Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Мәсіхтің кемеліне сай рухани толысуға ұмтыл

Мәсіхтің кемеліне сай рухани толысуға ұмтыл

“Мәсіхтің кемеліне сай келетін толысқан адам бол” (ЕФЕС. 4:13).

ӘНДЕР: 11, 42

1, 2. Әр мәсіхші қандай мақсатқа ұмтылу керек? Мысал келтір.

ӘДЕТТЕ адам жеміс сатып аларда, көлеміне не бағасына емес, піскен-піспегеніне қарап таңдайды. Ол иісі аңқып тұрған, тәтті әрі пайдалы жемісті, яғни толық пісіп-жетілген жемісті алғысы келеді.

2 Тура сол сияқты Құдай да өз қызметшілерінің пісіп-жетілгенін, яғни толысқанын қалайды. Мұнда әңгіме тура мағынадағы емес, рухани пісіп-жетілу жөнінде болып отыр. Мәсіхшінің мақсаты — Құдайдың толысқан қызметшісі болу. Адам Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен соң да рухани өсе береді. Осы орайда елші Пауыл Ефестегі мәсіхшілерді “сенім жағынан да, Құдай Ұлы туралы тура білім жағынан да бірлікке жетуге, сондай-ақ Мәсіхтің кемеліне сай келетін толысқан адам болуға” талпындырған (Ефес. 4:13).

3. Бүгіндегі Ехобаның халқының арасындағы жағдай қай жағынан Ефестегі қауымға ұқсайды?

3 Пауыл Ефестегі мәсіхшілерге хат жазғанда, ондағы қауымның құрылғанына бірнеше жыл болған. Ондағы шәкірттердің біразы тәжірибелі, толысқан мәсіхші еді. Дегенмен кейбіреулеріне әлі де толысу керек болатын. Бүгінде Ехоба куәгерлерінің арасындағы жағдай да дәл сондай. Көп бауырластар Құдайға біраз жылдан бері қызмет етіп келеді, әрі рухани толысқан. Бірақ қауымдағылардың бәрінің рухани күйі сондай дей алмаймыз. Өйткені жыл сайын шомылдыру рәсімінен өтіп жатқан мыңдаған адамға әрі қарай да рухани толысу керек. Ал сен жөнінде не деуге болады? (Қол. 2:6, 7).

МӘСІХШІНІҢ РУХАНИ ӨСУІ

4, 5. Толысқан мәсіхшілердің өзара қандай айырмашылығы мен ұқсастығы бар? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

4 Базардан піскен жеміс таңдағанда, олардың барлығы бірдей емес екенін байқайсың. Бірақ бәрінің піскенін байқатып тұратын белгілері болады. Сол сияқты толысқан мәсіхшілердің де ұлты, шыққан ортасы, денсаулығы, жасы мен тәжірибесі әртүрлі болуы мүмкін. Олардың болмысы мен мәдениеті де әртүрлі. Бірақ толысқан мәсіхші екендері дамытқан қасиеттерінен көрініп тұрады. Бұл қандай қасиеттер?

5 Толысқан мәсіхші Исаның үлгісіне еліктеп, оның “ізімен тура жүруге” тырысады (Пет. 1-х. 2:21). Иса адам үшін ненің аса маңызды екенін айтқан: Ехобаны бар жүрегімен, бүкіл жан-тәнімен, бар ақыл-ойымен жақсы көру, сондай-ақ өзге адамды өзіндей сүю керек (Мат. 22:37—39). Толысқан мәсіхші Ехобамен қарым-қатынасын бірінші орынға қоюымен, өзгелерді сүйгенде жанқияр болуымен осы кеңеске сай өмір сүруге тырысады.

Жасы ұлғайғандар жастау бауырластарға қауымға жетекшілік етуге көмектесу арқылы Мәсіхке тән кішіпейілділік танытады (6-абзацты қара)

6, 7. а) Толысқан мәсіхшіге тағы қандай қасиеттер тән? ә) Өзімізге қандай сұрақ қоюымыз керек?

