Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | КІМНЕН ҮМІТ КҮТЕМІЗ?

Жұбаныштың қайнар көзі

Жұбаныштың қайнар көзі

Әркім әртүрлі қиындыққа кезігеді. Әрине, олардың әрқайсысына тоқталу мүмкін емес. Десе де басында сөз етілген төрт мысалға оралайық. Сол адамдарға және тағы басқаларына Құдай қалай тірек болғанын байқап көріңіз.

ЖҰМЫС ТАППАҒАНДА

“Мен кез келген жұмыстан тартынбауды үйрендім. Сондай-ақ біз барлық қажетсіз шығындарды қысқарттық” (Жонатан).

“Әйелім екеуміз бір уақытта жұмыстан шығып қалдық,— дейді Сет *.— Екі жыл бойы табылған майда-шүйде жұмысты істеп, туыстарымыздың көмегіне жүгініп тұрмыс кешуге тура келді. Содан әйелім Прискиланың қатты еңсесі түсті, ал мен өзімді түкке тұрғысыз сезіндім.

Осы жағдайда бізге не көмектесті дейтін шығарсыздар. Прискила Исаның Матай 6:34-тегі сөздерін әрдайым есіне алып отырды. Иса әр күннің қиыншылығы өзіне жететіндіктен, ертеңгі күнді ойлап уайымдамауымыз керектігін айтқан. Сондай-ақ Прискиланың шын жүректен дұға еткені рух беріп, мойымауға көмектесті. Ал маған Зәбүр 55:22-дегі сөздер жігер берді. Сол сөздерді жазған жыршы сияқты мен де ауыртпалығымды Ехобаға артып, оның маған демеу болғанын сездім. Қазір жұмысым бар болса да, Исаның Матай 6:20—22 жазылған кеңесіне сай, қарапайым өмір сүруге тырысамыз. Ең бастысы, біз Құдайға және бір-бірімізге жақындай түстік”.

Жонатан былай дейді: “Кішігірім отбасылық бизнесіміз тоқырауға ұшырағанда, болашағымды ойлап уайымдадым. Экономикалық дағдарыстың кесірінен 20 жыл бойы қасықтап тергеніміз, шелектеп төгілді. Әйелім екеуміз ақша үшін сөзге келіп қала беретін болдық. Біз тіпті несие картамызды қолданып, тауар сатып ала алмадық, өйткені несие беруші компания өтінішімізді қабыл алмай қояды деп қорықтық.

Бізге Құдай Сөзі мен оның киелі рухы дұрыс әрекет етуге көмектесті. Мен кез келген жұмыстан тартынбауды үйрендім. Сондай-ақ біз барлық қажетсіз шығындарды қысқарттық. Бір сенімдегі достарымыз да бізге демеу болды. Олар өз қадірімізді сезінуге көмектесті әрі қатты қиналған кездері жанымыздан табылды”.

НЕКЕ ОЙРАН БОЛҒАНДА

“Күйеуім мені кенеттен тастап кеткенде, жаным ауырып, ыза болдым және көңілім қатты құлазыды,— дейді Ракел.— Бірақ мен Құдайға жақындай түстім, ал ол маған тірек болды. Құдайға күн сайын дұға еткенімде, ол маған жантыныштығын сыйлады. Бұл менің жаралы жүрегіме шипа болды.

Құдай Сөзі Киелі кітаптың көмегімен ашуымды ақылға жеңдірдім. Бұл орайда маған Римдіктерге 12:21-дегі “Жамандықтан жеңілмей, оны әрдайым жақсылықпен жеңіп шық!” деген кеңес көмектесті.

“Кейде жоғалған нәрсені жоғалды деп санайтын уақыт болады... Енді мен жаңа мақсаттар қойып, соларға ұмтылуды шештім” (Ракел).

Бір жақсы танысым өткенді артта қалдырып, алға ұмтылуым керектігін түсінуге көмектесті. Ол маған Уағыздаушы 3:6-дағы сөздерді көрсетіп, кейде жоғалған нәрсені жоғалды деп санайтын уақыт болатынын жұмсақтықпен түсіндіріп айтты. Әрине, мұндай кеңесті есту оңай емес, бірақ маған керегі де дәл осы еді. Енді мен жаңа мақсаттар қойып, соларға ұмтылуды шештім”.

“Некең ойран болғанда, жаныңа медет іздейсің,— дейді Елизабет.— Сол кезде күнде жанымнан табылған досымның болғанына қуанамын. Ол менімен бірге жылап, маған сүйеніш болды. Мені жақсы көретінін білдіріп отырғанының арқасында өзімді ешкімге керек еместей сезінбедім. Ехобаның менің жан жарамды ол арқылы жазғанына сенімдімін”.

СЫРҚАТ СЫР БЕРГЕНДЕ ЖӘНЕ ШАШТЫ ҚЫРАУ ШАЛҒАНДА

“Дұға етіп болғаннан кейін оның рухы маған күш дарытқанын сеземін” (Луис).

