Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Мәсіх — Құдайдың құдіреті

Мәсіх — Құдайдың құдіреті

“Мәсіх — Құдайдың құдіреті” (ҚОР. 1-Х. 1:24).

1. Неге Пауыл “Мәсіх — Құдайдың құдіреті” деп жазған?

ЕХОБА өз құдіретін Иса Мәсіх арқылы айрықша паш етті. Иса жерде болған кезінде біраз кереметтер жасаған. Сенімді нығайтатын сол кереметтердің кейбірі төрт Ізгі хабарда жазылған. Бірақ бұл кітаптарға енбегендері де болуы мүмкін (Мат. 9:35; Лұқа 9:11). Иә, Иса арқылы Құдай өз құдіретін паш еткен. Сол себепті елші Пауыл: “Мәсіх — Құдайдың құдіреті”,— деп жазған (Қор. 1-х. 1:24). Алайда Исаның жасаған кереметтерінің бізге қандай қатысы бар?

2. Исаның кереметтерінен біз не білеміз?

2 Исаның жерде болған кезінде жасаған құдіретті істері болашақтағы зор баталардың нышаны еді. Біз олардан Исаның жаңа дүниеде бүкіл адамзат үшін жасайтын игіліктері туралы білеміз. Сонымен қатар сол кереметтердің арқасында Иса мен оның Әкесінің болмысын жақсырақ түсінеміз. Олай болса, Иса жасаған бірнеше кереметті қарастырып, олардың қазір және болашақта өмірімізге қалай әсер ететінін көрейік.

ЖОМАРТТЫҚҚА ҮЙРЕТЕТІН КЕРЕМЕТ

3. а) Исаның алғашқы кереметін жасауына не себеп болды? ә) Қана қаласында Исаның жомарттығы қалай көрініс тапты?

3 Ғалилеядағы Қана қаласында өткен үйлену тойында Иса алғаш рет керемет жасады. Тойға күтілгеннен көп адам келсе керек. Әйтсе де себебі қандай болмасын — шарап таусылып қалады. Қонақтардың арасында Исаның анасы Мәриям да болды. Оның жылдар бойы ұлына қатысты пайғамбарлықтар жайлы ойланып жүргенінде дау жоқ. Өйткені ол өз ұлының “Құдай Тағаланың Ұлы” деп аталатынын білген ғой (Лұқа 1:30—32; 2:52). Мәриям оның кереметтер жасай алатынына сенімді болды ма? Кесіп айту қиын. Бірақ Мәриям мен Исаның жас жұбайларға жаны ашып, оларды ыңғайсыз жағдайға қалдырғысы келмегені анық. Иса той иесінің қонақжай болуы керек екенін түсінген. Сондықтан 380 литр суды тамаша шарапқа айналдырды (Жохан 2:3, 6—11 оқы). Иса осы кереметті жасауға міндетті ме еді? Жоқ. Ол адамдардың қамын ойлағандықтан әрі өзінің жомарт Әкесіне еліктегендіктен солай істеді.

4, 5. а) Исаның алғашқы кереметінен не білеміз? ә) Қана қаласында жасалған кереметтен болашақ жайлы не білуге болады?

4 Иса керемет жасап, суды жоғары сапалы мол шарапқа айналдырды. Бұдан не білуге болады? Иса мен оның Әкесі адамдардың сезімін ескереді, әрі олар сараң емес. Жомарт Әкеміздің жаңа дүниеде “күллі халықтарға” бай дастарқан жаю үшін құдіретін қалай қолданатынын елестетіп көрші (Ишая 25:6 оқы).

5 Иә, әр адамның ас-ауқат, баспана сияқты негізгі қажеттіліктері мен қалауларының бәрі орындалатын уақыт келе жатыр! Олай болса, Ехобаның жұмақта көрсететін жомарттығына ризашылық білдірейік.

Өзгелерден уақытымызды аямайтын болсақ, Исаның жомарттығына еліктейтінімізді көрсетеміз (6-абзацты қара)

6. а) Иса өз күшін қара басы үшін қолданған ба? ә) Осы жағынан Исаға қалай еліктеуге болады?

