Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Біз барлық іс-әрекеттерімізде киелі болуымыз керек

Біз барлық іс-әрекеттерімізде киелі болуымыз керек

“Барлық іс-әрекеттеріңде киелі болыңдар” (ПЕТ. 1-Х. 1:15).

1, 2. а) Құдай өз халқынан не күтеді? ә) Мақалада қандай сұрақтар талқыланады?

ЕХОБАНЫҢ рухының жетелеуімен елші Петір Леуіліктер кітабында жазылған киелі болуға қатысты талапты мәсіхшілердің іс-әрекеттерінің киелі болуымен байланыстырған (Петірдің 1-хаты 1:14—16 оқы). “Киелі Құдай” Ехоба майланғандардан да, “басқа қойлардан” да кейбір ғана емес, барлық іс-әрекеттерінде киелі болу үшін қолдан келгеннің бәрін істейді деп күтеді (Жох. 10:16).

2 Леуіліктер кітабындағы басқа да “асыл тастарға” үңілгеніміз біз үшін өте пайдалы болады. Ал білгенімізді өмірде қолданғанымыз барлық іс-әрекетімізде киелі болуға көмектеседі. Біз келесі сұрақтарды талқылаймыз: “Киелі кітап принциптерін аттап кетпеу неге маңызды? Леуіліктер кітабынан Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдауға қатысты не үйренеміз? Құрбандықтарға қатысты не білеміз?”

ПРИНЦИПТЕРДІ АТТАП КЕТУДЕН САҚ БОЛ

3, 4. а) Неге мәсіхшілер Құдайдың заңдары мен принциптерін аттап кетуден аулақ болуы тиіс? ә) Неге біз кек не реніш сақтамауымыз керек?

3 Ехобаға ұнамды болғымыз келсе, оның заңдары мен принциптерін оп-оңай аттап кетіп, арамданбау үшін, оларды қатаң ұстануға тиіспіз. Біз Мұса заңын ұстанбаймыз, бірақ ондағы талаптар Құдайға ненің ұнамды, ненің ұнамсыз екенін түсінуімізге көмектеседі. Мысалы, исраилдіктерге мынадай бұйрық берілген еді: “Кек алушы болма, басқаға реніш сақтама! Керісінше, өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй! Мен Жаратқан Иемін” (Леу. 19:18).

4 Ехоба біздің кекшіл болып, реніш сақтап жүргенімізді қаламайды (Рим. 12:19). Ехобаның заңдары мен принциптерін елеусіз қалдырсақ, оның атына кір келтірер едік. Ал Ібіліс бұған қуанар еді. Тіпті біреу бізді әдейі ренжітсе де, реніш сақтайтын “ыдысқа” айналмайық. Құдай бізге қазына сақтайтын “қыш ыдыс” болу, яғни өзіне қызмет ету, мәртебесін сыйлады (Қор. 2-х. 4:1, 7). Сондықтан біз қазынаға арналған ыдыста ащы реніш сақтағымыз келмейді.

5. Һаронның отбасында болған қайғылы оқиғадан не нәрсеге үйренеміз? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

5 Леуіліктер 10:1—11 тармақтарда Һаронның отбасында болған қайғылы оқиға жайында жазылған. Көктен от түсіп, киелі шатырдағы Надаб пен Әбиһуді жалмап қойғанда, бұның отбасы мүшелеріне ауыр тигені сөзсіз. Қаза болған туыстарын жоқтауға тыйым салынғанда, олардың сенімі қатты сыналды! Сен қауымнан шығарылған отбасы мүшесімен не өзге біреумен араласпауға қатысты талапқа мойынсұнып, киелі болып жүрсің бе? (Қорынттықтарға 1-хат 5:11 оқы).

6, 7. а) Діни жораларға сай некелесу рәсіміне бару-бармауды шешкенде қандай маңызды жайттарды ескеруіміз керек? (Сілтемені қара.) ә) Туысқандарымызға өз ұстанымымызды қалай түсіндіруге болады?

