниетінің жүзеге асуына кедергі жасағысы келді? ә) Едемдегі бүлікке қатысты Ехоба қандай шара қолданды?

5 Арамза Шайтан Құдайдың еркіне қарсы шықты. Оның бар назары Ехоба шығарған үш жарлықтың бұзуға оңайлауына — мойынсұнушылыққа қатысты жарлыққа — ауды. Содан Ібіліс алғашқы әйел Хауаны тыйым салынған ағаштың жемісін жеуге азғырды (Жар. 3:1—5; Аян 12:9). Осылай Құдайдың өз жаратылыстарына билік ету құқығын дауға салды. Ал кейінірек Құдайдың адал қызметшілерінің ниетінің дұрыстығына да шек келтірді (Әйүп 1:9—11; 2:4, 5).

6 Едемдегі сол бүлікке қатысты Ехоба қандай шара қолдану керек еді? Бас көтергендерді құртып жіберсе, бүліктің түбіне балта шабылар еді, әрине. Бірақ бұл жағдайда Ехобаның бүкіл жер бетін Адам мен Хауаның әділ үрім-бұтағы қоныстайтынына қатысты айтқан сөзі орындалмай қалар еді. Бүлікшілерді сол жерде бірден өлімге кесудің орнына, дана Жаратушымыз айтқан сөзі бүге-шігесіне дейін орындалатынына сенімділік беретін пайғамбарлық айтты. Оны Едемдегі уәде деп атайық (Жаратылыс 3:15 оқы).

7. Едемдегі уәде жылан мен оның ұрпағына қатысты бізге қандай сенімділік береді?

7 Едемдегі уәде арқылы Ехоба жылан мен оның ұрпағына, яғни Шайтан Ібіліске және билікке қатысты дауда соның жағына шыққандардың бәріне үкім айтты. Ал әйелдің ұрпағына Шайтанды жою билігін берді. Осылай оның Едемдегі уәде арқылы Шайтан мен оның шығарған бүлігінің салдарын жоқ қылатыны ашылды. Бұның қалай жүзеге асырылатыны да аян болды.

8. Біз әйел мен оның ұрпағы жайлы не білеміз?

8 Әйелдің ұрпағы кім болып шықты? Ұрпақ жыланның басын мыжитындықтан, яғни рухани жаратылыс Шайтан Ібілісті жоятындықтан, ол да көзге көрінбейтін рухани тұлға болу  керек (Евр. 2:14). Демек, оны дүниеге әкелетін әйел де көзге көрінбейтін болу керек еді. Уақыт өткен сайын жыланның ұрпағы көбейіп жатты, ал әйел мен оның ұрпағының кім екені Ехобаның Едемдегі уәдесінен кейінгі 4000-ға жуық жыл бойы құпия болды. Сол аралықта Ехоба бірнеше келісім жасады. Солар арқылы өз қызметшілеріне ұрпақтың кім екенін әрі ол Шайтан келтірген залалдың орнын қалай толтыратынын ашты.

ҰРПАҚТЫҢ КІМ ЕКЕНІН АШАТЫН КЕЛІСІМ

9. Ыбырайыммен жасалған келісімнің мәні неде және ол қашан күшіне енді?

9 Шайтанға үкім шығарылғаннан кейін 2000 жылдай уақыт өткен соң Ехоба рубасы Ыбырайымға Месопотамиядағы Ур қаласынан шығып, Қанахан жеріне баруды бұйырды (Ел. іс. 7:2, 3). Ол былай деді: “Сен еліңді, туған-туысқандарыңды Және әкеңнің үйін тастап, Мен өзіңе көрсететін елге көш! Мен сенен үлкен халықты өрбітіп таратамын, Сені жарылқаймын әрі атыңды шығарамын. Сен арқылы ақ батам басқаларға да жететін болады. Саған ақ батасын бергендерді Мен жарылқаймын, Ал кім сені жамандап қарғаса, соны Мен қарғаймын. Сен арқылы жер бетіндегі бар ұлттар жарылқанады” (Жар. 12:1—3). Ыбырайыммен жасалған келісім жайлы алғаш рет осы тармақтарда жазылғанмен, Ехобаның оны нақты қашан жасағаны белгісіз. Бірақ б. з. б. 1943 жылы 75 жастағы Ыбырайым Харанды тастап, Евфрат өзенінен өткенде, бұл келісім күшіне енді.

