Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Патшалықтың қол астында өткен 100 жыл!

Патшалықтың қол астында өткен 100 жыл!

“Тыныштықтың Құдайы өз еркін орындауларың үшін бар жақсымен жабдықтасын” (ЕВР. 13:20, 21).

ӘНДЕР: 136, 14

1. Уағыз ісі Иса үшін қаншалықты маңызды болған? Түсіндір.

ИСА Құдай Патшалығы туралы айтуды өте жақсы көрген. Киелі кітаптан көрінетіндей, ол басқа тақырыптарға қарағанда, Патшалық жайлы көбірек айтқан. Ол қызметі барысында Патшалық туралы 100-ден астам рет сөз қозғаған. Шынында да, Патшалық Исаның жан жүрегіне сондай жақын болған (Матай 12:34 оқы).

2. Матай 28:19, 20-дағы нұсқауды қанша адам естіді және неге мұндай тұжырым жасауға болады? (Сілтемені де қара.)

2 Иса қайта тірілген соң көп ұзамай 500-ден аса Патшалықтың болашақ жариялаушыларына көрінді (Қор. 1-х. 15:6). Ол Патшалық жайлы хабарды “барлық халықтарға” уағыздау туралы нұсқауын сол кезде айтқанға ұқсайды *. Бұл іс оңайға соғайын деп тұрған жоқ еді! Иса алдын ала айтып кеткен уағыз ісі “осы заман аяқталғанша” жалғасу керек-тін, бұл солай болып жатыр да. Ізгі хабарды таратуға атсалысып жүрген болсаң, сен де осы пайғамбарлықтың орындалуына үлес қосудасың (Мат. 28:19, 20).

3. Уағыздау тапсырмасын орындау үшін қандай үш нәрсемен жабдықталғанбыз?

3 Уағыздау жайлы нұсқау берген соң, Иса: “Сендермен біргемін”,— деп шәкірттерін сендірді (Мат. 28:20). Демек, өте ауқымды осы уағыз ісі Исаның жетекшілігімен жүзеге аспақ еді. Ехоба Құдайымыз осы тапсырманы орындау үшін бізді “бар жақсымен жабдықтап” отыр (Евр. 13:20, 21). Бұл мақалада сол жақсы нәрселердің үшеуін қарастырамыз: 1) қолданып жатқан құралдарымыз; 2) қолданып жүрген тәсілдеріміз; 3) алып жатқан тәлімдеріміз. Алдымен, соңғы 100 жылда қолданып келген кейбір құралдарымызға тоқталайық.

УАҒЫЗ ІСІНДЕГІ ҚҰРАЛДАР

4. Неге біз уағыз ісінде әртүрлі құралды пайдаланамыз?

4 Иса “Патшалық туралы сөзді” әртүрлі топыраққа түскен тұқыммен салыстырған (Мат. 13:18, 19). Мысалы, диқаншы жерді дайындау үшін әртүрлі құрал-сайманды қолданады. Тап солай, Патшалық туралы хабарды қабыл алуға миллиондаған адамның жүрегін дайындау үшін, Патшамыз бізді де жылдар бойы әртүрлі құралмен жабдықтап келеді. Кейбір құралдар бірнеше жыл ғана пайдаланылған болса, өзгелері әлі күнге дейін қолданыста. Алайда олардың бәрі де уағыздау шеберлігімізді шыңдай түсуге көмектеседі.

5. Куәлік беру парақшасы деген не және ол қалай қолданылған?

5 Мысалы, 1933 жылы жариялаушылар куәлік беру парақшасын қолдана бастады. Бұл құрал олардың көбісіне уағызда адамдармен әңгіме бастауға көмектесті. Куәлік беру парақшасының көлемі шамамен 8х13 см болған, әрі онда Киелі кітапқа негізделген қысқа мәлімет жазылған. Арагідік жаңа мәлімет жазылған жаңа парақшалар шығып тұратын. Оны ұсыну оп-оңай еді! Эрленмейер бауырлас қызметтің осы түріне алғаш рет қатысқанда, шамамен 10 жаста болған. Ол былай деді: “Сол кезде үнемі қолданатын ұсынысымыз мынау еді: “Мына мәліметті оқып жібересіз бе?” Үй иесі оқып шыққан соң, оған әдебиетті ұсынып, жөнімізге кете беретінбіз”.

6. Куәлік беру парақшасы қай жағынан пайдалы болды?