6 Әйтсе де сүйіспеншілік — киелі рух жемісінің бір ғана қыры (Ғал. 5:22, 23). Толысқан мәсіхші үшін оның жұмсақтық, ұстамдылық, шыдамдылық сияқты қырлары да маңызды. Бұл қасиеттер оған қиын жағдайларда сабыр сақтауға, көңіл қалдыратын жағдайларда үмітін жоғалтпауға көмектеседі. Жеке зерттеу кезінде ол жаман мен жақсыны ажыратуға көмектесетін Жазбалардағы принциптерді табуға тырысады. Сондықтан шешім қабылдағанда, рухани толысқандығы байқалып тұрады. Мысалы, Киелі кітапқа сәйкес машықталған ар-ұжданына құлақ асады. Толысқан мәсіхші Құдайдың талаптары мен нұсқаулары әрқашан дұрыс екенін кішіпейілдікпен мойындайды *. Бұған қоса, ізгі хабарды құлшына уағыздайды, әрі қауымның ынтымағына үлес қосады.

7 Шындықта жүргенімізге қанша болмасын, әрқайсысымыздың өзімізден былай деп сұрауымызға болады: “Толыса түсуім үшін әлі де Исаға көбірек еліктеуім керек тұстарым бар ма?”

“ҚАТТЫ ТАҒАМ РУХАНИ ТОЛЫСҚАН АДАМДАРҒА АРНАЛҒАН”

8. Иса Жазбаларды қаншалықты жақсы білген әрі түсінген?

8 Иса Мәсіх Құдай Сөзін өте жақсы түсінген. Бірде небәрі 12 жасар ол Жазбаларды қолданып, ғибадатханада ұстаздармен сөйлесті. Сонда “тыңдап отырғандардың бәрі оның ұғымталдығына және берген жауаптарына қайран қалысты” (Лұқа 2:46, 47). Ал, кейінірек, Иса қызметінің барысында Құдай Сөзін шебер қолданып, қарсыластарын жым қылатын (Мат. 22:41—46).

9. а) Рухани толысқысы келетін мәсіхшінің қандай кестесі болу керек? ә) Киелі кітапты қандай мақсатпен зерттеу керек?

9 Рухани толысқысы келетін мәсіхші Исаға еліктейді, сондықтан Киелі кітапты үстіртін зерттеумен шектелмейді. Ол “қатты тағамның рухани толысқан адамдарға арналғанын” түсінетіндіктен оны терең зерттейді (Евр. 5:14). Оның мақсаты — Құдай Сөзінен тура білім алу (Ефес. 4:13). Ал сен Киелі кітапты күнделікті оқисың ба? Жеке зерттеу жасайтын кестең бар ма? Апта сайын отбасылық ғибадат өткізесің бе? Жеке зерттеу жасағанда, Ехобаның ойы мен сезімдерін білуге көмектесетін принциптерді табуға тырыс. Сосын шешім қабылдағанда, сол принциптерді қолдануға күш сал. Сонда Ехобаға жақындай түсесің.

10. Толысқан мәсіхшінің Киелі кітаптан алған білімі өміріне қалай әсер етеді?

10 Толысқан мәсіхші тек білім алумен шектелмейді. Ол Құдайдың кеңестері мен принциптерін жақсы көреді. Бұны ол Құдай еркін өмірінде басты орынға қою арқылы көрсетеді. Сондай-ақ оның ескі болмысынан арылып, “Құдайдың еркіне сай жаратылған әрі шынайы әділдік пен адалдыққа сай келетін” Мәсіхке тән жаңа болмысқа ие болары анық (Ефестіктерге 4:22—24 оқы). Киелі кітап Құдай рухының жетелеуімен жазылғандықтан, мәсіхші содан білім алып, Құдайдың заң-талаптарына сүйіспеншілік дамытса, жүрегі мен санасына киелі рухтың әсер етуіне жол ашады. Ал бұл оның рухани толыса түсуіне ықпал етеді.

