Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | АДАЛДЫҚ — АРДЫҢ ІСІ

Адалдық жақсылыққа жетелейді

Адалдық жақсылыққа жетелейді

“Барлық жағдайда адал жүріп-тұрғымыз келетіндіктен, ар-ұжданымыз таза екеніне сенімдіміз” (Еврейлерге 13:18).

Киелі кітапта кейде “адалдық” деп аударылатын грек сөзі “өте жағымды нәрсеге” нұсқайды. Бұл сөз моральдық жағынан сұлу, тартымды дегенді де білдіреді.

Иса пайғамбардың ізбасарлары Киелі кітаптағы келесі сөздерге ден қояды: “Барлық жағдайда адал жүріп-тұрғымыз келеді”. Бұған не жатады?

ІШКІ КҮРЕС

Кез келген адам күнде таңертең айнаға қарайды. Өйткені барлығы да сырт көрінісінің жақсы болғанын қалайды. Алайда әдемі шаш үлгісі мен сәнді киімнен де маңызды нәрсе бар. Адамның жан дүниесі тартымды болмаса, сырт келбетінің әдемілігінен не пайда?

Құдай Сөзінде адамның бұрыс нәрсе істеуге бейім екені ашық айтылған. Онда: “Адамның жүрегі бала кезден-ақ жамандыққа бейім”,— делінген (Мұсаның 1-жазбасы 8:21). Демек, шыншыл болу үшін пендешілікке тән бейімділіктерімізбен күресуіміз керек. Құдайдың бір қызметшісі осындай бейімділікпен іштей күрескені жайлы былай деген: “Іштей Құдай заңына қуанамын, алайда бойымда басқа бір заңның бар екенін байқаймын. Ол ой-санамдағы заңға қарсы күресіп, мені тәнімдегі күнә заңының тұтқыны етеді” (Римдіктерге 7:22, 23).

Іштей жаман бір нәрсе істеуге не өтірік айтуға қатты азғырылсақ та, бұл қалауымыздың жетегінде кету-кетпеу өз қолымызда. Егер біз жаман ойларға бой бермейтін болсақ, өтіріктің кең етек алғанына қарамастан, адал да шыншыл бола аламыз.

КҮРЕСТЕ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТІҢІЗ

Шыншыл болу үшін моральдық ұстанымдарымыз берік болу керек. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінде көп адам моральдық ережелерден гөрі, сән ережелеріне көбірек көңіл бөледі. Олар өздеріне ыңғайлы болған кезде белгілі бір шамада өтірік айтуға болады деп санайды. “Өтірік туралы бар шындық” деген кітапта бұл жайында былай делінген: “Біз қандай да бір шамаға дейін өтірік айтып жүріп, өзімізді шыншылмыз деп есептей береміз”. Сонымен белгілі бір шамада өтірік айтуға болады деген дұрыс па? Бұған қатысты барлық адамдарға ортақ бұлжымайтын ереже бар ма?

Осы орайда миллиондаған адам Киелі кітаптан сенімді басшылық тапқан. Киелі кітапта ең жоғарғы моральдық ережелер жазылған (Зәбүр 19:7). Онда отбасы өмірі, жұмыс, өнегелі жүріс-тұрыс пен Құдайға қалай құлшылық етуге қатысты сенімді басшылық бар. Киелі кітаптағы ақыл-кеңестер уақыт сынағынан өткен, ал заңдары мен ережелерін ұстану кез келген ұлт, халық, нәсіл және рудың адамдарына пайдалы. Киелі кітапты мұқият оқысақ, ондағы сөздерге ой жүгіртсек және кеңестеріне құлақ ассақ, шыншыл да адал болуға дағдыланамыз.

Алайда өтірікті тек Киелі кітаптағы тура біліммен ғана жеңе алмаймыз. Өйткені біз өтірік кең қанат жайған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бізге Құдайдан көмек сұрап, дұға ету керек (Філіпіліктерге 4:6, 7, 13). Сонда біз дұрыс әрекет етуге бекем болып, барлық істе шыншыл бола аламыз.

ШЫНШЫЛДЫҚТЫҢ ЖЕМІСІ

Кіріспе мақалада айтылған Хитошидің адал жұмысшы болуға тырысқаны жақсы нәтиже әкелді. Бүгінде ол шыншылдық бағаланатын мекемеде қызмет етеді. “Мен таза ар-ұжданмен істей алатын жұмысты тапқаныма қуаныштымын”,— дейді ол.

Шыншыл болудың пайдасын көріп жатқан адамдар аз емес. Киелі кітаптағы “барлық жағдайда адал жүріп-тұрғымыз келеді” деген қағиданың игілігін көріп жүрген кейбір адамдардың мысалын көрейік.

  • Таза ар-ұждан

    “Он үш жасымда мен мектепті тастап, ұрлықты кәсіп еткен топқа қосылдым. Содан не керек, кірісімнің 95 пайызы арам жолмен келетін. Кейінірек мен күйеуге шықтым. Жолдасым екеуміз Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастадық. Сөйтіп, Ехоба * Құдайдың арамдықты жек көретінін біліп, өмір салтымызды өзгертуді шештік. Ал 1990 жылы өмірімізді Құдайға бағыштап, Ехоба куәгері болдық (Нақыл сөздер 6:16—19).

    “Бұрында үйім ұрланған заттарға толы еді, бірақ енді олай емес. Сол себепті қазір ар-ұжданым таза. Кезінде өтірік пен жалғандыққа белшесінен батсам да, маған мейірімін аямағаны үшін Ехобаға дән ризамын. Ехоба маған ықыласпен қарайтынын білгендіктен, түнгі ұйқым да тыныш” (Шерил, Ирландия).

    “Бастығым тұтынушының ұсынған парасынан бас тартқанымды білгенде: — Құдайың сені сенім артуға болатын адам етті! Біздің компанияда істейтінің қандай жақсы!— деді. Барлық істе шыншыл болғанымның арқасында ар-ұжданым таза. Сондықтан отбасыма да, өзгелерге де адал болуға көмектесіп жүрмін” (Сони, Гонконг).

  • Жантыныштығы

    “Мен халықаралық банкте қызмет етемін. Бизнестің бұл саласында адамдар баюдың мүмкіндігі туғанда, өтірік айтудан тайынбайды. Көпшілік “Қалтаңды қалыңдатып, бизнесті өркендету үшін кішігірім өтірік айтуда тұрған ештеме жоқ!” дейді. Бірақ мен әрдайым шыншыл болуға тырысамын, сондықтан жаным тыныш. Басыма қандай күн тумасын, мен қолдан келгенше адал жүремін. Бастықтарым да оларға не олардың пайдасы үшін біреуге өтірік айтпайтынымды жақсы біледі” (Том, Құрама Штаттар).

  • Өз-өзіңе деген құрмет

    “Бөлім меңгерушісі жұмыста жоғалған заттар туралы жалған мәлімет беруге итермеледі, бірақ мен бұлай етуден бас тарттым. Кейін ұрылар әшкере болғанда, бас директордан шыншылдығым үшін мақтау естідім. Адалдықтан жұрдай дүниеде адал жүру қиын. Бірақ осылай етсек, өзгелердің сенімі мен құрметіне ие боламыз” (Каори, Жапония).

Шыншыл адам таза ар-ұждан мен жантыныштығына ие болып, өз-өзін құрметтейтін де болады. Ендеше шыншылдық жетелейтін жақсылыққа жете берелік!

^ 18-абзац Киелі кітапта Құдайдың есімі Ехоба екені айтылған.