Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба Құдайдың халқы

Ехоба Құдайдың халқы

“Қай халықтың Құдайы Ехоба болса, сол халық бақытты!” (ЗАБ. 144:15 ЖД).

1. Құдайға құлшылық етіп жүргендер жөнінде кейбіреулер не ойлайды?

БҮГІНДЕ көкірегі ояу адамдардың біразы негізгі діндердің адамзатқа көрсетіп жатқан көмегінің шамалы екенімен келіседі. Кейбіреулер сол діндердің ілімдері мен өкілдерінің істері Құдайдың атына кір келтіреді, сондықтан оған ұнамды бола алмайды деген ойда. Сөйтсе де олар әр дінде жақсы адамдардың бар екеніне әрі Құдай оларға оң көзбен қарайтынына сенеді. Сондай-ақ бұндай адамдарға дербес топ болып Құдайға құлшылық ету үшін, жалған дінді тастаудың қажеті жоқ деген пікірде. Бірақ Құдай бұндай пікірді мақұлдай ма? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін, Құдайдың шынайы қызметшілерінің Киелі кітаптағы тарихына үңіліп көрейік.

ҚҰДАЙ КЕЛІСІМ ЖАСАСҚАН АДАМДАР

2. Б. з. б. ХХ ғасырда Ехоба таңдаған адамдар кімдер болды және оларды өзгелерден не ерекшелендірді? (Осы беттегі суретті қара.)

2 Б. з. б. ХХ ғасырда Ехоба Ыбырайым мен оның үй ішін өзімен тығыз қарым-қатынаста болу үшін таңдады. Жазбаларда Ыбырайым сенімі барлардың “бәрінің түп атасы” деп аталған, әрі ол жүздеген адамнан тұрған әулеттің басы болған (Рим. 4:11; Жар. 14:14). Қанахан билеушілері оны “көсем” ретінде құрметтеген (Жар. 21:22; 23:6). Ехоба Ыбырайыммен және оның ұрпағымен келісім жасасты (Жар. 17:1, 2, 19). Құдай оған былай деді: “Менің сенімен және келешек ұрпағыңмен бекіткен осы Келісімімнің ережелерін жүзеге асырып, еркек кіндіктің бәрін де сүндеттеңдер! Сүндет рәсімін орындауларың Менің сендермен жасаған Келісімімнің белгісі болады” (Жар. 17:10, 11). Осы бұйрыққа сай, Ыбырайым мен оның үй ішіндегі еркек атаулының бәрі сүндеттелді (Жар. 17:24—27). Сүндеттелу Ыбырайымның ұрпағын Ехобамен келісім жасасқан адамдар ретінде ерекшелендіретін белгі болды.

3. Ыбырайымның ұрпақтары қалай өсіп-өнді?

3 Ыбырайымның немересі Жақыптың, яғни Исраилдің, 12 ұлы болды (Жар. 35:10, 22ә, 23—26). Кейіннен олардан Исраил халқының 12 руы тарады (Ел. іс. 7:8). Жақып тұрып жатқан елде ашаршылық жайлағандықтан, ол үй ішімен Мысырға барып жан сақтады. Бұл кезде оның Жүсіп деген баласы Мысырда азық-түлік басқарушысы әрі перғауынның оң қолы еді (Жар. 41:39—41; 42:6). Мысырда Жақыптың үрім-бұтағы өсіп-өніп, әбден көбейді (Жар. 48:4; Елшілердің істері 7:17 Кк оқы).

ҚҰНЫ ӨТЕЛГЕНДЕР

4. Бастапқыда мысырлықтар мен Жақыптың ұрпақтары қандай қарым-қатынаста болды?

4 Жақыптың ұрпақтары Мысырдағы Ніл өзенінің Гөшен деген атырауын екі ғасырдан аса уақыт қоныстады (Жар. 45:9, 10). Шамамен бір ғасырдай мысырлықтармен ынтымақта өмір сүрген олар кішігірім қалашықтарда тұрып, мал шаруашылығымен айналысты. Кезінде Жүсіпті жақсы білген әрі құрметтеген перғауын оларды жылы қабылдаған еді (Жар. 47:1—6). Ал малшыларға жеркенішпен қарайтын мысырлықтар исраилдіктерге төзімділікпен қарауға тиіс болды (Жар. 46:31—34).

5, 6. а) Мысырда исраилдіктердің жағдайы қалай өзгерді? ә) Мұса қалай аман қалды және Ехоба өзінің таңдаған адамдары үшін не істеді?

