Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба — сүйіспеншіліктің Құдайы

Ехоба — сүйіспеншіліктің Құдайы

“Құдай — сүйіспеншілік” (ЖОХ. 1-Х. 4:8, 16).

ӘНДЕР: 18, 51

1. Құдайдың ең басты қасиеті қандай және мұны білу сені қандай сезімге бөлейді?

КИЕЛІ РУХТЫҢ жетелеуімен жазылған Киелі кітапта: “Құдай — сүйіспеншілік”,— делінген (Жох. 1-х. 4:8). Сүйіспеншілік — Құдайдың тамаша қасиеттерінің бірі ғана емес, ең басты қасиеті. Ехобаның бойында сүйіспеншілік бар деп айту жеткіліксіз, өйткені оның өзі — сүйіспеншілік. Әлемді және сондағының бәрін жаратқан Тұлғаның сүйіспеншіліктің Құдайы екенін білу неткен ғанибет! Оның барлық ісіне сүйіспеншілік қозғау салады.

2. Құдайдың сүйіспеншілігі бізге қандай сенімділік береді? (Осы беттегі суретті қара.)

2 Ехоба өз жаратылыстарына жылы да аяулы сезіммен қарайды. Құдайдың бізге деген сүйіспеншілігі оның адамзатқа қатысты ниетін ең жақсы жолмен жүзеге асыратынына сенімділік береді. Оған мойынсұнатын адамдарды жарқын болашақ күтіп тұр. Мысалы, сүйіспеншіліктің Құдайы Ехоба “бүкіл жержүзін әділдікпен соттайтын күнді белгілеп, сотты жүргізетін кісіні [яғни Иса Мәсіхті] тағайындап қойды” (Ел. іс. 17:31). Осы соттың міндетті түрде болатынына біз сенімдіміз. Бұл әділ сот мойынсұнғыш адамдарға мәңгілікке ұласатын рақат өмірге есік ашады.

ТАРИХ НЕНІ ДӘЛЕЛДЕДІ?

3. Құдай адамдарға сүйіспеншілік танытпағанда, олардың болашағы қандай болар еді?

3 Құдай адамдарға сүйіспеншілік танытпағанда, олардың болашағы қандай болар еді? Мұны түсіну үшін осы дүниенің сұр тарихына үңілудің өзі жеткілікті. Сүйіспеншіліктен жұрдай әрі ашулы Шайтанның ықпалымен адамдар бір-бірінің үстінен билік етуде (Қор. 2-х. 4:4; Жох. 1-х. 5:19; Аян 12:9, 12 оқы). Құдайдың адамзатқа деген сүйіспеншілігі болмағанда, тіршілік атаулының болашағы қорқынышты болар еді.

4. Неге Ехоба өзінің әділ билігіне қарсы бүліктің шығуына жол берді?

4 Ібіліс Ехобаның билігіне қарсы бүлік шығарып қана қоймай, алғашқы адам жұбының да солай етуіне түрткі болды. Ол Құдайдың бүкіләлемдік билігінің заңды әрі әділ екеніне шек келтірді. Сайып келгенде, ол Құдайға қарағанда жақсырақ билік етемін дегенге меңзеді (Мұс. 1-ж. 3:1—5). Ехоба Шайтанға сөздерінің растығын дәлелдеу үшін қысқа уақытқа мұрсат берді. Бұл уақыт шексіз дана Ехобадан артық ешкім билік ете алмайтынын анық көрсету үшін жеткілікті еді. Шынында да, адамзаттың аянышты тарихы адамдардың да, Шайтанның да жақсы билеуші бола алмайтынын аян етеді.

5. Тарих беттерінен не нәрсе айқын көрінеді?

5 Соңғы 100 жылдың ішінде 100 миллионнан аса адам соғыста қаза тапты. Қазір дүние құлдыраған үстіне құлдырауда. Өйткені Құдай Сөзінде соңғы күндері “зұлымдар мен алаяқтар бұрынғыдан бетер жамандық жасайтыны” алдын ала айтылған (Тім. 2-х. 3:1, 13). Тарих беттеріне қарасақ, Киелі кітаптағы келесі сөздердің растығына титтей де күмән қалмайды: “Уа, Ехоба, пенденің өмір жолы өз билігінде емес екенін білемін. Адам тіпті өз қадамына бағыт бере алмайды” (Ерм. 10:23). Ехоба адамдарды жаратқанда, оларға өзінің басшылығынсыз билік етуге қабілет те, құқық та бермеген.

