Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүйесің” бе?

“Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүйесің” бе?

“Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй” (МАТ. 22:39).

ӘНДЕР: 25, 36

1, 2. Сүйіспеншіліктің маңызды екені Жазбалардан қалай көрінеді?

СҮЙІСПЕНШІЛІК — Ехоба Құдайдың ең басты қасиеті (Жох. 1-х. 4:16). Оның алғашқы жаратылысы Иса Әкесімен бірге көптеген ғасырлар бойы көкте болғанда, Ехобаның сүйіспеншілігі мол Құдай екенін көрді (Қол. 1:15). Иса бүкіл өмірінде — көкте де, жерде де — дәл сондай сүйіспеншілік танытты. Сондықтан Ехоба мен Иса әрқашан сүйіспеншілікпен билік ететініне сенімді бола аламыз.

2 Мұса Заңындағы ең басты заң қайсысы деп сұраған кісіге Иса: “Ехоба Құдайыңды бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” Бірінші әрі ең басты заң — осы. Екіншісі де соған ұқсайды: “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй”,— деп жауап берді (Мат. 22:37—39).

3. Біз кімді сүюіміз керек?

3 Байқасаң, Ехобаны сүюді айтқан соң, Иса өзге адамды сүю керектігіне назар аударған. Бұдан барлық адаммен қарым-қатынасымызда сүйіспеншілік танытудың маңызды екенін көреміз. Бірақ Иса бізге “өзге адамды сүй” дегенде кімді айтқан? Егер отбасымыз болса, ол — жұбайымыз, сондай-ақ Құдайға иық тіресе қызмет етіп жүрген қауымдағы бауырластарымыз және қызметте кездестіретін адамдарымыз. Бұл мақалада өзгені сүйетінімізді қалай көрсете алатынымызды қарастырамыз.

ЖАН ЖАРЫҢДЫ СҮЙ

4. Кемелсіздікке қарамастан неге отбасы баянды бола алады?

4 Ехоба Адам ата мен Хауа ананың басын қосып, алғашқы некені құрды. Олардың бақытты болып, бірліктері жарасып, жер бетін ұрпақтарымен толтырғандарын қалады (Мұс. 1-ж. 1:27, 28). Алайда олар Ехобаның бүкіләлемдік билігіне қарсы шыққандықтан, некелері ойран болып, адамзатты күнә мен өлімге душар етті (Рим. 5:12). Соған қарамастан бүгінде баянды некеге қол жеткізуге болады. Жазбаларда некеге бастау берген Ехоба Құдайдың күйеулер мен әйелдерге айтқан керемет кеңестері бар (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17 оқы).

5. Отбасында сүйіспеншіліктің алар орны қандай?

5 Құдай Сөзінен көрінетіндей, адамдар бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болу үшін сүйіспеншіліктің, яғни жылы да аяулы сезімнің, алар орны ерекше. Бұл әсіресе некелік өмірде маңызды. Шынайы сүйіспеншілікті суреттеп, елші Пауыл былай деген: “Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді; сүйіспеншілік қызғанбайды, мақтанбайды, менменсінбейді; ол әдепсіз емес, өзімшіл де, ашушаң да емес, кек те сақтамайды; сүйіспеншілік әділетсіздікке емес, шындыққа қуанады; ол бәріне төзеді, бәріне сенеді, еш үмітін үзбейді, бәріне төтеп береді. Сүйіспеншілік еш сарқылмайды” (Қор. 1-х. 13:4—8). Осы сөздер туралы ой жүгіртіп, тұрмыста қолдансақ, некелік өмірде бақытты боламыз.

Құдай Сөзінде баянды некеге қалай қол жеткізуге болатыны айтылады (6, 7-абзацтарды қара)

6, 7. а)Киелі кітапта қандай басшылық принципі берілген? ә) Мәсіхші күйеу әйеліне қалай қарау керек?