Басында сөз етілген Луис ауыр жүрек ауруына шалдыққан. Ол екі рет өлім аузынан қалған. Енді ол тәулігіне 16 сағат оттегі аппаратымен тыныс алуға мәжбүр. “Мен Ехобаға үздіксіз дұға етемін,— дейді ол.— Дұға етіп болғаннан кейін оның рухы маған күш дарытқанын сеземін. Дұға маған берілмеуге көмектеседі, өйткені мен Құдайға сенемін және оның менің қамымды ойлайтынын білемін”.

80 жасты алқымдаған Петра есімді қария былай дейді: “Менің көп нәрсе істегім-ақ келеді, бірақ қолымнан келмейді. Күш-жігерімнің сарқылып бара жатқанын мойындау сондай қиын. Қауқарым жоқ болғандықтан, дәрі-дәрмекке жүгінуіме тура келеді. Исаның Әкесінен алдағы бір қиындықты мүмкін болса басына түсірмеуді өтінген кезін жиі еске аламын. Сол кезде Ехоба оның рухын нығайтқан болатын, ол мені де нығайтады. Дұға мен үшін күн сайынғы емім болды. Құдаймен тілдескеннен кейін өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін” (Матай 26:39).

30 жыл бойы шашыранды склерозбен ауыратын Джулиан да осы сөздерге қосылады. “Мен кеңсе орындығын мүгедектер арбасына алмастырдым,— дейді ол.— Бірақ өмірімнің мәні кетті дей алмаймын, өйткені басқаларға жан-тәніммен көмектесуге тырысамын. Өзгелерге бере білсең, өз жүгің жеңілдей түседі. Ехоба қажет кезде нығайтамын деген уәдесінде тұрып келеді. Пауыл сияқты мен де: — Маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын,— деп шынымен айта аламын” (Філіпіліктерге 4:13).

ЖАҚЫН АДАМНАН АЙЫРЫЛҒАНДА

“Әкемді көлік қағып кетіп қайтыс болғанда, бұған еш сене алмадым,— дейді Антонио.— Маған бұл әділетсіздік болып көрінді: әкем жай көшеде кетіп бара жатқан еш жазықсыз адам еді ғой. Бірақ амал нешік. Ол бес күн бойы ес-түссіз жатып, қайтыс болды. Анамның алдында әйтеуір өз-өзімді ұстауға тырыстым. Бірақ жалғыз қалғанда “Неге? Не үшін?” деп дал болып, көз жасыма ерік бердім.

Сол азалы күндері Ехобадан өз-өзіме ие болуға көмектесуін және жантыныштығын беруін сұраумен болдым. Уақыт өте келе көңілім біраз тыншыды. Киелі кітапта кез келген адам “кездейсоқ жағдайларға” тап болуы мүмкін екені айтылған. Мен осыны есте ұстауға тырыстым. Құдай өтірік айта алмайды. Сондықтан оның уәдесіне сай, қайта тірілген әкемді көретініме сенімдімін” (Уағыздаушы 9:11; Жохан 11:25; Титке 1:2).

“Енді ұлымызды көре алмасақ та, кезінде бірге өткізген бақытты сәттерімізді қуанышпен еске алып отырамыз” (Роберт).

Бұрынырақта сөз етілген Роберт те осындай ойда. Ол былай дейді: “Ехобаға дұға еткеннің арқасында әйелім екеуміз Філіпіліктерге 4:6, 7-де айтылған жантыныштығын сезіндік. Бұл тыныштық бізбен сөйлескен тілшілерге қайта тірілу үміті жайлы айтуға көмектесті. Енді ұлымызды көре алмасақ та, кезінде бірге өткізген бақытты сәттерімізді қуанышпен еске алып отырамыз. Біз бар назарымызды осыған аударуға тырысамыз.

Теледидардан үмітіміз жайлы сабырмен сөйлегенімізді көрген достарымыз бұған таңғалғандарын айтып жатты. Біз оларға мұның бір сенімдегі көптеген достарымыздың айтқан дұғаларының арқасында мүмкін болғанын айттық. Ехобаның олардың жіберген сансыз көп жұбаныш хаттары арқылы бізге тірек болғаны шүбәсіз”.

Осы айтылған мысалдардан Құдайдың әртүрлі қиындыққа кезіккен адамдарға қолдау көрсете алатынын көрдік. Ал сіз жайлы не деуге болады? Басыңызға қандай қиындық түссе де, сіз жаныңызға медет таба аласыз *. Ендеше, жұбаныш атаулының қайнар көзі Ехоба Құдайдан неге көмек іздемеске? (Қорынттықтарға 2-хат 1:3).

^ 5-абзац Мақаладағы кейбір есімдер өзгертілген.

^ 23-абзац Құдайға жақындап, оның қолдауына ие болғыңыз келсе, өзіңіз жақта тұратын Ехоба куәгерлері сізге көмектесуге дайын. Соларға хабарлассаңыз я олардың сізге ең жақын орналасқан филиалына хат жазсаңыз болады.