6. Зұлымдыққа уақытша жол беруімен Құдай тағы қандай мақсатты көздеді?

6 Зұлымдыққа уақытша жол беруімен Ехоба адами биліктің қаншалықты бос әурешілік екенін дәлелдеумен қатар, тағы бір мақсатты көздеді. Ол өзінің ғана билігі табысты болатынын дәлелдеп отыр. Ехоба зұлымдық атаулыны жойғаннан кейін, біреу-міреу оның сүйіспеншілікпен билік етуіне қайтадан шек келтірсе, мұны шешу үшін Құдай тағы да уақыт беріп жатпайды. Ол адамзат тарихын негізге ала отырып, бүлікшілерді бірден жойып жібереді. Сөйтіп, зұлымдықтың болуына содан кейін жол бермейді.

ЕХОБА ӨЗ СҮЙІСПЕНШІЛІГІН ҚАЛАЙ ПАШ ЕТТІ?

7, 8. Ехоба өзінің зор сүйіспеншілігін қандай жолмен көрсетіп отыр?

7 Ехоба өзінің зор сүйіспеншілігін көптеген жолмен көрсетіп отыр. Мысалы, ұлан-ғайыр ғаламды алайық. Онда миллиардтаған галактика бар, оның әрқайсысында көптеген миллиард жұлдыздар мен ғаламшарлар бар. Біздің Құсжолы галактикамыздағы жұлдыздардың бірі — Күн. Күн болмаса, жер бетінде тіршілік атаулы болмас еді. Осы жаратылыстардың бәрі Ехобаның құдайлық болмысын және оның күш, даналық, сүйіспеншілік сияқты қасиеттерін паш етеді. Шынында да, Құдайдың “көзге көрінбейтін қасиеттері — мәңгілік күші мен құдайлық болмысы — дүние жаратылғаннан бері айқын. Бұларды оның жаратылыстарынан көріп, түсінуге болады” (Рим. 1:20).

8 Жерді Ехоба тіршілік үшін жаратқан. Ондағының бәрі адамдар мен жануарлардың игілігі үшін жаратылған. Ехоба адамдар үшін пейіш бағын жасап, оларға мәңгі өмір сүруге мүмкіндік беретін ақыл-ой мен дене сыйлады (Аян 4:11 оқы). Бұған қоса, “ол тіршілік иелерінің бәрін тамақтандырады, өйткені оның айнымас сүйіспеншілігі мәңгі” (Зәб. 136:25).

9. Ехоба сүйіспеншіліктің Құдайы болғанмен, нені жек көреді?

9 Ехоба сүйіспеншіліктің Құдайы болғанымен, жамандықты жек көреді. Мысалы, Зәбүр 5:4—6 тармақтарда Ехоба жайлы былай делінген: “Сен зұлымдықты жаратпайтын Құдайсың... Зұлымдық жасаушылардың бәрін жек көресің”. Сондай-ақ онда “Ехобаға қатыгездер мен өтірікшілер жеккөрінішті” деген сөздер де бар.

ЖУЫРДА ЗҰЛЫМДЫҚТЫҢ ТҮБІНЕ БАЛТА ШАБЫЛАДЫ

10, 11. а) Ехоба зұлымдармен не істейді? ә) Ехоба әділдерді қалай жарылқайды?

10 Ехоба сүйіспеншіліктің Құдайы болғандықтан әрі зұлымдықты жек көретіндіктен, билікке қатысты дау шешілген кезде бүкіл ғаламнан зұлымдықты аластатпақ. Құдай Сөзінде келесідей уәде жазылған: “Зұлымдар құрып кетеді, ал Ехобаға үміт артатындар жерді мұра етеді. Көп ұзамай зұлымдар жоқ болады... Ехобаның жаулары жайлаудың шүйгін шөбіндей солады, түтіндей лезде ғайып болады” (Зәб. 37:9, 10, 20).

