Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | УАҚЫТ СЫНЫНАН ӨТКЕН КИЕЛІ КІТАП

Сіз үшін маңызы

Сіз үшін маңызы

Діни әдебиеттердің арасында Киелі кітаптың алатын орны ерекше. Басқа ешқандай кітап бірталай ғасыр бойы сансыз көп адамның наным-сеніміне соншалықты зор ықпал еткен емес. Дей тұрғанмен, бүгінде Киелі кітап ең көп сынға алынған кітап болып табылады.

Кейбір ғалымдар Киелі кітаптың түпнұсқа мәтінінің біздің күнімізге дейін тура жеткеніне шек келтіреді. Бір дінтанушы ғалым былай деп ой бөлісті: “Түпнұсқаны айны қатесіз қалпына келтірдік деп сенімділікпен айта алмаймыз. Осы күнге дейін жеткен көшірмелерде қателер көптеп саналады. Оның үстіне, көшірмелердің көбісі түпнұсқа жазылып біткен соң бірталай ғасыр өте жасалған, әрі олардың түпнұсқамен үйлеспейтін тұстары жетіп артылады”.

Кейбір адамдар өздерінің діни нанымдарына сүйеніп Киелі кітаптың туралығына күмән келтіреді. Мысалы, Фазыл есімді бір кісі Киелі кітаптың қасиетті кітап екенін мойындағанмен, мұны өзгертілген деп есептейді. Ол былай дейді: “Мен Киелі кітап жайлы әңгімелерге араласпаймын. Өйткені қазіргі Киелі кітап өзгертілген, ол — түпнұсқа емес қой!”

Киелі кітаптың өзгертілмегеніне көз жеткізу қаншалықты маңызды? Ойланып көрейікші, Киелі кітаптағы болашаққа қатысты жұбаныш беретін уәделердің түпнұсқа мәтінде бар-жоғын білмесек, оларға сену қиын болар еді (Римдіктерге 15:4). Қолымыздағы Киелі кітап қателері көп жай ғана көшірме болса, жұмысымыз, отбасымыз бен ғибадатқа қатысты маңызды шешім қабылдарда оған жүгінбес едік.

Киелі кітаптың түпнұсқа мәтіні сақталмағанмен, оның біздің күнімізге дейін жеткен мыңдаған көшірмелері бар. Осы қолжазбалар қалай шіріп жоқ болып кетпеді? Қаншама адам оларды жоймақ я мәтінін өзгертпек болса да, олар қалайша сақталды? Қолжазбалардың уақыт сынынан сүрінбей өтуі бүгінде қолда бар Киелі кітаптың туралығына деген сенімділігімізді қалай арттырады? Осы сұрақтардың жауабын келесі мақалалардан біле аласыз.