ҚАУЫМНЫҢ ЫНТЫМАҒЫНА ҮЛЕС ҚОС

11. Жер бетінде Иса қандай адамдардың арасында өмір сүрді?

11 Кемелді болған Иса кемелсіз адамдардың арасында өмір сүрген. Оның ата-анасы да, бірге өскен іні-қарындастары да кемелсіз болған. Тіпті ең жақын шәкірттерінің өзі менмендік пен өзімшілдік танытқан. Мысалы, Иса өлімге кесілетін күні олардың “араларында ең ұлысы кім екеніне қатысты қызу дау туды” (Лұқа 22:24). Сөйтсе де Иса олардың рухани толысып, ынтымағы берік қауымның іргесін қалайтынына сенімді болған. Сол кеште Иса көктегі Әкесінен елшілерінің бірлікте болуын сұрады. Ол былай деп дұға етті: “Барлығы бірлікте болсын. Әке, сенің менімен, менің сенімен бірлікте болғанымдай, бұлар да бізбен бірлікте болсын... [Бұлар да] біз сияқты бірлікте болсын” (Жох. 17:21, 22).

12, 13. а) Ефестіктерге 4:15, 16-да қауымның ынтымағына қатысты не жазылған? ә) Бір бауырлас ынтымақ сақтауды қалай үйренді?

12 Ехобаның толысқан қызметшісі қауымның бірлігіне үлес қосады (Ефестіктерге 4:1—6, 15, 16 оқы). Біздің мақсатымыз — қауымның барлық мүшесі “өзара үйлесе бірігіп”, әрекет етуі. Ехобаның сөзінде айтылғандай, мұндай бірлікке жету үшін кішіпейіл болуымыз керек. Толысқан бауырлас өзгелердің қателіктеріне қарамай, кішіпейілдікпен қауымда ынтымақ сақтауға тырысады. Ал сен мұндай жағдайда не істейсің? Бауырластардың біреуі сені ренжітсе ше? Араларыңа “қабырға” тұрғызып, ренжіткен адаммен араласпай қоясың ба? Әлде бір-біріңе жақындау үшін “көпір” саласың ба? Иә, толысқан мәсіхші “қабырға” емес, “көпір” салады.

13 Увемен болған жайтты қарастырайық. Бұрын ол бауырластардың қателіктерін көргенде, бірден көңілі қалады екен. Содан ол Киелі кітап пен “Киелі жазбаларды түсіну” басылымын қолданып, Дәуіттің өмірін зерттемек болады. Неге Дәуітті таңдады? Уве былай дейді: “Дәуіт Құдайдың кейбір қызметшілерінен жәбір көрген. Мысалы, Саул патша оның жанын алғысы келді, бірде жұрт Дәуітті таспен атқыламақ болды, басқа бір жолы әйелі кемсіте сөйледі (Сам. 1-ж. 19:9—11; 30:1—6; Сам. 2-ж. 6:14—22). Алайда Дәуіт өзгелердің іс-әрекеттерінің Ехобамен қарым-қатынасына нұқсан келтіруіне ешқашан жол бермеген. Сондай-ақ ол мейірімді адам болған. Ал маған дәл осы қасиет жетіспейді. Зерттеп-білгендерім бауырластардың кемелсіздігіне деген көзқарасымды түзетті. Енді мен олардың қателіктерін жіпке тізудің орнына, қауымның ынтымағын нығайтуға тырысамын”. Сен де қауымның ынтымағын нығайтқың келе ме?

ДОСТЫ ҚҰДАЙ ЕРКІН ОРЫНДАЙТЫНДАРЫҢ АРАСЫНАН ТАҢДА

14. Иса достарды кімдердің арасынан таңдаған?