6 Құдай отбасында басшылық принципін орнатқан, әрі ол сүйіспеншілікпен орындалу керек. Пауыл былай деген: “Енді мынаны да білгендеріңді қалаймын: әрбір еркектің басы — Мәсіх, әйелдің басы — еркек, ал Мәсіхтің басы — Құдай” (Қор. 1-х. 11:3). Бірақ күйеулер өктемдікпен емес, сүйіспеншілікпен басшылық етулері қажет. Мысалы, Ехоба Исаға өз басшылығын мейіріммен әрі риясыз түрде жүргізеді, сондықтан Иса оған қуана бағынады. Ол Құдайдың сүйіспеншілікпен жүргізген билігін құрметтейді, себебі: “Әкемді жақсы көремін”,— деген (Жох. 14:31). Егер Ехоба жалғыз Ұлына қатаң әрі өктемдікпен билік еткенде, Исаның бұл сөздерді айтуы екіталай еді.

7 Күйеуі әйелінің басы болса да, Киелі кітапта ол әйеліне “құрмет көрсету” керектігі айтылған (Пет. 1-х. 3:7). Мұның бір жолы — ол әйелінің қажеттіліктерін ескеріп, кей мәселеде оның бірінші болып таңдау жасауына жол береді. Құдай Сөзінде: “Күйеулер, әрдайым әйелдеріңді сүйіңдер. Мәсіх те қауымды сүйді, әрі сол үшін өмірін қиды”,— делінген (Ефес. 5:25). Иә, Иса ізбасарлары үшін тіпті жанын пида етті. Күйеулер Исаға еліктеп, сүйіспеншілікпен басшылық етсе, әйелдеріне оларды сүйіп, құрметтеу және мойынсұну әлдеқайда оңай болады (Титке 2:3—5 оқы).

БАУЫРЛАСТАРДЫ СҮЙ

8. Бауырластарға қалай қарауымыз керек?

8 Жер бетінде миллиондаған адам Ехобаға ғибадат етіп, оның есімі мен ниеті туралы куәлік етіп жүр. Осындай бауырластарға қалай қарауымыз керек? Құдай Сөзінде: “Бәріне, әсіресе сенімі бір бауырластарға, жақсылық жасай берейік”,— делінген (Ғал. 6:10; Римдіктерге 12:10 оқы). Елші Петір былай деп жазды: “Шындыққа мойынсұнып өздеріңді тазартқандықтан, бауырластарға деген шынайы сүйіспеншілікке ие болдыңдар. Сондықтан енді бір-біріңді барынша жақсы көріңдер”. Сондай-ақ ол бауырластарды: “Бәрінен бұрын, бір-біріңді барынша сүйіңдер”,— деп шақырды (Пет. 1-х. 1:22; 4:8).

9, 10. Ненің арқасында Құдай халқы бірлігі жарасқан халық?

9 Бауырластарды шын жүректен сүйетіндіктен, біз теңдесі жоқ дүниежүзілік ұйымды құраймыз. Оның үстіне, біз Ехобаны сүйіп, оның заңдарына бағынатындықтан, ол бізді әлемдегі ең құдіретті күші — киелі рухымен қолдап-қуаттайды. Соның арқасында бірлігі жарасқан халықаралық бауырластығымыз бар (Жоханның 1-хаты 4:20, 21 оқы).

10 Елші Пауыл бауырластардың арасында сүйіспеншілік болу керектігіне назар аударып былай деген: “Жанашырлық, мейірімділік, кішіпейілділік, жұмсақтық, шыдамдылық сияқты қасиеттерге бөленіңдер. Егер әлдекімнің біреуге ренжуге себебі болса да, өзара төзімді болып, бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер. Ехобаның өздеріңді кеңпейілмен кешіргеніндей, сендер де солай етіңдер. Бұған қоса, сүйіспеншілікке бөленіңдер, өйткені ол адамдарды толықтай біріктіреді” (Қол. 3:12—14). Қандай ортадан не ұлттан шыққанымызға қарамастан, арамызда “адамдарды толықтай біріктіретін” сүйіспеншіліктің үстем болғаны қандай тамаша!

11. Құдайдың халқын қалай тануға болады?