6 Біз Һарон мен оның отбасы кезіккендей ауыр сынаққа кезікпейтін шығармыз. Бірақ Куәгер емес туысымыз бізді жергілікті діни жораларға сай некелесу рәсіміне шақырса ше? Мұндайда не істеуге болады? Киелі кітапта ондай жерге бару-бармауға қатысты нақты ештеңе айтылмаған, десе де қандай принциптерді ескергеніміз абзал *?

7 Ехобаның алдында киелі болуға деген шешімімізді Куәгер емес туыстарымыз түсінбеуі мүмкін (Пет. 1-х. 4:3, 4). Біз оларды ренжіткіміз келмейді, сондықтан олармен жылы, сөйтсе де ашық сөйлескеніміз жөн. Бәлкім, мұны алдын ала істеген дұрыс шығар. Алдымен осындай рәсімге шақырғаны үшін алғыс айтуымызға болады. Сосын осы бір айтулы күні көңілдеріне қаяу түспегенін қалайтынымызды, ал біздің діни рәсімдерге қатыспағанымыз оларды да, қонақтарды да ыңғайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін екенін түсіндіруімізге болады. Нанымдарымыз бен сенімімізге қарсы әрекет етуден аулақ болудың бір жолы осындай.

ЕХОБАНЫҢ БҮКІЛӘЛЕМДІК БИЛІГІН ҚОЛДА

8. Леуіліктер кітабында Ехобаның бүкіләлемдік билігіне ерекше көңіл бөлінетіні неден көрінеді?

8 Леуіліктер кітабында Ехобаның бүкіләлемдік билігіне ерекше көңіл бөлінген. Заңдардың бәрі Ехобадан екені онда 30-дан аса рет айтылады. Мұса Ехобаның Заң шығарушы екенін жақсы түсінген, сондықтан әрқашан оның бұйрығын орындаған (Леу. 8:4, 5). Біз де әрқашан Билеушіміз Ехоба қалағандай әрекет етуіміз керек. Осы ретте оның ұйымының көмегі зор. Алайда Исаның шөл далада сыналғанындай, жалғыз қалғанда біздің де сеніміміз сыналуы мүмкін (Лұқа 4:1—13). Егер Құдайға арқа сүйесек, әрі бүкіләлемдік билігін жадымызда ұстасақ, ешкім біздің қорқынышқа бой алдырып, принциптерді аттап кетуімізге түрткі бола алмайды (Нақ. с. 29:25).

9. Құдай халқы неге дүниежүзі бойынша қуғынға ұшырайды?

9 Ехобаның халқы дүниежүзі бойынша қуғын-сүргінге ұшырайды. Біз бұған таңғалмаймыз, себебі Иса: “Жұрт сендерді азаптайды және өлтіреді. Барлық ұлттар менің атыма бола сендерді жек көретін болады”,— деген (Мат. 24:9). Өзгелер жек көрсе де, біз Патшалық жайлы хабарды уағыздауды да, Ехобаның алдында киелі болуды да доғармаймыз. Адал, таза, әдепті болып, заңға бағынып жүрсек те, неге жұрт бізді жек көреді? (Рим. 13:1—7). Өйткені біз үшін Ехоба ғана Әлемнің Әміршісі! Біз “тек соған ғана қасиетті қызмет атқарамыз” және ешқашан оның әділ заңдары мен принциптерін аттап кетпейміз (Мат. 4:10).

10. Өз ұстанымынан бас тартқан бір бауырласпен қандай жағдай болды?

