Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

БІЗДІҢ МҰРАҒАТТАН

“Күншығыс еліне” шындық нұрының шашылуы

“Күншығыс еліне” шындық нұрының шашылуы

Токиода таратылған, ал Осака қаласында ұшақтан тасталған шақыру қағазы

1926 жылдың 6 қыркүйегінде Құрама Штаттарында тұрған бір жапондық пилигрим (аралаушы бақылаушы) Жапонияға миссионер ретінде келді. Оны “Күзет мұнарасы” журналына жазылған бір кісі күтіп алды. Ол Кобе қаласында Киелі кітап зерттеу тобын құрған болатын. “Киелі кітап зерттеушілері” 1927 жылдың 2 қаңтарында сол қалада алғашқы конгрестерін өткізді. Оған 36 адам қатысып, арасындағы 8-і шомылдыру рәсімінен өтті. Олардың беталысы жаман емес еді. Алайда осы шағын ғана топ Киелі кітаптағы шындық нұрын 60 миллион халыққа қалай жеткізбек?

1927 жылдың мамырында жалындап тұрған “Киелі кітап зерттеушілері” Киелі кітапқа негізделген бірқатар баяндамаға шақыру үшін науқан ұйымдастырды. Осака қаласында алғаш рет айтылғалы жатқан баяндамаға шақыру мақсатында бауырластар қаладағы жол жиектеріне белгілер мен үлкен хабарландыру тақташаларын орнатты. Сондай-ақ беделді адамдарға 3000 шақыру қағазын жіберді. Олар автобустарда 150 000 ақпарат парақшаларын таратып, Осаканың танымал газеттерінде және 400 000 пойыз билетінде жарнамалады. Ал баяндама болатын күні қала үстімен ұшқан екі ұшақтан 100 000 шақыру қағазын тастады. Осылайша “Құдай Патшалығы жақындап қалды” атты баяндаманы тыңдау үшін “Осака Асахи” сарайына 2300 адам жиналды. Ине шаншар жер қалмағандықтан, кешірек келген мыңға жуық адамды кері қайтаруға тура келді. Баяндамадан соң 600-ден астам адам “сұрақ-жауап” бөліміне қатысу үшін қалды. Бұдан кейінгі айларда көпшілікке арналған баяндамалар Киото мен Жапонияның батысындағы өзге де қалаларда айтылды.

1927 жылдың қазанында “Киелі кітап зерттеушілері” баяндамалардың Токио қаласында да айтылуына қам жасады. Бұл жолы да елдің беделділеріне шақыру қағазы таратылды. Олардың арасында премьер-министр, парламент мүшелері, дінбасылары және әскери қолбасшылар бар еді. Баяндамаға шақыру үшін плакаттар мен газеттер, 710 000 ақпарат парақшасы қолданылды. Сөйтіп, Жапонияның астанасында айтылған үш баяндаманы тыңдауға бас-аяғы 4800 адам келді.

ҚҰЛШЫНЫСҚА ТОЛЫ КІТАП ТАРАТУШЫЛАР

Катсио мен Хагино Меура

Кітап таратушылардың (ізашарлар) Патшалық хабарын жеке-жеке үйлерге жеткізудегі еңбектері ерен болды. Алғашқы кітап таратушылардың бірі болған Матсуи Иши мен оның күйеуі Джизо Жапонияның төрттен үш бөлігін жүріп өтті: Саппородан бастап шалғай солтүстіктегі Сендай, Токио, Иокогама, Нагоя, Осака, Киото, Окаяма және Токусимаға дейін. Матсуи Иши мен Сакико Танака есімді қарт әйел бауырлас кимоно киіп, жоғары лауазымды мемлекет қызметкерлеріне жолығатын. Солардың бірі түрме кітапханасы үшін “Құдайдың арфасы” мен “Құтқарылу” кітаптарының 300 данасын сұраған болатын.

Катсио мен Хагино Меуралар Иши бауырластан кітап алып, ол жерде шындық жазылғанын бірден түсінді. Ол екеуі 1931 жылы шомылдыру рәсімінен өтіп, кітап таратушылардың санатына қосылды. Харучи мен Тани Ямадалар және олардың көптеген туысы Патшалық хабарын 1930 жылға дейін қабылдады. Ерлі-зайыпты Ямадалар кітап таратушылардың қатарына қосылып, ал қыздары Юкико Токиодағы Бетелде қызмет етті.

ҮЛКЕНДІ-КІШІЛІ “ЕХУ”

Алты ізашар сыйған үлкен “Еху”

Ол кезде көліктер өте қымбат, ал жолдар жаман еді. Сондықтан Казуми Миноура және басқа да жас кітап таратушылар моторсыз үй тектес көліктерді пайдаланды. Олар бұл көліктерді күймені жүйткітіп айдаған, кейіннен Исраилдің патшасы болған Ехудың атымен атады (Пат. 4-ж. 10:15, 16). Үлкен үш “Ехудың” әрбіреуінің ұзындығы — 2,2 метр, ені — 1,9 метр, ал биіктігі — 1,9 метр болған әрі ішінде 6 ізашар ұйықтай алатын. Бұған қоса, Жапонияның филиалында 11 кішкентай “Еху” көлігі құрастырылды. Велосипедке тіркелетін бұл үй тектес көлікке екі адам сыятын. “Ехуды” құрастыруға жәрдемдескен Кичи Ивасаки былай деп есіне алады: “Әр “Ехудың” жабыны, сондай-ақ жарықпен қамтамасыз ететін аккумуляторы бар еді”. Кітап таратушылар шындықтың нұрын күллі Жапонияға шашу үшін, солтүстіктегі Хоккайдо мен оңтүстіктегі Кюсю аралығындағы таулы-қырлы жерлер мен аңғарларда “Еху” көлігін бірі сүйреп, бірі итеріп жүретін.

Екі адамдық кішкентай “Еху”

Кітап таратушы Икуматсо Ота былай дейді: “Қандай да бір қалаға келгенде, “Еху” көлігін көл жағасына немесе ашық жерге қойып кететінбіз. Алдымен, сол қаланың әкімі сияқты белгілі адамдарға жолығатынбыз, сосын, үйден үйге жүріп әдебиеттер ұсынатынбыз. Сол қаланы жүріп өткен соң, басқа қалаға жол тартатынбыз”.

Кобе қаласында тұңғыш рет конгресс өткенде, “Киелі кітап зерттеушілері” 36 адамнан ғана тұратын (Зәк. 4:10). Небәрі бес жылдан кейін, яғни 1932 жылы, Жапонияда 103 кітап таратушы мен жариялаушы қызмет жайлы есеп тапсырып, 14 000-нан астам кітап таратты. Ал бүгінде шамамен 220 000 жариялаушы Жапонияның халық көп шоғырланған қалаларындағы көпшілік орындарында ұйымдасқан түрде күллі “Күншығыс еліне” шындықтың нұрын шашуда (Жапониядағы мұрағатымыздан).

Жапонияның Бетелінде Кичи Ивасаки құрастырған “Еху” көлігінің сызбасы