11 Ехобаның қызметшілерінің арасындағы нағыз сүйіспеншілік пен бірлік олардың шынайы дінді ұстанатынын көрсетеді. Себебі Иса: “Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жох. 13:34, 35). Ал елші Жохан болса былай деп жазған: “Құдайдың балалары мен Ібілістің балаларын мынадан білуге болады: әділ әрекет етпейтін кісі де, бауырласын сүймейтін кісі де Құдайдан емес. Себебі сендер бастапқыда естіген хабар мынау: біз бір-бірімізді сүюге тиіспіз” (Жох. 1-х. 3:10, 11). Расында да, сүйіспеншілік пен ерекше бірлік Ехоба куәгерлері Мәсіхтің шынайы ізбасарлары екенін паш етеді. Бұл Құдайдың оларды Патшалық жайлы ізгі хабарды тарату үшін қолданып отырғанын дәлелдейді (Мат. 24:14).

“ҰЛЫ ЖАМАҒАТТЫ” ЖИНАУ

12, 13. “Ұлы жамағат” не істеуде және жақында оларды не күтіп тұр?

12 Ехобаның қызметшілерінің басым көпшілігі “әрбір ұлттан, рудан, халықтан және тілден шыққан... ұлы жамағатты” құрайды. “Олар тақ пен Тоқтының [яғни Құдай мен Иса Мәсіхтің] алдында” тұр. Бұлар кімдер? “Бұлар зор алапаттан өткендер. Олар шапандарын Тоқтының қанына жуып ағартты”, яғни Исаның төлем құрбандығына сенім білдірді. Күн санап өсіп жатқан “ұлы жамағат” Ехоба мен оның Ұлын сүйгендіктен, Құдайға “күні-түні қасиетті қызмет атқаруда” (Аян 7:9, 14, 15).

13 Жақында Құдай “зор алапат” кезінде зұлым дүниені жояды (Мат. 24:21; Еремия 25:32, 33 оқы). Ехоба өз қызметшілерін жақсы көреді, сол себептен оларды топ ретінде аман алып қалып, жаңа дүниеге жетелейді. Осыдан 2000 жыл бұрын айтылып кеткендей, “Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” (Аян 21:4). “Бұрынғы жайттар құрып жоқ болғаннан” кейін орнайтын жұмақта өмір сүруді аңсайсың ба?

14. Ұлы жамағат қаншалықты үлкен?

14 1914 жылы соңғы күндер басталғанда, жер бетінде Ехобаның қызметшілері бірнеше мың ғана еді. Өзгелерді жақсы көргендіктен және Құдай рухының көмегімен майланғандардың сол бір шағын тамтығы Патшалық туралы хабарды қиындықтарға қарамастан уағыздады. Соның арқасында бүгінде жер бетінде өмір сүруге үміттенетін ұлы жамағат жиналып жатыр. Біздің қатарымыз дүниежүзі бойынша 115 400 қауымды құрайтын 8 000 000-ға жуық Ехоба куәгерінен тұрады. Өсім әлі жалғасуда. Мысалы, 2014 қызмет жылында 275 500-ден астам адам шомылдыру рәсімінен өтті. Басқаша айтқанда, апта сайын орта есеппен 5300 адам Ехобаға өмірін бағыштады.

15. Уағыз ісі қандай көлемде жүріп жатыр?

15 Уағыздау ісі өте ауқымды көлемде жүріп жатыр. Бүгінде Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер 700-ден аса тілде басылуда. “Күзет мұнарасы” — дүниежүзі бойынша ең кең таратылатын журнал. Ай сайын бұл журналдың 247 тілде 52 000 000-нан астам данасы басып шығарылады. Киелі кітапты зерттеуге арналған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының 200 000 000-нан астам данасы 250-ден аса тілде жарық көрді.

16. Ехобаның жердегі ұйымы ненің арқасында өркендеп жатыр?

16 Бүгінде ұйымымыздың өркендеуі Құдайға деген сеніміміздің және Киелі кітапты рухтың жетелеуімен жазылған кітап деп мойындағанымыздың нәтижесінде болып отыр (Сал. 1-х. 2:13). “Осы дүниенің құдайы” Шайтанның қарсылығы мен жеккөрушілігіне қарамастан, Құдай халқының рухани өркендеуі — әсіресе таңғаларлық жайт (Қор. 2-х. 4:4).