10 Бұған қоса, біз “осы дүниелік емеспіз”. Сондықтан әлемдегі соғыстар мен саяси іс-шараларға қатыспаймыз (Жохан 15:18—21; Ишая 2:4 оқы). Алайда кезінде Ехобаға бағышталғанмен, бейтараптық принципін аттап кеткендер болған. Бұлай еткендердің көбі өкініп, көктегі мейірімді Әкемізбен қарым-қатынасын қайта нығайтқан (Заб. 50:19). Бірақ бірен-саран өкінбегендер де болды. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Венгрияда көп бауырлас заңсыз қамауға алынған. Үкімет басындағылар елдегі барлық түрмеден 45 жасқа дейінгі 160 бауырласты бір қалаға жинап, әскери қызмет атқаруды бұйырады. Адал бауырластар өз ұстанымдарынан таймады, бірақ тоғызы ант берді, әскери киімді де киді. Екі жыл өткен соң, солардың бірі адал Куәгерлерге шығарылған ату жазасын жүзеге асыратындардың қатарында болды. Өлімге кесілгендердің арасында оның туған бауыры да бар еді! Бірақ жағдай өзгеріп, бұл үкім сол күйі жүзеге асырылмады.

ЕХОБАҒА ЕҢ ЖАҚСЫҢДЫ БЕР

11, 12. Ежелде исраилдіктердің құрбандықтарын Ехобаның қалай қабылдағанынан не білеміз?

11 Мұса заңында исраилдіктердің қандай құрбандықтар ұсынулары тиіс екені нақты айтылған (Леу. 9:1—4, 15—21). Исаның кемелді құрбандығына нұсқағандықтан, олардың еш кемістігі болмау керек еді. Сондай-ақ әрбір құрбандық не сый-тарту арнайы тәртіппен ұсынылуы тиіс-тін. Мысалы, жаңа босанған әйелге қойылған талапты қарастырайық. Леуіліктер 12:6-да былай делінген: “Ұл не қыз тапқаннан кейінгі тазару кезеңі аяқталғаннан кейін, әйел кездесу шатырының кіреберісіндегі діни қызметкерге түгелдей өртелетін құрбандыққа бір жасар тоқтыны және күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір жас көгершінді не бір кептерді алып келсін”. Көріп отырғанымыздай, Құдай нақты талап қойған, сөйтсе де Заңнан оның сүйіспеншілігі мен парасаттылығы анық көрінеді. Егер әйел құрбандыққа тоқты шала алмаса, екі көгершін не екі кептер шалуына болатын (Леу. 12:8). Кедей екен деп Ехоба әйелді қымбаттау құрбандық шалғандардан кем санамайтын, оны да бағалап, жақсы көретін. Бұдан мәсіхшілердің құрбандығы туралы не білеміз?

12 Елші Пауыл бауырластарын Құдайға арнап “мадақтау құрбандығын ұсынуға” шақырған (Евр. 13:15). Біз аузымыздан шыққан сөзімізбен Ехобаның киелі есімін жариялауымыз керек. Саңырау бауырластар Құдайды ым тілінде дәріптейді. Үйден шыға алмайтын бауырластар болса хат жазады, телефонмен уағыздайды не күтушілері мен үйлеріне келген адамдармен сөйлеседі. Біз мадақтау құрбандығын, яғни Ехобаның есімін дәріптеу мен ізгі хабарды жариялау құрбандығын, денсаулығымыз бен мүмкіндіктерімізге қарай беруіміз керек. Десе де бұл орайда біз қолымыздан келгеннің бәрін істейміз (Рим. 12:1; Тім. 2-х. 2:15).

13. Неге біз қызметіміз жөнінде есеп тапсыруымыз керек?