11 Құдай Сөзінде мынадай да уәде бар: “Әділдер жерді мұра етеді, онда мәңгі бақи өмір сүреді” (Зәб. 37:29). Әділ жандар “керемет тыныштық орнағанын көріп, шаттыққа кенеледі” (Зәб. 37:11). Бұл уәде сөзсіз орындалады, өйткені сүйіспеншілігі мол Құдайымыз не істесе де, бәрін адал қызметшілерінің игілігі үшін істейді. Киелі кітапта былай делінген: “Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды” (Аян 21:4). Бұл — Ехобаның сүйіспеншілігін жоғары бағалайтын әрі оны Билеуші деп мойындайтындар үшін неткен ғажап болашақ!

12. “Кіршіксіз жан” деп қандай адамды айтамыз?

12 Ехобаның Сөзінде: “Кіршіксіз жанды бақыла, әділден көз жазба, себебі мұндай адамды алда тыныштық күтіп тұр. Ал заңсыздық жасаушылар түгелдей жойылады, зұлымдардың болашағына балта шабылады”,— делінген (Зәб. 37:37, 38). “Кіршіксіз жан” деп Ехоба мен Иса жайлы біліп, мойынсұнушылықпен Құдайдың еркін орындайтын адамды айтады (Жохан 17:3 оқы). Мұндай адам Жоханның 1-хаты 2:17-де жазылған келесі сөздерге сенеді: “Осы дүние мен оның қалауы өтеді де кетеді, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”. Олай болса, дүниенің соңы жақындап қалғандықтан, “Ехобаға үміт артып, оның жолымен жүру” аса маңызды (Зәб. 37:34).

ҚҰДАЙ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНІҢ ЕҢ КЕРЕМЕТ КӨРІНІСІ

13. Ехоба күнәкар адамдарға сүйіспеншілігін қалай танытты?

13 Кемелсіз болғанымызға қарамастан біз Ехобаның жолымен жүре аламыз. Сондай-ақ керемет түрде сүйіспеншілігін көрсеткенінің арқасында біз онымен жеке қарым-қатынаста бола аламыз. Ол Иса Мәсіхті біз үшін төлем құрбандығы ретінде берді. Соның арқасында мойынсұнғыш адамдарға Адам атадан берілген күнә мен өлімнен азат етілуге мүмкіндік туды (Римдіктерге 5:12; 6:23 оқы). Ехоба көкте сансыз жылдар өзіне адал болған жалғыз Ұлының жерде де адал болып қалатынына сенімді болды. Адамдар Исаға жәбір көрсетіп жатқанын көргенде, сүйіспеншілігі мол Ехоба Әкенің жаны ауырғанында дау жоқ. Алайда Иса Құдайдың бүкіләлемдік билігін адалдықпен қолдап, кемелді адамның тіпті ең қиын шақтарда да мінсіздік сақтай алатынын көрсетті.

Құдай сүйіспеншілікпен өз Ұлын жерге жіберді (13-абзацты қара)

14, 15. Исаның өлімінің арқасында не мүмкін болды?

14 Иса ең ауыр сынақтан өтсе де, өле-өлгенше мінсіздігін сақтап, Құдайдың бүкіләлемдік билігін қолдады. Сондай-ақ ол адамзатқа Құдайдың уәде еткен жаңа дүниесінде мәңгі өмір сүруге жол ашу үшін, өмірін қиып төлем құнын берді. Бұл үшін Исаға қаншалықты ризамыз десеңші! Елші Пауыл Ехоба мен Исаның танытқан осы бір ерекше сүйіспеншілігі жайлы былай деді: “Біз әлі де күнәкар болып жүргенде, белгіленген уақытта Мәсіх күнәкарлар үшін өмірін қиды. Әділ адам үшін біреудің өз өмірін құрбан етуі екіталай, ал ізгі адам үшін өмірін қиятын біреу табылатын шығар. Құдай болса бізге сүйіспеншілік танытты, өйткені әлі де күнәкар болып жүрген біздер үшін Мәсіх өмірін қиды” (Рим. 5:6—8). Ал елші Жохан болса былай деп жазды: “Құдай бізге деген сүйіспеншілігін былай көрсетті: жалғыз Ұлын осы дүниеге жіберді. Осылайша сол арқылы өмірге ие болуымызға жол ашты. Бұл сүйіспеншіліктің мәні мынада: Құдайды сүйген біз емес, қайта, ол бізді сүйді, сондықтан күнәларымыз үшін Ұлын өзімен татуластыратын құрбандық ретінде жіберді” (Жох. 1-х. 4:9, 10).

