Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП

Неге Иса пайғамбар азап шегіп өлу керек болды?

Неге Иса пайғамбар азап шегіп өлу керек болды?

“Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді” (Римдіктерге 5:12).

Сізге біреу “Мәңгі өмір сүргің келе ме?” десе, не деп жауап берер едіңіз? Көп адам “иә” деп жауап беретін шығар. Десе де олар бұл жайлы әңгіме етудің мәні жоқ деп ойлайды. Олардың айтуынша, өмір бар жерде өлім бар, өлім — табиғаттың заңы.

Ал енді керісінше “Өлгің келе ме?” десе, не дер едіңіз? Есі бар адам бұған “жоқ” дейді, әрине. Себебі күніміз қараң болса да, жанымыз өмір сүруді қалайды. Киелі жазбаларда Алла Тағаланың адам баласын өмірге деген құштарлықпен жаратқаны айтылады. Ол тіпті адамның жүрегіне мәңгілікті салған екен (Уағыздаушы 3:11).

Қанша жерден өлгіміз келмегенмен, ажалдан қашып құтылып жатқан ешкім жоқ. Бұл — өмірдің шындығы. Неге жүрек қалауымыз өмірдің шындығына сай келмейді? Бұл мәселені шешу үшін Құдай бірдеңе істеді ме екен? Киелі жазбалар бұған нақты жауап береді, әрі Иса пайғамбардың не үшін азап шегіп өлу керек болғанын түсіндіреді.

МӘҢГІЛІККЕ ТҰСАУ САЛҒАН КІМ?

Мұса пайғамбардың бірінші жазбасының алғашқы үш тарауында Жаратушымыздың түп атамыз Адам мен Хауа ананы мәңгі өмір сүре алатындай етіп жаратқаны айтылады. Алла Тағала оларға мәңгі өмір сүру үшін не істеу керектігін айтқан еді. Кейіннен бұл жұп Құдайға мойынсұнбай, мәңгілік өмірден айырылып қалды. Киелі кітапта бұл оқиға қарапайым тілмен баяндалғандықтан, кейбір адамдар оны жай аңыз-әңгіме деп қарастырады. Алайда Мұса пайғамбардың бірінші жазбасы Інжіл кітабы сияқты, деректерге сай әрі тарихи тұрғыдан тура *.

Адам атаның Құдайға мойынсұнбағаны не нәрсеге әкеп соқты? Киелі жазбалар былай дейді: “Бір адам [Адам ата] арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады” (Римдіктерге 5:12). Құдайға мойынсұнбағандықтан, Адам ата күнәкар болды. Міне, сондықтан ол мәңгі өмір сүру сыйынан айырылып, ақыры жер қойнына кірді. Ал одан тараған ұрпақтардың бәрі күнәні мұра етті. Сондықтан біз де ауырамыз, қартаямыз, ақыр аяғында өлеміз. Ата-анасының мінез-құлқы баласына берілетіндей, біз де өлімді мұра еттік. Алайда Құдай бұл мәселеге араласып, қандай да бір шара қолданды ма?

АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ ҚАРАСТЫРҒАН ШАРАСЫ

Адам ата жоғалтқан мәңгі өмірге оның ұрпақтары қол жеткізе алу үшін Құдай қам жасады. Ол не істеді?

Киелі жазбаларда: “Күнәнің беретіні — өлім”,— делінген (Римдіктерге 6:23). Өлім күнәнің салдары екені анық. Адам ата күнә жасағандықтан өлді. Сол сияқты біз де күнәкар пенде болғандықтан, күнәнің салдарын көреміз, яғни өлеміз. Біз еш жазығымыз жоқ болса да, күнәкар болып дүниеге келеміз. Алайда Құдай күнәнің салдарын жою үшін жерге Иса пайғамбарды жіберді, себебі Құдай адамзатты қатты жақсы көрді.

Иса пайғамбардың өлімі бақытты да баянды өмірге жол ашты

Бір кемелді адамның мойынсұнбаушылығы адамзатты күнә мен өлімге душар еткеніндей, өзге бір кемелді адамның ақырғы демі шыққанша танытқан мойынсұнушылығы адамзатты күнәнің құрсауынан босатпақ еді. Бұған қатысты Киелі кітапта былай делінген: “Бір кісінің мойынсұнбауы көп адамды күнәкар етсе, дәл солай, бір кісінің мойынсұнуы көп адамды әділ қылады” (Римдіктерге 5:19). Бұл жерде “мойынсұнған бір кісі” деп Иса пайғамбарды айтып тұр. Ол көктегі мекенін тастап, жерге кемелді адам * болып келді және біз үшін өмірін құрбан етті. Осының арқасында барлық адамдар үшін Құдай алдында ақ болу әрі мәңгі өмір сүру мүмкіндігі туып отыр.