13 Ехобаны жақсы көретіндіктен біз оған өз ықтиярымызбен мадақтау құрбандығын ұсынамыз (Мат. 22:37, 38). Бірақ ұйым бізден қызметімізге қатысты есеп тапсыруды өтінеді. Бұл шараға қалай қарауымыз керек? Ай сайын есеп тапсырып отырғанымыз — Құдайға шын берілгендігіміздің көрінісі (Пет. 2-х. 1:7). Бірақ есепке қомақты уақыт жазу үшін ғана өзімізді көп қызмет етуге міндетті сезінбеуіміз керек. Сондықтан да үйінен шыға алмайтын не қандай да бір себептермен еркін жүріп-тұра алмайтын жариялаушылар есептерінде уақытты толық сағатпен емес, 15 минуттық аралықпен жазуларына болады. Ехоба сол минуттарды жариялаушының ең жақсы құрбандығы, сүйіспеншілігінің көрінісі әрі Куәгер болу мәртебесіне деген ризашылығы ретінде қабыл алады. Ертеде қымбаттау құрбандық шалуға жағдайы келмейтін исраилдіктер де Құдайға сый-тарту бере алатын. Тап солай бүгінде мүмкіндіктері шектеулі бауырластар да есеп тапсыра алады. Әрқайсысымыздың тапсырған есебіміз дүниежүзілік есепке кіреді. Ал бұл ұйымның Патшалық туралы уағыздау ісін әрі қарай жоспарлауына көмектеседі. Ендеше есеп тапсыратынымызға қынжыламыз ба?

ТЕРЕҢ ЗЕРТТЕУ МЕН МАДАҚТАУ ҚҰРБАНДЫҒЫ

14. Жазбаларды қаншалықты терең зерттейтінімізді неліктен тексеріп тұруымыз керектігін түсіндір.

14 Леуіліктер кітабындағы бірнеше “асыл тасты” қарастырғаннан кейін, “Бұл кітаптың рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзіне не себепті ендірілгенін енді жақсырақ түсіндім” деген ойға келген шығарсың (Тім. 2-х. 3:16). Ехоба талап ететіндіктен ғана емес, оған ұнамды болғың келетіндіктен киелі болуға деген шешімің нығайған болар. Осы екі мақалада қарастырылған Леуіліктер кітабындағы қызықты жайттар сені Киелі жазбаларды тереңірек зерттеуге талпындырса керек (Нақыл сөздер 2:1—5 оқы). Дұға ете отырып, зерттеуді қаншалықты терең жүргізетінің туралы ойлан. Сенің мадақтау құрбандығыңның Ехобаға ұнамды болғанын қалайтының сөзсіз. Бірақ қандай да бір телебағдарламаның, бейнеойынның, спорттың не бір нәрсеге әуестіктің көңіліңді алаңдатып, рухани өсуіңе кедергі жасағанын байқағансың ба? Байқаған болсаң, елші Пауылдың Еврейлерге арналған хатында жазған сөзі жөнінде ой жүгірткенің аса пайдалы болады.

Киелі кітапты зерттеу мен отбасылық ғибадатты бірінші орынға қойып жүрсің бе? (14-абзацты қара)

15, 16. Неге Пауыл еврей мәсіхшілерге тік сөйлеген?

15 Пауыл еврей мәсіхшілерге ойын төтесінен айтқан (Еврейлерге 5:7, 11—14 оқы). Ол әспеттеп сөз іздеп жатпай: “Сендер селқос тыңдайсыңдар”,— деді. Неге Пауыл сонша тік сөйледі екен? Ехоба сияқты Пауыл да оларды жақсы көретін, бірақ рухани сүтпен аман қалғысы келіп жүргендерін ойлап уайымдайтын. Әрине, мәсіхшілердің негізгі ілімдерін білу өте маңызды. Бірақ рухани өсіп, толысқан мәсіхші болу үшін “қатты тағам” қажет.

16 Еврей мәсіхшілер тәлімгер болудың орнына, өздері тәлімгерге мұқтаж еді. Неге? Өйткені олар “қатты тағамға” жоламайтын. Өзіңнен былай деп сұрап көрші: “Менің қатты тағамға деген көзқарасым дұрыс па? Оны жегім келе ме? Жоқ әлде дұға ету мен Киелі кітапты терең зерттеуден қашқақтаймын ба? Солай ететін болсам, мәселенің бірі зерттеуді қалай жүргізетінімде емес пе екен?” Біз тек уағыздаушы емес, шәкірт дайындайтын тәлімгер де болуымыз керек (Мат. 28:19, 20).