5 Алайда уақыт өте олардың жағдайы түбегейлі өзгерді. “Сол кезде Мысырда жаңа бір патша билік құрды. Ол Жүсіп туралы білмейтін. Патша өз халқына: —Қараңдаршы, Исраилдің үрім-бұтағы тым көбейіп, күшейіп кетті, — деп ойындағысын айтты”. Содан мысырлықтар исраилдіктерді “аяусыз құлдыққа салды. Оларды саз балшықтан илеп кірпіш құйып, үй салудың және егіндіктің кез келген ауыр жұмыстарына жекті де, қаталдықпен әртүрлі қара жұмыстарға мәжбүрлеп, өмірлерін аса қиындатты” (Мыс. ш. 1:8—10, 13, 14).

6 Мұнымен қоймай, перғауын еврейлердің жаңадан туылған ұл балаларының барлығы өлтірілетін болсын деген жарлық шығарды (Мыс. ш. 1:15, 16). Сол кездерде Мұса дүниеге келді. Үш айлығында анасы оны Ніл өзеніндегі қамыс арасына жасырып қойды. Оны перғауынның қызы тауып алып, асырап алды. Бірақ нәресте күнінде оны туған анасы Иохебед тәрбиеледі, содан ол Ехобаның адал қызметшісі болып өсті (Мыс. ш. 2:1—10; Евр. 11:23—25). Уақыт өте Ехоба таңдаған адамдарының қасіретіне “назар аударды”. Сөйтіп, Мұсаны басшылары етіп қойып, оларды қанаушыларынан құтқаруды шешті (Мыс. ш. 2:24, 25; 3:9, 10). Ехоба оларды құнын өтеп азат етпек еді (Мыс. ш. 15:13; Заңды қайталау 15:15 оқы).

ЕХОБА ТАҢДАҒАН АДАМДАРЫН ХАЛЫҚ ЕТТІ

7, 8. Қалай Ехоба таңдаған адамдарын өзінің қасиетті халқы етті?

7 Ехоба исраилдіктерді әлі өз заңдары бар дербес халық етпегенмен, оларды ерекше қарым-қатынаста болу үшін таңдаған еді. Бұл Ехобаның бұйыруымен Мұса мен Һаронның перғауынға айтқан мына сөздерінен көрінеді: “Исраилдің сиынған Құдайы — Жаратқан Ие мынаны айтады: —Менің халқымды жібер! Олар айдалаға барып, Маған арнап мейрам өткізсін” (Мыс. ш. 5:1).

8 Бірақ перғауын оларды жібергісі келмеді. Сондықтан исраилдіктерді қанаушыларынан құтқару үшін, Ехоба Мысыр елін 10 жазаға ұшыратты. Ал перғауын мен оның жасағын Қызыл теңіздің суына батырып, көзін құртты (Мыс. ш. 15:1—4). Содан үш айға жуық уақыттан кейін Синай тауында Ехоба исраилдіктермен келісім жасасып, мынадай уәде берді: “Егер айтқандарыма құлақ асып, Менің Келісімімді сақтап жүрсеңдер, барлық халықтардың ішінде сендер Менің ерекше құнды меншігім... қасиетті халқым боласыңдар” (Мыс. ш. 19:5, 6).

9, 10. а) Заңды қайталау 4:5—8 сай, қалай Заң исраилдіктерді өзге халықтардан бөлектендірді? ә) Исраилдіктер Ехобаның “қасиетті халқы” екенін қалай көрсетулері тиіс еді?

9 Мысырдағы еврейлер құлға айналмай тұрып, рулық қоғам болып өмір сүрген. Мұндай қоғамда басшылық отағаларының, не әулетбасыларының еншісінде еді. Өздеріне дейінгі Ехобаның қызметшілері сияқты, сол отағалары да өз үй ішіндегілер үшін басқарушы, би, діни қызметкер болған (Жар. 8:20; 18:19; Әйүп 1:4, 5). Бірақ Ехоба оларға Мұса арқылы заңдар жинағын берді. Соны ұстанғанның арқасында олар өзге халықтардың бәрінен ерекше болды (Заңды қайталау 4:5—8 оқы; Заб. 147:8, 9). Сол Заңға сай оларға арнайы діни қызметкерлер тобы тағайындалды. Ал билікті білімі және даналығымен сыйлы болған “ақсақалдар” айтатын болды (Заң. қ. 25:7, 8). Заңда жаңадан құрылған халықтың ғибадаты мен күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты нұсқаулар да бар еді.

