Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Бұл — біздің ғибадат орнымыз

Бұл — біздің ғибадат орнымыз

“Бойымды сенің үйіңе деген құлшыныс кернейді” (ЖОХ. 2:17).

ӘНДЕР: 13, 21

1, 2. а) Ежелде Ехобаның қызметшілерінің қандай ғибадат орындары болған? ә) Исаның Иерусалимдегі ғибадатханаға қатысты көзқарасы қандай болған? б) Бұл мақалада нені қарастырамыз?

ЕЖЕЛГІ уақыттан бері Құдайдың қызметшілерінің ғибадат ететін орындары болған. Әбіл Құдайға арнаған сый-тартуларын құрбандық орнында ұсынған шығар (Мұс. 1-ж. 4:3, 4). Нұх, Ыбырайым, Ысқақ, Жақып және Мұса да құрбандық орындарын тұрғызған (Мұс. 1-ж. 8:20; 12:7; 26:25; 35:1; Мұс. 2-ж. 17:15). Кейіннен, исраилдіктер Ехобаның нұсқауымен киелі шатыр жасады (Мұс. 2-ж. 25:8). Сосын, Ехобаға арнап ғибадатхана тұрғызды (Пат. 1-ж. 8:27, 29). Ал Бабыл тұтқындығынан оралған яһудилер жүйелі түрде мәжілісханаларда жиналып тұрған (Мар. 6:2; Жох. 18:20; Ел. іс. 15:21). Алғашқы мәсіхшілер болса қауым мүшелерінің үйлерінде кездесетін (Ел. іс. 12:12; Қор. 1-х. 16:19). Ал бүгінде Ехобаның халқы тәлім алу әрі ғибадат ету үшін дүниежүзі бойынша он мыңдаған Патшалық сарайында жиналады.

2 Иса Ехобаның Иерусалимдегі ғибадатханасын жақсы көрген әрі оған зор құрметпен қараған. Бұл шәкірттерінің есіне зәбүр жыршысының келесі сөздерін түсірген: “Бойымды сенің үйіңе деген құлшыныс кернейді” (Зәб. 69:9; Жох. 2:17). Иерусалимдегі ғибадатхана “Ехобаның үйі” деп аталғанмен, бүгіндегі Патшалық сарайларын толық мағынада бұлай атай алмаймыз (Шеж. 2-ж. 5:13; 33:4). Десе де біз ғибадат орындарымызға құрметпен қарауға тиіспіз. Осы мақалада Патшалық сарайындағы жүріс-тұрысымызға, сондай-ақ оны күтіп ұстауға және қаржыландыруға қатысты Киелі кітап принциптерін қарастырамыз *.

ШЫНАЙЫ ҒИБАДАТҚА ДЕГЕН ҚҰРМЕТ

3—5. Патшалық сарайы деген не және онда өтетін жиналыстарға қалай қарауымыз керек?

3 Патшалық сарайы Ехобаға ғибадат ететін негізгі орын болып табылады. Сол жерде апта сайын өтетін жиналыстар арқылы Ехоба бізді рухани ас-сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ұйымнан басшылық әрі рухани жігер аламыз. Ехобаның және оның Ұлының шақыруымен “Ехобаның дастарқанынан” дәм тату — зор мәртебе! Бұл шақыруға біз ешқашан немкетті қарамауымыз керек! (Қор. 1-х. 10:21)

4 Ехоба қауымдардан қалмағанымызды әрі бір-бірімізді жігерлендіргенімізді маңызды деп санайды. Сондықтан елші Пауылға рухтың жетелеуімен осыған қатысты кеңес жаздырған (Еврейлерге 10:24, 25 оқы). Келелі себепсіз қауымға бармай қалсақ, бұнымыз Ехобаға лайықты құрмет көрсетпегендік емес пе? Ал қауымға дайындалып барып, талқылауға шын жүректен атсалыссақ, оған деген ризашылығымызды паш етеміз (Зәб. 22:22).