6 Бір ескеретін жайт — Ібіліс Исаны сынап, тастарды нанға айналдыр дегенде, ол бұдан бас тартты (Мат. 4:2—4). Иса өз күшін қара басы үшін емес, өзгелердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қолданғысы келген. Осы жағынан Исаға қалай еліктеуге болады? Ол: “Беріңдер, сонда жұрт сендерге де береді”,— деген (Лұқа 6:38). Біз де жомарт болып, өзгелерді қонаққа шақыра аламыз ба? Немесе бір бауырлас баяндамасын тыңдап көруді өтінсе, жиналыстан кейін оған арнайы уақыт бөлеміз бе? Я болмаса бауырластарға қызметтерін шыңдай түсуге көмектесеміз бе? Өзгелердің қажеттілігіне қарай, қолымыздан келгенше көмектессек, Исаның жомарттығына еліктейміз.

“БӘРІ ТАМАҚТАНЫП, ТОЙЫП АЛДЫ”

7. Осы дүниенің соңы келмейінше, адам баласы неден құтылмайды?

7 Кедейлік адамзатқа атам заманнан таныс. Ехоба ежелдегі Исраил халқына араларынан кедей-кепшіктердің үзілмейтінін айтқан (Мұс. 5-ж. 15:11). Ал бірнеше ғасырдан кейін Иса: “Кедейлер әрқашан қастарыңда”,— деген (Мат. 26:11). Ол адам баласы кедейліктен ешқашан құтылмайды дегісі келді ме? Жоқ, ол осы дүниенің соңы келгенде, кедейліктің де түбіне балта шабылатынын айтқысы келген. Сондықтан Исаның кереметтері болашақтың нышаны болғанын түсінгеніміз жүрекке жылу береді емес пе?! Себебі Құдай Патшалығы орнағанда, ас-су мол болғандықтан ешкім ашқұрсақ болып жүрмейді.

8, 9. а) Неге Иса керемет жасап, мыңдаған адамды тамақтандырды? ә) Исаның осы кереметі жайлы ойлағанда, сен не сезінесің?

8 Зәбүр жыршысы Ехобаға: “Алақаныңды ашасың да, Тіршілік иелерінің бәрін тойындырасың”,— деген (Зәб. 145:16). Құдайдың құдіреті болып табылатын Иса Әкесіне еліктеп, жиі “алақанын ашып”, ізбасарларының қажеттіліктерін қанағаттандыратын. Ол мұны жай ғана күшін паш ету үшін емес, өзгелердің қамын ойлағандықтан істейтін. Осы орайда Матай 14:14—21 (Оқы.) тармақтарды қарастырып көрейікші. Шәкірттері Исаға ас-су мәселесімен келеді. Өздерінің де қарындары ашқанмен, олар қала-қаладан жаяу келгендердің қамын ойлайды. Өйткені жұрт ашығып, шаршап-шалдыққан еді (Мат. 14:13). Сонда Иса не істеді?

9 Ол бес нан, екі балықпен, әйелдер мен бала-шағаны есептемегенде, 5000-дай кісіні тамақтандырды! Шиттей балалары бар отбасыларына жаны ашып, Исаның осындай керемет жасағаны бізді бейжай қалдырмайды. Осылай жұрт “тамақтанып, тойып алды”. Бұдан ас-ауқаттың мол болғанын байқаймыз. Иса оларға жүрек жалғап алуға болатын нан емес, үйлеріне қайтар ұзақ жолда қуат болатын тамақ берді (Лұқа 9:10—17). Тіпті 12 себет ас-ауқат артылып қалды!

10. Жақында қандай өзгерістер болады?

10 Бүгінде әділетсіз билеушілердің кесірінен жүздеген миллион адамның ең негізгі деген қажеттіліктері қанағаттандырылмайды. Тіпті бауырластарымыздың кейбірі осындай күй кешіп, тамаққа жарымай жүр. Алайда жемқорлық пен кедейлік болмайтын заман жақын. Егер құдіретің жетсе, сен адамзаттың қажеттілігін қанағаттандырмас па едің? Ал Құдіреті шексіз Құдайдың бұлай етуге күші жетеді, жақында ол солай етеді де. Иә, бұл заман көкжиекте көрініп те тұр! (Зәбүр 72:16 оқы).

