Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | КІМНЕН ҮМІТ КҮТЕМІЗ?

Құдай бізге қалай тірек болады?

Құдай бізге қалай тірек болады?

Киелі кітапта Ехобаның * “жұбаныш атаулының қайнар көзі, бізді қиындық көрген кездің бәрінде жұбататын” Құдай екені айтылған (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4). Бұдан көретініміз, Құдай барлық адамға көмек беруге дайын және ол қиындығымыз қандай ауыр болса да, бізді жұбата алады.

Бірақ Құдай бізге көмектесе алу үшін біз өз тарапымыздан әрекет етуіміз керек. Мысалы, сырқаттанған кезде дәрігерге бармасақ, ол бізге көмектесе ала ма? Әрине, жоқ. Сондықтан Киелі кітап бізді: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”,— деп шақырады (Жақып 4:8).

Құдай бізге шынымен жақындай ма? Иә, бұған күмән жоқ. Өйткені ол бізге көмектескісі келетінін қайта-қайта айтады ( осы мақаладағы қоршауды қараңыз). Сондай-ақ Құдайдың көмегін көрген бүгінгі және ежелдегі адамдардың бастан өткергендері сенімділік ұялатады.

Өмірдің тауқыметін көріп, Құдайдан үміт күткендердің бірі Дәуіт патша болған. Бірде ол Ехоба Құдайға: “Өзіңнен көмек сұрап жалбарынғанымда... өтінішімді ести көр”,— деген еді. Ехоба оған жауап берді ме? “Ол маған көмектесті, жүрегім соған шаттанады”,— деп жырлады Дәуіт (Зәбүр 28:2, 7).

ИСА ПАЙҒАМБАРДЫҢ ҚАЙҒЫРҒАНДАРДЫҢ БӘРІН ЖҰБАТУЫ

Құдай Иса Мәсіхке адамдарға жұбаныш беруге қатысты көп міндет жүктеді. Басқа да істермен қоса, Құдай оған “жүрегі жаралыларды сауықтыруды” және “қайғырып жүргендердің бәрін жұбатуды” тапсырды (Ишая 61:1, 2). Алдын ала айтылғандай, Иса “бейнет шеккендер мен еңселерін ауыр жүк басқандарға” ерекше көңіл бөлген (Матай 11:28—30).

Иса пайғамбар жұбаныш аңсаған адамдарға мейірімділікпен қараған, қажет кезде ақыл-кеңесін айтқан, тіпті кей жағдайларда ауруларынан сауықтырған. Бірде Исаға алапеспен ауырған бір кісі келіп: “Қаласаңыз болғаны, мені айықтырып тазарта аласыз”,— деп жалбарынды. Сонда оған жаны ашыған Иса: “Қалаймын, тазар!”— деді (Марқа 1:40, 41). Сонда әлгі кісі құлантаза жазылып кетті.

Бүгінде Иса әрбіріміздің жанымызға келіп, жұбаныш беретіндей жерде өмір сүріп жатқан жоқ. Бірақ оның Әкесі — жұбаныш атаулының қайнар көзі Ехоба Құдай — көмекке мұқтаж болғандарға қол ұшын беруді доғарған жоқ (Қорынттықтарға 2-хат 1:3). Құдайдың бізге қандай төрт жолмен көмектесетінін көрейік.

  • Киелі кітап. “Бұрын жазылғандардың бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған. Осылайша табандылығымыз арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз” (Римдіктерге 15:4).

  • Құдайдың киелі рухы. Иса пайғамбардың өлімінен кейін көп ұзамай оның ізбасарлары тыныш күндерді бастан кешірді. Бұған не себеп болды? “Барлығы Ехобаны қастерледі әрі киелі рух арқылы жігерленді” (Елшілердің істері 9:31). Құдайдың күші — киелі рухтың құдіреті зор. Құдай оның көмегімен кез келген адамға жағдайы қаншалықты ауыр болса да, қолдау көрсете алады.

  • Дұға. Киелі кітапта мынадай жақсы кеңес жазылған: “Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді... Құдайға білдіріңдер. Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды... сақтайды” (Філіпіліктерге 4:6, 7).

  • Бір сенімдегі достардың көмегі. Олар басымызға қиын күн туғанда қолдау көрсетеді. Құдайдың адал қызметшісі Пауыл мұқтаждық пен қиындық көрген кезде дос-жарандары өзіне тірек болғанын айтқан (Қолостықтарға 4:11; Салоникалықтарға 1-хат 3:7).

Бәлкім, сіз осының бәрі өмірде қалай көмектесуі мүмкін дейтін шығарсыз? Басында сөз етілген адамдардың өз қиындықтарымен қалай күрескенін көрейік. Құдай: “Анасы баласын қалай жұбатса, мен де сендерді солай жұбатамын”,— деп уәде берген. Сол адамдар сияқты сіз де Құдайдың осы уәдесін орындайтынына көз жеткізе аласыз (Ишая 66:13).

^ 3-абзац Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.