10 Исраилдіктер Уәде етілген жердің табалдырығында тұрғанда, Ехоба оларға берген заңдарын қайталады. Мұса жұртқа былай деді: “Жаратқан Ие Өзі уәде еткендей, сендерді бүгін Өзінің халқы әрі ерекше меншігі деп жариялап, сендерге өсиеттеген заңдарының бәрін орындап ұстануға тиіс екендеріңді айтып отыр. Осылай істесеңдер, Ол сендерді Өзі жаратқан барлық халықтардан атақ-даңқ пен салтанат жағынан жоғары етеді, әрі сендер Оның берген уәдесіне сәйкес Өзіне, Құдайларың Жаратқан Иеге, бағышталған қасиетті халқы боласыңдар” (Заң. қ. 26:18, 19).

ЖАТЖЕРЛІКТЕР ЕХОБАҒА ҒИБАДАТ ЕТЕ АЛАТЫН

11—13. а) Кімдер Құдай халқына қосылды? ә) Исраилдік емес адамдар Ехобаға қызмет еткісі келген жағдайда не істеулері керек-тін?

11 Енді жер бетінде Ехобаның таңдаулы халқы болды. Бірақ ол өз халқының арасында жатжерліктердің болуына тыйым салмады. Мысалы, Ехоба халқын Мысырдан алып шыққанда, мысырлықтарды қоса алғанда, “көптеген бөтен ұлттардың” да оларға еріп шыққанына қарсы болмады (Мыс. ш. 12:38). Жетінші жазаның кезінде перғауынның қызметшілерінің кейбіреулері Ехобаның сөзінен қорықты. Кейінірек исраилдіктермен бірге Мысырдан шыққан бөтен ұлттардың арасында солардың да болғаны сөзсіз (Мыс. ш. 9:20).

12 Исраилдіктер Қанахан жерін иелену үшін Иордан өзенінен өткелі тұрғанда, Мұса оларға араларындағы “жатжұрттықтарға мейірімді болуға” тиіс екендерін айтты (Заң. қ. 10:17—19). Құдай таңдап алған халық Мұса арқылы берілген Заңның негізгілерін орындауға ықыласты кез келген жатжерліктерді қабылдаулары керек еді (Леу. 24:22). Жатжерліктердің кейбірі Ехобаға ғибадат ететін болды. Солардың арасында моабтық Рут та бар. Ол енесі Нағимаға: “Сіздің халқыңыз менің халқым, сіздің Құдайыңыз менің Құдайым болады!”— деген еді (Рут 1:16). Ехобаға ғибадат ете бастаған жатжерліктер сүндеттеу рәсімінен өтті (Мыс. ш. 12:48, 49). Құдай мұндай адамдарды өзі таңдап алған халқының мүшесі ретінде қабылдады (Ру. сан. 15:14, 15).

Исраилдіктер жатжерліктерге мейірім танытқан (11—13 абзацтарды қара)

13 Сүлейменнің дұғаларының бірінен Ехобаның жатжерліктердің дұғаларына да құлақ асатыны көрінді. Сүлеймен ғибадатхананы бағыштап жатқанда, былай деп дұға етті: “Тіпті халқың Исраилге жатпайтын жатжерлік адам алыс елден ұлы есімің мен зор құдіретің туралы естігендіктен осында келіп, Саған бұл киелі үйге қарай сиынса, онда Сен көктегі тұрағыңнан құлақ салып, оның барлық өтініштерін орындай гөр. Осылайша жержүзінің күллі халықтары Сенің Құдай екеніңді мойындасын. Халқың Исраил сияқты олар да Сені терең қастерлеп, мен салғызған осы ғибадатхананың Өзіңе бағышталып, есіміңмен аталғанын білсін” (Шеж. 2-ж. 6:32, 33). Исаның күндерінде де исраилдік емес адамдар Ехобаға қызмет еткісі келген жағдайда оның халқына қосылып, солармен бірге ғибадат ету керек-тін (Жох. 12:20; Ел. іс. 8:27).

КУӘГЕР ХАЛЫҚ

14—16. а) Қалай исраилдіктер Ехоба үшін куәлік ететін халық болды? ә) Құдайдың қазіргі заманғы халқы не істеуге борышты?

14 Басқа халықтар өз тәңірлеріне құлшылық етіп жүргенде, исраилдіктер Құдайлары Ехобаға ғибадат етті. Ишая пайғамбардың тұсында Ехоба сол замандағы ахуалды сот отырысына теңеп, басқа халықтардың тәңірсымақтарына шынайы екендерін дәлелдеу үшін куәгерлер шақыруды ұсынды. Ол былай деді: “Жалған тәңірлерге табынатын ұлттар жиналып, барлық халықтар бас қоссын! Араларындағы кім (Исраилдің құтқарылуын) алдын ала жариялап, өтіп кеткен оқиғаларды да білдіре алды? Олар айғақтарын шығарып, өздерінің дұрыстығын дәлелдесін! Осылай айтқандарының шынайылығы айқын көрінсін” (Ишая 43:9).