10. а) Ыбырайым Құдайдың уәделеріне нық сенетінін қалай көрсетті? ә) Ехоба әйелдің ұрпағына қатысты бірте-бірте қандай жайттарды ашты?

10 Ехоба Ыбырайымға берген уәдесін бірнеше рет қайталап, оның  қырларын ашып отырды (Жар. 13:15—17; 17:1—8, 16). Ыбырайым жалғыз ұлын құрбан етуге дайын болуымен алған уәделеріне нық сенетінін көрсетті. Сонда Ехоба уәдесінің міндетті түрде орындалатынына кепілдік беру үшін келісімін қайта жаңғыртты (Жаратылыс 22:15—18; Еврейлерге 11:17, 18 оқы). Ыбырайыммен жасалған келісім күшіне енген соң, Ехоба бірте-бірте әйелдің ұрпағына қатысты маңызды жайттарды аша бастады. Мысалы, мынадай жайттар ашылды: ұрпақ Ыбырайымның үрім-бұтағынан шығады, көп адамнан тұрады, патшалар болады, барлық жауларын жояды, сол арқылы көптеген адамға бата қонады.

Ыбырайым Құдайдың уәделеріне нық сенетінін көрсетті (10-абзацты қара)

11, 12. Ыбырайыммен жасалған келісімнің кең мағынада жүзеге асатыны Киелі кітаптан қалай көрінеді және мұның біз үшін қандай мәні бар?

11 Ыбырайымның ұрпақтары Уәде етілген жерге кіргенде, онымен жасалған келісім тура мағынада жүзеге асты. Бірақ Жазбалардан көрінетіндей, бұл келісім рухани мағынада да жүзеге асу керек (Ғал. 4:22—25). Елші Пауылдың түсіндіруіне сай, Ыбырайымның ұрпағының негізгі мүшесі — Мәсіх, қосалқы мүшесі — 144 000 майланған мәсіхші (Ғал. 3:16, 29; Аян 5:9, 10; 14:1, 4). Ұрпақты дүниеге әкелетін әйел — адал рухани жаратылыстардан тұратын Құдайдың көктегі ұйымы. Ол Киелі кітапта “жоғарыдағы Иерусалим” деп аталады (Ғал. 4:26, 31). Ыбырайыммен жасалған келісімде уәде етілгендей, ұрпақ арқылы адамзатқа Құдайдың батасы қонады.

12 Ыбырайыммен жасалған келісім Құдай Патшалығының орнайтынына заңды кепілдік береді. Сондай-ақ Патша мен онымен бірге билік құратындарға сол Патшалықта билік етуге жол ашады (Евр. 6:13—18). Келісім қанша уақыт күшінде болады? Жаратылыс 17:7-де оның “мәңгілік Келісім” екені айтылған. Демек, ол Мәсіхтің Патшалығы Құдайдың барлық жауларының көзін жойып, жер бетіндегі отбасы атаулы батаға кенелгенге дейін күшінде болады (Қор. 1-х. 15:23—26). Сол кезде жерде өмір сүретіндер мәңгілік бойы келісімнің игілігін көреді. Ехобаның Ыбырайыммен жасаған келісімі оның өз ниетін міндетті түрде орындайтынын көрсетеді. Иә, бүкіл жер бетін әділдер мекендейді! (Жар. 1:28).

ПАТШАЛЫҚТЫҢ МӘҢГІ ТҰРАТЫНЫНА КЕПІЛДІК БЕРЕТІН КЕЛІСІМ

13, 14. Дәуітпен жасасқан келісім Мәсіхтің билігіне қатысты қандай кепілдік береді?

13 Едемдегі уәде мен Ыбырайыммен жасалған келісімнен Ехобаның билігі әрқашан өзінің әділ талаптарына негізделетінін білеміз. Демек, Мәсіхтің Патшалығы да сол талаптарға негізделген (Заб. 88:15). Бұл Патшалықтың басшылары билігін теріс пайдаланып, орнына басқа үкімет орнатудың қажеті бола ма? Келесі бір келісім бұлай болуы мүмкін еместігіне кепілдік береді.