11. Жақында Исаның өз күшін бүкіл жержүзіне паш ететініне неге сенімдісің және бұл сені не істеуге талпындырады?

11 Иса небәрі үш жарым жылға созылған жердегі қызметін салыстырмалы түрде шағын аймақта атқарған (Мат. 15:24). Ал Патша ретінде оның билігі бүкіл жер бетіне жүретін болады (Зәб. 72:8). Оның жерде болғанда жасаған кереметтері жақында өз күшін біздің игілігіміз үшін қолданатынына сенімділік береді. Біз кереметтер жасай алмаймыз, сөйтсе де барымызды салып, өзгелердің назарын Құдай Сөзіне аудару қолымыздан келеді. Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар — бізді жарқын болашақ күтіп тұрғанының кепілі. Ехобаның куәгері болғандықтан біз болашаққа қатысты шындықты білеміз. Олай болса, оны өзгелерге айтуға міндетті емеспіз бе? (Рим. 1:14, 15). Осы жайлы ойланғанымыз Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздауға талпындырғай! (Зәб. 45:1; 49:3).

ТАБИҒАТ ҚҰБЫЛЫСТАРЫН ҚАДАҒАЛАУ

12. Неге біз Жердің құрылымы мен табиғат құбылыстары Исаға толықтай мәлім екеніне сенімдіміз?

12 Құдай Жер шары мен ондағының бәрін жаратқанда, оның жалғыз Ұлы әрі “шебер жұмысшысы” Иса қасында болған (Нақ. с. 8:22, 30, 31; Қол. 1:15—17). Сондықтан Исаға Жердің құрылымы мен табиғат құбылыстары толықтай мәлім. Ол Жер қорының тиімді пайдаланылуы мен дұрыс үлестірілуіне қатысты да бәрін біледі.

Исаның өз күшін қалай қолданғаны жайлы не ойлайсың? (13, 14-абзацтарды қара)

13, 14. Исаның табиғат құбылыстарына билігі жүретінін көрсететін мысал келтір.

13 Жерде болғанында табиғат құбылыстарына билігі жүретінін паш етуімен Иса өзінде Құдайдың құдіреті бар екенін көрсеткен. Шәкірттерінің өміріне қауіп төндірген дауыл тұрғанда, оның не істегенін қарастырып көрейікші (Марқа 4:37—39 оқы). Бір ғалымның айтуынша, Марқа 4:37-де “дауыл” деп аударылған грек сөзі сұрапыл дауылды білдіреді. Бұл сөз қара бұлтты үйіріп, нөсерлетіп, алай-түлей соғатын дауылды сипаттау үшін ғана қолданылады.

14 Мынадай көріністі елестетіп көрейікші: Иса көп қызмет етіп әбден қалжырады. Толқындар қайықтың ішіне су мен көбік шашыратып, толассыз соққылап жатыр. Дауылдың уілдеген дыбысы мен қайықтың ерсілі-қарсылы теңселгеніне қарамай, Иса оянар емес. Оның әбден титықтаған тәні тынығу керек. Зәрелері ұшқан шәкірттері: “Құритын болдық!”— деп айғайлап, оны оятады (Мат. 8:25). Сол кезде Иса орнынан тұрып, жел мен теңізге: “Тына қал, басыл!”— деп бұйырады. Сонда долы жел тына қалады (Мар. 4:39). Иса, былайша айтқанда, жел мен теңізге тырп етпеуді бұйырған. Сол кезде “жел басылып, жым-жырт тыныштық орнады”. Күш деп осыны айт!

15. Құдіреті шексіз Құдай табиғат құбылыстарын толықтай қадағалай алатынын қалай паш етті?