6 Куәлік беру парақшасы көп жағынан пайдалы болды. Мәселен, кейбір жариялаушылар ұялшақ еді. Олар уағызға шығуды қатты қалағанмен, не айтарын білмей сасып қалатын. Өзгелері болса, керісінше, көп сөйлейтін. Олар бірер минуттың ішінде үй иесіне бар білетіндерін айтып қалуға тырысатын, кейде тіпті ілтипатты болуды ұмытып кететін! Ал куәлік беру парақшасы болса жариялаушының орнына қысқа да нұсқа “сөйлейтін”.

7. Куәлік беру парақшасымен уағыздағанда, кейбіреулер қандай қиындыққа кезікті?

7 Әрине, қиындықсыз болмады. Грейс Истеп деген бауырлас былай деді: “Кейде жұрт бізге: — Онда не жазылған? Ауызша-ақ айта салмайсыңдар ма?— дейтін”. Ал кейбіреулер куәлік беру парақшасындағы мәліметті оқи алмайтын. Тағы біреулері парақшаны алып, үйлеріне кіріп кететін. Ал қатты қарсылық білдірген кісілер оны қолымыздан алып, жыртып-жыртып тастайтын. Алайда бауырластар еш нәрсеге қарамастан, куәлік беру парақшасымен уағыздап, Патшалықтың жариялаушылары ретінде танылып жатты.

8. Портативті патефон қалай қолданылды? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

8 1930 жылдары және 1940 жылдардың басында қолданылған тағы бір құрал — портативті патефон еді. Кейбір бауырластар оны “Харон” деп атайтын, өйткені олардың орнына көбінесе сол құрылғы сөйлейтін (Мұсаның 2-жазбасы 4:14—16 оқы). Үй иесі рұқсат етсе, жариялаушы шамамен 4 жарым минуттық Киелі кітапқа негізделген баяндаманы тыңдатып, артынан әдебиет ұсынатын. Кейде баяндаманы тыңдауға бүкіл отбасы болып жиналатын! 1934 жылы Күзет мұнарасы қоғамы қызметте қолдану үшін арнайы портативті патефондар шығара бастады. Ақырында, патефонға арнап әртүрлі тақырыпта жазылған баяндамалар саны 92-ге жетті.

9. Патефонмен уағыздау қаншалықты тиімді болды?

9 Хиллари Гослин деген бір ер кісі әлгі баяндамалардың бірін тыңдаған соң, жариялаушыдан патефонды бір аптаға сұрап алып, көршілеріне де тыңдатқан екен. Нәтижесінде, бірнеше адам шындыққа қызығушылық білдіріп, кейін өмірлерін Ехобаға бағыштаған. Уақыт өте келе Хиллари бауырластың екі қызы да Ғалақат мектебінде оқып, миссионер болды. Куәлік беру парақшасы сияқты, патефон да көп жариялаушыға уағыз ісіне қатысуға көмектесті. Кейінірек, Патшамыз жариялаушыларға уағыздауды Теократиялық қызмет мектебі арқылы үйретті.

УАҒЫЗ ІСІНДЕГІ ТӘСІЛДЕР

10, 11. Киелі кітап шындығын таратуда газеттер мен радио қалай қолданылды және неге бұл тәсілдер тиімді болды?

10 Патшамыздың жетекшілігімен Құдай халқы ізгі хабарды мейлінше көп адамға жеткізу үшін әртүрлі тәсілдерді де қолданды. Бұл әсіресе “жұмысшылар аз” болған кезде пайдалы болды (Матай 9:37 оқы). ХХ ғасырдың басында Ехоба куәгерлері аз жерлерде ізгі хабарды мүмкіндігінше көп адамға тарату үшін газеттер пайдаланылды. Апта сайын Чарлз Тейз Расселл бауырлас өз баяндамаларын ақпарат агенттігіне жіберіп отырды. Ал олар баяндаманы Құрама Штаттар, Канада мен Еуропадағы газет беттеріне шығарып тұрды. 1913 жылға таман Расселл бауырластың баяндамалары 2000 газетте жарық көріп, шамамен 15 000 000 оқырманын тапты!

11 Расселл бауырлас қайтыс болған соң, ізгі хабарды тарату үшін басқа бір тиімді тәсіл қолданылды. 1922 жылы 16 сәуірде Рутерфорд бауырлас радио арқылы өзінің баяндамасын айтқанда, оны 50 000-ға жуық адам тыңдады. Сосын ұйым өз радиостансысын (WBBR) ашып, 1924 жылдың 24 ақпанында алғашқы бағдарламасын жұртқа ұсынды. Осы жаңа тәсілге қатысты 1924 жылдың 1 желтоқсандағы “Күзет мұнарасында”: “Радио — бүгінде шындық хабарын таратуда қаржы жағынан да, тиімділігі жағынан да ең қолайлы тәсіл болып отыр”,— делінді. Газеттер сияқты, радио да Патшалықтың жариялаушылары аз тұратын аймақтарда ізгі хабарды мейлінше көп адамға таратуға көмектесті.