5 Біз Патшалық сарайының өзіне де, онда өтетін жиналыстарға да лайықты құрмет көрсетуге тиіспіз. Бұл Құдайдың есіміне деген құрметпен тығыз байланысты. Өйткені жиі Патшалық сарайларында оның есімі жазылады (Патшалар 1-жазба 8:17 салыстыр).

6. Кейбір адамдар Патшалық сарайларымыз бен қауымдағылар жайлы қандай пікір айтқан? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

6 Ғибадат орнына деген құрметіміз өзгелердің назарынан тыс қалмайды. Мысалы, Түркияда бір кісі былай деді: “Патшалық сарайындағы тазалық пен тәртіп бірден көзге түсті. Олар тап-тұйнақтай киініп жүреді, жүздерінен күлкі кетпейді. Сол жердегілер мені жылы қарсы алды. Бұның бәрі маған қатты әсер етті”. Осы кісі қауымға үзбей келіп тұратын болды. Сосын шомылдыру рәсімінен өтті. Индонезияның бір қаласында болса жаңа Патшалық сарайын бағыштаудан бір күн бұрын жергілікті билік өкілдері мен көрші тұратын адамдарға арнап “ашық есік күні” өткізілді. Бұл шараға келген қала әкімі Патшалық сарайының сапалы соғылғанына, жобасы мен жанындағы әдемі бағына тәнті болды. Ол: “Патшалық сарайындағы тазалық — сендердің берік сенімдеріңнің көрінісі”,— деді.

Жүріс-тұрысымыз Ехобаны құрметтемейтінімізді көрсетуі мүмкін (7, 8-абзацтарды қара)

7, 8. Қауымға келгендер қандай маңызды жайтты есте ұстаулары қажет?

7 Қауымға біз Ехобаның шақыруымен келеміз, сондықтан сырт-көрінісіміз және жүріс-тұрысымызбен оны құрметтейтінімізді көрсетуіміз керек. Бұл мәселеде байсалдылық пен ұстамдылық танытқанымыз жөн. Өйткені қауымға келгендердің бірі өздерін тым ресми, өзге бірі тым еркін ұстайтыны байқалған. Әрине, Ехоба Патшалық сарайына келген бауырластардың да, қонақтардың да өздерін еркін сезінгенін қалайды. Алайда олар олпы-солпы киініп келуімен, бағдарлама барысында сөйлесіп не хабарлама жазуымен, тамақ ішіп-жеуімен не басқа да әрекеттерімен өзгелерді алаңдатпау керек. Ал ата-аналар балаларына Патшалық сарайы жүгіріп-ойнайтын жер емес екенін түсіндіруге тиіс (Уағ. 3:1).

8 Иса ғибадатханада сауда-саттық жасап жатқандарды көргенде ашуланып, оларды қуып шыққан (Жох. 2:13—17). Бүгінде де Патшалық сарайы — ғибадат ететін әрі рухани тәлім алатын орын. Сондықтан ол жерде ешқандай сауда-саттықпен айналыспау керек (Нехемия 13:7, 8 салыстыр).

ПАТШАЛЫҚ САРАЙЛАРЫН СОҒУҒА ҚОЛҒАБЫС ЕТУ

9, 10. Патшалық сарайлары қалай соғылуда және бұл қандай нәтижелер әкелуде? ә) Патшалық сарайын соғуға ресурстары жетпейтін қауымдарға қандай көмек көрсетілуде?

9 Ехобаның ұйымы дүниежүзі бойынша Патшалық сарайларын соғуға қыруар қаражат пен күш жұмсауда. Сарайларды жобалау, соғу және қайта құру істерімен ақысыз еңбек ететін ерікті қызметшілер айналысады. Мұның жемісі қандай? 1999 жылдың 1 қарашасынан бері дүниежүзі бойынша 28 000-нан астам әсем Патшалық сарайы салынды. Осылайша соңғы 15 жылда орта есеппен күніне бес ғибадат орны соғылуда.