15 Жалған тәңірлер шынайы екендеріне еш дәлел келтіре алмайтын. Себебі олар сөйлей алмайтын, қайта, өздері біреудің қам жасауына мұқтаж “қуыршақ тәңірлер” ғана еді (Ишая 46:5—7). Ал өз халқына болса Ехоба мынаны айтты: “Сендер менің куәгерлерімсіңдер... Иә, сен өзім таңдаған қызметшімсің. Сендерді мені танып-білсін, маған сенсін, Ешқашан өзгермейтінімді түсінсін деп таңдап алдым. Маған дейін ешқандай Құдай болмаған, Менен кейін де болған жоқ. Мен, мен Ехобамын. Менен басқа құтқарушы жоқ... Сендер менің куәгерлерімсіңдер... ал мен Құдаймын” (Ишая 43:10—12 ЖД).

16 Бүкіләлемдік сот отырысындағы куәгерлер іспетті таңдаулы халқы Ехобаның шынайы Құдай екеніне дәлелдер келтіруі тиіс еді. Ехоба: “Өзім үшін жаратқан халқым Менің Ұлылығымды мақтап жариялайды”,— деді (Ишая 43:21). Исраилдіктер Ехобаның есімімен аталған халық болды. Мысыр құлдығынан азат еткендіктен, олар Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдауға борышты еді. Олардың ұстанымдары Құдайдың қазіргі заманғы халқына жазған Миханың мына сөздеріне сай болу керек еді: “Барлық халықтар өз құдайларының есімімен жүрсе, Біз мәңгі бақи өз Құдайымыз Ехобаның есімімен жүреміз” (Миха 4:5 ЖД).

ОПАСЫЗ ХАЛЫҚ

17. Неге Ехоба исраилдіктерді жабайы жүзім бұтасы деп атады?

17 Бір өкініштісі — исраилдіктер Құдайлары Ехобаға адал болмады. Олар ағаш, тас тәңірлерге табынатын өзге халықтарға елігіп кетті. Б. з. б. сегізінші ғасырда Ошия пайғамбар: “Исраил жабайыланып бара жатқан жүзім іспетті... Құрбандық орындарын көбейтуде... Олардың жүректеріне екіжүзділік ұялаған. Енді олар айыпты деп табылады”,— деп жазды (Ош. 10:1, 2 ЖД). Шамамен бір жарым ғасырдан кейін Ехоба Еремия пайғамбар арқылы опасыз халқына былай деді: “Сені жемісі құнды асыл тұқымды жүзім бұтасы деп отырғызған едім. Қалайша енді бөгде жүзім бұтасының жабайы сабақтары болып шыға келдің?! Өзіңе жасап алған тәңірсымақтарың қайда? Құтқара алса, басыңа пәле түскенде келіп, сені құтқарып алсын!.. Халқым Мені ұмытты” (Ерм. 2:21, 28, 32).

18, 19. а) Ехоба өз атына сай өмір сүретін жаңа халық құратынын алдын ала қалай білдірді? ә) Келесі мақаладан не білеміз?

18 Исраилдіктер Ехобаның адал куәгерлері ретінде шынайы ғибадаттың жақсы жемісін берудің орнына, пұттарға табынып, шіріген жеміс әкелетін болды. Сондықтан Иса өзінің заманындағы екіжүзді яһуди басшыларына: “Құдай патшалығы сендерден алынып қойылып, оған лайық өнім әкелетін басқа халыққа беріледі”,— деген (Мат. 21:43). Бірақ Ехобаның өзі Еремия пайғамбар арқылы алдын ала айтқан “жаңа келісімге” тұрғандар ғана сол халықтың, яғни рухани Исраилдің, мүшесі бола алатын еді. Жаңа келісімге тұратын рухани Исраил халқы туралы Ехоба: “Мен олардың Құдайы, ал олар Менің халқым болады”,— деп пайғамбарлық етті (Ерм. 31:31—33).

19 Исраил халқы опасыздық жасағандықтан, бірінші ғасырда Ехоба рухани Исраилді өзінің халқы етіп таңдады. Ал бүгінде оның жер бетіндегі халқы кім? Ақжүректі адамдардың Құдайдың шынайы қызметшілерін қалай тануына болады? Бұл жайында келесі мақаладан білеміз.