ӨЗГЕЛЕРДІ ҰДАЙЫ СҮЙ

17, 18. Шынайы Құдайға ғибадат етпейтіндерге қандай көзқарас танытуымыз керек?

17 Шынайы Құдайға ғибадат етпейтін адамдарға Ехобаның қызметшілері қандай көзқарас танытулары керек? Уағыз қызметінде біз неше түрлі адамдарды кездестіреміз: бірі тыңдаса, өзгесі қарсылық білдіріп жатады. Адамдар хабарымызды қалай қабылдамасын, біз Құдай Сөзінде айтылған талаптарға сай әрекет етуіміз керек. Онда: “Сөздерің әрқашан жағымды да дәмді болсын. Сонда әркімге қалай жауап беру керектігін білесіңдер”,— делінген (Қол. 4:6). Біз өзгені сүйеміз, сондықтан “үмітімізді түсіндіріп беруді талап еткен кез келген адамға... жұмсақтықпен әрі зор құрметпен” жауап береміз (Пет. 1-х. 3:15).

18 Тіпті үй иесі хабарымызды тыңдамай, ашуланып, ұрсып берген күнде де, өзгелерге сүйіспеншілік таныта береміз. Бұл жағынан біз Исаға еліктейміз. “Ол жұрт өзіне тіл тигізгенде, оларды ғайбаттамады; азап шеккенде, жәбірлеушілерін қорқытпады, қайта, өзін әділ Соттаушыға [Ехобаға] сеніп тапсырды” (Пет. 1-х. 2:23). Бауырластармен және өзгелермен қарым-қатынасымызда кішіпейілділік танытып, келесі кеңеске құлақ асамыз: “Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар, тіл тигізгендерді ғайбаттамаңдар, қайта, ақ батамен жауап беріңдер” (Пет. 1-х. 3:8, 9).

19. Жауларымызға қатысты Иса қандай принцип берді?

19 Кішіпейілділік бізге Иса берген маңызды принципті ұстануға көмектеседі. Таудағы уағызында ол былай деген: “Сендер “бауырласыңды сүй, жауыңды жек көр” дегенді естігенсіңдер. Ал мен сендерге былай деймін: жауларыңды ұдайы жақсы көріңдер және өздеріңді қудалағандар үшін дұға ете беріңдер. Осылайша көктегі Әкелеріңнің балалары боласыңдар, себебі ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін төккізіп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбыр жаудырады” (Мат. 5:43—45). Иә, жауларымыз бізге қалай қарамасын, оларды жақсы көруді үйренуіміз керек.

20. Неліктен болашақта Құдайға және өзгеге деген сүйіспеншіліктің мерейі үстем болады? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

20 Өміріміздің барлық саласында біз Ехоба мен өзге адамдарды сүйетінімізді көзқарасымызбен және іс-әрекетімізбен көрсетуіміз керек. Мысалы, адам Патшалық туралы хабарға қарсылық білдірсе де, қажет кезде оларға қол ұшын беруіміз қажет. Елші Пауыл былай деп жазды: “Өзара сүйіспеншіліктен басқа ешкімге ештеңе қарыз болмаңдар. Себебі адамның өзгені сүйгені — заңды орындағаны. Өйткені Заңдағы “Неке адалдығын бұзба! Кісі өлтірме! Ұрлық жасама! Сұқтанба!” деген және тағы басқа заңдар былай деп тұжырымдалған: “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй”. Өзгені сүйетін адам оған жамандық істемейді. Сондықтан сүйіспеншілік таныту — заңды орындау” (Рим. 13:8—10). Шайтанның қол астындағы ауызбіршіліктен жұрдай, зұлым да қатыгез дүниеде Ехоба куәгерлері ретінде біз өзгелерді шын көңілден сүюіміз керек (Жох. 1-х. 5:19). Расында да, Ехоба Шайтан мен оның жын-перілерін және осы сұм дүниені жойғанда, бүкіл жер бетінде сүйіспеншіліктің мерейі үстем болады. Құдай мен өзге адамдарды сүйетіндер үшін бұл неткен керемет бата!