Көптеген жариялаушылар көпшілік орындарында уағыздап, адамдардың назарын jw.org сайтына аударуда (12, 13-абзацты қара)

12. а) Көпшілік орындарының қайсысында уағыздағанды әсіресе ұнатасың? ә) Көпшілік орындарында уағыздауға жүрексінсең, не істеуге болады?

12 Бүгінде ізгі хабарды көпшілік орындарында — аялдамалар, вокзалдар, көлік тұрақтары, алаңдар, дүкендер мен базарларда — уағыздауға көп мән берілуде. Сен қызметтің осы түріне қатысуға жүрексінесің бе? Онда Құдайға дұға етіп көмек сұра және ұзақ уақыт аралаушы бақылаушы болған Анжело Манера бауырластың келесі сөздері жайлы ойланып көр: “Біз қызметтің әрбір жаңа түрін Ехобаға қызмет етудің жаңа жолы, адалдығымызды дәлелдеудің жаңа мүмкіндігі және мінсіздігіміздің сыналуының жаңа түрі деп қарайтынбыз, әрі Ехоба бізге қалай қызмет ет десе, солай қызмет етуге әзір екенімізді көрсеткіміз келетін”. Жүрексінгенімізге қарамай, қызметте жаңа тәсілдерді қолданар болсақ, Ехобаға бұрынғыдан бетер сенім артып, шебер уағыздаушы боламыз (Қорынттықтарға 2-хат 12:9, 10 оқы).

13. Неліктен веб-сайтты қолдану уағыздаудың тиімді тәсілі және сенде сайтымызбен байланысты оқиғалар болған ба?

13 Көптеген жариялаушылар адамдардың назарын jw.org веб-сайтына аударады. Бұл сайтта Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді 700-ден астам тілде оқуға және жүктеп алуға болады. Күн сайын біздің сайтымызға 1,6 миллионнан астам адам кіреді. Ізгі хабарды шалғай аймақтарда таратуда бұрын радио қалай ұтымды қолданылған болса, бүгінде веб-сайтымыз да солай қолданылуда.

ІЗГІ ХАБАРДЫ ЖАРИЯЛАУШЫЛАРҒА ТӘЛІМ БЕРУ

14. Патшалықты жариялаушыларға қандай тәлім қажет еді және бауырластарға жақсы тәлімгер болуға қандай мектеп көмектесті?

14 Біз ізгі хабарды таратуда қолданылған тиімді құралдар мен тәсілдердің кейбірін қарастырдық. Ал алып жатқан тәлімдеріміз жайлы не айтуға болады? Мысалы, кейбір адамдар патефоннан естігендерімен келіспеген. Ал басқалары куәлік беру парақшасын оқып, шындыққа қызығушылық білдірген. Осындай кездері жариялаушыларға қарсылық білдірген адаммен ілтипаттылықпен әңгімені жалғастыруды, сондай-ақ ақжүректі адамдарға қалай тәлім беру керектігін білу қажет еді. Құдай рухының қозғау салуымен Нейтан Норр бауырлас жариялаушыларға уағызда қалай сөйлеуді үйрету керектігін байқады. Содан 1943 жылы қауымдарда алғаш рет Теократиялық қызмет мектебі ұйымдастырылды. Бұл мектеп бауырластарға жақсы тәлімгер болуға көмектесті.

15. а) Теократиялық қызмет мектебінде тапсырмамен шыққанда, кейбіреулер не сезінген? ә) Зәбүр 32:8-дегі Ехобаның уәдесі сенің жағдайыңда қалай орындалды?