17, 18. а) Неге біз “қатты тағамды” үзбей жеп тұруымыз керек? ә) Жиналыстың алдында ішімдік ішуге деген көзқарасымыз қандай болу керек?

17 Көбімізге Киелі кітапты зерттеу оңай бола бермейді. Әрине, Ехоба қызметшілерін кінәлі сезіндіру арқылы Киелі кітапты зерттеткісі келмейді. Сөйтсе де шындық жолында жүргенімізге қанша жыл болмасын, “қатты тағам” жеуді доғармауымыз керек. Киелі болуымыз үшін осылай еткеніміздің маңызы зор.

18 Киелі болу үшін біз Жазбаларды мұқият зерттеуге және Құдайдың айтқандарын орындауға тиіспіз. Һаронның ұлдары Надаб пен Әбиһу “бөтен түтін” ұсынғандары үшін өлімге кесілгенін еске алайықшы. Олар мұны масаң күйде істесе керек (Леу. 10:1, 2). Ехобаның Һаронға осыдан кейін айтқан сөздеріне көңіл бөлші (Леуіліктер 10:8—11 оқы). Бұл тармақтардағы сөздер жиналысқа барарда ешқандай ішімдік ішуге болмайды дегенді білдіре ме? Ойлап көрші, біз Мұса заңын ұстанбаймыз (Рим. 10:4). Кей елдерде бауырластар жиналысқа барар алдында тамақтанғанда, аздап ішімдік ішеді. Кезінде Құтқарылу мейрамында төрт тостаған шарап ішілетін болған. Еске алу кешін ендіргенде, Иса да елшілеріне өзінің қанын бейнелейтін шарапты ішуді ұсынған (Мат. 26:27). Киелі кітапта мас болғанша ішу мен маскүнемдік айыпталады (Қор. 1-х. 6:10; Тім. 1-х. 3:8). Көп мәсіхшілерді ар-ұждандары қасиетті қызмет атқарар алдында ішімдікті ауызға алмауға талпындырады. Әйтсе де әр елде жағдай әртүрлі. Сондықтан Құдайдың алдында киелі әрі оған ұнамды болу үшін, мәсіхшілерге “ненің киелі, ненің киелі емес” екенін ажырата білу маңызды.

19. а) Отбасылық ғибадат пен жеке зерттеуіміздің сапасын қалай арттыруға болады? ә) Әрқашан киелі болу үшін сен не істеуге бел будың?

19 Құдай Сөзін терең зерттейтін болсақ, көптеген “асыл тас” табамыз. Отбасылық ғибадат пен жеке зерттеуіңнің сапасын арттыру үшін қолда бар зерттеу құралдарын қолдан. Ехоба мен оның еркі жайындағы біліміңді тереңдет. Оған жақындай түс (Жақ. 4:8). Забур жыршысына еліктеп: “Рухани көзімді аша гөр менің, Тәліміңнен кереметтер көрейін”,— деп дұға ет (Заб. 118:18). Киелі кітаптағы заңдар мен принциптерді ешқашан аттап кетпе. Киелі Құдай Ехобаның заңын қуана орында, қасиетті іске, “ізгі хабарды жариялау” ісіне, құлшына атсалыс (Пет. 1-х. 1:15; Рим. 15:16). Қазіргі зұлымдыққа толы соңғы күндері киелі бол. Лайым бәріміз де киелі іс-әрекеттерімізбен Киелі Құдайымыз Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдай берейік.

^ 6-абзац 2010 жылдың 15 қарашасындағы “Күзет мұнарасы” журналының “Оқырман сауалдары” айдарын қара.