Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Соңғы жылдары түпбейнелер мен бейнелер жайлы әдебиеттерімізде сирек айтылады. Мұның себебі неде?

1950 жылдың 15 қыркүйегіндегі “Күзет мұнарасында” түпбейне мен бейнеге анықтама берілді. Сол анықтамаға сай, түпбейне дегеніміз — болашақта анағұрлым маңызды орын алатын адамның, нәрсенің немесе жайттың нышаны. Ал бейне дегеніміз — сол түпбейне нұсқап отырған адам, нәрсе не жайт. Түпбейнені көлеңке, ал бейнені сол көлеңкені түсіріп тұрған нәрсе деуге де болады.

Біраз жыл бұрын әдебиеттерімізде Дебора, Елиху, Ефта, Әйүп, Рахаб, Рабиға және басқа да адал адамдар майланғандардың не “ұлы жамағаттың” түпбейнесі, яки көлеңкесі деп түсіндірілді (Аян 7:9). Мысалы, Ефта, Әйүп пен Рабиға майланғандарды, ал Дебора мен Рахаб “ұлы жамағатты” бейнелейтіні айтылды. Алайда соңғы жылдары мұндай салыстырулар жасамаймыз. Мұның себебі неде?

ТҮПБЕЙНЕ

Ертедегі исраилдіктер Құтқарылу мейрамында құрбандыққа шалатын тоқты түпбейне болған (Мұс. 4-ж. 9:2)

БЕЙНЕ

Пауыл Мәсіхті “Құтқарылу мейрамының тоқтысы” деп атаған (Қор. 1-х. 5:7)

Жазбалардың өзінде ондағы кейіпкерлердің кейбірі қандай да бір маңызды нәрсенің не жайттың түпбейнесі екені көрсетілген. Мысалы, Ғалаттықтарға 4:21—31 тармақтарда елші Пауыл екі әйел туралы оқиғаның “астарлы мағынасы” бар екенін айтқан. Ыбырайымның күңі Ажар Ехобамен Мұса Заңы арқылы келісімде болған Исраил халқын бейнелеген. Ал “ерікті әйел” Сара болса Құдайдың бейнелі әйелін, яғни оның ұйымының көктегі бөлігін бейнелеген. Сонымен қатар Еврейлерге жазған хатында Пауыл патша әрі діни қызметкер болған Мәліксадық пен Исаның арасында біраз ұқсастықтар бар екеніне назар аударған (Евр. 6:20; 7:1—3). Бұған қоса, ол Ишая мен оның балаларын Иса мен оның майланған ізбасарларына теңеген (Евр. 2:13, 14). Бұлардың бәрін Пауыл Құдай рухының жетелеуімен жазған, сондықтан біз бұл түпбейнелер мен бейнелердің дұрыс екеніне сенімдіміз.

Әйтсе де Киелі кітаптың өзі қандай да бір кейіпкердің өзге біреудің түпбейнесі екеніне нұсқағанымен, оның өмірінде орын алған әрбір жайттың астарлы мәні бар деп тұжырымдамаған жөн. Мысалы, Пауыл Мәліксадықтың Исаның түпбейнесі екеніне нұсқаған, сөйтсе де төрт патшаны жеңіп, қайтып келе жатқан Ыбырайымның алдынан оның нан мен шарап алып шыққаны туралы ештеңе айтпаған. Сондықтан оқиғаның бұл тұсынан астарлы мағына іздеуге Жазбаларға сай негіз жоқ (Мұс. 1-ж. 14:1, 18).

Мәсіхтің өлімінен бірнеше ғасыр өткен соң кейбір жазушылар үлкен қателік жасап, Киелі кітаптың әр үзіндісінен түпбейне табуға тырысқан. Бір энциклопедияда Ориген, Амвросий және Иеронимнің тәлімдеріне сипаттама беріп, былай делінген: “Олар Жазбалардағы әрбір оқиға мен жайттан түпбейне іздеген, әрі іздегендерін тіпті маңызсыз жайттардан да тапқан. Тіпті ең қарапайым әрі болмашы жайттың астарында түсінуге аса қиын шындық жатыр деп ойлаған”. Олар тіпті Иса қайта тіріліп, көрінген түні шәкірттері ұстаған 153 балық нені бейнелейді екен деп, бас қатырған! (“The International Standard Bible Encyclopaedia”).