14 Иса Мәсіх барлық адамдарға жылы шырай танытатын. Сондықтан ерлер мен әйелдер, жастар мен кәрілер, тіпті бүлдіршіндер де оның қасында өзін еркін сезінетін. Алайда Иса дос таңдауға келгенде талғампаз болған. Ол адал елшілеріне: “Егер өсиет еткендерімді орындасаңдар, онда менің достарымсыңдар”,— деген (Жох. 15:14). Иса достарды өзінің адал ізбасары болып, бар жүрегімен Ехобаға қызмет етіп жүргендердің арасынан таңдаған. Сен де достарды осындай адамдардың арасынан іздейсің бе? Бұлай ету неге маңызды?

15. Толысқан мәсіхшілермен араласқаны жастарға қалай әсер етеді?

15 Әдетте жемістер күннің жылы шуағы түсіп тұрса, жақсы піседі. Сол сияқты бауырластар арасындағы жылулық та рухани толысуыңа ықпал етеді. Бәлкім, сен өмірін неге арнайтынын ойлап жүрген жастардың бірі шығарсың. Олай болса, Ехобаға қызмет етуде, қауымның бірлігіне үлес қосуда тәжірибесі мол бауырластармен араласқаның игі. Олар өмірдің ащысы мен тұщысын көрген, Құдайға деген қызметтерінде де талай қиындықты бастан өткізген шығар. Мұндай бауырластар саған ең дұрыс өмір жолын таңдауға жәрдем береді. Жаныңа жай, көңіліңе медеу беретін осындай бауырластармен араласқаның дұрыс шешімдер қабылдап, рухани толысуыңа көмектеседі (Еврейлерге 5:14 оқы).

16. Қауымдағы ересек мәсіхшілер бір жас бауырласқа қалай көмектесті?

16 Мысалы, Хельга соңғы сыныпта оқып жүргенде, сыныптастарының бар әңгімесі алға қойған мақсаттары жайлы болатын. Олардың көбісі атақ-мансапқа жетуді көздеп, университетке түскісі келетін. Хельга қауымдағы рухани толысқан бауырластармен осы туралы әңгімелеседі. Ол былай дейді: “Олардың көбісі менен үлкен еді. Көрсеткен көмектері көп болды. Олар мені толық уақыт қызмет етуге талпындырды. Осылай бес жыл ізашар болдым. Қазір сол жылдар туралы ойласам, жастық шағымда Ехобаға барымды салып қызмет еткеніме қуанамын. Бұған еш өкінбеймін”.

17, 18. Рухани толысқанымыз қызметімізге қалай әсер етеді?

17 Өмірде Исаның үлгісіне еліктегеніміз толысқан мәсіхші болуымызға көмектеседі. Сондай-ақ Ехобаға жақындатады, оған қызмет етуге деген ықыласымызды да арттырады. Мәсіхші қаншалықты толысқан болса, Ехобаға соншалықты жақсы қызмет ете алады. Иса ізбасарларын мынаған шақырған: “Сендердегі жарық адамдар алдында жарқырап тұрсын. Осылайша олар игі істеріңді көріп, көктегі Әкелеріңді мадақтасын” (Мат. 5:16).

18 Байқағанымыздай, толысқан мәсіхшінің қауымға әсері зор. Оның толысқандығы Құдай берген ар-ұжданына сай әрекет еткенінен көрінеді. Бірақ ар-ұжданымыз дұрыс шешім қабылдауға қалай көмектеседі? Бауырластардың ар-ұжданын қалай құрметтеуге болады? Бұл сұрақтардың жауабын келесі мақаладан табамыз.

^ 6-абзац Мысалы, жасы үлкен тәжірибелі бауырластарға атқарып жүрген жауапкершілігінен бас тартып, сол жауапкершілік жүктелген жастау бауырластарға көмектесу ұсынылатын шығар.