10 Қазіргі таңда қажеттілік бар жердің бәрінде Патшалық сарайларын тұрғызуға күш салынуда. Сүйіспеншілікпен жасалып отырған бұл шара бір жердегі молшылықпен өзге бір жердегі қажеттілікті қамтамасыз ету арқылы “екі жақты да тең етуге” қатысты Киелі кітап принципіне негізделген (Қорынттықтарға 2-хат 8:13—15 оқы). Ұйым қол ұшын бермегенде, ресурстары шектеулі қауымдар өз күштерімен ешқашан мұндай ғибадат орындарын тұрғыза алмас еді!

11. Кейбір бауырластар Патшалық сарайлары жайлы не деді және бұл саған қалай әсер етті?

11 Ұйымның аталмыш шарасының игілігін көрген Коста-Рикадағы бір қауым: “Патшалық сарайының алдында тұрғанда, түс көріп жатқандай болдық! Өз көзімізге өзіміз сене алмадық! Әсем сарайымыз небәрі сегіз күннің ішінде толығымен салынып бітті! Ол Ехобаның батасының, оның ұйымы ұйымдастырған шараның және қымбатты бауырластарымыздың арқасында соғылды. Бұл ғибадат орны — баға жетпес сый, Ехоба тарту еткен інжу-маржан. Қуанышымызда шек жоқ!”— деп жазды. Жаңа Патшалық сарайына қатысты осындай алғыс сөздерді естігенде әрі төрткіл дүниедегі бауырластардың осылайша қуанып жатқанын білгенде, жүрегімізді шаттық кернейді емес пе? Патшалық сарайы соғылып біте салысымен, оған Жаратушымыз жайлы білгісі келетін ақжүректі адамдар ағылып келе бастайды. Бұл — Ехобаның батасының бірден-бір көрісі (Зәб. 127:1).

12. Патшалық сарайын соғу ісіне қалай атсалысуыңа болады?

12 Көптеген бауырластар Патшалық сарайының құрылысына атсалысып, зор қуанышқа кенелген. Мұндай құрылысқа қатыса алмасақ та, ерікті садақамызбен осы іске қолдау көрсете аламыз. Құдайдың ертедегі қызметшілері таза ғибадатты құлшына қолдап, садақа жасаған. Біз де оларға қуана еліктеп, осылай Ехобаны мадақтаймыз (Мұс. 2-ж. 25:2; Қор. 2-х. 9:7).

ПАТШАЛЫҚ САРАЙЫНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫН ҚАДАҒАЛАУ

13, 14. Киелі кітапта Патшалық сарайымызды таза да ұқыпты ұстауға қатысты қандай принциптер бар?

13 Тәртіптің Құдайы Ехобаның қасиеттері мен болмысын паш ету үшін, құрылыс біткен соң, Патшалық сарайын таза да ұқыпты ұстауымыз керек (Қорынттықтарға 1-хат 14:33, 40 оқы). Киелі кітапта қасиеттілік пен рухани тазалық тән тазалығымен байланыстырылады (Аян 19:8). Сондықтан Ехобаның ықыласына ие болғысы келетіндер тән тазалығын да сақтау қажет.

14 Жоғарыда айтылған принциптерді ұстанар болсақ, қызығушылық білдірген адамдарды қауымға шақыруға қысылмаймыз. Өйткені ғибадат орнымыздың айтып жүрген ізгі хабарымызға сай екеніне сенімді боламыз. Ал олар киелі Құдайға ғибадат ететінімізді әрі оның жуырда жер бетін керемет жұмаққа айналдыратынын түсінеді (Ишая 6:1—3; Аян 11:18).

15, 16. а) Патшалық сарайын таза ұстауды қандай жағдайлар қиындатады, десе де неге оны таза ұстауға тырысқанымыз маңызды? ә) Сендерде тазалық жұмыстары қалай ұйымдастырылған және әрқайсымызға қандай мәртебе берілген?