15 Құдайдың адамзатқа деген сүйіспеншілігі жөнінде Иса былай деген: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті. Енді оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады” (Жох. 3:16). Құдайдың адамзатқа деген сүйіспеншілігінің күшті болғаны сонша — өзіне қымбатқа түссе де, олар үшін ең жақсысын аямайды. Оның сүйіспеншілігі мәңгілік. Пауыл бұған қатысты былай деген: “Мен мынаған нық сенемін: өлім де, өмір де, періштелер де, үкімет те, қазіргі не болашақтағы нәрселер де, ешбір күш те, биіктік те, тереңдік те, ешқандай жаратылыс та бізді Құдайдың Иеміз Мәсіх Иса арқылы танытып отырған сүйіспеншілігінен айыра алмайды!” (Рим. 8:38, 39).

ПАТШАЛЫҚ БИЛІК ЕТУДЕ

16. Патшалық деген не және Ехоба оны кімнің қолына тапсырды?

16 Патшалық, яғни Құдай орнатқан үкімет те — оның адамзатқа деген сүйіспеншілігінің көрінісі. Ехоба бұл үкіметті адамзатты жақсы көретін әрі жақсы билік етуге қабілетті Ұлының қолына тапсырған (Нақ. с. 8:31). Құдай көкте Мәсіхпен бірге билік ету үшін 144 000 адамды таңдаған. Көкке қайта тірілгенде, олар адами тәжірибелерін адамдардың игілігі үшін қолданады (Аян 14:1). Исаның уағызының басты тақырыбы Патшалық болған, әрі ол шәкірттеріне былай деп дұға етуді үйреткен: “Көктегі Әкеміз, сенің есімің киелі тұтылсын! Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!” (Мат. 6:9, 10). Осы іспетті дұғаларда айтылған сөздер орындалғанда, мойынсұнғыш адамдар зор баталарға кенеледі!

17. Исаның билігі мен күнәкар адамдардың билігінің арасында қандай айырмашылық бар?

17 Исаның билігі мен адам баласының билігінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей! Адами билеушілер миллиондаған адамның өмірін жалмаған соғыстар жүргізіп келді. Ал Иса болса қол астындағы азаматтарының шын жүректен қамын жейді, сондай-ақ Құдайдың тамаша қасиеттеріне, әсіресе сүйіспеншілігіне еліктейді (Аян 7:10, 16, 17). Иса былай деген: “Бейнет шеккендер мен еңселерін ауыр жүк басқандар, барлығың да маған келіңдер, мен жандарыңды сергітемін. Мойынтұрығымды алып, менен үйреніңдер, өйткені мен жұмсақ әрі кішіпейілмін. Сонда жандарың сергиді. Себебі мойынтұрығым ыңғайлы, жүгім жеңіл” (Мат. 11:28—30). Сүйіспеншілікке толы неткен керемет уәде!

18. а) Құдай Патшалығы орнағалы бері не істелініп жатыр? ә) Келесі мақалада не жөнінде сөз қозғалады?

18 Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар Құдайдың көктегі Патшалығы 1914 жылы билік ете бастағанын көрсетеді. Содан бері Исамен бірге көкте билік етушілердің тамтығы және осы дүние жойылғанда аман қалып, жаңа дүниеге өтетін “ұлы жамағат” жиналуда (Аян 7:9, 13, 14). Бүгінде “ұлы жамағат” қаншалықты үлкен? Олардан Құдай нені талап етеді? Келесі мақалада осы жөнінде сөз қозғалады.