15 Бауырластардың көбісіне көпшіліктің алдында сөйлеуді үйрену біраз уақытты қажет етті. 1944 жылы мектептегі алғашқы баяндамасымен шыққан кезі Хулио Рамудың әлі есінде. Оның баяндамасы Киелі кітаптың небәрі бес тармағында сөз етілген Дойық жайлы еді. Хулио өзінің қалай қорыққанын айтып, былай деді: “Қол-аяғым дірілдеп, тістерім сақылдады. Баяндамамды үш минуттың ішінде айтып шықтым. Бұл менің көпшіліктің алдында алғаш сөйлеуім еді. Бірақ мен еш берілмедім”. Қанша қиын болғанына қарамастан, балалар да бұл мектепте тапсырмамен шығып жүрді. Жоғарыда аталып кеткен Анжело Манера орта мектепке енді барған бір баланың алғаш рет тапсырмасын орындағанын есіне алып, былай деді: “Оның уайымдағаны сонша — баяндамасын бастаған кезде ентіге бастады. Қанша ентігіп тұрса да, ол баяндамасын соңына дейін айтып шықты”. Ұялып-қысылғаннан не басқа да себептермен қауым кездесулерінде түсініктеме беруден я тапсырмамен шығудан тартыншақтайсың ба? Мұндай кездері Ехобадан қорқынышыңды жеңуге көмектесуін сұра. Ехоба бұрынғы кезде Теократиялық қызмет мектебінің оқушыларына қалай көмектескен болса, саған да солай көмектеседі (Зәбүр 32:8 оқы).

16. а) Ғалақат мектебінің мақсаты бұрын қандай болған? ә) 2011 жылы қандай өзгеріс болды?

16 Ехобаның ұйымындағы тәлім Теократиялық қызмет мектебімен шектелмеді. Миссионерлер мен басқа да жариялаушылар Ғалақат мектебінің зор пайдасын көрді. Бұл мектептің бір мақсаты — студенттердің бойында ізгі хабарды уағыздауға деген зор ықылас ояту. Ғалақат мектебі 1943 жылы құрылып, содан бері 8 500-ден аса студент тәлім алып шықты. Осы мектепті бітірген миссионерлер 170-тей елге тағайындалды. 2011 жылдан бастап Ғалақат мектебіне арнайы толық уақытты қызметшілер ғана — арнайы ізашарлар, аралаушы бақылаушылар, бетелдіктер мен бұрын Ғалақат мектебінде оқымаған миссионерлер — шақырылатын болды.

17. Ғалақат мектебі қаншалықты тиімді болды?

17 Ғалақат мектебі қаншалықты тиімді болды? Мысалы, 1949 жылдың тамыз айында Жапониядағы жергілікті жариялаушылардың саны 10-ға да жетпейтін. Сол жылдың соңына қарай олардың қатарына Ғалақат мектебінде тәлім алған 13 миссионер қосылды. Қазіргі таңда Жапонияда шамамен 216 000 жариялаушы бар. Олардың 42 пайызға жуығы ізашар болып қызмет етеді!

18. Құдай халқының рухани нығаюына тағы қандай мектептер үлес қосуда?

18 Бұған қоса, бізде Патшалық қызмет мектебі, Ізашарлық қызмет мектебі, Патшалықты жариялаушыларға арналған мектеп, Аудандық бақылаушылар мен олардың әйелдеріне арналған мектеп және Филиал комитетінің мүшелері мен олардың әйелдеріне арналған мектеп бар. Бұл мектептер Құдай халқының рухани нығаюына әрі қызметте жемісті болуына өлшеусіз үлес қосуда. Сөз жоқ, Патшамыз өз халқына тәлім беруін жалғастырып жатыр!

19. Расселл бауырлас уағыз ісіне қатысты нені көре білді және оның айтқаны қалай орындалды?

19 Құдай Патшалығының орнағанына, міне, 100 жылдан асты! Осы уақыт бойы Патшамыз Иса Мәсіх уағыз ісіне жетекшілік етіп келеді. 1916 жылы Чарлз Тейз Расселл қайтыс боларынан көп ұзамай уағыз ісінің кең көлемде тарайтынын көре білді. Ол өзінің досына: “Уағыз ісі үлкен қарқынмен алға басуда, ол алға баса береді де. Өйткені патшалық туралы ізгі хабар бүкіл жер бетіне тарау керек қой”,— деген еді (“Шеруде көрсетілген сенім”, А. Х. Макмиллан, 69-б.). Қалай дәл айтылған сөздер! Біз аса қызықты істі атқара алуымыз үшін “бар жақсымен жабдықтап отырған” тыныштықтың Құдайына дән риза емеспіз бе?!

^ 2-абзац Сол кезде Исаның нұсқауын естігендердің басым көпшілігі кейін мәсіхші болған болса керек. Өйткені Пауыл қорынттықтарға жазған хатында “500-ден аса бауырлас” деген. Тағы бір көңіл қоярлық жайт, ол: “Олардың көбі әлі арамызда, ал кейбірі өлім ұйқысында жатыр”,— деп айтқан. Осыған қарағанда, Пауыл мен бірінші ғасырдағы басқа да мәсіхшілер Исаның нұсқауын өз құлағымен естігендердің көбісін білгенге ұқсайды.