14 Ехобаның Дәуітпен жасасқан келісімін қарастырайық (Патшалықтар 2-жазба 7:12, 16 оқы). Ехоба бұл келісімді Иерусалимде патша болып отырған Дәуітпен жасасып, оның үрім-бұтағынан Мәсіх шығатынын уәде етті (Лұқа 1:30—33). Осылайша Ехоба ұрпақтың қай әулеттен шығатынын нақтылай түсті, әрі Дәуіттің мұрагерін Патшалық тағының “заңды иесі” етіп бекітті (Езек. 21:25—27 ЖД). Дәуіттің патшалық билігі “тұрақты  болады”, өйткені оның ұрпағы Иса мәңгі жасап, билігі “күн іспетті әрдайым бар болады” (Заб. 88:35—38). Иә, Иса Мәсіх ешқашан билігін теріс пайдаланбайды. Оның билігінің игілігі ұзағынан сүйіндіреді!

ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕР БОЛУҒА ҚАТЫСТЫ КЕЛІСІМ

15—17. Мәліксадықтай діни қызметкер болуға қатысты келісімге сай, ұрпақтың тағы қандай міндеті болу керек және неге?

15 Ыбырайым және Дәуітпен жасалған келісімдер әйелдің ұрпағы патша болатынына кепілдік береді. Алайда барлық ұлттарға бата төгілу үшін ұрпақ тек патша емес, діни қызметкер де болу керек еді. Өйткені діни қызметкер ғана адамзаттың күнәдан азат етілуі үшін құрбандық шалып, Құдайдың бүкіләлемдік отбасының мүшесі болуына жол аша алады. Сондықтан Ехоба тағы бір заңды келісім, яғни Мәліксадықтай діни қызметкер болуға қатысты келісім жасады.

16 Дәуіт патша арқылы Ехоба Исамен екімақсатты келісім жасасатынын ашты: біріншіден, Иса “жауларына үстемдік жүргізетін” билік алғанша, Құдайдың “оң жағында” отырады; екіншіден, мәңгілікке “Мәліксадықтай діни қызметкер” болады (Забур 109:1, 2, 4 оқы). Неге ол “Мәліксадықтай діни қызметкер” болу керек? Өйткені Ыбырайымның ұрпақтары Уәде етілген жерді иеленуінен ұзақ уақыт бұрын, Мәліксадық Салим қаласының патшасы әрі “Ең жоғарғы Құдайдың діни қызметкері” болған (Евр. 7:1—3). Оны осы екі міндетке Ехобаның өзі тағайындаған еді. Еврей жазбаларында тек соның ғана әрі патша, әрі діни қызметкер болғаны жазылған. Оның үстіне, Мәліксадықтан кейін оның орнын басқан біреудің болғаны жайлы еш жерде айтылмаған. Сондықтан оны “мәңгі діни қызметкер” деуге болады.

17 Аталмыш келісім арқылы Құдайдың өзі Исаны діни қызметкер етіп тағайындады. Ол “Мәліксадық сияқты мәңгілікке діни қызметкер” болады (Евр. 5:4—6). Осы келісімнен айқын көрінетіндей, Ехоба адамзат пен жерге қатысты ниетін Мәсіхтің Патшалығы арқылы жүзеге асырады.

МӘСІХТІҢ ПАТШАЛЫҒЫ ЗАҢДЫ КЕЛІСІМДЕРГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН

18, 19. а) Біз қарастырып өткен келісімдерден Патшалық жайлы не білдік? ә) Қандай сұрақ ашық қалды?

18 Біз жоғарыдағы келісімдерді қарастырып, олардың Мәсіхтің Патшалығымен қандай байланысы бар екенін және бұл Патшалықтың заңды келісімдерге негізделгенін білдік. Едемдегі уәде Ехобаны жер мен адамзатқа қатысты ниетін ұрпақ арқылы жүзеге асыруға міндеттейді. Ал ұрпақтың кім екенін және қандай міндеттер атқаратынын Ыбырайыммен жасалған келісімнен білдік.

19 Дәуітпен жасасқан келісімнің арқасында ұрпақтың негізгі мүшесі қай әулеттен шығатынын және Патшалықтың игілігі мәңгілік болу үшін, оған жер бетіне билік ету құқығы берілетінін түсіндік. Сонымен қатар Мәліксадықтай діни қызметкер болуға қатысты келісімнің ұрпақтың діни қызметкер болатынына кепілдік беретінін білдік. Бірақ Иса адамзатты жалғыз өзі кемелділікке жеткізбейді, патша әрі діни қызметкер боп тағайындалған басқалар да бар. Олар кімдер? Бұл жайында келесі мақалада қарастырамыз.