15 Адамдардың тазалыққа қатысты көзқарасы әртүрлі болады. Бұған келесі жайттар әсер етеді: олардың шыққан ортасы мен тәрбиесі, тұрып жатқан жерлерінің шаң-тозаң не батпақ болуы, су мен тазалыққа қатысты керек-жарақтың тапшылығы. Жергілікті адамдардың көзқарасы мен жағдайы қандай болмасын, Патшалық сарайының тазалығы үлгілі болу керек. Себебі бұл — Ехобаға ғибадат ететін орын (Мұс. 5-ж. 23:14).

16 Патшалық сарайының тазалығына салғырт қарамау қажет. Ғибадат орны таза да ұқыпты болу үшін, әр қауымның ақсақалдар кеңесі тазалық кестесінің құрылуын, қажетті керек-жарақтың болуын қадағалап тұрғандары жөн. Тазалық жұмыстарының кейбірі әр қауымнан кейін, ал өзгесі арагідік жасалады. Сондықтан жұмыс жақсы ұйымдастырылып, жақсы басшылық берілсе, ешнәрсе шет қалып кетпейді. Патшалық сарайын тазалау — қауымның әрбір мүшесіне берілген мәртебелі іс.

ПАТШАЛЫҚ САРАЙЫН КҮТІП ҰСТАУ

17, 18. а) Жазбаларда ғибадат орындарының күтіміне қатысты қандай мысалдар бар? ә) Неге біз Патшалық сарайларын жақсы күйде ұстауға тиіспіз?

17 Ғибадат орнын жақсы күйде ұстау үшін, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізіп тұрған абзал. Яһуда патшасы Жоғас билік құрған заманда жұрт ғибадатханаға арнап садақа жасаған. Патша діни қызметкерлерге бұл қаражатты “Құдай үйінің жөнделуі тиіс жерлеріне жаратуды” тапсырған (Пат. 2-ж. 12:4, 5). Екі ғасырдан аса уақыт өткен соң Жосия патша да ғибадатханаға арналған садақаны ондағы қажетті жөндеу жұмыстарына жұмсаған (Шежірелер 2-жазба 34:9—11 оқы).

18 Кейбір филиал комитеттерінің мәлімдеуінше, сол елде тұратын адамдарға ғимараттар мен құрал-жабдықтарды күтіп ұстау тән емес екен. Бәлкім, олар бұның қалай жасалатынын білмегендіктен не қажетті қаражаттың жоқтығынан істемейтін болар. Алайда Патшалық сарайын күтіп ұстау жұмыстары атқарылмаса, ғимараттың көркі кетеді, әрі сырт көзге жақсы куәлік болмайды. Ал егер қауым мүшелері, қолдарынан келгенше, мұндай жұмыстарды атқарып тұрса, Ехобаның даңқын арттырады. Сонымен қатар бауырластардың садақасы үнемделеді.

Патшалық сарайын тазалау мен күтіп ұстау жұмысына салғырт қарамау керек (16, 18-абзацтарды қара)

19. Ғибадат орнына деген құрметіңді көрсету үшін не істеуге бел будың?

19 Патшалық сарайы — Ехобаға бағышталған ғимарат. Сондықтан ресми атауы қандай болмасын, ол белгілі бір қауымның не жеке тұлғаның меншігі болып табылмайды. Осы мақалада қарастырғанымыздай, Киелі кітап принциптері ғибадат орнымызға қатысты дұрыс көзқараста болуымызға көмектеседі. Ехобаны құрметтейтіндіктен, біз қауым кездесулері мен Патшалық сарайына да құрметпен қараймыз. Сондықтан Патшалық сарайларын соғу ісіне садақалар жасап, әрі қолданыстағы ғибадат орындарын таза да ұқыпты ұстауға бар күшімізді саламыз. Осылайша Исаға еліктеп, Ехобаға арналған ғибадат орнына деген құлшынысымызды паш етеміз (Жох. 2:17).

^ 2-абзац Бұл мақалада, негізінен, Патшалық сарайлары жайлы айтылғанмен, қарастырылатын принциптер Конгресс сарайлары мен ғибадат орны ретінде қолданылатын басқа да ғимараттарға қатысты.