НЕГЕ ИСА АЗАП ШЕГІП ӨЛУ КЕРЕК БОЛДЫ?

Жағдайды түзету үшін Исаның өлуі шарт па еді? Құдіреті шексіз Құдай Адам атаның ұрпақтарына мәңгі өмір сүруге неге жай ғана құқық бере салмады? Бұған оның құзыры бар еді ғой. Бірақ бұл әрекет Құдайдың “күнәнің беретіні — өлім” деген заңына қайшы келер еді. Бұл заң аттап кететін я болмаса өзгерте салатын болмашы ереже емес-тін. Ол заңның орындалып-орындалмауы әділдік атаулыға тікелей әсер етпек еді (Зәбүр 37:28).

Егер Құдай бұл жағдайда әділ заңынан аттап кеткенде, адамдар Құдайдың басқа жағдайларда да әділ әрекет ететініне күмәнданар еді. Мысалы, Адам атаның ұрпақтарынан кім мәңгі өмір сүретініне қатысты ол әділ шешім қабылдар ма екен? Ол болашақта уәделерінен тайып кетпейді ме? Адамзатты құтқару жолында Құдайдың әділ әрекет етуі оның әрдайым дұрыс шешім қабылдайтынына зор сенімділік береді.

Иса пайғамбар өзін құрбан еткенінің арқасында болашақта жер бетінде орнайтын жұмақта мәңгі өмір сүру мүмкіндігі туып отыр. Бұған жол ашып отырған Алла Тағаланың өзі екені хақ. Киелі кітапта Исаның мынадай сөздері бар: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті. Енді оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады” (Жохан 3:16). Құдайдың біз үшін Исаны құрбан еткені оның мызғымас әділдігін ғана емес, адамзатқа деген асқан сүйіспеншілігін де паш етеді.

Дегенмен неге Иса азап шегіп, қиналып өлу керек болды? Ібіліс кез келген адам қиындықпен бетпе-бет келгенде, Құдайға деген адалдығынан тайып кетеді деп жала жапқан болатын (Әйүп 2:4, 5). Ал Иса пайғамбар адам төзгісіз сынақта да мінсіздігінен таймай, Шайтанның жаласын біржолата жоққа шығарды. О баста Шайтан Адам атаны азғырып, күнә жасауға еліктіргенде, оның жапқан жаласы растай көрінген болар. Бірақ Иса — дәл Адам ата сияқты кемелді адам — жаны қиналса да, соңына дейін Құдайға мойынсұнды (Қорынттықтарға 1-хат 15:45). Демек, Адам ата да, егер өзі қалағанда, Құдайға мойынсұнғыш болып қала алар еді. Сынақтарда табанды болып қалуымен Иса пайғамбар бізге жақсы үлгі қалдырды (Петірдің 1-хаты 2:21). Барлық жағдайда мойынсұнып, тілін алғаны үшін Құдай Исаны тірілтіп, көкте өлмес өмір сыйлады.

СІЗГЕ ӘКЕЛЕР ИГІЛІГІ

Иса шын мәнінде біз үшін құрбан болды. Осылайша мәңгілік өмірге жол ашылды. Сіз жұмақ орнаған жер бетінде мәңгі өмірдің рақатын көргіңіз келе ме? Бұл үшін не істеуіміз керектігіне қатысты Иса пайғамбар былай деген: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін сені, жалғыз шынайы Құдайды, және өзің жіберген Иса Мәсіхті танып-білу керек” (Жохан 17:3).

Осы журналды басып шығарушылар сізді шынайы Құдай Ехоба мен оның Ұлы Иса Мәсіх туралы көбірек білуге шақырады. Ехоба куәгерлері сізге бұл мәселеде қуана-қуана көмектеседі. www.pr418.com/kk сайтынан да біраз мәлімет таба аласыз.

^ 8-абзац Ехоба куәгерлері басып шығарған “Күзет мұнарасы” журналындағы (1 қаңтар, 2011 жыл, 4, 5-бет) “Пейіш бағы шынымен болған ба? Болса, қайда болған?” деген мақаланы қараңыз.

^ 13-абзац Құдай Исаның өмірін жердегі Мәриям деген қыздың құрсағына салды. Құдай киелі рухымен қорғағандықтан, Исаға анасы Мәриямның кемелсіздігі берілмеді (Лұқа 1:31, 35).