Гиппондық Августин болса Исаның бес арпа нанымен және екі балықпен 5000 адамды тамақтандырғанына қатысты егжей-тегжейлі түсіндірме берген. Арпаның құндылығы бидайдан төмендеу болып есептелгендіктен, Августин бес арпа нан Мұсаның бес кітабын білдіру керек деп тұжырымдаған (құндылығы төмендеу арпа Көне келісімнің құндылығының төмендігін бейнелеген). Ал екі балық ше? Қандай да бір себеппен балықтарды ол патша мен діни қызметкерге теңеген. Түпбейне мен бейне іздеуге құштар өзге бір ғалым болса Жақыптың Есаудан тұңғыштық жолын бір тостақ қызыл жасымық көжеге сатып алғанын Исаның көктегі мұраны адамзат үшін қызыл қанымен сатып алғанын бейнелейді деп түсіндірген.

Жоғарыдағы түсіндірмелердің ақылға қонбайтынын байқасаң, мәселенің қайда жатқанын түсінген боларсың. Адамдар Киелі кітаптағы қай мәліметтің болашақтағы жайттардың түпбейнесі, ал қайсысы түпбейнесі емес екенін біле алмайды. Сондықтан ең дұрыс шешім мынау — Жазбалар қандай да бір адам, оқиға немесе зат белгілі бір жайттың түпбейнесі деп нұсқаса, біз оны солай деп қабылдаймыз. Ал Жазбаларға негізделген еш дәлел болмаса, қандай да бір адамды, оқиғаны немесе затты түпбейне деп қарастырмаған дұрыс.

Ендеше, Жазбалардағы оқиғалар мен мысалдардың біз үшін қандай пайдасы бар? Римдіктерге 15:4-те елші Пауыл былай деп жазған: “Бұрын жазылғандардың бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған. Осылайша табандылығымыз арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз”. Пауыл Киелі кітапта жазылған сөздерден бірінші ғасырдағы майланған мәсіхшілердің керемет тәлім ала алатындарын айтқан. Бірақ қай уақытта өмір сүрмесін, Құдай халқы — мейлі майланған не “басқа қой” болсын, “соңғы күндері” не басқа уақытта өмір сүрсін, “бұрын жазылғандардың бәрінің” игілігін көре алады, әрі көріп те жүр (Жох. 10:16; Тім. 2-х. 3:1).

Демек, Киелі кітаптағы үзінділерінің басым бөлігі тек майланғандарға немесе ұлы жамағатқа, я болмаса белгілі бір уақытта өмір сүрген мәсіхшілерге ғана қатысты емес. Қайта, олар қай топқа жататынына не қай кезде өмір сүргеніне қарамай, Құдай қызметшілерінің бәріне қатысты. Сондықтан әркім оларды өздеріне қатысты қолданып, сабақ ала алады. Мысалы, Әйүптің басына түскен қасірет Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде майланған мәсіхшілердің басына түскен ауыртпалықты ғана бейнелемейді. Құдай қызметшілерінің біразы — ер не әйел болсын, майланған не ұлы жамағаттан болсын — Әйүп сияқты қиыншылықтарға кезіккен, әрі Әйүп кітабын оқып, пайдасын көрген. Осылай Ехобаның батасына ие болған, сондай-ақ оның “өте жанашыр әрі мейірімді екенін” сезінген (Жақ. 5:11).

Мына жайлы ойлап көрейікші: бүгінде қауымдарымызда Дебора сияқты егде тартқан адал бауырластар, Елиху сияқты дана жас ақсақалдар, Ефта сияқты құлшыныс танытып жүрген батыл ізашарлар, сондай-ақ Әйүп сияқты шыдамды адал ер және әйел бауырластар бар емес пе?! Біз “Жазбалардан алған жұбаныш арқылы үмітке ие болу” үшін, “бұрын жазылғандардың бәрін” Ехобаның бүгінгі күнге дейін сақтап келгеніне дән ризамыз!

Жоғарыда айтылған себептермен соңғы жылдары әдебиеттерімізде Киелі кітап үзінділеріндегі түпбейнелер мен бейнелерден гөрі, олардан қандай тәлім алуға болатынына көбірек назар аударылып жүр.