15 Исаның күшінің Қайнар көзі Ехоба болған. Сондықтан біз Құдіреті шексіз Құдайдың табиғат құбылыстарын толықтай қадағалай алатынына сенімдіміз. Мұны келесі жайттар да дәлелдейді. Жер бетіне топан су қаптатпас бұрын Ехоба: “Мен жеті күннен кейін 40 күн, 40 түн бойы жауын жаудырамын”,— деген (Мұс. 1-ж. 7:4). Ал Мұсаның 2-жазбасы 14:21-де “Ехобаның шығыстан күшті жел тұрғызғаны” жазылған. Жүніс 1:4-те болса “Ехоба қатты жел тұрғызды да, теңізде сұрапыл дауыл көтеріліп, кеме қирауға айналды” деген сөздер бар. Ехобаның осындай құдіреті бар екенін білгеніміз көңілімізге жігер құяды. Демек, жердің болашағын уайымдаудың қажеті жоқ.

16. Жаратушымыз бен оның жалғыз Ұлының табиғат құбылыстарын қадағалай алатынын білгеніміз неге жұбаныш береді?

16 Жаратушымыз бен оның “шебер жұмысшысының” ғаламат күші жөнінде ой жүгірткеніміз көңілімізді орнықтырады. Олар 1000 жыл бойы бар назарын жер бетіне аударғанда, күллі адамзат қауіпсіз өмір кешеді. Қорқынышты табиғи апаттар өткеннің ісі болады. Тайфун, цунами, жанартаудың атқылауы не жерсілкінісі сияқты апаттар қауіп төндірмейді. “Құдайдың тұрағы адамдар арасында” болатындықтан, ешкімнің табиғи апаттан қаза не майып болмайтынын білу — неткен жұбаныш! (Аян 21:3, 4). Себебі Иса мың жыл Патшалық еткенде, Ехобаның оған табиғат құбылыстарын қадағалайтын күш беретініне сенімдіміз.

ҚАЗІР ҚҰДАЙ МЕН МӘСІХКЕ ЕЛІКТЕЙТІН УАҚЫТ

17. Қазір Құдай мен Мәсіхке еліктеудің қандай жолы бар?

17 Әрине, біз Ехоба мен Иса сияқты табиғи апаттарға тосқауыл қоя алмаймыз, әйтсе де біздің де күшіміз бар. Біз оны қалай қолданамыз? Мұның бір жолы — Нақыл сөздер 3:27-дегі (Оқы.) кеңесті қолдану. Бауырластарымыз қиындықтарға ұшыраса, оларды жұбатып, эмоциялық, рухани және тағы басқа көмек көрсете аламыз (Нақ.с. 17:17). Мысалы, табиғи апаттан зардап шеккендерге қол ұшын беруге болады. Үйін дауыл қиратып кеткен бір жесір бауырлас жүрекжарды сезімін былай деп білдірді: “Ехобаның ұйымында жүргеніме сондай қуаныштымын! Көмек көрсетіп қана қоймай, рухани жағынан қолдағаны үшін де ризашылығымды білдіргім келеді”. Дауылдан кейін үйінің қандай күйде екенін көріп, абдырап, салы суға кеткен бір салтбасты бауырластың сөзіне де көңіл бөлейікші. Бауырластар үйін жөндеп берген соң, ол: “Айтарға сөзім жоқ! Сезімімді сөзбен айтып жеткізу қиын... Рақмет, Ехоба!”— деді. Біз өзгелердің қамын ойлайтын ұйымның мүшесі екенімізге сондай қуаныштымыз! Ал қуанышымыздың басты себебі — біздің қамымызды Ехоба мен Иса Мәсіх ойлайды.

18. Исаның кереметтерді қандай ниетпен жасағаны туралы сен не ойлайсың?

18 Қызметінің барысында Иса өзінің “Құдайдың құдіреті” екенін талай дәлелдеді. Бірақ оның ниеті жөнінде не деуге болады? Ол өз күшін ешқашан өзгелерді қайран қалдыру үшін не өз пайдасы үшін қолданған емес. Оның жасаған кереметтері адам баласына деген сүйіспеншілігінің көрінісі болған. Біз мұны келесі мақаладан көреміз.